«Жалғыз туған ер Кеңес»

«Қырымның қырық батыры» туралы жыр 40 тараудан тұрады, оның әрқайсысы жеке-жеке батырларға арналған. Сонымен бірге көбіне бір батыр екінші батырдың ұрпағы болып жырланады. Мәселен, қырық таңбалы Қырымда, он екі жарым Үрімде өткен көптеген хандардың бірі – Ақжонас батыр, оның ұлы Кеңес батыр, оның ұлы Жанбай батыр болған екен. Ақжонастың жасы жетпіске келген кезде, әулие-әнбиелерден жалынып сұрап алған ұлы Кеңестің дүниеге келуі де өзіндік елеулі оқиғаларға толы. Ақжонастың елу жастағы әйелі Арубибінің аяғы ауыр кезінде жерігі еш басылмайды.
– Айдаһардың немесе сарыүйек­тің (жыланның бір түрі) басын жесе жерігі басылар, ­– дейді Аралхан қазы. Содан Арубибі жеті жыланның басын шайнамай жұтады. Бала дүниеге шырылдап келген кезде Ақжонас та, Ақтанау тұлпар да жерге құлап түседі.
Кеңес жерге түскен соң,
Билер, мырза, бегілері,
Бәрі тойға жиналды,
Артық туған ерлері.
Үш күн ұдай той қылып,
Тоғыз күн ұдай ойын қылып,
Балуан тұрды күресіп,
Ат шаптырып той қылып.
Алтын қабақ аттырды,
Қызыққа сүйтіп батырды.
Бүкіл ауыл-аймақ Кеңестің өмірге келгенін тойлайды, ерекше жаратылыс иесі екендігі де бірден байқалады. Бала төртке толғанда қолына сақа, топай асықтарын алады. Қасындағы балалардың асығын тартып алады. Қатарластары осындай ісіне ренжіп, «атадан жалғыз қу бас» деп тілдейді. Осы бір сөз Кеңеске қатты батып, анасына мұңын шағады.
Жас басыңнан жабықпа,
Ел билерсің сен деді.
Енді барма балаға,
Қаңғырма құр далаға,
Асыл туған ер деді,
Атаңның бар да қасына,
Жүре берші сен деді.
Алайда анасының айтқан жөн сөзіне Кеңес тоқтамайды. Бірге ойнайтын балалардан бөлініп басқа жаққа кетіп қалуды ойластырады. Ақтанау дейтін тұлпарына алтыннан ер-тұрман салып, айылын тартып, жау іздемекке бекінеді. Әке-шешесі зарығып көрген баланы еш жаққа жібергісі келмейді.
Берсе Тәңірі тілекті,
Барарымды сұрасаң,
Қалмақтың ханы Қара-ды,
Қайғы етпеңіз, анажан,
Балаң соған барады.
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Тілімді алсаң жылама,
Астымдағы Ақтанау,
Ол шабыстан тана ма?
Бармай жауға, анажан,
Балаң енді қала ма?
Алған бетінен қайтпайтын қайсар ұл осылайша сексен күндік жол жүруге бекінеді. Сексен күндік жолды қырық күнде жүріп өтуді көздеп, құйғытып Кеңес келе жатқанда қалмақтың қызы Қарлығаш түс көреді.
– Ата, аспаннан қара құс бізге қарай ұшып келе жатыр. Сол құс қалаға қонса, дұшпанымыз болғаны, – дейді ол. Бірақ әкесі міз бақпайды.
Құйындай жалғыз шаң көрдім,
Шаң астына қарасам,
Қыбырлаған жан көрдім.
Астында мінген қара ат бар,
Белінде буған болат бар.
Табандатып желеді,
Төрт аяқтан шыққан шаң,
Төрт тарапқа кетеді.
Желгеніне сол аттың,
Жер солқылдап келеді.
