• Тіл
  • 23 Тамыз, 2012

«Жүрек, неге туладың... »

Дүйсенбек Қанатбаев лирикасының қадір-қасиетін, сырын, көз қуантар, жан жұбатар тұстарын қанша талдап, таразыласақ та әлі де болса оның суреткерлік дарынының өзіңдік сипатына тиесілі деңгейде мән беріп, зерделеп, ден қойып келе жатпағандаймыз. Ақын лирикасы біздің қилы-қилы, алуан түрлі оқиғаларға толы, мәні мен сәні өзгеше өміріміздің күнделігі іспетті. Адам психологиясының тамырын дөп басатын бекзат Дүйсенбек қашан да болмасын өз оқушысын сұлулық бұлағының терең иірімдеріне жетелейді, тек өзіне бір Құдай берген қазынасы мол әсемдік әлемімен таныстырады. Дүйсенбек поэтикасының өзегі – бүгінгі таңдағы өмір шындығы, оқушысы­ның ішкі жандүниесі, қоңыр тіршілік, ел­дің ертеңі, болашағы... Ол қай тақырыпқа қалам тартса да, нені таразыласа да бүкіл жан дүниесімен, күллі төрткүл дүние сыйып тұрған жұдырықтай жүрегімен толғайды. Дүйсенбек Қанатбаевтың «Жазушы» баспасынан шыққан «Жатаған ымырт, биік таң» деген жинағы – оқушы қауымының көңілінен шыққан сәтті туынды. Дүйсенбектің басты мақсаты – оқушы бойына еркіндік, тәуелсіздік, мейірімділік сияқты қасиеттерді дарыту, оның ойлау, ойлану мүмкіндігін одан әрі кеңейту. Келеді қазақ, Еңсесін еркін сүйіп көк. Келеді қазақ, Туымен бірге биіктеп. Ойлайсың сонда – Осал да емес шығар-ау, Осынау нұрды, Көтере білген иық деп. «Келеді қазақ туымен бірге биіктеп». Ой айшықталып, өзіңді нұрлы шуаққа бөлейтін, бойды ширатып, серпінді қуат беретін, бояу нақыштары бір-бірін әрлендіріп, сәулелендіріп тұрған қандай көркем сурет. Тәуелсіз ел азаматының келісті келбеті, қыран сынды тұлға-тұрпаты, міне, шынында да, осы туымен бірге биіктеуімен байланысты болар-ау. Ақынның жатса да, тұрса да басты тілеуі – осы қазақ елінің, қазақ ұлтының амандығы, қазақ жерінің тұтастығы. Тәуелсіздік байрағын көтерген ұлт. Бейқамдықтың бәрін де бекер делік. Әлім-берім кезінде кетпеші тек. Кетпеші тек, кетпеші шетелденіп. Ақын лирикасының күмбірлеген күй сарынындай сазы оқушысын ой тұңғиығына оның шайқалмаған тұнығына үңілтеді, ойына ой қосып, жігерін жанып, намысын ту еттіреді. Мына жолдарға көз жүгіртіп көріңізші: Айналайын, атажұрт, кейде жақын, кейде алыс Жеткізбей-ақ қойдың-ау сегіз ғасыр, – дей ме арыс? Кезін аңсап қаршадай, әлі күнге шаршамай Ұлы Көшті жетелеп келеді, әне, Бейбарыс. Мәні осы тірліктің, сәні осы тірліктің, Жаны осы тірліктің, қаны осы тірліктің. Отанына оралған бүгінгі әр оралман Сенің-дағы жанкешті қадамыңа гүл бітсін, Шайқалмасын ешқашан шаңырағы бірліктің! Дүйсенбек те басқа ақындардай – ой перзенті. Жай ғана емес, әрине… Әбден кемеліне келген, көрген-түйгені мол, артына қарап тартыншақтамайтын, алдын болжап, болашаққа қыранша көз тас­тап, таразылап, көп ойлап, тереңге бойлап, аз жазатын, сөзге де, іске де асқан жауапкершілікпен қарайтын философ ақын. Осы «Оралманға ода» деген өлеңін ақын Қазақ мемлекеттік С.Ж.Асфен­дияров атындағы медицина универ­си­те­тінің дәріс залында студенттер мен оқы­тушылар алдында оқып бола берген­де-ақ жиналғандар орындарынан тік тұрып, ду қол шапалақтағаны есімнен кетер емес. 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Президентінің мәртебелі қызметіне кірісуге арналған салтанат болды. Осы тарихи мән-маңызы айрықша сәтті Дүйсенбек былайша сипаттайды: Қас қағым сәт жүрегімді қайрады. Қас қағым сәт – жүрегімнің айғағы Елбасының әлуетті уысы Уыстағы – Қазақстан байрағы! Сол байраққа бізден басқа ие кім, Сол байрақты емін-еркін сүй, елім. Отанымның мөлдіретіп аспанын Желбірей түс, желбірей түс, киелім. Мәні мәңгі жаңғырып тұратын қас қағым – тәуелсіздігіміздің кепілі. Осы бай­рақтың мәңгі желбіреп тұруына сіз бен біздің жауапты екенімізді ақын меңзеп тұр ғой. Ғасырлар тоғысында серпінді шақ, Жайғанда Жайығыма еркін құшақ. Керімсал келбетімен керіліп тұр, Аспаннан түсе қалған кемпірқосақ. Нышаны болғайсың деп хош тіршіліктің Мен-дағы ғажапқа қостым мықты үн. Жайықтың үстіндегі жаңа көпір – Жұлыны, омыртқасы қос құрлықтың. Керімсал қалпымен керіліп аспаннан түсе қалған кемпірқосақ пен Жайықтың үстіндегі жаңа көпір... екеуінің арасындағы табиғи үйлесімді қалай қисынын тауып келістірген. 1999 жылдың тамыз айында жол түсіп Атырауға ат басын тірегенім бар еді. Осы көпір сонда салынып болған еді. Мен де көпір үстінен өтіп едім Дүйсенбек айтса айтқандайын, Жайық үстіндегі көпір Еуропа мен Азияны қосып тұрған қос құрлықтың жұлыны, омыртқасы сияқты. Талғам таңдауынан туған теңдеу өмір шындығы, ақиқат деңгейіне жеткен. Азынаған күзде мен, Осы жерде туыппын. Жеті жылда бір келем, Ұмытуға жуықпын. Тым именіп берген қол, Танымайды жас ұрпақ. Әкем көзін көргендер, Қалған сонда жатырқап. Жүрек, неге туладың, Ойнақшыдың лақша. Осы жерде туғаным, Өтірік пе, рас па? Емес, емес кінәм жай, Қашан оны ақтаймын. Сіңер жерге сіңе алмай, Тұрып қалған қақтаймын. Көкірегі ойлы кім-кімнің де жүрегін бұл жолдар дір еткізбей қоймайды. Жо­ғары­да келтірілген шумақтар Дүйсенбек­тің туған жерге сағынышын, атамекенге деген махаббатын аңғартып тұр емес пе? Отаншылдық сезім қарапайым сөздермен өрнектеле өріліп кестеленуін-ай, шіркін... Тіл құнарлылығының көңілдегідей болуы, сөз ажарының ашыла түсуі теңеуге байланысты болмақ қой өзі. Теңеуді Дүйсенбек жиі қолданады, бірақ орнымен кәдеге жаратады. Қайдасың сен, қарабау-қаракөлім, Сені аңсаумен сергіген қарақ едім. Бара алмаған бауыңа балаң едім, Сүңгімеген суыңа шабақ едім. Қайдасың сен, қарабау-қаракөлім, Топырағыңнан бойтұмар тағар едім, Қара болсаң қара бол, қара орманым, Қайта тусам, тек сені қалар едім. Бұл шумақтардың етек-жеңін жинап, жұмырлап, ой мен сезімді астастырып жатқан осы тапқыр ақынның теңеулері ғой. Дүйсенбектің стильдік ерекшеліктері, талант құдіреті тәнті етеді. Дүйсенбек Қанатбаевтың «Жатаған ымырт, биік таң» өлеңдер жинағы еліміздің рухани қазынасына қосылған тың туынды, айтулы үлес деуге толық құқығымыз бар. Әсембек Сейітзада, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың аға оқытушысы

3756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы