• Тіл
  • 16 Тамыз, 2012

Естір құлаққа ерсі сөз немесе тілдік қолданыстағы тосын тіркестер

Абайдың асыл сөз, өрелі ой-мұрасын естіп білген жан қазақ тілінің бүгінгі халіне ой жүгіртпей, жаны күйзелмей отыра ала ма?! Алла тағала адамға жанарды – жарық дүниеге ашып қара, ойлы да озық қара, құлақты – естігеніне мән берсін, ал ауызды көргенін көкейге түйіп, білгенін ортаға салсын деп берген соң, осы өзім сүйіп оқитын «Ана тілі» газеті арқылы ой бөліскім келеді. Мен ерте ме, кеш пе, тіліміздің өз мәртебесіне ие болатынына еш күмәнданбаймын. Дегенмен, мені ойландыратыны – тілімізге орыс тілінің үстемдігімен қазақ шапанын жамылып кірген калька сөздердің көптігі. Олар сол қалпы сөздік қолданысымызда сақтала бере ме? Осыған ой жүгіртетін жандар бар ма? Мысалы, сөздік қолданысымызда «Сәлеметсіз бе?» деген амандық сұрасуға арналған сөзіміз бар. Бір қарағанда бұл сөз сыпайы әрі мәдениетті айтылған болып естілетіні анық. Негізінен бұл ресми қарым-қатынаста, бөгде адамдармен амандасқанда қолданылса, әрине, орынды көрінуі мүмкін. (Алайда «сәлеметсіз бе, апа?» дегеннен гөрі «амансыз ба, апа?» дегеннің құлаққа жылы естілетінін айтпауға болмас). Тек мұндай сөздер орнымен қолданылатын болса игі. Ал енді тонның ішкі бауындай жақын адамдардың көптен көрмей «Хал қалай? Халыңыз қалай?» деп амандасып жатуы жарасымсыз тәрізді. Бұл – орыстың «Как здоровье?» дегенінің калькасы ғана. «Алдымен сәлем, одан кейін кәләм» дейді өнеге сөзде, яғни алдымен «Ассалаумағалейкум» айт, одан кейін кәләміңді – халсұрастықты айт» деген ғой. Қазір сәлемдесуде бұл қағиданың бұзылып бара жатқанына қынжыласың. Себебі атам заманнан қазақ баласы «халыңыз қалай?» деп сауалын тек сырқат адамға жолығып, амандасқаннан кейін ғана оның көңілін аулау, науқасын біліп, жанашырлық таныту тұрғысында қоюшы еді. Ал елдің бүгінде кәріге де, жасқа да, көшеде де, кеңседе де «халыңыз қалай?» деп амандасуы тілбұзарлық, салт-дәстүрді сыйламау дер едім. Соған қарап амандасып, жөн сұрауға лайық қазақта сөз түгесілген бе дейсің. Орыс тілінен қате аударылған күйінде тілдік қолданысымызға қыстырылып жүр­ген тағы біраз «зорлықшыл» сөздер бар. Солар­дың бірі – үлкен рақмет пен зор рақмет тіркес­тері. Бұл сөздер бүгінде БАҚ арқылы «насихат­талып» кетті десек болады. Бұл жердегі рақмет сөзін бағамдасақ, ол ұзындығы, ені, биіктігі бар өлшем тәрізді ұғылады. «Үлкен рақмет» деген сөз «большое спасибоның» аудармасы ғана ғой. Белгілі журналистердің осы сөзді жиі қолданатыны өкінішті-ақ. Ал қазақ болса «көп рақмет» деп-ақ өзінің ризашылық көңілін, сезім-күйін білдірген ғой. Мұндай өзіндік реңкі бар әрі алғыс білдірген сөзімізді неге жұпыны һәм жұтаң күйге түсіреміз? Бұдан да сорақысы, «жұлын» деген жалғыз сөзіміздің орнына «артқы омыртқадағы ми» деген ақылға қонбайтын атауды қолданып жүрген ақ халатты абзал жандарымызға не дейміз? Қала берді, «орыс осылай айтады» деген құрылысшылар да «бетон ерітіндісі», «құрылыс ерітінділері» деген теріс тіркестер тауып алыпты. Қазақ құмның, цементтің тұзша ерімейтіндігін ертеден сезіп, оны езінді демеп пе еді? «Орысшасы осылай» деген, меніңше, сөз мағынасына ой жүгіртпеу дер едім. Мұндағы айтпағым – қазақ және орыс тілдеріне жетік жастар тіліміздегі орыс тілінің ықпалы салдарынан болған осындай олқылықтардың орнын толтырар ғылыми еңбектер жазып, қарсы тұрса деген ойым еді. Ойды ой қозғайды. Әліпбиімізде орыс тілінен алынған «щ» деген әріп бар. Бірде немерем: «Ата, осы «атта», «жаппа» деген секілді «ащы» сөзін де неге екі «ш»-мен («шш») жазбаймыз? Кеше мені мұғалім «ащы» сөзінде екі «ш» жазғаным үшін пысықтауға қалдырды» деген немереме не дерімді білмей, «Щорс атын жазу үшін керек болған» деген едім. Шынында қазақтың төл сөздері – «тұшшыны» («тұщы»), «кешшені» («кеще») «құйырықсыз» жазсақ, сауаттылыққа сауабы тиер еді деп ойлаймын. Кірме сөздер мен алфавитімізге кірген өзге әріптер жайлы аз айтылып жүрген жоқ, тек естір құлақ болмай жүргендей. Осы орайда «Алматы» телеарнасынан көшелер мен есік маңдайшаларындағы қазақ тіліне деген немқұрайдылықпен күресіп жүрген қыздарымыздың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Таңданамын да, мың алғыс айтқым келеді. Нағыз батырлар деп есептеймін. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп Конституцияда жазылып, Президентіміз тіл мәртебесіне жиырма жыл бойы мән беріп, неше мәрте халқымызға жасаған Жолдауларында мақсат етіп, бағдар ұсынып, мерзім кесіп, ескертіп отырса да, әлі күнге тілімізге немкеттілермен өз әлдерінше күресіп жүрген қыздарға риза боласың. Одан қалды, қолда бар кейбір сөздіктердің атау сөзге берген анықтамалары да көңіл көншітпейді. Мысалы, «қажы» сөзі – Құдайға құлшылық етіп, қажы атану үшін Меккеге бару ісі делінген. Ал «зайып» пен «жұбай», «ілгек» пен «ілмек» деген сөздерді бір-бірінен ажырата алмайтындарға не дейміз? Қазақ қашаннан «зайып» деп әйелін, «жұбай» деп ерлі-зайыпты екеуін қосақтап айтпаушы ма еді. Сондықтан қазақта «ерлі-зайыптылар», «жұбайлар» деген сөз тіркесі қалыптасқан болу керек Ал «ілгек» – ілуге, «ілмек» – ілінуге арналып жасалады емес пе? Осындай күнделікті қолданыстағы атауларды да ажырата алмаған жандардың «керегенің жел көзі» деген көнерген сөзді «керегенің кең көзі» деп түсіндіргеніне таңдану артық шығар. Тілімізде «аудан» және «көлем» деген екі сөз бар. Әдеби сөздіктерде аталмыш осы екі сөзді бір-біріне ұқсас мағыналы сөздер ретінде түсіндіреді. Менің ұғымымша, геометриялық денелермен байланыс­тыра айтсам, көлем – бірлік кубтармен анықталатын үш өлшемді кейіптегі дене. Ал аудан – шаршы (квадраттық) бірлік пішіндермен анықталатын екі жақты өлшемдегі жазық дене. Сондықтан бұл екі сөз синоним бола алмайды. «Егемен Қазақстан» газетінің былтырғы 8-қазанда шыққан нөмірінен Мәжіліс депутаты Ж.Сүлейменовтің «Мемлекеттік тіл мәселесі», маңғыстаулық Ә.Досжан деген автордың «Ана тілі – бәріміздің анамыз» деген мақалаларын оқыдым. Оларда айтылған ой-пікірлер қазақтілділерден басым, сол тілден бойын аулаққа салатындардың қаперіне лайық екен. Сондықтан осындай мақалаларды қазақтілді басылымдарға ғана емес, (өйткені орыстілділердің қазақтілді баспасөз оқымайтыны анық) еліміздегі орыстілді баспаларға міндетті түрде жариялап, үгіт жүргізуге әрі жариялауға ықпал жасалса деген өтінішімді білдіремін. Жекеменшік болсын, ресми басылымдар болсын, қазақтілді басылымдарда әріп қатесімен қатар сөз саптау, сөйлем құраудағы орашолақтық орасан мол. Осыған жаны ауыратын адам бар ма? Бұрындары басылған кітаптардың өзін қайта шығару алдында қанша рет оқылып, мұқият тексерілгеніне қарамастан, тағы қарап сауаттылығына әбден көз жеткеннен кейін ғана еселеп шығаруға беретін еді. Кітап басылып, түптеліп жатқанда баспахана тағы оқып, «байқалған қателер» деп тілдей, етектей қосымшаларды кітап арасында салатын. Бүгінде ол жоқ. Жуықта «Мұқағали бастауы» сериясымен шыққан «Білгің келсе алдымен зертте мені» кітабы қолыма түсіп еді. Алматыдағы «Сарыжайлау» қоғамдық қоры 2010 жылы шығарған екен. 312 беттен тұрады. Таралымы – 1000 дана. Бұл еңбекте емле, әріп қатесі бет сайын жетіп артылады. Кейбір сөздер не деп тұрғанын талдап, тауып, танып білуге оқығаннан әрмен әуре боласың. Кітаптағы әріп қателері ішінде «н» мен «ң»-ның орнын ауыстырып жаза салу немесе «ң»-ның орнына «н»-ні қолданудың көп орын алуы онсызда жетіп артылатын мүкістілділер тобын молайтады емес пе? Орыстілділердің сүйіп айтатын, қазақ тіліне тән емес акценттің көзін жою керек. Кітаптағы аяулы әнші Бибігүл Төлегенованың Мұқаң жайлы пікірін терушісі ме, құрастырушысы ма, екі кітапта бірдей бір-екі әріпті теріс басқан болып, қате жіберген. Соның салдарынан сөз мағынасына нұқсан келген. Осындай келеңсіздіктерді тізе берсек көп-ақ. Көріп, біліп, сезінген соң қолға қалам аламыз. Мүмкін қазақ тілін оқыту жүйесіне балабақшадан бастап өзгерту енгізіп, түбегейлі реформа жасалса ғана жанымыз жай табар деп те ойлаймын. Зуха ЖАПАРҰЛЫ, зейнеткер Алматы облысы Жаркент қаласы

7360 рет

көрсетілді

94

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы