• Әдебиет
  • 25 Қазан, 2012

Күмістей сыңғырлаған әсем дауыс

Мен бүгін бір толғанысты ой құшағына оранғандай күй кешудемін. Ондай күйіме себеп болған өзімнің өнердегі қимас құрдасым, күміс көмей әнші, Қазақстанның халық артисі Зейнеп Қойшыбаеваның 75 жасқа толуына орай, аналарын еске алу кешін өткізуді ойластырып жатқан балалары – Кемал, Керім, келіндері – Жанар, Қарлығаш, немересі Олжастардың хабарласуы еді. Зейнеп (Зекен) екеуміз бір жыл, бір ай, бір күнде өмірге келген түйдей құрдас едік. Қырсық шалғанда, халқымыздың басына төнген небір нәубетті кезеңдердің кесапаттарына ерегісіп туғандаймыз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының бас жағындағы миллиондардың ғұмырларын жалмаған ашаршылық зобалаңының, соңын ала қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық зұлымдықтары етек алған еді. Дәл сол тұста 1937 жылдың бір күнінде Зейнеп екеуміз өмір есігін ашыппыз. Одан балғын балалық шақтың базарына қадам баса бастағанымызда Отан соғысының ойран-опаттары ел басына қасіреттің қара бұлтын төндірген болатын. Менің ой құшағына орануымның бір себебі осы еді. Екіншісі – біз Зейнеп екеуміздің өмір жолымыз, тағдырымыз теміржолдың қос тағанындай қатар өріліп отырған екен. Бір мезгілде ауылда туып, ауылда өстік. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ жазғы демалыс күндері дегенді білмей, мектеп бітіргенше колхозды ауылдың жұмыстарына жегіліппіз.Соғыс кезіндегі, одан кейінгі жылдардағы қалың қауым жұрт басына түскен ауыртпашылықтарды да бірге кешіппіз. Енді бүгін шіркін-ай, Зекен осыдан оншақты жыл бұрын Фәни жалғаннан Бақиға көшіп кетпегенде, мәре-сәре болып, 75 жылдық мерейтойымызда бірге жүрер едік-ау, – деп тағы да ойға шомамын. Алайда көңілге медет етер жайларымыз да баршылық. Осыдан 56 жыл бұрын 1956 жылы онжылдық мектепті бітіріп, оқу іздеп, өнер қуып Алматыға келгенімде, Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанынан тұңғыш ән-хор студиясы ашылғалы жатыр екен. Студияда оқыту үшін облыс, аудандарды аралап жүріп жинағандары бар, Алматы қаласында басқосқандары бар, мыңға жуық жас әнші-өнерпаздарды тыңдап, төрт бірдей турдан өткізіп, ақырында сұрыптай-сұрыптай келіп, сындарлы сарапшылар алқасы 75 адамды студияға қабылдаған болатын. Сарапшы комиссия құрамында – Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев сынды, тағы басқа білгір де білікті өнер дүлдүлдері болған еді. Сөйтіп, ән-хор студиясында қанаттас, құрдас-құрбым Зейнеппен сол 1956 жылы алғаш ұшырасқан едік. Олар содан сәл ертеректе бастары қосылып, апалы-сіңілі болып кеткен Мәруан Жақанова, Зейнеп Жетпісбаева аттарымен студияға Алматыдағы кәсіптік-техникалық училищенің көр­кемөнер­паздары тобынан келген екен. Студияда жас талап шәкірттерді әншілік өнердің қыр-сырына қанықтырып, бағыт-бағдар беріп төселдіретін, кәсіби әншіліктің әдіс-тәсілдерін үйретіп, дауысты орнына қоятын (постоновка голоса аталатын) дәріс болды. Ондай дәрістен үйретуші ұстаздарды консерватория бітіріп, кәнігі кәсіби маман әншілер қатарынан тағайындайтын. Сондай ұстаздарға болашақ әнші-шәкірттерді 3-4 кісіден бөліп тапсыратын болды. Зейнеп екеумізді Бреусов деген жігітпен қоса бір ұстазға, яғни Баку консерваториясын бітіріп келіп, 1938 жылдан Алматы тұрғыны атанып, Абай атындағы опера және балет театрында басты рольдерді орындайтын әнші болып көп жыл қызмет ету барысында Қазақстанның халық артисі атағына ие болған, аса білікті маман Самышина Надежда Николаевна атты ұстаз апамыздың қарамағына бөлген екен. Надежда Николаевна 1948 жылдан сол кездегі Алматы музыкалық училищесінде 1952-1964 жылдары Алматы консерваториясында әншілік өнерден сабақ беріп, 1960 жылы доцент атанған ұстаздардың ұстазы болыпты. Ол кісі ұстаздығы қадірлілігін тағы бір аңғарғанымыз, сол тұста бізден ересектеу Қазақ филармониясының жас әншісі қызметін атқарып жүрген, қазіргі бұлбұл апайымыз Бибігүл Төлегенова аракідік студияға соғып, әншілік шеберлік жөнінен Самышинадан дәріс алуға келіп жүрді. Осылайша 1956-1958 жылдары ән-хор студиясының түлектері екі жылдық оқуымызды тәмамдап, көпшілігі республика аумағындағы өнер ордаларында ұзақ жылдар бойында табысты еңбек етті. Кейбірі жоғары оқу орындарын бітіріп, мәдениет пен өнер салаларындағы белгілі қайраткерлік қызметтер атқарды. Мәселен, студияны бітірген соң, Зейнеп Қойшыбаева Алматы консерваториясының вокалды факультетінде оқи жүріп, Абай атындағы опера және балет театрында 1958-1965 жылдар аралығында қызмет етіп, «Қыз-Жібек» операсындағы Жібектің, «Жалбыр» операсындағы Қадишаның, «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүністің және басқа образдарды сомдады. Мен студиядан соң, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ университетінің филология факультетінде, кейінірек Мәскеудегі Бүкілодақтық Радио және телевизия институтының режиссерлік курсында оқыдым. Өнердегі еңбек жолымда кезінде мемлекеттік ән-би ансамблі аталған, Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымында (қазірде оның орнында «Салтанат» би ансамблі) 6 жыл әншілік қызметте болып, 1966 жылы Қазақ радиосына режиссерлік жұмысқа ауыстым. 1967 жылы Зейнеп те Қазақ радиосының әншілігі қызметіне орналасып, біздің жолдарымыз тағы да тоғысып, сонда аттай 28 жыл бойына еңбегімізді бір ұжымда бірге жалғастырдық. Зейнеп Қазақ радиосында Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кесоғлы, Венера Қармысова, Гулвира Рәзиева, Люция Төлешовалармен қатар халқымыздың сүйікті әншісіне айналды. Студиядан соң Алматы консерва­ториясының композиторлар даярлайтын факультетін бітірген Мыңжасар Маңғытаев, Базарбай Жұманиязовтар да композиторлық салада озық өнерлерімен танылып, Қазақстанның халық артисі атақтарын алды. Студия түлегі Жібек Бағысова Қызылорда облыстық драма театрындағы озық еңбектері үшін Қазақстанның халық артисі атағына ие болды. Сондай-ақ, студиядан тәлім алған Ошат Рахымов Шымкент облыстық драма театрының актеры, студия өрендері – Манап Балхашов, Сәгена Сәулебаева, Күләш Жарылқасымова, Жұмаш Бекболатов, Гүлжамал Темірбекова, Шайза Манапбекова, Мұрат Ыбыраев, Максим Жекішов, Маруан Жақанова, Көкенай Камалиев, Сағат Мұқановалар ұзақ жылдар бойына Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында, филармонияда, ән-би ансамблінде, хор капелласында, қуыршақ театрында әншілік-актерлық өнерлерімен танылды. Көптеген студиялықтар республи­камыздағы облыстық, аудандық өнер-мәдениет ошақтарында жемісті еңбек етті. Осынау бастан өткерген қимас күндер­ді еске түсіре отырып, Құрманғазы атын­дағы әлемге әйгілі оркестрде 20 жыл кон­церт­тік бағдарламалардың режиссері, музыка редакторы қызметтерін атқарып, есен-аман жүргеніме шүкіршілік етіп, Зейнеп Төлембекқызы Қойшыбаева атты қимас құрбымның, қазақтың бұлбұлдай сай­раған сүйікті әншісінің рухы халқымыздың жүре­гінен өшпейтініне тәубә еткендей болдым. Иә, әйгілі әнші Зейнеп Қойшыбаеваның орындауындағы әндер оның күмістей сыңғырлаған әсем дауысымен боялып шырқалғанда ерекше құлпырып, жайнап жүректі шымырлата түсетін еді-ау! Ендеше оның үні де, жарқын бейнесі де халық жадында мәңгі сақтала бермек. Құмарбек Сыдықұлы, Құрманғазы атындағы оркестрдің музыкалық редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері

6036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы