• Тарих
  • 12 Қыркүйек, 2012

«Байтұрсынұлы жазуы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің жарық көргеніне жүз жыл

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ұлтының әлеуметтік өмірі мен мәдениеті, ғылымы мен білімі жолында аянбай адал еңбек еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, қайталанбас зор тұлға. Өз заманында-ақ «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған біртуар тұлға кеңестік Қызыл империяның «солақай саясатының» кесірінен адам қолынан құрбан болғандығы бүгінгі ұрпаққа белгілі. Ахаңның есімі мен еңбектерін ұзақ уақыт бойы айтуға тыйым салып, «тұмшалап» келгенімен, айтулы тұлға еңбегі халқы үшін мәңгілік өшпейтіндігін мойындатты. 1988 жылы 4 қарашада Ахмет Байтұрсынұлы ресми түрде ақталды. Содан бастап, тек қазақ қана емес, бүкіл түркі халықтарының «көсемі» болған Ахаңмен халық қайта қауышып, оның ұлты үшін еткен ерен еңбектері жас ұрпаққа ашық түрде насихаттала бастады, оның еңбектері мен зерттеулерінің тарихилығы мен маңыздылығы ғалымдар тарапынан нақты дәлелденді.

Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. А.Байтұрсынұлы жазуы дамымаған ұлттың артта қалатынын, оның қоғамдағы қажеттілігін және адам өміріндегі маңызын өзінің шығарған оқулықтарында үнемі ескертіп отырады. Жазу дегеніміз – шын мәнінде, кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін негізгі құрал. Ғалым осы құралды ұлттық деңгейге көтеру жолында жан аямай еңбек етіп, тер төкті. Себебі сол кезеңге дейін ұзақ ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында үлкен кедергілері мен қиындықтары бар еді. А.Байтұрсынұлы осы кедергілер мен қиындықтарды жоюдың ең бас­ты тәсілі – араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалау деп білді. Ғұлама осылайша ұзақ ғасырлар бойы өзгеріссіз қолданылып келе жат­қан араб графикасын қазақ халқының игілігіне айналдыру идеясын көтеріп, оны іс жүзінде реформалады. Бұған дейінгі қолданылып жүрген араб жазу жүйесінің қандай кемшілік­тері бар, оны реформалауға не түрткі болды дегенге келсек, дәстүрлі араб жазуында: біріншіден, бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын; екіншіден, сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын; үшіншіден, араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды; төртіншіден, «мұсылманша са­уат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін; бесіншіден, ол кездегі жазба тілдің құрылымында араб, парсы, «ескі тілдің» сөздері көп қолданылатындықтан, қалың бұқараға емес, азғана топтың мүддесіне қызмет ететін. Аталған жазудың осындай кем­шіліктері халықты сауаттандыру ісін тежейтінін түсінген А.Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, жақындатуды қолға алады да, оны 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгізеді. А.Байтұрсынұлы бір халықтың әліпби (алфавит) жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне «икемдеп, үйлестіру» қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде» ашық түрде айтқан еді. Ғалым сиезде сөй­леген сөзінде: «Осы күнгі жұрттардың бәрі де өзі шығарған әліпбиін тұтынып отырған жоқ. Бәрінікі де өзгеден алған әліпби. Еуропа жұрттарының тұтынған әліпбиінің түбі көне семит әліпбиі. Көне семит әліпбиін өз тіліне үйлестіріп финикий жұрты алған, онан грек алған, гректен латын, Еуропа жұрттары алған. Түркі әліпбиінің түбі де көне семит әліпбиі, олардан куфалықтар алған. Куфалықтардан араб өз тіліне үйлестіріп алған. Арабтан Иран, Түрік және басқа мұсылмандар алған. Солардың қайсысы да бірінің әліпбиін бірі алғанда тұрған қалпында алмаған. Өз тілдерінің дыбыс­тарына қарай өзгеріс кіргізіп алған. Тіліне әліпбидің артығы болса алып тастаған, кемтігі болса әріп қосып толықтырған» дейді. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізгенде, «ежелеусіз төте оқу» қағидасын басты принцип ретінде ұстанып, оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді. Ал бұған дейінгі «жазу-сызудың» жай-күйі Ахаңның өз сөзімен айтсақ, мынадай болды: «Әуелі әліфті (алфавитті) тегіс жатқа оқытады және де оқытқанда әрбір харіфтің өз үнімен оқытпай, әліпбиде қалай аталса, сол атымен әліп, би, ти, си, мим, ха, дал дегізіп оқытады. Соны оқып болған соң астын, үстін, үтірін оқытады. Мұны оқытқанда да хәріфтің өз дауысын оқытпай, бисын ба, тисын та, сисын са дегізген соң харфтің анық дауысы қалай екенін білмей баланың басы қатады». Яғни «мұсылманша оқу» деп қазақ арасында аталып кеткен бұлайша сауат ашу кезінде араб әліпби жүйесі, таза сол тілдің фонетикалық заңдылықтарына сәйкес үйретілетін. Ал араб тілі мен қазақ тілінің арасында «жер мен көктей» айырмашылықтың барын ескерсек, бұл қазақ баласына «жазу-сызу» үйретуге айтарлықтай кедергі келтіретін. Сондықтан да, А.Байтұрсынұлы қазақ халқы үшін «төл әліпби» құрастырып шығарды, бұл – бір. Екіншіден, Ахаң оқу жүйесіне де түбегейлі реформа жасады, себебі бұған дейінгі оқу жүйесі көбіне Құран сүрелерін жаттатқызып, діни білімге негізделетін және қазақша оқу құралы болмағандықтан «бөгде» кітаптарға сүйенуге тура келетін. Ахаңның өзі бұл туралы: «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, оныменен жүріп хат жаза білуге жеткенше, русша білуден уақыт кем кетпейді. Себебі қазақ тіліменен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып бас қатып, ми ашып, балалар әуре-тәуре болады. Сондықтан оқу керегі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз» деп «қазақша оқу» мен «мұсылманша оқудың» екі түрлі екендігін ескерткен («Айқап», 1912, №4-5). Жалпы қазақ қоғамында ұзақ ғасыр­лар бойы қолданған араб жазу жүйесі үш сатыда қызмет етті: қадим, жәдид, төте жазу. Осылардың ішінде, соңғысы, яғни Ахаңның әліпбиі «ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы» болды. А.Байтұрсынұлының 1912 жылы осы «төте жазу жүйесімен» «Оқу құра­лы» деп аталатын тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы күллі қазақ балаларын жазуға үйрету, хат таныту мәселелерін үнемі көтеріп, қазақ халқын сауаттандыру жолында қыруар қызмет атқарды. «Айқап» журналының, 1911 жылғы 2 санында жарияланған «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жазу­дың адам өміріндегі маңыздылығын, сауатсыз, қараңғы халықтың ғылым мен мәдениет өркендеуінен артта қалатындығын, сондықтан оқу-білімі жоқ, жазу-сызуы жоқ қоғамның «надандық құрсауында» болатындығын ашық жазып, «олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» деп өз халқын ағартушылыққа шақырады. Ағартушылыққа шақыра оты­рып, қазақ қоғамын «қараңғылықтан оятуды» сауаттандыру ісінен бастады, ал сауатсыздықты жою үшін әліпби, әріп, жазу, оқу мәселелеріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Өйткені жоғарыда айтылғандай сол кезеңдегі оқу, жазу жүйесі біріншіден, «араб тілінің фоне­тикалық ерекшеліктерін үйретіп, ді­ни білімді» ғана насихаттаса, екіншіден, бұған дейінгі жазба тіл «халықтың сөйлеу тілінен» мүлде алшақ жатқан еді, яғни қалың көпшіліктің сөйлеу тілі бір басқа да, жазу тілі бір басқа болатын. Былайша айтқанда, бұл жазу жүйесінде «ескі сөздер тобы мен араб, парсы элементтері және басқа түркі тілдерінің грамматикалық ерекшеліктері» басым қолданылып, қарапайым халықтың ұғынуына қиын тиетін. Бұлайша жазу сонау орта ғасырлардан бері сақталып, жалғасып келе жатқан жазба дәстүр, үрдіс болғандықтан, «ескі жазу» жүйесін меңгерген «сауаттылар» қауымына бұл жазу түрі түсінікті болғанымен, кез келген қарапайым адамға, әсіресе балаларға емін-еркін ұғынып, меңгеруіне ауыр болатын. Сондықтан бұл жазудың ауызша тілден айтарлықтай айырмашылығы барын, жаппай халықтың қолдануына қолайлы болмайтындығын түсінген Ахаң, жазуды реформалағанда «қазақ тілінің тазалығын» басты назарда ұстап, жазуды бұқара халықтың тез сауаттануына қарай ыңғайлайды. Яғни Ахаңның алдына қойған принципі «ауызекі сөйлеу тілінің» жазба тілдегі формасын жасап шығару болды да, осының негізінде қарапайым сөйлеу тілінің дыбыстық заңдылықтарына сай «ұлттық әліпби» құрастырды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын өзгерткенде мына мәселелерді басты назарда ұстады: біріншіден, араб әліпбиін қазақ тілі­нің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қосымша таңбалар ендіру; екіншіден, араб әліпбиіндегі (алфавитіндегі) қазақ тіліне сәйкес келмейтін басы артық әріптерді қолданыстан шығару; үшіншіден, араб жазу заңдылығына тән харакат, ташдид, сукун, тануин сияқты диакритикалық белгілерді қолданбау; төртіншіден, үш дауыстыға ғана негізделген араб әліпбиіндегі дауыс­тылар жүйесін қазақ тілінің үндестік заңына сәйкестендіріп дәйекше арқылы беру; бесіншіден, ұзақ ғасырлар бойы «ескі тілде» қызмет етіп, «бөтендік сипатта» болған жазу жүйесін барша қазақтың түсінікті сөйлеу тіліне бейімдеп, негіздеу. Осылайша қазақ балаларының өз ана тілінде сауаттарын ашып, хат тануына көп күш жұмсаған Ахаң 1912 жылы «Айқап» журналының 4-5 сандарында өзі құрастырған «ұлттық әліпби» жобасын «Жазу тәртібі» деген атпен мақала түрінде жариялап, көпшілік талқысына ұсынады. Онда ғалым: «Оқу керек. Оқу керек емес деп ешкім айтпайды. Сондықтан даулы нәрселер турасында жұрт бір иттифаққа келіп жеткенше, оқуды тәртіпті жолға түсіру жайындағы ойымызды жұрт алдына салалық» дейді. Одан әрі қарай Ахаң араб жазуын не үшін реформалағанын, артық таңбаларды не үшін алып тастағанының себебін: «Тәртіпті жазу деп айтамыз: тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса. Осы күнгі жазуымызда дыбыс басына арнаған белгіміз жоқ, бір белгіменен әлденеше түрлі дыбыстарды жазамыз... Сондықтан әуелі оқу құралын сайлаудан бұрын жазуымыздың тәртібін түзетіп жөнге салу керек. Сонан соң сол жөнменен құрал сайлау керек. Жазу тәртібі менің ойлауымша болса жарар еді» дей отырып, араб жазуында дауыссыз дыбыстардың бір емес бірнеше таңбасы барлығын, олардың жуан және жіңішке болып бөлінетінін, ал қазақ тілінде дауыссыз емес, дауысты дыбыстардың ғана жуан, жіңішке болатынын, сондықтан артық таңбаларды алып тастағанын нақты мысалдар арқылы дәлелдей келе: «Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Оның 5 дауысты, 17 дауыссыз, 2 жарты дауысты» дейді. Ахаң бұл мақаласында бұған дейін қолданып келген араб жазуында бір әріппен бірнеше дыбысты немесе бірнеше әріппен бір ғана дыбысты жазып келгенімізді, сондықтан оларды бір жүйеге салу қажеттігін, жіңішке дыбыс­талатын сөздерге «дәйекше белгісі» арналғанын айтып, қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес құрылған «жазу тәртібін» қарапайым тілмен, ұғындыруға тырысқан. Ахаңның жазу жүйесі бойынша сөздің бас жағында дәйекші белгісі тұрса ол сөз тұтастай жіңішке оқылады. «Араб әліппесі қазақ арасына дінмен бірге таралған, сіңген. Дінменен байланысқан әліппені тастап, қазаққа басқа әліппе алдыру қиын жұмыс. Бұлай болған соң, араб харіптерін қазақ дыбыстарына жеткізу амалын табу керек. Ал харфтердің түрін тым бұзып өзгертуге болмаса, қалай амалын таппақ керек?» деген Ахаң, өзі түзген әліпби құрамына жоғарыда айтылғандай 24 таңбаны қалдырған, оның 17-сі дауыссыз, 5-еуі дауысты, 2-еуі жарты дауыстылар. 1912 жылдан бастап қолданысқа еніп кеткен Ахмет Байтұрсынұлының алфавиті тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен сиезде ғана ресми түрде бекітіледі. Бірақ бұл қазақ білімпаздарының сиезі жай ғана «жиы­лыс» емес, «ұлт тағдырын» шешуге арналған үлкен мәні бар «жиын» екенін ескерсек, Ахаңның жазуының ресми түрде қабылдануы халық үшін істелген «игі істің биік шыңы» болып табылады. Сол кезеңдегі баспасөз беттерінде де «Бұл жиылыс – еріккеннің ермегі емес, топалаң уақытындағы той емес, мектептерде оқу ана тілінде жүргізіліп, кітаптар жанданып, жазу машинасы шығып, мекемелерде іс қазақ тіліне кө­шіп жатқан дәуірде, үлкен сапыры­лыс болып пікір, өрнек, жазу-сызу, програмдар, жобалар майданы ашылған дәуірде, өмір тілегімен болып жатқан жиылыс. Бұл жиылыс – ой, сөз жиылысы» деп сиездің «маңыздылығы» туралы алдын ала халықты құлақтандырады («Еңбекші қазақ». 1924, 23 мамыр). Қазақ білімпаздар тобы бұл сиезде «қазақ емлесін бірөңкейлеу, қаріп жайын қарастыру, халық әдебиетінің халін һәм оқытылатын пәндерді жоспарлау, оқу һәм білім кітаптарын көбейту, қазақ пән сөздерінің бір болуы» сияқты мәселелерді қарастырғандықтан, бұл жиында араб әрпін тастап латынға көшу қажеттілігі туралы да ұсыныстар айтылады. Латын әліпбиін қабылдау мәселесін көтеріп, баяндама жасаған Нәзір Төреқұлұлы болады («Еңбекші қазақ». 1924, 23 мамыр). Алайда, А.Байтұрсынұлы араб жазуынан бас тартып, «әріп өзгертудің» қажет еместігін дәлелдеуге тырысады. Ғалым баяндамасында: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс. Әрпі тізілгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспасөзді арзандатады. Жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Әріп сара жазуға оңай, бас­пасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйренуге жеңіл болады. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбидің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ» деп латын әріптеріне қызықпауға шақырады және «орыстар аяқ баспай тұрғанда бізге не жорық, алу қиын болғандықтан алмай отыр. Аз күшімізді керексіз іске салғанша, басқадан кейін тұрған жағымызға жұмсауымыз жөн емес пе деймін» деген ой айтады. Бұл тұрғыдан Ахаңды жақтаушылар тіпті «латын қарпін қабылдау соншалықты қажет болып бара жатса, бірінші орыстардың өзі қабылдасын» деген ұсыныстарын ашық білдіреді. Бұл сиезде «латынды қолдаған» Нәзірді де, «арабты қолдаған» Ахметті де жақтағандар өз пікірлерін білдіріп, ақыр аяғында араб жазуын қалдыру немесе латын әрпіне көшу мәселесі дауысқа салынады. Жалпы Ахаң ұсынған жазу жүйесімен «Қазақ» газетінің (1913-19 ж.ж.) шығып тұруы және көптеген көркем әдебиет шығармаларының бас­падан шығуы бұл емленің халық арасында үлкен қолдауға ие болғандығын көрсетеді. Бұны «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 93 санында жариялаған М.Дулатұлының мақаласы айғақтай түседі: «Бұл емлені тосырқап түсінбейміз, оқи алмадық деген ешкімді естігеніміз жоқ. «Қазақ емлесін» мұсылман медреселерінде, орыс школдарындағы шәкірттер, учительдер, мұғалімдер жабыла қабыл еткендігі былтырғы «Қазақ» нөмірлерінің көбінен көрінеді. Бұл екі жылдық қана қызмет, иншалла мұнан кейін артпаса кемімес деген үміт зор» деген еді. Өкінішке қарай, «отарлаушы» халықтың саясаты Алаштың ұлы азаматының бұл үмітінің ақталуына жол бермеді. Ахаң өз әліпбиінің балалардың ана тілінде сауат ашуына лайықталған «ұлттық жазу» екендігін Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде де (1924, Орынбор), Түркітанушылардың құрылтайында да (1926, Баку) жасаған баянда­маларында ғылыми жақтан негіздеп, нақты мысалдар арқылы толықтай дәлелдеген болатын. Сондықтан да Ахаң түзген әліпби халықтың мәдени-рухани деңгейінің көтерілуіне, халықтың тез әрі оңай сауаттануына, баспа ісінің жандануына ерекше зор ықпал етті. Алайда «құл халықты» отарлау саясаты, қоғамдағы алфавит мәселесінің тұрақтануына жол бермеді. Өз заманының өзекті мәселесінің бірі болған әліпби (алфавит) тартысы мен айтысы төрт түрлі бағытта жүрген болатын: Бірінші, бұрыннан қолданылып келе жатқан араб жазуын өзгертпей сол қалпында қолдану. Екінші, керісінше, араб жазуына өзгерістер енгізіп тілімізге икемдеу. Үшінші, араб әліпбиін тастап латынға көшу. Төртінші, миссионерлердің орыс әліпбиін ендіруге деген талпынысы. «Әліпбиге» қатысты бұл бағыттағы қызу пікірталастардан «ұлтым» деген ұлы тұлғалардың ешқайсысы да сырт қалған жоқ. Себебі жазу «мәдени-рухани дүниенің негізгі кілті» болатындығын, сондықтан әліпби халықтың болашағымен тығыз байланысты екендігін барлық зиялылар ұғынып, оны өз пікірлерінде ашық түрде білдіріп те отырды. Десек те, қазақ халқы үш түрлі әліпби жүйесін бірінен соң бірін қабылдауына тура келді. Бір халықтың бұлайша үш алфавит жүйесін басынан өткерудің өзіндік себептері бар еді. Мәселен, шоқындыру арқылы орыстандыруды қарқынды дамыту үшін миссионерлер «ислам дінін» жоймайынша, саяси әрекеттері жүзеге аспайтынын түсініп, бұл үшін ең бірін­ші, араб жазуын қолданыстан шығарып тастау қажет деп табады. Алайда ұзақ ғасырлар бойы күллі түркі халықтары пайдаланып келген араб әліпбиін жою оңайға соқпайды. Сондықтан бірден орыс әрпіне көшірсе «жәдидшілдердің» қолдауымен жаппай халық арасында көтеріліс болып кетуінен қауіптеніп, 1929 жылы «зорлықпен» латын әліпбиін қабылдаттырады да, он жылдан кейін жаппай түркі халықтарын орыс жазуына көшіріп, «өз ойларын» іске асырады. Негізінен қазақ зиялылары басқа әліпбиге көшуден гөрі, қолданыстағы араб әліпбиіне «өзгерістер енгізу» қажеттілігін көбірек көтерген еді. Бұл көзқарастағылардың негізгі ұстанымы «қазақ білмейтін бір бөтен алифби шығарғанша, бұрынғысын түзеткені жақсы», яғни «қазақтардың не заманнан бері ғадет алып үйренген» араб жазуын тілімізге икемдеу ұтымды болмақ дегенге саяды («Дала уалаяты», 1899, №22, 23). Осындай принципті басшылыққа алған зиялылар қауымының көшбасында А.Байтұрсынұлы тұрды, Ахаң «араб әліпбиін өзгерту» мәселесін тек сөз жүзінде ғана айтып қоймай, «мен харіфтерді өзгерткенде, халық жатсынбай, хат білетін адамдар үйретпей-ақ оқып кетерлік болғандай ғып өзгерттім» деп нақты іс жүзінде көрсете білді. Өзінің әліпби жүйесін «Жазу тәртібі» деген атпен, «Айқаптың» 1912 жылғы 4 және 5 сандарында жариялап, халық талқысына ұсынғаннан кейін, баспасөз беттерінде, жиындарда жаппай «әліпби айтысы» басталып кетеді. Бұл орайда Ахаңның жазу жүйесін даттағандар да, жақтағандар да, ақтағандар да баршылық еді. Тіпті «жөнсіз сынаушылар» да, «дәлелсіз мін тағушылар» да, «қисынсыз дау айтушылар» да табылады. Осылай қарсы шыққандарға Ахаң «Таластан қазақ баласы пайда тауып жүрген жоқ. Сабырмен отырып, ойласып іс істелік. Қазақ тіліндегі дыбыстарды көп, я аз деп көрсетіп, борышыма берейін деп отырғаным жоқ қой. Мақсат – сіз болып, біз болып, ақылдасып отырып, дыбыс басына харіп белгілеп, жазуымызды бір жөнге салалық деген» деп, босқа даурықпауға шақырады, «осы күні һәркім һәр түрлі жазып жүр, бір жөнменен жа­зылатұғын жазу жоқ. Жазғанымыздың қата, дұрыстығын айырарлық емле жоқ. Оның жоқтығы қазақ тіліндегі дыбыстарға ашып-арнаған хәріфтер жоқ. Бір сөзді екі кісі екі түрлі жазады» деп, әліпбиді еріккеннен өзгертпегенін түсіндіреді («Айқап», 1912, №9,10). «Жөнсіз дауласушыларға» қатысты Міржақып Дулатұлы да өз пікірін білдіреді. Ол: «Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес. Оқушылар сынасын дегенде әркім басына келгенін жазатұғын болса, ешуақытта ойды бір жерге қорытып болмайды, орынды, орынсыз сын айта беру мақсат емес» дей отырып, Ахаңның жазу тәртібінің дұрыс екендігін алға тартады («Айқап»). М.Дулатұлы Ахаңның «әліпби жасау шеберлігін» былайша бағалайды: «Араб әріптерінің өзгеріп отырғаны рас. Бірақ қалай өзгертілген әңгіме сонда болу керек қой. Араб әріптерінің 14 ғана бұрынғыша болса, өзге ойдан шыққандары жұртқа жат болу керек қой. Ойдан шығарылған әріптерді жұртқа үйретіп, оқытып жату керек еді ғой. Ондай нәрсе болды ма? Болған жоқ, ендеше бұны өзгертушінің шеберлігі деп біліңдер. Бұларды өзгерткенде әр әріптің бұрынғы тұлғасын жоймай, өзгерткенін сездірмей, хат танитын адам бөгелместен оқып кетерлік қылып өзгерткен». Ахмет Байтұрсынұлы «өзінің құрастырған әліпби жүйесіне» қатысты қоғамда орын алған екі түрлі көзқарастың екеуіне де дәлелді, әрі ғылыми негіздегі тұжырымдарын айтумен болды. Оның бі­ріншісі, араб әліпбиіне өзгеріс ендір­мей қолдана беруді жақтаушыларға ғалым қазақ балаларының тез сауаттануы үшін «ұлттық әліпби» мәселесін дұрыс шешу керектігін, араб графикасында қазақ тілі үшін қажетсіз таңбалардың көп екендігін алға тартса, екіншісі араб жазуын мүлде тастап латынға көшуді қолдайтындарға «мәдени-рухани» дүниеміздің қайнар көзі болып табылатын араб жазуының ислам дінімен біте қайнасқандығын, әрі өзі реформалаған жазу жүйесінің қазақ халқының барлық мұқтажын өтеуге қауқарлы екендігін, осындай алфавит бола тұра, басқасына көшеміз деудің еш қисыны жоқтығын алға тартқан еді. Алайда, «астыртын саяси» идеологияның ықпалынан араб жазуын тастап, латынға көшу мәселесі күн сайын күшейе берді. Көп жиындар мен баспасөз беттерінде латынға көшуге үгіттеп, насихаттау белең алды. Мәселен «әліпби» мәселесіне қатысты өткен жиындардың бірінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Менің алдымдағы баяндаманың ғылымдық пішіні болмады, үгіт пішінді баяндама болды. Бұл ғылымдық мәселе болғандықтан бұған ғылым мұнарасынан қарауымыз тиіс. Араб әрпінің орнына латын әрпін алу деген мәселе тұрмыс жүзінде өте керек болғандықтан туып отырған мәселе емес. Мұнда өте керектік түгіл, әншейін керектік те жоқ. Тұтынып отырған әрпі­міз қай жағынан да болса, басқалардың әрпінен артық болмаса кем емес» деп, латынға деген мұқтаждықтың жоқтығын айтады және әліпби өзгертудің зияны мен қиындығын: «Түркі халқының араб әрпі негізінде жүргізген жазу мәдениеті бар. Жазу мәдениеті бар жұрттарға бір әріптен екінші әріпке көшу оңай жұмыс емес. Жайлап көшуге көп қаржы, уақыт, көп күш керек, өйткені екі әріппен іс жүргізуге екі есе қаржы, екі есе күш керек болады. Ондай қуат түркі жұртының бірінде де жоқ. ...Өнерлі жұрттың ортақ әрпі екен деп орыстар алмай отырғанда, ортақтығынан дәмелі болып біз аламыз деуге болмас» деп ескертеді («Еңбекші қазақ», 1926, №282. 19 желтоқсан). А.Байтұрсынұлының латын жазуына қарсы шыққандағы негізгі ойлағаны – елдің мәдениеті мен экономикалық жағдайы еді. Ахаң латынға көшу арқылы бүкіл қазақ халқы біріншіден, рухани-мәдени дүниесінен айрылатындығын, екіншіден, оқулық шығару, баспа ісі, т.б. латындандыру үшін орасан көп қаржы керек болатындығын қатты ескертумен болады. Сол кезеңдегі жазуға қатысты пікірталастар «Әліппе айтысы» деген атпен 1927 жылы Қызылорда қаласында кітап болып басылып шығады. Бұнда А.Байтұрсынұлының пікірін М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, А.Байтасұлы, І.Ахметұлы, т.б. қолдап, сөз сөйлейді. Мәселен І.Ахметұлы: «Қазақстаннан шыққан Ахмет бұрынғы араб әліппесін өзгертіп, қазақ әліппесін жазды. Неше жылдай қазақ елін шоқындырмақ болған миссионерлер, қазақ еліне үлгі көрсетіп, әліппе жасап бермек болған орыс білімпаздарының қолынан келмеген нәрселер Ахаңның ғана қолынан келді. Ахаңның дәйекшесін орыс білімпаздары да ілім жолындағы үлкен табыстың біріне қосып отыр» дейді. Бұл «Әліппе айтысында» латынды жақтаушылар А.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермекұлы, т.б. өз пікірлерін дәлелдеуге тырысып бағады. Алайда бұлардың қай-қайсысы да А.Бай­тұрсынұлы жазуын жоғары бағалайтындығын өз сөздерінде білдіре оты­рып, латынға көшудің қажеттілікте­рі туралы айтады. Мәселен, Т.Шонанұлы: «Бізде Ахаң еңбегімен, білім ордасының жігерімен жасалған жақсы емле бар. Емлеміз жақсы дегенге қосыламыз. Бірақ таңбамыз, әліппеміз, әрпіміз жақсы дегенге қосылғым келмейді» десе, Ә.Ермекұлы: «Ахаң емлені түзеп, қазақ тілінің негізін орнатқанына біз түгіл орыс­тар да қарсы емес. Емлеміздің дұрыс шешілгендігі, басқа елдердің көбінікінен артық екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан біз Ахаң мәселенің қиынын шешті дейміз. Ендігі талас әріптеріміздің таңбасы туралы» деп, латын мен араб таңбаларының айырмашылықтарын сөз етеді. Латынды қолдаушылардың «Әліппе айтысында» айтқан негізгі уәждері латын әрпімен газет, журнал, кітап шығарғанда шығынның аз болатынды, араб жазуымен шығарса шығынның көп кететіндігі. «Байтұрсынұлы жазуы» ең оңтай­лы әліпби болып табылғанымен, ха­лық­қа істелген «озбыр» саясат өз дегені­не жетіп, латынға негізделген «жаңа әліпті» қолданысқа ендірді. 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің ІV сессиясында бұл жаңа әліп «Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі деп саналсын» деген қаулы қабылданып, барлық мекемелер мен ұйымдарды жаппай латын жазуына көшуге міндеттейді. Тіпті, латын әрпінен «бас тартқысы» келгендер заң алдында жауап беретін дәрежеге жетеді. Бұған жоғарғы үкімет атынан ресми түрде халыққа таратылған «хабарлама» дәлел болады. Онда «Жарияланып отырған жиырма күннің ішінде бүкіл кеңсе ісі жаңа әліпке көшірілетін болсын. Жаңа әріпті білмеймін деген қызметкерлер жаңа әліптің жасырын жауы деп саналып, сотқа тартылсын», – деп көрсетілген («Еңбекші қазақ». 1931, 25 мамыр). Бір әріпті тастап, екінші әріпке дереу көшу саяси-экономикалық жақтан да, мәдени-әлеуметтік жақтан да өте тиімсіз болса да, қызыл империяның негізгі мақсаты түркі халықтарының рухани дамуын тежеп, «бағындыру» және осы арқылы орыс жазуына көші­ру болатын. «Халықтың күллі рухани дүниесі араб жазуында жатыр», «араб жазуы тарих тамыршысы», «халық қазынасының қоймасы» деп, оны жан-тәнімен қорғап, шырылдаған зиялылар қауымы «арабшылдар», «ескішілдер», «қадымшылар», «керітартпалар», «ұлтшылдар», «діншілдер», «молданың шашбауын көтерушілер» деп айыпталды. Өзі құрастырған жазу жүйесін барынша қорғаштаған А.Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің «араб жазуынан айы­ру арқылы тұтас бір халыққа өткенін ұмыттырып, ұлттық игіліктерді саналарынан өшіру» әрекетін жасап отырғанын жақсы түсінді. Ал латын жазуынан орыс жазуы­на көшу мәселесі «Алаш көсем­де­рі­­нің», «ұлттың қамын ойлаған ұлы тұлғалардың» көзін біржола құрт­қаннан кейін, яғни 1937 жылдары қайта көтеріле бастайды. Бұл кезде ұлт болашағы үшін жанын берген азаматтардың барлығының «көзі жойылғандықтан» қарсылық көрсе­­­тер зия­лы қауымның болмауы себепті, орыс жазуын «халықтың сұрауы бойынша» деген сылтаумен еш қиындық­сыз қабылдата салады. 1940 жылы 13 қарашада «Латындырылған қазақ жазбасын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданады. Онда «Қазақ елінің өтініштері негізінде орыс графикасына көшірілу қанағаттандырылсын» деген мазмұнда көрсетіліп, ешқандай «зорлықсыз», керісінше, «халық қалауы» бойынша орыс әліпбиін қабылдады деген тұрпатта көрсетіледі (Пятая Сессия Верховного Совета Казахской Советской Социалистической Республики ПОСТАНОВЛЯЕТ: Удов­летворить просьбу широких масс колхозников, рабочих и интеллигенции Казахской ССР о переводе казахской письменности с латинизированного на новый казахский алфавит на основе русской графики). Қорыта айтқанда, А.Байтұрсын­ұлының қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған тұлға болғандығын оның қаламынан шыққан қыруар еңбектері дәлел болады. Мәселен, «Оқу құралы» (Қазақша әліппе) атты кітабы алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарыққа шықты. Бұл еңбегі 1912-1925 жылдар аралығында 9 рет қайта басылып, қазақ қоғамында ұзақ қолданыста болды. Сондай-ақ «Оқу құралының» (Әліппеге жалғасы) 2 кітабы 1913 жылы жарық көріп, 1924 жылға дейін 4 рет басылып шығады. Одан кейінгі «Оқу құралының» (Әліппеге баяншы) 3 кітабы 1913-1921 жылдар аралы­ғын­да 2 рет жарық көреді. Ал ғалымның тек оқушыларға ғана емес, ересектердің сауатын ашуға арналған «Оқу құралы» 1921 жылы, «Сауаташқыш» 1924 басылып шықты. Ал методикалық құрал «Баяншы» 1920 жылы жарыққа шыққан. Сонымен қатар «Әліппе астары» 1924 жылы, ал «Жаңа әліп-би» атты жаңа оқулықты 1926 жылы ұсынады. «Тіл жұмсардың» бірінші бөлімі 1928 жылы, екінші бөлімі 1929 жылы жарық көрді. Ал ғалымның «Тіл – құрал» атты үш кітаптан тұратын еңбегі қазақ мәдениетінде бұрын болмаған тың дүние болды. Себебі бұл кітап – қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген, қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбектің басы еді. «Тіл – құралдың» фонетикаға арналған І бөлімі алғаш рет 1914 жылы жарық көріп, 1927 жылға дейін 7 рет басылып шығады. Бұл кітаптың морфология саласына арналған ІІ бөлімі 1914 жылы баспадан шыққан. Ол да 1927 жылға дейін 8 рет басылып шығады. Синтаксиске арналған ІІІ бөлімі де 1923 жылы жарыққа шығып, 1928 жылға дейін 6 рет қайтадан басылады. Қазақ халқы үшін осыншама қыруар еңбек еткен ұлы тұлға есімін артында қалған ұрпақтары мәңгілікке ұмытпайтыны хақ. Гүлфар МАМЫРБЕКОВА, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

112748 рет

көрсетілді

267

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы