Жамбыл Ахметбеков: «Қазақпын» дейтін әр адам қазақша сөйлесін…

«Халық қалаулыларының қазақшасы қалай?» деген сауалмен бүгінге дейін біраз депутаттарды сөзге тарттық. Телефонмен хабарласудан жалтарып, қолға түсе бермейтін олардың біразын үзіліс кезінде ұстап алатын әдіс таптық. Кабинетінен таппайтын кейбіреуін де осы дәлізден кезіктіруге тура келді. Сөйте тұра халық қалаулыларының арасында халық атынан қойылатын сауалды басқа әріптесіне сілтей салып, сытылып кеткісі келетіндер де бар екен.

«Ақ жол» партиясының белді мүшесі, депутат Нұрлан Жазылбековке «Қазақ тілінде сөйлейсіз бе?» деп сауал қойғанымызда «Былай, мен енді қазақша білемін, бірақ мына жігіттен сұраңыздаршы» деп жанындағы әріптесіне арта салғысы келіп, әңгімелесуден қашқақтап еді. Бірақ біз: «Тым құрыса қазақ тілін үйренуге қалай қарайсыз?» деп тықақтап қоймаған соң, жауап қатуына тура келді.
– Өте дұрыс деймін. Өзім үйреніп жүрмін, өзім де білемін енді. Одан да жақсы білуге тырысып, үйреніп жүрмін.
– Қай уақытта үйреніп жүрсіз? Қанша уақыт бөлесіз?
– Біз, мен аптасына екі рет әдейліп осындағы арнайы сабаққа барып жүрмін. Өкінішке орай, біз енді орыс мектебін бітірдік, орысша институт оқыдық, сонын асері тиіп жатыр кішкене қазақшылыққа.
– Тіл үйренуде қиналып жатқан жоқсыз ба?
– Енді қиын емес. Қазақпыз ғой, қиын емес. Кішкене ғана мына грамматика жағын үйренсек… Өз ана тіліміз бізге қалай қиын болу керек? Бұл өзіміздін ана тіліміз ғой…
Көзімізге Қазақстан халықтық коммунистік партиясының атынан депутат болып сайланған Жамбыл Ахметбеков түсті. Кабинетінен таппайтын депутаттардың бірі осы болғандықтан, сол кісіге қарай ойыстық. Депутаттың қазақ тілін үйрену туралы ойын білмек боп, сауал тастадық.
– Біздің қоғамымызда қазіргі өзгерістердің барлығы – ол Қа­зақста­нымыздың өсіп-өркендеуі­нің мәселесі ғой. Ол бәрімізге аян. Соның ішінде өзіміздің ұлт болып қалуымыз және рухани байлықтарымызды мұра етіп қалдыру, келесі ұрпаққа жеткізу мәселесіне көп көңіл аударылады. Бұл тұрғыдан қарағанда, біздің тіліміздің ең басты байлық екені, ең басты құндылығымыз екені рас. Біз тілді дамытуды және өркендетуді өзімізден бастағанымыз дұрыс. Әр қазақ, яғни өзін «қазақпын» деп санайтын әр азамат қазақша сөйлегені дұрыс. Ал өзі қазақ бола тұра, «шыққан ортама байланысты мен қазақшаны білмей қалдым» деген сылтау айтса, ол жай ғана ақталу, өзі тауып алған себебі дер едім. Сондықтан бұл сылтауды ешкім қабылдамауға тиіс. Мемлекеттік органдар болсын, қоғамдық ұйымдар болсын, олардың машиналары болсын және олардың қарамағындағы қызметкерлері болсын, солардың бәрі де мемлекеттік тілді білуге тиіс. Сонымен қатар, қазақ тілінде ба­сылатын басылымдардың саны мен сапасы артса жақсы болар еді. Бұл қазақша сөйлемейтін басқа ұлт өкілдерін және қазақша сөйлемей­тін өз қандастарымыздың барлы­ғын тіл білуге талпындыратын еді. Осы тұрғыдан алғанда әр мекеме­нің, әр министрліктің басшысы өзі бастап қазақша сөйлеп және қарамағындағылардан қазақша сөйлеуді талап етсе, түрлі отырыс­тарын, планеркаларын қазақша жүргізсе көп нәрсе өзгерер еді. Сонда бұл туралы айғайлап айтудың немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «өйтейік, бүйтейік» деген сөздің бәрі далада қалып, қазақ тілі өзі-ақ іштей дами беретін еді.
­­– Ал қазақ тілін білмейтін әріп­тестеріңіз туралы не айтасыз?
– Оларды мен жазғыра алмаймын, өйткені олардың шыққан ортасы солай. (Депутат жоғары айтқан өз сөзіне қарсы сөйлегенін өзі байқамады – Б.Ә. «Ал өзі қазақ бола тұра, «шыққан ортама байланысты мен қазақшаны білмей қалдым» деген сылтау айтса, ол жай ғана ақталу, өзі тауып алған себебі дер едім» деп еді…) Оларды тілді білуге, талаптануға, талпынуға призываю дейді ғой орысша айтқанда, яғни талпынсын, талаптансын, әйтпесе кеш қалады. Ертең оның көзін шұқымасын десе, өзі саяси дамудың, демократиялық құндылықтардың бір сатысынан кейін қалып қалмайын десе, қазақ тілін үйренсін.
– Рахмет!

Бейбітгүл
Әбдіғаппарқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.