Данышпан жайындағы дастан

Көне хикая-дастандардың идеологиялық қызметімен қатар, сауықтық-сейілдік, тарихи һәм танымдық, дидактикалық және діни-рухани жүгі аз болмаған. Халықтың рухын көтеріп, ой-қиялын өсіруде, жас ұрпақтың мінез-құлқын тәрбиелеп, рухани имандылық жолына тәрбиелеу бағытында да Шығыс дастандарының атқарар қызметі зор. «Бабалар сөзі» 100 томдық топтамасының 7-томына енген «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастанының оқиғалары осы пікірдің айғағы ретінде ойлы оқырмандарымыздың санасына сәуле түсірері хақ. Орта Азиядан шыққан ұлы ойшыл­дар­дың бірі Әбу Ғали ибн Сина б.д. 980 жылы Бұхара уәлаятының шағын қыстағында дүниеге келіп, 1037 жылы Хамадан қаласы маңындағы Абад елді мекенінде қайтыс болған. Омар Һаям, Әбу Райхан Бируни, әл-Фараби, әл-Жауһари әс-Самарһанди, әл-Бухари сынды замандастары сияқты Әбу Ғали жастайынан медреседе білім алып, бар өмірін ілім мен ғылым жолына арнайды. Орта ғасыр оқымыстылары діни және дүниеуи ғылымдарды қатар оқи жүріп, оларды бір-бірінен бөле жармаған. Сондай-ақ ғылымның әмбебап, ұзақ сонар жолына түскен дәруіш кейпіндегі ұлы ойшылдар поэзия, музыка, математика, философия, логика, тіл, астрономия, медицина, саяхат салалары бойынша үздік зерттеу еңбектерін жазып қалдырғаны белгілі. Шын мәнінде дүниенің жаратылысын, хақиқатты танудың жолын ғылым батини (ішкі) және ғылым заһири (сыртқы) сипаттарымен дәлелдеуге ұмтылған Шығыс ойшылдарының соңында таңғажайып жетістіктерге толы маңызды трактат-кітаптары мен өлмес есімдері аңыз болып қалды. Мысалы, Әбу Ғали ибн Синаның ғылыми еңбектерінің Еуропа елдерінде ерекше мәнді болғаны сонша, оның атақты медицина туралы кітабы отыз қайтара баспа бетін көріп, жоғары оқу орындарында оқытылып келген. Ұлы ғалымның: «Мен ойлаймын, демек, бұл – менің тірлігімнің белгісі» деген даналық сөзі Батыс әлемінің мәшһүр философы Декарттан алты жүз жыл бұрын айтылғанын білеміз. Өз заманынан оза туған оқымысты көптеген дінбасылардың қарсы болғанына қарамастан ежелгі дәуірде Платон негізін қалаған атом іліміне ден қояды, алғаш оташылық-хирург амалдарын меңгеріп, сол тәсілмен ауру жандарды емдей бас­тайды. Ол бірқатар шөптердің дәрілік қасиеттерін де танып, арнайы еңбектер жазады. Оның дәрігерлік тәжірибесінде ашқан жаңалықтары Азия шеңберінен шығып, күллі дүниеге аңыз болып тарайды. Әбу Ғали ибн Синаны Еуропа жұрты құрметпен Авиценна деп атаған – яғни ғалым есімінің алғашқы және соңғы бөліктерінен құрап осылай ныс­пыласа керек. Ал медицина ұғымы ғылым саласының жеке пәні ретінде Ибн Синаның «әл-Мәдат әс-Сина» немесе «Синаның жәрдемі» атты шипагерлік еңбегінің атауынан келіп шыққандығы мәлім.
Әбу Ғали Ибн Сина жайындағы дастандар қазақ арасына кітап түрінде және қолжазба күйінде де кең тараған. Солардың бірі 1886 жылы Қазан қаласындағы «Университет» баспаханасынан татар азаматы Шәмсуддин Хұсайынұлы бастырған «Әбуғалисина» дастанын қазақша жырлаған – Жақып Елшібайұлы нұсқасы. Алыс қырда жатып Шығыс әдебиеті мен фольклорын құныға оқып, кейбір шығармаларды қазақша сөйлеткен Жақыптың кім екендігін, қай өңірдің тумасы екені де әзірге белгісіз. Ақынның өз сөзінен біраз сауаттылығы мен тақуа, иманы кәміл, ақкөңіл дана қазағының келбеті анық аңғарылады.
Тегі шалақазақ сияқты көрінетін бұл ақын дастанды тараулары бойынша әрқайсысын әр жылдары жеке кітапша түрінде жариялаған. Атап айтқанда, «Қисса Әбулхарис» (1893), «Қисса Халуафуруш» (1897, 1898), «Қисса хикматнама» (1897), «Қисса кемпірнама» (1897), «Қисса Жамас хаким» (1899) секілді дас­тан, хикаялары араб әрпінде Қазандағы «Чиркова мұрагерлері» баспасынан жарыққа шыққан. Бұл кітапшалардың көлемі – 15, 16 беттен аспайды.
Сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен БҒМ Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорларында Қазақстанның Жетісу, Сыр бойы, Арқа өңірлерінен жиналған оншақты қолжазба нұсқасы сақталған. Осылардың арасында Араб Әмірұлы, Жүсіп Шорманұлы, Хакім Байысұлы жинаған нұсқалардың көлемі де, көр­кемдігі де сын көтеретін сапалы туындылар. Дегенмен, Әбу Ғали Ибн Сина ха­қында Орта Азия аймағында кең тараған шытырман сюжеттерді мейлін­ше кемелдендіре, жарқырата, жаңғырта жыр­лаушылардың алдыңғы қатарынан – Сыр өңірінде туып өскен халық ақы­ны Қуаныш қожа Баймағамбетұлының есімін ерекше атаған жөн. Ақын 1895 жылы бұрынғы Ақмешіт уезінде, қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Амангелді атындағы кеңшарда туып-өсіп, сол ауылда 1973 жылы дүниеден өткен. Дәрігердің отбасында өмірге келген Қуаныш сауатын ерте ашып, бала кезінен білімге ден қояды. Кеңес үкіметі тұсында теміржолда, мектепте жұмыс істеген ақын кейінірек, он бес жыл кітапхана меңгерушісі (1945-1960) қызметін атқарады.
Қуаныш қожа Баймағамбетұлы жырлаған «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастанының сюжеттік төркіні Орта Азия Иран халықтарының ертедегі аңыз-хикаялары мен өмірбаяндық әпсаналарына құрылған парсы және шағатай тілдеріндегі прозалық дастан-хикаяттардан бастау алады. Көне заманда мұндай халықтық шығармарларды түрлі жиындар мен адам көп жиналған қан базарларда арнайы әуезбен мәнерлеп оқитұғын «қиссахан» аталған өнерлі адамдар болған. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде бұл әдеби-фольклорлық дәстүрдің шет-пұшпағын қазақ сахарасының тұрғындары көріп қалды…
«Бабалар сөзі» 100 томдық топтамасының кезекті 7-томына осы дастанның мәтінін әзірлеген құрастырушылар (Б.Әзібаева, М.Шафиғов, А.Ақан) Қуаныш қожа нұсқасының сюжеттік негізінде 1864 жылы Зиятдин Саиид Яхия түркі тілінде жариялаған «Кәнжина-и хикмат Әбу Әли Ибн Сина» атты қарасөзбен жазылған шығарма жатуы мүмкіндігін жазады (Бабалар сөзі, 7-том, 378-бет) . Шағатай диалектісі сияқты араб, парсы сөздерімен шұбарланған кітап көпшіліктің оқып, түсінуіне ауыр тиеді. Осыны ескерген татар ғалымы Қайым Насыри 1872 жылы әлгі дастанды өз тіліне аударады. Бұл туралы аудармашының өзі де: «Бұл шығармада араб, парсы сөздері көп қолданылған. Сол себептен оқып, түсіну өте қиын. Ал, Ибн Сина туралы көп адамдар оқып білгісі келеді. Сондықтан мен бұл кітапты Ресейдің күллі мұсылмандары түсінетін тілге аудардым» деп жазған. 1881 жылы араб әрпінде татарша басылған осы кітап арада бір ғасыр өтіп орыс тілінде де (1977ж.) жарияланды.
Құрастырушылардың Қуанышты жай ғана «көшіруші» ретінде бағалағанына қарамастан, шайырдың Шығыс дастанын татар тілінен құр тәржімалап қоймай, бұл фольклорлық сюжетке айналған туындының ең көркем де көлемді (10 мың жолдай) нұсқасын қалың қазаққа түсінікті жыр тілімен төгілте сөйлеткен-ді. Алғыр ақын ұстазы Тұрмағамбеттің «Шаһнаме» дастанын аударғанындай – сол стилде, қара өлең үлгісін басты уәзін еткенін көреміз.
Сина Самарқан мен Бұқара арасын­дағы Тақин деген шағын қалада көкпен таласқан күмбезді, 360 құжыралы алып мектеп соқтырып, шәкірттерін тәрбие­лейді. Ұлы дәрігер әрі ойшыл оқымысты туралы мына бір жолдар ғалым тұлғасын шынайы бейнесіне жақындата түскен:
Бәріне Ибн Сина сабақ берді,
Даярлап түрлі пәнге талапкерді.
Таратты кең дүниеге ғылым нұрын,
Денсаулық сақтау жолға қанат берді.
Ғалым жасы жетпістен асып барып, баяғы Хамадан маңындағы Абад қыстағында қайтыс болып, ұстазының (пірінің – С.Қ.) жанына жерленген көрінеді. Ибн Сина өлерінің алдында ажалға қарсы дәрі ойлап тауып, сүйікті шәкірті Жамас хәкімге үйретеді. Жеті ыдысқа толтырылған дәрілерді ретімен қолданса, адам өлсе де қайта тіріледі деп, ақырғы аманатын тапсырғанымен, шәкірті ұстаздың тапсырмасын толық орындамайды, Себебі, Жамас хакимді қызғаныш сезімі билеп алады. Егер ұстазы әлемге мәшһүр Ибн Сина қайта тірілсе, өзіме бақ-дәреже тимей, тасада қаламын деп түйген Жамас дәрінің соңғы бөлігін құймай, айнып қалады. Денесі қалыпқа келіп, қас-кірпігі дірілдеп, демін ала бастаған Ибн Сина енді бір тамшы дәрі құйғанын қалап, «бәриз» деп дауыстағанымен, ойындағы «ажалды жеңем» деген асыл арманы аяқасты болып, ойлы көздерін мәңгілікке жұмыпты-мыс.

Серікбай Қосан,
М.Әуезов атындағы
Өнер және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.