Қолтырауын көрсетпес қалтырауын

 1.ЖАНРДА ЖҮРГЕН  ЖОРҒАЛАУШЫ

Газетте жүрген жылдары репортаж, очерктің түбін түсірдік демесек те, біраз жеріне бардық-ау. Халықаралық шолу деген бізден қалды. Суреттеме мен фотоның астындағы текстовка – күнделікті жанрымыз еді. Қазақ сатирасының атасы Темірбек Қожакеев деканымыз ғана емес, курстық жұмысымыздың жетекшісі болған соң фелье­тон да жазғанбыз. Өлеңмен жазылған фельетонымыз Қостанайдың облыстық газетіне шыққан. Пародияға да бардық. Анау-мынау емес, атақты пародияшы Көпен Әмір-Бек жайында. «Жығылсаң, нардан жығылдың» өзі. Кейін оқып беріп едік, кейіпкерімізге бек ұнады. Сосын, тіпті памфлет жазыппыз.
Памфлет тым ежелгі жанр екенін сол журналистика факультетінде оқытқан. Дәуір өзгеріп жатқанда, саяси қайшылықтар ушыққанда қолға алынады. Ағылшын, француз классиктері Джонатан Свифт, Даниэль Дефо және басқалары елдегі төңкеріс тұсында жиі жазған. Кеңес дәуіріндегі классиктер көшін бастаушы Максим Горький алыстағы Американы аралап келген соң памфлетті бұрқыратқан. Сосын бұл – Екінші жаһандық соғыс тұсында фашизмге қарсы қолданылған жанр. Бертольд Брехт, Карел Чапек, Илья Эренбург және басқа тұлғалардың қаламынан туған. «Еруліге – қарулы» демекші, Гитлердің бас насихатшысы Геббельс тұтас памфлетшілер тобын ұстаған. Түйелер сүйкенетін жерде бізге – шыбынға не жоқ десеңізші?!
Әлімізді білмейтін студент кезіміз еді. Бірер курс жалпы журналистика жайын оқыған соң мамандана бастау керек. Біз телевидение мен радиоға емес, баспасөзге машықтандық. Оның ішінде халықаралық тақырыпқа тауанымызды сынадық. Өйткені шағын топқа бірер жыл Нұрмахан Оразбеков деген мықты ағай практикалық сабақ берген. Онда КазТАГ-тың бас редакторы. Америка туралы кітабы шыққан. Сол кісі берген тапсырма бойынша екі рет халықаралық талдау мақала жаздық. Анау-мынау емес «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» газеттеріне шығарып берді. Сөйтіп, памфлет жанрына қол созуымызға бір жағынан ғылым докторы Қожакеев, екінші жағынан халықаралық шолушы Оразбеков талаптандырған шығар.
Сөз арасында айта кетсек, Көпенді де памфлетке қайрап салған екен қайран Темекең. Оншақтысын оқығанбыз. Бірі – «Талтүсте жоғалған танкілерді» күні бүгін автордың өзінен артық жатқа білеміз. Нысанасы Израиль болатын. Кейін Көпен памфлет жағына баспай қойды. Суыну сырын сұрағанбыз. «Өз еліңді жөндеп ала алмай жүріп, дүниежүзінде нең бар?» деп Оспанхан ағасы ұрысқан екен. Сонда Осекең қандай сұңғыла десеңізші. Бұл – әлбетте, басқа өрістің қойлары, анығында ойлары. Ал тақырыпта қолтырауын тұрғанын ұмытпайық.
Памфлетті біз де жаздық. Республи­калық газетке басылып шықты. Тақырыбы – «Қолтырауынның көз жасы». Мазмұны – Израильдің Йордан өзенінен бері қарай арабтарды өткізбеу үшін крокодил асырай бастағаны туралы. «Бұл елде Көпен екеуміздің әкеміздің құны қалды ма екен?» дейміз бүгінде.
Сол Йордан өзенінен қаншама су аққан соң әлгі мемлекетке барғанбыз. Өлі теңізін де, өзендерін де көргенбіз. Крокодил асырайтындары рас екен. Бірақ ол қорғаныстық емес, коммерциялық мақсатта болып шықты. Кезінде кеңестік насихат миымызға басқаша шегелеген екен. Біз соның сойыл соғушысы болыппыз. Әттеген-ай!
Сөйте тұра… беріде Израиль үкіметін басқарған Беньямин Нетаниягу дегеннің Палестина басшылығына қатысты: «Бұл крокодилдің аранына қайта-қайта жер тастай алмаймын» деген теңеуі ақпарат құралдары арқылы шартарапқа тарады. Сөзі соншалықты қисынды болмады. Сосын тағы бірде Грузияның жас Президенті Михаил Саакашвилидің Ресейді жан-жағын талғамай жұта беретін крокодилмен салыстырғанын естідік. Жалпы олардың халықаралық сахнада тұрып айтқандарының қасында баяғы шалдыр-шатпақ памфлетіміз шынында, жастық шақтың шарпуы шығар деп өзімізді жұбаттық. Сол жолғы «Қолтырауынның көз жасынан» кейін қайтіп бұл жанрға жоламадық. Жер бетінің жанжалдарын шешу қолымыздан келмесін солай мойындасақ керек. Оспанхандай ақылшымыз болмаса да.
Бір-бірін жалмауыз жер бауырлаушыға теңеп жатқан еврейлерде қайдам, ертеде арабтардың арасында «қолтырауын соты» дейтін сынақ болған. Адамның иә қылмысты, иә жазықсыз екені анықталмаса, оны аш қолтырауынның алдына тастайтын. Жыртқыш тап беріп жеп қойса, қылмысты болғаны. Егер қолтырауын бірден тиіспесе, онда сорлыны «жазықсыз» деп тауып, құтқарып жіберген. Баяғы памфлетіміз үшін қолтырауынның алдынан қандай жағдайда қайтар едік, өзі?
Жалпы жанр тұрмақ, бұл жорғалаушы тақырыбына қайта жоламас едік, тек беріде қазақ тіліндегі «қолтырауын» сөзіне төнген қатер қолға қайта қалам алғызғаны.

2. САНАДА САҚТАЛҒАН СӨЗ

Жылы ортаны мекендейтін бұл бауырымен жорғалаушы қысы аязды-боранды, өзен-көлдеріне тізеден мұз қататын қазақ даласына бауыр баспаған. Тек жорықта жүрген бабаларымыз Таяу Шығыс пен Үндістан түбегінен ат суарғанда жолықтырған шығар. Әрі біздің жерді мекендемейтін маймыл, піл, арыстан, қабылан, керік, тауыс, түйеқұс сынды хайуанаттар мен құстарға қазақы атау бергенде мынаны атамапты. Сонда тақырыптағы «қолтырауын» ше? Өзі қазақтың сөзі ме, арабтың сөзі ме?
Баяғы университетте негізгі оқытушы ауырып қалғанда аз уақыт араб тілінен сабақ берген, бар білімін мұрағаттар мен кітапханалардағы қолжазбаларға арнаған Мазғұт Шафиғов ағамыздан сұрадық. Арабтың сөзі емес көрінеді. Арабтар оны «ледшун» деп атайды. Иә, ол тілде жануарлардың атауы «ун» деген көсемшемен аяқталатын. Әлгі Шафиғов ағамыз оқытқанда «ит» – арабша «калбун» еді. «Әтештің» бас жағы: «айдары» есте қалмапты, соңы: «құйрығы» ол да әйтеуір «ун»-мен бітетін. Сонымен, біздің бес жыл оқыған арабшамыз тәмам.
– Осы кезге дейін мен көне жазудан қазіргі қазақ жазуына көшіріп берген мың-мыңдаған қолжазбаның ешбірінде «қолтырауын» деген сөз кездеспейді. Шамасы, беріде, жиырмасыншы ғасырдың ортасында журналистер енгізіп жіберсе керек, – деп тұжырды ғалым аға. Қисынды сияқты.
Осылай есептесек, бұл сөзге кемі қырық-елу жыл болды. Өйткені памфлетіміз шамамен жетпісінші жылдар соңында жарыққа шыққан. «Елу жылда – ел жаңа». Санаға сіңді, құлақ қанықты. Енді 2012 жылдың көктемде Ермек Тұрсынов деген орыстілді жазушы, тарихшы, режиссер, продюсер, баяғы біз білетін кезде әріптес газет, қосарымыз «Ленинская смена» газетінің журналисі еді, әлдебір басылымға сұхбат беріпті. Сонда «жираф» пен «крокодилді» қазіргілердің «керік» пен «қолтырауын» деп аударуы дұрыс емес» деген «тың» пікірді ортаға тастайды.
Оу, қырық жыл бұрын оқулықтан «ке­рік» пен «қолтырауын» деп оқыдық, отыз жыл бұрын біз ғана емес, бүкіл қатарымыз со­лай жазды. Нанбасаңыздар, сексенінші жылдар басындағы «Лениншіл жас» газетін­де шыққан «Қонысы аң-құстардың қолайлы ма?» деген мақаланы тауып оқыңыздар. Тура солай «керік» пен «қолтырауын» деп тұр. Енді келіп ұйқыдан кеш оянған әріптесімізге не жорық? Тереңдей түссек, мың жылдан бері түркілермен мәдениеттері араласқан іргелес араб та, парсы да «крокодил» демейді. Хинди, урду, қытай тілдерінде өздеріне тән аты бар. Тек Еуропа жақтағы елдер солай «крокодил» атайды. Ендеше, Ерекең кімнің сойылын соғып отыр?
«Крокодил» болса гректің сөзі деседі. Страбон деген кезбенің ежелгі жазбасында Крокодилополис атты қала атауы кездеседі. Гректердің Жерорта теңізі жағалауынан жаппай қала-мемлекеттер салатын дәуірлеген заманынан қалған. Осы Израильде қирандысы жатқан Кейсары қаласының маңы болса керек. Кейсары мен Кармель маңында беріге дейін қолтырауын болған екен. Әлі күнге «Нахаль таниним» деген жер атауы бар. Еврейлердің ежелгі тілінен қазақшаласақ, «Қолтырауын жылғасы». Олар да «крокодил» демеген.
1887 жылы неміс консулы Шумахер әлгі маңнан ұзындығы үш метрлік крокодил атып алыпты. Өзін өлтіргенімен қоймай, жұмыртқаларын жинап кеткен. Сол жұмыртқаны Германияның Франкфурт қаласындағы мұражайдан тамашаладық. Үндістанды үш ғасыр билеген, Мысырда Мәмлүк мемлекетін құрған аталардың атамекенге бір жұмыртқа жібермегені, жіберсе, оны сақтай алмағанымыз өкінішті.
Ал ағылшын зерттеуші­лерінің жазбаларына қа­рағанда, 1884 жылы олар осы жердегі малшы арабтың үйінен ұзындығы үш жарым метр боларлық қолтырауынның қаңқасын көрген. Оны суатқа барған ешкілерді жалмай берген соң бәдеуилер жабылып жүріп соғып алыпты.
Сонымен «крокодил» сөзінің түбірі гректен шыққан десек те, беріде көзіміз шалып қалды, орыстың бір ғалымының оған таласы бар көрінеді. Ныспысы – Валерий Алексеевич Чудинов. Профессор. Лауазымы баршылық. Ресей Ғылым академиясы Төралқасы жанындағы Көне Русь мәдени тарихы жөніндегі комиссияның төрағасы. «Көне Қыпшақ мәдени тарихы жөніндегі комиссия біздің Ғылым академиямыздың Төралқасы жанында неге жоқ?» деп сұраудың өзі ыңғайсыз. Бізде сол академияңыз бар ма, жоқ па, бұлдыр болып кеткелі қашан. Хош, ғалымның уәжінше, ертеректе орыстар бұл хайуанды «коркодил» депті. «Корка» – «қабыршақ», ал «дил» сөзі ескіде «ат» деген мағына берген. Сонда «коркодил» дегеніңіз «қабыршақты ат» болып шығады. Дауласып қайтейік. Тек, қазақ даласында жорғаламаған хайуанның орыс орманында түп-тұқиянымен болмағаны аян. Өйткені ол жылдық орташа температурасы +11 градустан жоғары аймақтарды мекендейді. Қазақ пен орыстың жерінде ондай орташа температура ғаламдық жылынудан соң қалыптаспаса, бұған дейінгі жазғы +40-пен қысқы -40-тың орташа есебі 0 градус болып шықпақшы.
«Крокодил» атымен аталған және бір қала осы күнгі карталарда тұр. Мали деген мемлекеттің астанасы Бамако деген қала жергілікті тілден аударғанда «қолтырауын арқасындағы мекен» дегенді білдіреді. Сондықтан қаланың төлтаңбасында осы бауырымен жорғалаушы бейнеленген. Біздің Ермек Тұрсыновтың «неге «крокодилді» аударғансыздар?» деп Мали мемлекетін жөнге салмай жатқаны аздап түсініксіз. Ал Малидің өзі – «сусиыр елі» деген сөз тіркесі. Айтпақшы, біздің білгіш Тұрсынов әлгі сұхбатында «сусиырға» да тиіскен. «Неге «бегемотты» аударады» деп. Қадыр ағаның жетпісінші жылдары жазған өлеңінде «сусиыр» сөзі тұрса, біз оны қалай бергі бірер жылдың бедерінде аударған болып шығамыз?
Хош, өзі «сусиыр», ал астанасы «қолтырауын» Мали елі Нигер өзені бойында жатыр. Нигеріңіз қолтырауын мен сусиыр­дан көрінбейтін еді.

3. КӨНЕДЕН КЕЛГЕН КӨРШІ

Рас, сусиыр мен қолтырауын ықы­лым заманнан бері көрші тұрып келеді. Тату емес, бірақ бір-бірін жеңе алмастарын білген соң осы көршілікке келіскен сыңайлы. Қайбір жылы теледидардан көріп қалғанбыз, Нигер өзенінен жаппай өтіп келе жатқан қарақұйрықтарға жан-жақтан қолтырауындар тап береді. Ақыры арасындағы бір шыбышты аранға түсіреді. Мұны байқаған сусырлар көмекке келіп, қолтырауындарды қуып, қарақұйрықты құтқарып жіберген.
Суатқа келгеннің, судан өткеннің бәріне шабуылдау – крокодилдің күнкөріс көзі. Әнебір жылы ғажап сурет жер шарын шарлаған. Су ішуге келген керікті бас салмай ма. Шошыған керік басын көтеріп алғанда судан сопаң етіп қолтырауын шыға келген. Тура осы сәт керікті ме, қолтырауынды ма аңдып отырған фототілшінің объективіне іліккен. Сонда кім мықты, өзі? Қаймықпай атылған крокодил ме, оны судан суырып шыққан керік пе, әлде осы драманы қас-қағымда түсіріп алған фототілші ме?
Керігіңіз не, мына сойқан өзен мен көлге келген арыстан, жолбарыс, пілге де аранын ашады. Жағы сұрапыл күшті. Тістегенін қайтіп босатпайды. Өйткені тістері бірде ұзын, бірде қысқа болып бір-бірімен айқасып келеді. Бір ғажабы, ұзын, сүйір жақты қуалай орналасқан тістер тамақты шайнауға жарамайды екен. Сондықтан ол шайнамай жұтады. Қылғытуға келмейтін ірі дене тіске іліксе, оңды-солды сілкілеп, бөліп алады.
Суат басындағы мұндай қорлықты арыстан мен піл қайтіп ұмытсын. Олар құрылықта қолтырауын көрсе міндетті түрде өлтіріп кетеді. Арыстан жылдамдықпен айласын асырады. Өйткені бауырымен жорғалаушының жер бетіндегі барынша жылдамдығы сағатына он шақырымнан аспайды. Арыстан одан жеті-сегіз есе шапшаң. Піл болса асықпай табанымен таптап өлтіреді.
Екі бүйіріне біткен төрт аяғы құрылықта – жүру­ге, суда – жүзуге сеп болады. Су мен бат­паққа түскенде аяқтың бақайларының арасы созылып, жалпақ ескектерге айна­ла­ды. Бұл кезде қолтырауыныңыз әлгі арыстан­ға жылдамдық жағынан есе жібермес еді. Суда шапшаңдығының арқасында ауызға іліктіретін бақа мен балық – басты тамағы. Мұны біз тұрмақ, немерелеріміз білуі керек. Өйткені жарықтық Қадыр Мырза Әли ағамызда балаларға арналған:
Қолтырауын бір мықты,
Көлбақаны қылғытты,– деп келетін тамаша аударма өлең бар еді. Айтпақшы, әлгі Тұрсыновтың лақтырған тасы Қадыр ағамыздың бақшасына топырлап түсіп жатыр-ау.
Созылған ұзын құйрықтың міндеті аяқтан артық болмаса, кем емес. Ол біріншіден, қозғалу үшін керек болса, екіншіден, тез бұрылуға қажет. Осы құйрықтың және бір пайдасы барын ға­лымдар беріде анықтаған. Қолтырауын құй­рығындағы бұлшық еттерді қимылдатып қою арқылы денесіндегі жылуды реттейді екен. Яғни анда-санда қанын қыздырып қояды. Әйтпесе барлық жер бауырлаушы сияқты оның қаны да суық.
Тыныс мүшелері су астында екі сағат жатуға мүмкіндік береді. Тереңде тұру үшін тас жұтып алады дейді ғалымдар. Жағаға шыққан соң оны қайта «түкіріп тастайды». Тыныстауға тура келгенде алдымен сүйір басын шығарады. Көзі мен танау тесігі төбеге жақын орналасқандықтан, басқаларға байқатпай әрі тыныс алады, әрі айналаны шолады. Су беті мен жағалаудан бұйырған несібесін аңдиды.
Суда ұзақ жатқандықтан денесі суып кетеді. Сондықтан қыздырынады. Оның үстіне жұмыртқаларын құрғақ жерге салады. Өйткені болашақ ұрпақ қабығын жарып шығуы үшін күннің қызуы керек. Бұл кезде ұяға шибөрі, маймыл, ірі мысықтар өш келеді. Олар үшін бір ұядағы алпыс-жетпіс жұмыртқа қаншама уақытқа азық десеңіз-ші.
Сау қалған жұмыртқадан жас ұрпақ шығар кезде арнайы дыбыс береді екен. Соны сезген анасы әлгі жұмыртқаны ауызға ақырын салып, шайқап-шайқап қабығын жарып береді. Сосын енді тырбанып шыққан баласын еппен тістеп, суға апарып салады.
Қолтырауын жалпы су бетінде бөрене тәрізді қимылдамай жатып, ірі құстарды алдайтын. Оны шағын арал немесе ағаш деп ойлаған құстар дамылдауға үстіне қонады. Мынада қимыл жоқ. Ақыры құс сақтықты ұмытып қалғи бастағанда оқыс қимылдап, аранға іліктіретін. «Мың асқанға – бір тосқан» демекші, оның да есесі қайтады. Ләйлек, құтан сынды ірі құстар қолтырауынның жас баласын бақа судан іліп алып, жеп қояды.
Ондай жастарын ересектерінің өзі де жей береді. Не керек, жұмыртқадан шыққан жәндіктің бесеуінің төртеуі құрбан болады. Есесіне қолтырауындар тез жетіледі. Екі жылда денесі үш есе ұзарады екен. Сосын және бір кереметі – бұларда өсу жағынан тежелу жоқ. Қанша жыл ғұмыр кешсе, сонша уақыт денесі ұзарып, салмағы ауырлай бермек. Соншама жыл басты бәсекелесі сусиырмен көрші тұрмақ.
Ғалымдардың есептеуінше, қол­тырауындар жер бетінде 250 миллион жылдан бері өмір сүріп келеді. Ол замандағы көр­шілерінің көп­шілігінің қаңқаларын ғалымдар әрегідік таба қалса, үлкен жаңалық аштық деп даурығады. Күні кеше Монғолия мен АҚШ аукционға түскен бір динозаврдың, анығында тарбозавр екен, қаңқасына бола дауласқан. Сол қаңқасы қалған жануар қолтырауынға қарағанда мың-мың жылдар беріде өмір сүрген. Қолтырауын болса осы заманғы бәсекелестерінен қалыспай Жер бетіндегі тіршілікке өзінің да қатысы барын айқасып қалатын тістерімен, ғаламат қуатты құйрығымен, жүру мен жүзуге бірдей бейім аяқтарымен дәлелдеп келеді.

4. ҚҰРДЫМ ҚЫЛҒАН ҚҰЛҚЫН

Сусиырмен арадағы «қырғи-қабақ соғыс» миллиондаған жылдардан бері тең жағдайда жүріп жатса, адамдармен арадағы соғыста жеңіс алма-кезек болды, әрі екі жақтан да құрбандық жеткілікті. Рас, адамзат қарусыз, құралсыз болған заманда бұл басым түсті. Жер бетінде адам жеу жағынан алдыңғы орында жолбарыс пен қолтырауын тұр. Акула олардан кейінгі орында. Өйткені бүкіл жұрт теңіз жалдап, мұхит кешіп жүрмейді ғой. Арыс­тан мен аю, әдетте, үстінен кездейсоқ түс­кен адамды өлтіріп кетуі мүмкін. Бірақ мыналардай аңдып жүріп азық етпейді. Пиранья деген балықтың Оңтүстік Америка­ның өзенінен жаяу өтем дегенді жабылып жеп кетуі кәдік. Ажалы улы жылан мен бүйіден болғандар да бар. Өзінің аты теуіп, бұқасы сүзіп, бурасы шайнап өлтіргендер жайында ел ішінде түрлі деректер кездеседі. Бәрібір, адам үшін қамыс пен орманда жолбарыстан, су мен батпақта крокодилден қорқынышты хайуан жоқ.
Бұл қорқыныш негізсіз емес. Тек 2010 жылдан бергі деректерді қарастырсақ, құрбандар баршылық. Филиппинде бір қызды, сосын бір фермерді жұтып қойған қолтырауынды арнайы аңшылар тобы талай уақыт аңдыған. Ол үшін шошқасы бар, тауығы мен иті бар жемтік тастаған. Араны ашылған алып қолтырауын әлгі өлекселермен бірге бұлардың мықтап байлаған арқандарын қоса жеп тайып тұ­рыпты. Екінші жолы жемтікті темір тросқа байлайды. Сөйтіп, адам жегіш қолтырауын қолға түскен. Салмағы бір тоннадан, ұзындығы 6,4 метрден асады екен. Мамандар оның кемінде 50 жыл өмір сүргенін есептеп шыққан. Аулауды ұйымдастырған аңшы Ролли Самиллер жиырма жыл су мен батпақ кешіп жүріп, мұндай үлкен қолтырауынды көрмегенін айтыпты.
Оның сөзі рас. Бұған дейін Гиннестің рекордтар кітабына адам ұстаған крокодилдің ең ұзыны 5,48 метр болып тіркелген еді. Әлбетте, мұндай жағдайда жыртқыш бірден өлтіріледі ғой. Ал мына алып қолтырауынды олар арнайы орында сақтайды. Адам жегіш алып құбыжықты көргісі келген туристер енді Филиппинге ағылып жатыр.
Қолтырауынның және бір құрбаны жөнінде әңгімелеу керек. Бангладештегі Хан Жахан Әли мазарының іргесіндегі шағын көлде «әулие» қолтырауындар бар. Мазарға тәу етуге күн сайын жүздеген адамдар келеді. Олар қолтырауындарға құрбандық ретінде тауық пен қозы тастайды. Оған тойған «әулиелер» адамдарға тиіспей, тәу ете келгендер ондағы суға қорқынышсыз шомылады. Бірде мазарға анасымен бірге елу шақырым жерден жас бала келеді. Олар медет тілеп, ма­зарға бата жасайды. Сосын әдеттегідей жанындағы көлге түседі. Осы уақытта бес қол­тырауынның бірі ойламаған жерден бала­ға бас салып, су түбіне тартып кеткен. Дереу көл түбінде іздеу жұмыстарын жүргізгенде дене табылмайды. Демек, қолтырауын жеп қойған. Діни уағызға жауапты өкіл Хумайюн Кәбірдің айтуынша, бұған дейін «әулие» қолтырауындар ешкімге шабуыл жасамапты. Бұл оқиғадан кейін бәрібір оларға табынушылар қатары азайған емес деседі.
Жағалау мен судағы құрбандықтар өз алдына, ол жорғалаушының аспандағы құрбандығы, тіпті ересен. Қалай дейсіз бе, онда тыңдаңыз. Конго Демократиялық Республикасында L-140 ұшағы апатқа тап болды. Іштегі 21 адамның 20-сы қаза тауып, жалғыз жолаушы тірі қалған. Ол біраз уақыттан соң тілге келіп «апатқа қолтырауын кінәлі» деген екен. Сөйтсе, борттағы жолаушылардың біреуі үлкен қапқа қолтырауын салып алыпты. Ұшақ қонарға жақындағанда, ол қаптан шығып кетіп, іште дүрбелең басталады. Содан L-140 ұшағы тепе-теңдікті жоғалтып, қону алаңына жетпей, бір үйдің үстіне құлаған. Дереу іздестірсе, айтқаны рас, тірі крокодил табылыпты. Ашулы құтқарушылар оны сол жерде өлтіріп тастаған.
Қолтырауынды ұшаққа салудың осындай зардабы болғанын естіді ме, естімеді ме, біздің Шымкенттегі зоопарк қызметкерлері оны Астанадан авто­буспен-ақ алдыртқан. Тек, қап пен қапшықтың орнына темір жәшікке салғандары ақыл болыпты. Оның әр жерін ауа кіретіндей етіп тесіп қойған. Қол­тырауын үшін төрт жолаушының орнына билет алынған. Конгодағы сияқты бұл жолы да жолаушылар өздерімен бірге қолтырауын сапарлас болғанын сезбеген. Әйтпесе, көлікке мінбей қоюлары кәдік еді.
Жалпы зоопарктер арасында хайуанаттар алмасу, тіпті сату әрекеті ежелден бар. Өткенде сол Шымкенттің хайуанаттар бағынан Тәжікстанға әлде сатылып, әлде айырбасталып кеткен сусиырдың өліп қалғаны жайында хабарды естідік. Неге екені белгісіз, кісі атымен Тұрсынбай аталған сусиырды мамандар «құсадан өлген» деп тұжырыпты. Оны естігенде жүрегі нәзік ақындар қалай тыныш жата алсын. Мынау Тұрсынбайдың құсалы сәтін бейнелеген ақын Бейбіт Бөженнің жырынан үзінді:
Мазақтады маймылдар да алысқан,
Қолтырауын қыр көрсетті қамыстан
Адамдар да айналсоқтап күн-түні,
Жарылардай әрең жүрді намыстан.
Хош, тағы қай «намыс» пен «қамысқа» кіріп кеткенбіз, әлгі құлқын құрбандарын жалғастырайық. Австралияда қолтырауын енсіз қайықты аударып, балықшыны жеп қойған. Байқұс балықшы жыртқышты қолын сермелеп жасқандырмақ болған екен, жасқану қайда, қолдан тістеген де лай судың тереңіне тарта жөнелген. Бұл құрылықтың аңшысы Мит Питтман қолтырауыны бар суда қалтылдақ яғни каноэ қайықпен жүруге болмайтынын айтқан. «Түбі жалпақ болмаса, енсіз қайыққа шабуылдап, оны аударып тастау қолтырауын үшін түкке тұрмайды» деп мәлімдепті аңшы. Әлгі балықшы серуендеген судың әр жерінде «абайлаңыз, қолтырауын» деген белгілер қойылған екен. Бірақ сорына қарай соған назар аудармаған. Жалпы Австралияда жиырма жыл ішінде 12 адам крокодилдің көмейінде кеткен.
Израильде естідік, осы елдегі танымал ақын әйел Алит Яшуронның жалғыз ұлы да крокодилге жем болыпты. Рас, Көне қоныс­та емес, оған жалғасып жатқан Африканың Замбия атты елінде. Ақынның ұлының аты – Абам, сойы – Ярив, жасы – 39-да. Ол қасына ұлы мен қызын алып, Замбези өзе­нінде қайықпен жүзген ғой. Қайыққа өзен­нің бір тұсынде ашулы сусиыр тап беріп, оны аударып тастаған. Бәрібір сусиыр адам жемейді. Тек осы сәт қолтырауындар арандарын ашып жан-жақтан анталайды. Ұл мен қыз жағалауға жетіп үлгереді. Бақытсыз Абам қолтырауынның аузында кетеді.
Берідегі белгілі тізім осындай. Ерінбесек, құрдым құлқын құрбандарын одан әрі жалғастыра беруге болады. Көне қонысты кезіп жүрген ежелгі аңыздардың бірінде: «қолтырауын өзі денесін жұтып қойған адамның басына қарап жылайды» дейді. Содан барып «қолтырауынның көз жасы» деген тұрақты сөз тіркесі қалыптасқан. Ондай аяушылық сезімі болса бұл құбыжық адамды жұтар ма еді. Жерде жатып көз жасын ағызатыны ақиқат. Бірақ ол, ғалымдардың пайымдауынша, ағзасына жиналған артық тұзды шығарып тастаудың ең оңай жолы екен. Сонда оның адамды жей салатыны рас та, оны жоқтап жылайтыны өтірік болып шығады.
5. ЖӨНСІЗ ЖАСАЛҒАН ЖОРЫҚ

Қолтырауынның аранында кеткен адамдар мен адамдар өлтірген қолтырауындарды санаса, әлбетте, жорғалаушылардың арасындағы құрбандық екі аяқтылар арасындағыдан мың-мың есе көп болмақ. Адамдар тас лақтыруды, таяқ ұстауды, от жағуды үйренген замандардан бері қолтырауынды өлтірумен келеді. Бастапқыда тек өздерінің, өздері баққан қой-ешкінің, қаз-тауықтың амандығы үшін ғана өлтіретін. Айталық, мына Йордан өзені бойынан, Кейсары қаласының маңайынан барлық қолтырауынды мал бағатын көшпелі халықтар ада қылған деседі. Қолтырауынның ата мекені саналатын Ніл дариясының бойынан азайып кетуінің де сыры осындай.
Америкаңыз да жетісіп тұрған жоқ. Қай бір жылдары Миссисипи өзенінің бойында болғанбыз. Осы ұзын да арналы дарияның бастауынан сағасына дейінгі өн бойынан, оның сансыз салаларынан америкалықтан тірі қолтырауын қалдырмаған. Біздің Балқаш пен Іле бойынан жолбарысты құртқанымыз сияқты.
Америкалықтардың бұл қиянаты крокодил терісінің модаға айналуынан басталды. Терісі бұдырлы, жұмсақ және берік болады. Аяқкиім мен қол сөмкеге таптырмайды. Деректерге жүгінсек, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мына Миссисипи бойынан жылына 50 мың қолтырауын ауланған. Терісімен қатар еті де босқа қалмаған. АҚШ фермерлері арасында қолтырауын сорпасы ең терлеткіш тағам саналады. Сүбе қабырғасынан кәуап жасаған.
Жалпы Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия халықтары ежелден қолтырауын етін жейді. Сіңімді болады деседі. Әсіресе майтабаны мен құйрығы жылы-жұмсаққа жатады, біздіңше, жылқының жаясына пара-пар.
Сонымен, алып елде қолтырауынның тұқымы тұздай құрыды. Нәтижесінде, Миссисипи өзенінің түбі тайызданып, жағасы жайыла бастады. Сөйтсе, жоғарыда айтқанымыздай, қолтырауын тереңде ұзақ жату үшін су түбіндегі тастарды ауызға салып алмайтын ба еді. Осылайша, өзен арнасын аршып тұрады екен. Оның үстіне судағы, жағалаудағы өлексе мен ауру-сырқау жануарларды жеп, маңайдағы тазалықшы міндетін атқаратыны тағы бар. Бұл орайдағы табиғи міндеті қазақ даласының қасқырымен бірдей.
Ақыры АҚШ-та 1967 жылы аллигатор қорғауға алынды. Бұл жақта қолтырауынды осылай атайды. «Неге крокодил емес» дейтін олардан бір Тұрсынов шықпағанына тәубе! Қырық жылғы қорғау нәтижесінде бір Флорида штатында қолтырауын миллионға жеткен. Ал оларды терісі мен еті үшін арнайы фермада өсіреді. Терісін сән саласының серке елдері Франция мен Италия көптеп сатып алады.
Қолтырауын аулауға 1971 жылы Австра­лия да тыйым салды. Бұл шешім осы жорғалаушыны аулап күн көретін байырғы халықтың наразылығын туғызды. Жиырма жыл ішінде құрылықтың солтүстік бөлігіндегі саны жүз мыңнан асты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Германияны басқарған Федералді канцлер Гельмут Коль осы елге ресми сапарға келгенде, табаққа кенгуру мен қолтырауын етінен жасалған тағамдарды тартады. «Сіздер бұл хайуандарды қорғап жатқан сияқты едіңіздер» деген сыпайы сөзге «бұл – арнайы фермада өсірілгендердің еті» деп нақ жауап қайтарыпты.
Жер бетінде мұндай фермалар біз айтып кеткен Австралия, Израиль мен АҚШ-тан басқа Тайланд, Малайзия және басқа елдерде баршылық. Енді естуімізше, Грузия осындай ферманың құрылысына кірісіпті. Бірақ қолтырауынды жері жақын Израиль мен Мысырдан емес, алыстағы Аргентинадан әкелген. Онда да өзін емес, жұмыртқасын жеткізіпті. Ферма елдің оңтүстігіндегі жылы сулы Цайша кентінде салынбақшы.
Қолтырауынның терісі мен етінен басқа, майы да бағалы. Оны денеге себетін әтірлер мен жағатын түрлі кремдерге қосады. Бір қызығы, майының түсі жасыл.
Осылайша, бауырымен жорғалаушы адамдарды аңдуын қоймаса да, адамдар оны аулауын қойған шақта мына Миссисипи бойында қызық оқиға болды. Канзас-Сити қаласының полициясына жергілікті тұрғын арыз айтады: «Пәлен жерде аллигатор адамдарға қатер төндіріп жатыр, ал сендер ай қарап отырсыңдар ма?!». Тәртіп сақшылары дереу табиғатты қорғау ұйымымен хабарласады. Оның маманы «қолтырауынның түрі қорқынышты болса, атып тастаңдар» деп тұжырады. Бұлар қараңғыда баспалап келеді де, алыстан тұрып әлгі пәлені бастан атқылайды. Армансыз атса керек. Анау қимылдамайды. Жақындап барып, жарық түсіріп қараса, бұл қолтырауынның қолдан жасаған мүсіні екен. Таң ата «не бүлдірдіңдер?» деп иесі шығады. Мүсінді арнайы жасатып, су жағасына, шөп арасына қойған себебі – көршілерден өзінің жекеменшік жерін қорғағысы келген екен.
Осыны естігенде …тағы бір памфлет жазғымыз келіп қолымыз қышып тұрғаны.

Қайнар Олжай

Қазақстан – Израиль – Германия – Америка Құрама Штаттары.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.