Жастарға жанашыр аға еді…

Өткен ғасырдағы балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келіп, ерте есейген ұрпақ өкілдері бүгінде – зейнеткер, там-тұмдап болса да араларында әлі қызметке араласып жүргендер де, бақилық болғандар да бар – бәрі табиғат заңы. Солар қыруар қиындықтар көріп жетілсе де, еңселерін биік ұстап, қоғамға бір-бір кірпіш боп қалануға тырысты, қаланды да. Оларды «өмір көрген буын» дейді. Демек, олар да өздерінен бұрынғы алдыңғы толқын ағалардан үлгі-өнеге, тәлім алып, қамқорлықтарын көріп, бүгінгі шаққа жетті. Қазір өздері де ақылшы, батагөй, тәлімгер, ақсақал, ел ағалары деуге сыйымды.Сөзді бұлай бастау себебіміз, кезінде біз де алдымыздағы сол аға буын өкілдеріне қарап өстік, бас-басына жеке танымасақ та, елге сіңірген еңбектеріне, кейінгі толқынға тигізген шапағаттарына куәміз. Бір айта кететін нәрсе, соғыстан кейін жетілген ұрпақтың бәрі дерлік, қандай кәсіп иесі екеніне қарамай, әдебиет, мәдениет, өнерге етене жақын боп өсті. Мәселен, мамандығы физик бола тұра жыр-дастандарды жатқа айтатын, құрылысшы екеніне қарамастан Абай, Әуезовтердің шығармашылығын кәнігі кәсіби әдебиетшілерден артық саралайтын, өнер туындыларын жаңғақтай шағып, жете түсінетін өзге мамандық иелері де аз емес-ті. Керек болса, кейбіреулерінің аты-жөндерін де атауға болады. Мысалы, республикалық психиатриялық аурухананың бас дәрігері болған марқұм Ермек Байтөреев сөз қадірін жетік білетіні сонша, кейбір афоризмдерді содан үйренетінбіз. Әдеби туындыларды көп оқитын. Бүгінде көзі тірі ғалым-дәрігерлер Ахмет Алдашев, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаевтардың әдебиет пен өнерге жақын екенін, бәлкім, біреу біліп, біреу білмес те. Ең бастысы, олар біз жоғарыда айтқан аға ұрпақ өкілдері салған сара жолмен жүріп, ғылым-білімге кенеліп, жан-жақты азамат боп қалыптасты. Қазір бәрі ел ағасы, қазына қарттар сапында.
Ал, енді бүгінгі аға ұрпақ өкілдерінің кезінде өздері пір тұтқан аяулы тұлғаларының кейбірінің аты-жөндерін атау да орынды көрінеді. Мұндайда еске алдымен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер түсетіні заңды. Өйткені, бүгінгі аға буын өкілдерінің бәрі де алдымен солардың шығармаларынан нәр алып жетілді. Әңгіме, повесть, пьеса, романдары, солар бойынша түсірілген фильм, музыкалық туындыларға сусындап өсті. Орыс және әлемдік жазушылардың таңдаулы туындыларын ана тілімізде сөйлеткендер де осал емес-ті. Оның үстіне, белгілі баспа, санаулы болса да қазақша шығатын таралымы мол қазақша газет-журналдар тізгінін ұстаған сауатты, қабілетті тәлімгер, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген қаламгерлер өзінше бір төбе. «Социалистік Қазақстан» газетін басқарған Сақтаған Бәйішев, Қасым Шәріпов, Кеңес Үсебаев пен Хасен Өзденбаев, Мұхтар Жанғалин, Ғалым Ахметов, Әбдірашит Ахметов, Жүсіп Алтайбаев сынды аудармашы-редакторлар (басқалар да аз емес) еңбегі ерен. Солардың бірі соғысқа дейін «Лениншіл жас» газетінде қызмет етіп, баспасөзге ойысқан, мәдениет майданында айшықты із қалдырған Мұса Дінішев болатын. Қазақ тілінде шығатын майдандық газеттерде, сондай-ақ орысша оқығандықтан, біраз уақыт «Красная звезда» газетінде де әскери тілші болған ол Ұлы Жеңістен кейін елге оралып, Қазақ мемлекеттік баспасында (Казгосиздат), киностудияда жауапты әрі лауазымды қызмет атқарды, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аударуға қатысты, Мәдениет министрінің орынбасары, өзі негізін қалап, таралымы 490 мыңға жеткен «Мәдениет және тұрмыс» журналы, халықаралық «Отан» газетінің редакторы болды. Жасы тоқсанға таяп, бақиға аттанғанша, қолынан қаламы түскен жоқ.
Бұл жолы Мұсекеңді елден ерек еске алып отырғанымыздың тағы бір себебі – оның жеке басының күйін күйттемей, қазақтың талантты ұл-қыздарының қол­тығынан демеп, қадамдарын нық басуына жасаған көмегімен қамқорлығы жайлы хабардар ету. Ол 1958 жылы шілдеден бастап жарық көрген «Мәдениет және тұрмыс» (қазір «Парасат») журналынан Мәдениет министрлігіне ауысып, төрт жыл министрге орынбасар болған кезінде қазақ жастары көбіне Мұсекеңді – Мұса Дінішевті іздеп, соған барады деп естуші едік. 1965 жылы қаңтарда журналға қайта оралғанда, сол сөздің шындығына көзіміз одан сайын жете түсті. Мәскеу, Ленинградта оқитын түлектер жазғы, қысқы каникулға келгендерінде Мұсекеңді іздеп келіп, сәлем беретіндерін көріп жүрдік. Өзіміздегі консерваторияны бітірген, сонда оқып жатқан жастар да солай. Оларды журналға жазып, насихаттауды ұмытпайтын. Шолпан Тоқсанова, Бақыт Әшімова, Хорлан Қалиламбекова, Нариман Қаражігітов, Шора Үмбетәлиев, Шәміл Әбілтаевтай әнші-күйшілерді сахнадан бұрын, Мұсекең арқылы жақсы біліп жүрдік. Олар тұрмақ, Ташкентте институт бітірген, мамандығы химик, кейін ғылым докторы, профессор болған, ғаламат әншілігінің арқасында біраз жыл «Дос-Мұқасан» ансамблінде қызмет еткен сарыағаштық талантты жігіт Ұсмадияр Махановты да Алматыға келген бойда тауып алып, журналға полимер жөнінде бірнеше мақала жазғызды. Кейін ғылыммен қатар, әншілікке бет бұруына сеп болды. Оны осы күнде Ұсмадиярдың өзі де аузынан тастамай айтып жүреді.
Бұлардан да гөрі нақтылай түссек, Мұсекең министрдің орынбасары боп жүргенде көмек жасаған Мәскеу мен Ленинградтың бірінде оқып, мамандық алған бір жас актриса оқта-текте редакцияға келіп жүрді. Редакцияға болғанда, Мұсекеңе, әрине. Қазір аты-жөні есте жоқ сол қыз ТЮЗ-де қысқа уақыт жұмыс істеді де, әлдебір дерттен қайтыс болды деп естідік. Аталмыш театрда бүгінде өмірден ерте өткен сол актрисаны білетіндер болуға тиіс. Жас дарынның аянышты тағдырына Мұсекең қатты қайғырды, ұмытпасам, журналда қазанама да берді-ау деймін. Әрине, сол кездегі сөзбен айтқанда, орталықтан оқып келген ол актриса шын талант болмаса, Мұсекең олай етпесі кәдік еді.
1970 жылдардың орта шені. Жаз мезгілдерінде Мұсекеңнің кабинетінен бізге бейтаныс әлдебір сымбатты жас жігіттер мен қыздарды көріп қалатынбыз да, кім деп сұрамайтынбыз. Олар кеткен соң, Мұсекең «анау пәленше, анау түгенше, Мәскеу не Ленинградта оқиды, қабылдау комиссиясынан өтуіне көмегім болған» деп өзі айтатын. Оның Мәдениет министрлігінің органы «Мәдениет және тұрмыс» журналының басшысы ретінде орталық оқу орындарына жіберілетін өнерлі жастарды оқуға қабылдайтын комиссияға қатысы болатынын содан аңғаратынбыз. Былайша айтпайтын.
Енді бірде, Мұсекеңнің кабинетіне жиірек келетін бір орта бойлы, қара торы, қолаң шашты, әдеміше қызды жиі көретін болдық. Жиі болатыны, мен отыратын кабинет Мұсекеңе қарама-қарсы, есік ашық тұрады, оған да, маған да кім келіп, кім кетіп жататыны байқалмай қалмайды. Кейде әлгі әсем қызбен бетпе-бет ұшырасып қалып, сәлем беремін. Ол жымия бас изеп, өте шығады. Мұсекең­нен бұл кім деп сұрау жоқ.
– Сізді редактор шақырады, – деді маған бір күні қабылдау бөлмедегі хатшы қыз.
Барсам, алдында әлгі жиі келіп жүретін нәркес көзді сұлу қыз отыр.
Мұсекең биязы жымиып: «Мыльников қайда, іздеші, лабораториясы жауап бермейді, мына Раисаны суретке түсірсін. Сен білесің бе, Раиса қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш опера дирижері болады. Қазір Мәскеуде, соңғы курста оқиды. Келесі жылы бітіреді. Сол кезде журналға жариялау үшін суреті дайын тұру керек», – деді.
Дереу журналдың фототілшісі де табылды, суретке де түсірді. Келесі жылы Раиса орталықтан оқу бітіріп келіп, Абай атындағы опера театрына дирижер боп орналасқан бойда журналға да жарияланды. Бүгінгі өз мамандығының хас шебері, өнер тарланы қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш кәсіби опера дирижері Раиса (Рая) Садықованың үлкен өмір айдынына алғашқы қадамы осылай басталған-ды. Атақты өндіріс майталманы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов басқаратын колхозда туып-өскен Рая Садықова қадірменді Мұсекең, Мұса Дінішевтің өзіне жасаған әкелік қамқорлығын әлі күнге ұмытпайды. «Ұмыту мүмкін емес. Мұса ағадай адам жоқ қой!» дейді Раиса осы күнде анда-санда жолыққанда көзі боталап.
Ал енді, құрметті оқырман, сіздің Тасқын Оқапов жайлы естуіңіз бар ма? Біз білетін Тасқын орталық қалалардың бірінде білім алған, белгілі музыкатанушы, композитор, танымал қайраткер, мезгілсіз дүние салып, артына өшпестей із қалдырған асыл азамат болатын. Жоғарыда айтқан Мұса Дінішев оған да қамқорлық жасап, қолдау көрсеткен. Мұ­секеңнің сөзінен Тасқынды да жас ке­зінен жақсы білетіні байқалатын. Өз басым оны тікелей Мұсекең арқылы біл­дім. Тасқын оқуын бітіріп келіп, қызметке енді-енді араласа бастаған кезі болу ке­рек. Журналдың әр санында міндетті түр­де нотасымен қоса бір ән басылады. Ол кезде облыстардан бастап, кез келген аудан, ауылдарда мәдениет үйлері мен клубтар жұмыс істейді. Оларда музыкалық сауаты бар мамандар еңбек етеді. Бәрі де журналда шығатын әндерді үйреніп, репертуарларына қосады. Ә.Еспаев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, К.Қуатбаев әндерінің дені осы журнал арқылы халыққа таралды десе болады. Шәмшінің «Сыған серенадасы», «Теріскей» атты әндері әлі ешкім білмейтін уақытта журналда жарық көріп, арадан он шақты жыл өткенде ғана шырқала бастады.
Әне, журналда жарияланатын сондай әндерге қаламақы қояр кезде Мұсекең композиторға, сөзін жазған ақынға әрі тұсына «өңдеген Тасқын Оқапов» деп оған да 22 сом жаздырып жүрді. Бір жарым жылға дейін. Бұл кім деп сұрамаймын. Айтты – болды. Шаруам не. Бірақ, Мұсекең «бұл жігіт пәтер жалдап тұрады, көмектесейік» дейді де қояды. Шынында да солай екен. Бұл жайында бір күні Тасқын Мұсекеңе рахмет айта келгенде өзі айтты. Жағдайы жақсарды ма екен, содан бастап олай етпейтін болдық. Тасқын Оқаповты Мұсекең арқылы білдім деуімнің сыры осы. Тасқын біртіндеп жұртқа кеңінен белгілі бола бастады. Оған қуанып жүрдік. Жылдар өткенде Роза Рымбаеваға үйленіпті деп естідік. Мен өз білетіндерімнің төңірегінде айтып отырмын. Мұсекең мән-жайды бүге-шігесіне дейін білген болу керек. Бұл жерде әңгіме Мұсекеңнің жас өнер өкілдерінің қай-қайсысына да оң қабақпен қарап, қолдан келген көмегін аяп қалмағаны хақында. Олар көп. Қайсы бірін айтайық. Мұсекең өнер айналасындағы дарынды жастарды аяласа, оны олар да ардақ тұтты, сыйлады.

Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.