Сөйтіп, қызының сөзіне мән бермей, ондай батырды қарғыспен-ақ құртып тастаймын дейтін Қараның қасына ер Кеңес жетіп келеді.
– Тілегімді бер, сұлтаным, әкемді өлтіре көрме, – деп қыз болса зар жылайды.
Егер қолың тартпасаң,
Атамын сені мен деді.
Сонда қолын қыз тартты,
Батыр тартты қол оқты.
Жұмсап қалды болатты,
Қарадайын қалмаққа,
Атқан оғы өтпеді,
Етіне тіпті жетпеді.
Күпсінген Қара атқан оқты маса шаққан құрлы көрмейді. Дегенмен, ержүрек Кеңес дұшпанынан гөрі айлалы болып шығады.
Алмасты батыр алады,
Жүгіріп барып алмаспен,
Мойынына салады,
Бөлініп басы қалады.
Ақтанауға мініп-ап,
Қалаға ойран салады.
Осыдан кейін қалмақтың елін жаулайды да, Қарлығаш аруды атына мінгестіріп алады.
Кеңес жауға кеткен кезде, жалғыз ғана Ақжонастың үйі көше алмай жұртта қалып қойған еді. Бағлан таз деген бір қалмақ осы жағдайды пайдаланып, Ақжонастың елін шабады. Кеңестің әке-шешесіне сиыр бақтырып қояды. Кеңес еліне келгенде иесіз қалған мекенін көреді де, қайран қалады. Жаудан қорыққан бір бала жерошақтың қасында жатқан киізге оранып тығылып қалған екен, сол бейшарадан Кеңес барлық болған жай туралы естіп біледі. Осыдан кейін ызаланған Ер Кеңес Ақтанауымен неше күндей жол жүріп, Бағлан таздың елінің сыртына келеді. Мал бағып, азып-тозып кеткен әке-шешесімен жолығып, мауқын басып, сырласады.
Жалғыз туған ер Кеңес,
Айқай жауға салады.
Қамап тұрған әскермен,
Соғысып батыр барады.
Жартысы жаудың өлген соң,
Қырылғанын көрген соң,
Қалғаны жаудың қашады.
Айқай салып Ер Кеңес,
Албастыдай басады.
Бағлан таз шапты қасқарып,
Екі батыр майданда,
Қайраттары теңескен.
Қарсы келіп қалысты.
Белдерінде алмас бар,
Жекпе-жекке шабысты.
Сөйтіп, олар бір-біріне жеңе алмай айқаса береді. Ақырында ер Кеңес қалмақтың осал тұсынан қару сілтейді. Ер Кеңес әке-шешесін жәбірлеген қалмақтардың бәрін қолға түсіреді. Қалғандары да жазадан құр қалмайды. Осылайша он күндей жаумен шайқаста жеңіске жеткен Кеңес ата-анасын ілестіріп туған жеріне барады. Олардың алдарынан шыққан Қарлығаш Кеңестің әкесіне иіліп сәлем береді де, «Атам Қарахан, мен сіздің жалғыз балаңызға жар болуды ұйғардым» деп өзін-өзі таныстырады.
Келді біздің баламыз,
Қиналған сөйтіп бабаңыз.
Аман түгел алған соң,
Талқандады қаласын.
Жеңгеннен соң елдерін,
Сындырған соң белдерін,
Бағлан мінген қос торы ат,
Оны да алып мінгізді.
Сөйтіп Кеңес қарағым,
Астыма торқа төсетіп,
Жылқыдан жорға мінгізді,
Езу тартып күлгізді.
Кеңестің әкесі ұлын мақтан етіп, болашақ келініне арнап жыр төгеді. Көрген бейнеті ұмытылатынын да тілге тиек етеді. Батыр Кеңестің өзін қалай күтетінін, барлық жақсылықты жасауға даяр екенін қайын атаның келініне мақтанышпен баяндауында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ал, ерлігі мен өнегесі бар Кеңестің мәртебесі арта түседі.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.