Үздіктер топ жарды

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында арнайы ұйымдастырылған жиынға ҚР Мәде­ниет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Парламент депутаттары және журналистика саласының майталмандары қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді. 

Жүлдегерлер төрт номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, жүлделер «Үздік авторлық телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік баспасөз материалы», «Электронды БАҚ-тағы үздік материал» аталымдары бойынша үлестірілді. Мемлекеттік тілдің жоғын жоқтап жүрген телеарна журналистері арасында бас жүлдені КТК телеарнасының өкілі Жадыра Сейдеш алды. Радио журналистері арасында, «Шалқар» радиосының қызметкері Жылбек Сембекұлы үздік деп танылды. Электронды БАҚ саласында «Алтын орда» сайтынан Елдос Елдесов жеңімпаз болды. «Ана тілі» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай баспасөз саласы бойынша жүлдегер деп танылды.
***
Алматы қалалық Тіл басқар­масы ұйымдастырған «Мемлекет­тік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» қалалық байқауы­ның жүлдегерлері анықталды. «Қазақстан» телеарнасының «Апта kz» бағдарламасының жүргізушісі Қанат Әуесбай «Үздік журналист» номинациясында топжарды. «Шалқар» радиосының тілшісі Ғалым Есенсариев «Үздік радиожурналист» аталымында жеңімпаз атанды. Ал «Интернет-сайттағы үздік журналист» номинациясында Ақырыс Сейітқазы жеке дара үздік шықты. «Ана тілі» газетінің Білім және ғы­лым бөлімінің редакторы Қуанбек Боқаев «Баспасөздегі үздік журналист» аталымы бойынша жүлдегер атанды.
***
«Ана тілі» газетінің Тіл мәселелері бөлімінің редакторы Динара Ізтілеу «Қазақ газеттері» ЖШС белгілеген дәстүрлі жыл сайынғы «Алтын қалам» жүлдесіне ие болды. «Уйғур авази» газетінің қоғамдық-саяси бөлімінің тілшісі Бахитшот Сопиев «Күміс қалам», ал «Экономика» газетінің тілшісі Мақпал Сағындық «Қола қалам» жүлдесін иеленді.
***
Қоғамдағы проблемаларды жеріне жеткізе жазып жүрген һәм қазақ елінің жылт еткен жақсы жаңалығын жалпақ жұртшылыққа паш етуші бір топ БАҚ өкілін «Алтын қыран» компаниялар тобының президенті Исламбек Салжанов құттықтады. Қашанда қазақ руханиятына қатысты шаралардың басты демеушісі болып жүретін ұлтшыл азамат бұл жолы да тарту-таралғысын қамдай келіпті. Атап айтқанда 30 журналистке iPad, iPhone, нетбук сыйлады. Исламбек Сал­жановтың арнайы сыйлығына «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Абай.кз ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат, «Қазақстан» телеарнасының продюсері Серік Абас-шах, ҚР Жо­ғарғы сотының ресми өкілі Оксана Петерс, «Қазақстан» Телеарнасының қыз­мет­керлері Әлімжан Сабыржанұлы мен Әуесбайдың Қанаты, «Егемен Қазақстан» тілшісі Дастан Кенжалин, белгілі журналистер Жандос Бәделұлы, Төлен Тілеубай, Кәмшат Тасболат, Айбын Шағалақов т.б. БАҚ өкілдері ие болды.
***
Әріптестерімізді жүлделерімен құт­тықтап, алдағы уақытта да биіктен көріне берулеріне тілектестігімізді білдіреміз.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мен ғой

    Құтты болсын !!!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.