• Әдебиет
  • 18 Қазан, 2012

«Қанатымның астында Алтай жатыр...»

Өскеменнің қою түтінінен арылып, жолға шыққанымыз сол еді Айыртаудың басынан үн-түнсіз көтерілген күннің алтын нұры дүниені жап-жарық етіп жібергендей болды. Төңірекке көз тастап отырмыз. Біз мінген көлік бауырын жазып, жер апшысын қуырып, Тарбағатайға қарай қамшы салдырмай келе жатыр. Бір кезде сонау-сонау алыстан Рүстем Есдәулетов бауырымның ескерткішіне көзім түсті.  Жолға бірге шыққан азаматтарға өтініш жасап, зират басына бұрылып, Құран оқыттық. Қайран, Рүстем бауырым-ай! Кездескен сайын: «Аға, осы жазда Зайсанға барамыз. Нұрлан досыңыздың өскен жерін көрсетем» деуші еді. Оған мен пақырда уақыт болды ма?! Кейінгі уақытта ауылға емес, ауруханаға көбірек жол түсіп кетті ғой. Қазір өкіндің не, өкінбедің не, өз-өзіңді кінәладың не, кінәламадың не, Ертіс пен өмір өз арнасымен ағып жатыр. Ешнәрсе өзгермеген секілді. Өзгергені сол, Нұрлан досым да, қазақ өнерінің аспанында аққан жұлдыздай із қалдырған Рүстем бауырым да жоқ. Абай мен Махамбетті пір тұтқан қазақтың талантты ақыны, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нұрлан Мәукенұлына Зайсан қаласының бір көрнекті көшесінің берілу құрметіне бара жатырмыз. Қазақ әдебиетіне сонау Күлтегіннен бастау алатын, бергісі жеті ғасырлық жыраулар мұрасынан, халқымыздың төл фольклорынан нәр алған Нұрлан Мәукенұлы алғашқы шығармаларынан-ақ жыраулық сарын үлгісіндегі өлеңдерімен 1980 жылдардың өзінде-ақ тасты жарып шыққан гүлдей болып, оқырмандардың көзіне бірден көрінген тың туындыларымен бағаланды. Ол өзінің туған елін, туған жерін, тал бесігін шексіз сүйді. Ісірібі – қара тас, Ісмер салған үй еді. Сілкініске жарамас, Сынып түсті сүйегі. Қабырғасы саманнан, Қазандығы – меш қалып. Суық өтті табаннан, Қара күзге кеш қалып. Иә, иә, сонау тоқсаныншы жылдары Қазақстан орыс империясынан бұлқынып шығар-шықпас кезде Зайсанда жер сілкінісі болғаны белгілі. Сол кезде ақын жүрегіне де сызат түсті. «Елім, жерім» деп жырлады. Жай жырлаған жоқ, қазақ әдебиеті деген үлкен қазанға құрт емес, қорғасын қайнап жатқан кезде жырлады. Ол мінезге де, талантқа да бай еді. Адамгершілігінің ақ туын ешқашан жыққан емес. Досы көп еді, дұшпаны жоқ еді. Өнер саласында жүрген қызғаншақтық деген қызыл иттің алты емшегінен ақ сүт шығатынын ақын жүрегі жақсы білді. Өйткені таза өнердің жеңбейтін, алмайтын асуы жоқ екенін ол бала кезден жақсы білетін. Есейе келе ақындық пен азаматтықты қатар ұстады. Малы көпке бас имеді, таланттарды қадірледі, үлкенге кіші, інілерге аға бола білді. Зайсан ауданының орталығында өткен салтанатты шараға ақынның замандас қаламдастары, дос-жарандарының барлығы жиналды. «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президенті Еркін Қыдыр, «Қазақстан» газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтар­бек, тәуелсіз журналист Ермұрат Бәпи, «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары Жаңабек Шағатай, «Евразия» ұлт­тық университетінің оқытушысы, филоло­гия ғылымдарының докторы Айтмұхаменбет Есдәулетов, «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева мен ҚазҰУ-дың экономика факультетінің оқытушысы Ажар Бейсенбаева, кеден қызметкері Сейіт Омаров, заңгер Бәтира Әділханқызы осы салтанатқа арнайы келіп, сауапты іске куәгер болды. Сонымен қатар ақынның жары Гүлмира, анасы Дәмеш, енесі Бикамал мен туған-туыстары да түгел жиналды. Лента қию рәсімін қадірлі қонақтар Еркін Қыдыр мен Риза Асанқызы орындады. Салтанатты шара барысында әрісі Алматы мен Астана, берісі Семей мен Өскеменнен келген Нұрлан Мәукенұлының өмірдегі, өнердегі жолдастары тебірене сөз сөйлеп, ақынның шығармаларынан үзінділер оқып, көздеріне жас алып, жылы-жылы естеліктерін айтты. Реті келгенде айта кетелік, бұл шараны өткізуге ақынның бірге оқыған курс­тастары мұрындық болыпты. Нұрланның қаламдас достары оның туған ауылындағы мектеп пен аудан орталығындағы бір көшеге ақын есімін беру жөнінде ұсыныс айтқан көрінеді. Орынды бастамаға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин бірден қолдау білдірген. – Зайсан ауданынан шыққан талантты ақын-жазушылар аз емес. Біз олардың барлығын мақтан тұтамыз. Солардың бірі де бірегейі – Нұрлан Мәукенұлы еді. Мен ойлаймын, мұндай таланттарды көзінің тірісінде сыйлауымыз керек. Зайсандықтар осындай дәстүрді енгізуіміз керек. Ел азаматтары талантты адамдарға әрқашан құрмет көрсетіп, қолдау білдіретініне сенемін, – деген-ді көшенің ашылу рәсімінде Серік Зайнулдин. Ақынның досы, аудандық мәслихаттың депутаты Манарбек Бошақовтың айтуынша, Жамбыл атындағы мектепті Нұрланның атымен атау жағы да оң шешімін табатын көрінеді. Зайсан қаласындағы кең мейрам­хананың біріне халық көп жиналды. Ас беріліп, Құран бағышталды. Ақынның анасы Дәмеш апай, жары Гүлмира, інісі Нұрхан бас болып, осы сауапты істі абыроймен атқарды. Нұрлан туралы көптеген жақсы сөздер айтылды. Ақын досымыздың бала кезден бірге өскен жан досы Манарбек Бошақов және ауылдың игі жақсылары естеліктер айтты. Біз қайтуға ыңғайландық. Ел ағалары­на, ұстаздар қауымына, басқа да дос-жарандарға шексіз алғысымызды білдірдік. Орайы келіп тұрғасын, күні кеше Ермұрат Бәпи досым айтқан «енді бұл Зайсанда республикалық Нұрлан оқулары күндерін өткізу керек» деген ұсынысы аяқсыз қалмай­тынына сендім. Олай дейтінім, ха­лықтың ақын досымызға деген адал ниеті, шын көңілі сезіліп тұр еді. Абыр-сабыр қош­тасып жатқанда алтын жапырақтары үзіліп-үзіліп түсіп жатқан үлкен теректің бір бұтағында қонақтап отырған ақ үкіні көріп қалдым. Ой, Алла-ай, сонау Түркістанның 1500 жылдығын тойлаған жылы Түркістан­да кесененің ұшар басында қонып отырған дәл осындай үкі көріп едім-ау. «Киелі үкі» деген әңгіме жазғанмын. Қандай ұқсастық, қандай кездейсоқтық. «Бұл, әрине, тегін емес шығар» деп іштей жақсылыққа ырымдадым. Жапырақтарды ұшырып, жел соғып өтті. Киелі үкі бір кезде қанатын қағып, Сауыр-Сайқан тауларын бетке алды. Ұш, ұш, қанатың талмасын, ақ үкі. Киелім. Қақ қанатыңды. Ақын досымыз Нұрлаш: Қанатымның астында Алтай жатыр, Қара түнім, қасымда қалқай да тұр. Шатынаған аяздан шабыт алып, Шырқау көкте, жарты Айым, шалқай да тұр... Құс қанаты көлігім, кідірмегін, Елге жеткім келеді бүгін менің. Бүлкілдеген тауларым – бетке алғаным, Жол түспеген жалқы ауыл – жүгіргенім, – деп еді-ау. Біліп айтқан екен-ау, сезіп айтқан екен-ау жан досым. Ақ үкі, қанатың талмасын. Ұш, ұш киелім. Қақ қанатыңды. Бағытың – Сауыр-Сайқан, биік таулардан қалықтап өте алмасаң да бауырлап ұшып, жол табарсың. Одан әрі шекарадағы қандастарымыздың ауылына ұшып барарсың. Жеткіз мына қасиетті Зайсанның жыр оқыған халқының сәлемін. Ардақты елден сәлем апарғандай қандастарымызға қанатыңның бір-бір қауырсынын тастарсың. Олар да бір тал қауырсыныңды аяққа басқызбай, ұрпағының тал бесігіне байлар. ...Қимай қоштасып, қалаға қайтып келеміз. Тас жол. Құс қанатын жуып, күздің жылы жаңбыры да жауып өтті... Сонау көз ұшынан Тарбағатай мен Ақсуаттың жолы түйісетін жерде анаугүні ұрпақтары көтерген Қабанбай атамыздың еңселі ескерткішіне жақындай түстік. Шынында да берекесі артқан, мерейі үстем елден келе жатып, бүгінгі ұрпақ та Қабанбай атасының рухына жақындап қалды ма деп ойладым... Талғат Кеңесбаев Семей – Өскемен – Зайсан

3575 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы