Бабалар жыры. (Ұлықбек ақынның бір өлеңі туралы)

Өмір,
саған
келдім – кеттім,
сонда нені тындырдым? –
зерін теріп зеңгір көктің,
ботананы тұндырдым.

Өмір,
саған
бардым – қайттым,
таңғы шықты мекендеп,
құдайыма қайғыңды айттым,
құлақ түрер ме екен деп.

Шыққыр көзді
аштым – жұмдым,
шолдым биік, төменді,
тілін жұтқан тас тұнжырмын,
сөйлетпеңдер, мені енді!

Осы өлеңді жұрт аузынан естігелі бері ойымнан шықпай қойды. Әсіресе соңғы екі жолы: «тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер, мені енді!»
Ақыры қолыма қалам алуыма тура келді. Таңырқамауың мүмкін емес. Бір сөздің астында миллион сөз жатыр. Мені айтпай-ақ қой деп бүркеніп, бұғып жатыр. Жалын сипатпайтын тәкаппарлық жатыр. Мына сөзді айтқан адамды баяғының Құдайға қараған патшасы болса, шақырып алып, мұңдасар ма еді, әлде… Ақындар әулеті замана тілі дейтініміз осындайдан-ақ шығар. Жалғыз ауыз сөздің өзі авторды ақындардың ішіндегі Хан Тәңірі шыңындай етіп көрсетіп тұр. Оған дау жоқ, дәлел керек емес. Ақынның жан-жүрегін шамдандырған нәрсе бар. Көңілі қарайған. Тереңіне бойлатпайтын философиялық құрылым түзілісі жатыр. Жай сөзбен қанша өрнектесең де, ащы толғағын айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан азырақ афоризмдік бейнелі ойларға жүгініп, сол арқылы шешіп көрсек: асқан өзімшілдіктен бұзақылық туатыны да; жақсылардың бағасына жетпейтін ойсыздар өркөкірек келетіні де; зомбылықпен көркейген қарғыстан күйрейтіні де; жақсы шындық жаман жаладан соққы көретіні де; не мансабы, не байлығы есінде тұрғандардың тәкаппарлығы қалмайтыны да; өзі бақытты болуға лайықты емес­тер, өзгелерді де бақытты болуға қимайтыны да; күншілдер мен іші тар, қызғаншақтарды көр ғана түзете алатыны да; арамзаның арқанымен құдыққа түссең, түбінде шіритінің де; пәлеқор мен парақорды байытсаң қағынғанға қанжар ұстататыны да; дүниені өліп-өшіп, көп жиюдан өзгені ойламайтын кісіде ниет болмайтыны да; ешкімді менсінбеген тәкаппар кісісі өлсе жалғыз жылайтыны да; өмірге әділдік керек екенін өлерінде ойлайтындар да; қарау байдың жиюлы қазынасы да, даладағы үюлі топырақтың бір болатыны да; сараң байдың жинағаны жаназасына бұйыратыны да; атақты сұм түбі азаптан өлетіні де; бай бауырмал болмайтынындай, бауырмал адам бай болмайтыны да; қысқасы – айдай ажарыңды иттей нәпсі тоздыратыны да; Ұлықбек ақынның «Тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер мені енді!» деген абыз айтар асқақ сөзінің астарына паналап, сиып жатыр. Жан-жігері киелі ақынды үнсіз абыз еткен не? Қорқыт қобызының зарымен, Асанқайғы сөзімен күңіренсе, Ұлықбек Есдәулетті тас тылсым еткен не? Мылқау еткен не? Ол – заман зары. Айтып жеткізе алмайтын кеудедегі тор. Ол – халық мұңы, ел мұқтажы. «Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман». Жамандық атаулы құрып, қараулық атаулы шіріп бітпейтін мына дүниеде ешнәрсенің түбіне жете алмайсың. «Аспандағы құсты ұятқа қалдыратын жердегі жем» демекші, туған халқының еңбегін үптеп сорып, жұлығынан май кешем деп, тобығынан қан кешкендерді көреді – ақын. «Аузы кіші, қарны үлкен – қой семірсе көтерер, қарны кіші, аузы үлкен – ит семірсе құтырар» дегендей, ашкөз, обырлықты көреді. Ақырында «ішкені ірің, жегені желім» болып, желкесінен шыққан бейбақтарды көреді. «Доға белді доңыз тоқ, қыпша белді арыстан аш» әділетсіздікті көреді. «Зомбылық есіктен кірсе, шындық шаңырақтан шығатын» теңсіздікті көреді. «Қаршыға орнына қарғасын, тұйғын орнына тырнасын ұшыратын» қара қойын сарыаяқтарды көреді. «Көтеремін тұлпар етіп, көгершінін сұңқар ететін» ұры қойын, алақолдарды көреді. «Жақындарым – құрметтім, алыстарым – немкеттім» деп, алалайтын алапестерді көреді.
Көреген ақын айналасындағы адамдардың мінез-құлық, жаралысына да мән бермей тұра алмайды. Мәселен: ісі-іске ұқсамай, істен қолы босамай, әурелікпен жүретін салақтарды көреді. Бақаннан балта сап, уықтан ұршық сап шығара алмайтын олақтарды көреді. Жасағаны сынғақ, бояғаны оңғақ бөзөкпелерді көреді. Айтқан сөзін өзінен басқа ешкім тыңдамайтын, қысыр сиыр­дан май шайқап, қысыр ешкіден айран ұйытатын ұр-кеппе – мақтаншақты көреді. Аузымен арыстан алып, қолымен қосаяқ соқпайтын өтірікшіні көреді. Мінбеген атқа мініп, өтпеген көпірден өтетін суайттарды көреді. Қызыл қырман үстінде кеусен сұрауға кежірленетін, кежегесі кейін тартқан керауыздарды көреді. Жылқының шобырын мініп, жігіттің тобыры болып жүретін ынжықтарды көреді. Кез келген астан жерінбес, кез келген істен ерінбес, атқа жеңіл телпекбайларды көреді. Тоқтысы емген тоқтылы қойдай тоналып, мазақ болып жүретін аусарларды көреді. Мың үмітін бір үрейге құрбан қылып жүретін сужүректі көреді. Қойнынан бөзі, аузынан сөзі түскен өле момын, жуасты көреді. «Өле жаман болмаса, өле жарлы болмайсың» деген пақырды көреді. Түңілігінен жел үрмес, есігінен жан кірмес, жалғыз үйлі жазғандарды көреді. «Ойсызды құрметтесең тәкаппар етесің» демекші, құрметті көтере алмайтын ойсыздарды көреді. Аспандағыны арбап, жердегіні жалмап, айға бойым, күнге қолым жетсе дейтін қорқауларды көреді. Зорға салған тамы тар көрініп, зорға алған қатыны қар көрінетін, сұмнан байығандарды да көреді. Өлімді жерде жылауды, тойлы жерде жырлауды білмейтін киіз кеуде, бітеулерді көреді. Қылмыстың зауалы алда болатынын ойламай, айналаға жасаған арамдығы өз басына таяқ болып тиетін жанкешті, өлермендерді көреді. Ұн сатқанда желдетіп, тұз сатқанда селдететін кесірлілерді көреді. «Келісі құрып, келсабы керектен өзі шыққан», «ашқышы жарамай, абдырасы безген» дейтін кесапаттарды көреді. Семірткен малы ойнақ салып жүріп қасқырға кез болатын тәкаппарды көреді. Дүниемас, бақмасылықтан тәубеге келмей дардайып кетіп, көзі ойылғанша жылайтын күнәкарды көреді. Өлімнен басқа ешнәрсе емдемейтін көре алмас күншілдерді көреді. «Басым бұлтқа тиер деп бұқпай, кесірім жұртқа тиер деп ықпай» тайраңдаған әумесерді көреді. Арсыз қолы істесе, арлы беті ұялмайтын бәдбақыт-бетпақтарды көреді. Сиыр баққанды сүттен қаққан, тасбауыр қаракөкіректі көреді. Естімес деп өсек айтып, көрмес деп ұрлық қылатын затсыздарды көреді. «Пасықтың көңілі биігі жаман, басыңды бағаламайтын күйігі жаман» демекші, кім екеніңе қарамайтын тексіздерді көреді. Етігін шешпей, ерін алмай, уайым ұйқыдан, ұйқы сұрқыңнан айырған кәззаптарды көреді. Бар шиыры бір шиырға тірелетін, көкезу-қырттарды көреді. «Ұрыны қонаққа шақырсаң, қораңа көз салып отырады, қарыны қонаққа шақырсаң, қатыныңа көз салып отырады» демекші, мүлт кеткен жеріңнен шалатын тозақыны көреді!..
…Сонымен, Ұлықбек Есдәулеттей көреген ақын көзін жұмып, «Тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер мені енді!» деп, ХХІ ғасырдың үнсіз абызындай болып, «меңіреу» қалпында жүре бермек.

Жанат Ахмади,
жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.