• Тарих
  • 01 Қараша, 2012

Қайсар қызы қазақтың

Қатира Ермекқызын білім беру саласына сіңірген еңбегіне сай құрметке бөленген, елі қадірлеп-қастерлеген қайраткер тұлға екендігін білумен қатар, біз апаймен ұзақ жыл дәм-тұзымыз жарасқан көрші, одан Құдай қосқан құда болып, құйрық-бауыр жегіскен туыс болған жандармыз. Апай жаратылысы бөлек, кең пішілген тұрпатына сай ашық, ақжарқын, арамдықтан адал, ер мінезді адам-ды. Ол ардақты ана, немере-жиендерінің сүйікті ақ әжесі болуымен қатар, қайраткер әйел болатын. Азаматы елге белгілі жазушы-драматург, жергілікті ақын-жазушылардың үлкен шоғырының тұсауын кескен, ақ батасын берген тәлімгер Берік Ыбрашұлы Қорқытовты баласындай алақанына салып сыйлайтын, «сүйікті тамағына» таршылық танытпайтын, шығармашылығымен алаңсыз айналысуы үшін үй шаруасын мойнына артпайтын. Бәрін өз мойнына алады. Бекең үйдің құрметті қонағы секілді. Екеуінің тағдыр қосуы да қызық. Ұлы Отан соғысының енді аяқ­талған, ел әлі есін жия қоймаған, облыс орталықтарында жоғары оқу орындары бой түземеген, білім іздеген жастардың тек әсем қала Алматыны бетке алатын кезі. Бекең Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне, ал Қатира апай болса Қазақтың қыздар педагогикалық инс­титутына оқуға түседі. Бірі қаланың ұлы, екіншісі Мақат ауданының қызы, бірін-бірі білмейді, таныстықтары жоқ. Оқуға аттанар алдында әкесі Ыбраш: «Балам оқуыңды дұрыс оқы, тентек болып сүйекке таңба салып жүрме! Жігіттің екінші басты міндеті – жақсы жар таңдау. Ол да ойыңда болсын. Қан жаңғыртатын да уақыт келді» деп аманатын аяқтайды. Қан жаңғырту дегенді өзге ұлттың қызына үйлену деп ұққан жас, өзге өңді қыздарды киноға шақырып, жігіттік құрып жүргенде, жерлес қыз Фатима Молдағалиқызы кездесіп қалып, «Берік, мұның не? Алматыда елдің қыздары толып жүр емес пе? Соның біріне құрық сал, өзгені қайтесің?» деп кеңес берді. Уәделескен күні киноға үш билет алып, күтіп тұрғанда, Фатима сұңғақ бойлы, ақсары қызды ертіп келеді. Ол Қатира Дүтбаева еді. Жастар тез тіл табысады. Берікке қыздың өзі де, шешімді сөйлейтін сөзі де ұнады. Сол күнгі жүздесудің өзінде-ақ жігіттің алыстан орағытқан, емеуріткен сөзіне күлбілтелемей: – Берік, көмейіңді түсіндім. Мен саған тұрмысқа шығамын. Менің бір ғана өтінішім – киноға, анда-мында жиі шақырып мазаламасаң екен. Оқуыма кедергісі келмесін дегенім ғой. Жексенбіде кездесіп, қыдырып тұруға келісейік, – деп бірден батыл жауап қайырыпты. «Сол уәдемізде тұрдық. Оқуымызды бітіріп, елге оралған соң бас қостық қой» деп, еске алушы еді Бекең марқұм. Қатира апай Дүтбаевтардың мұнайшы әулетінен шықса, Бекеңнің әкесі елге белгілі ше­жі­ре­лі ақсақал, би болған. Қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов Атырауға келсе, құрдасым деп Ыбрашты іздейді, оның үйінде қона-түстене жатып, ескілікті әңгімелерді қоздатады екен. «Менің жазып, түбіне жете алмай жүргенім әкемнің дәптеріндегі жазбалар ғой» деуші еді Бекең. Апай сөзді тауып сөйлейтін және тура айтатын. Облыс басшысының Қатира апайдың тындырымдылығы мен іскерлігіне көзі жетіп, оған облыстың білім басқармасын басқаруды ұсынады. Тәртіп бойынша Республиканың Білім және ғылым министрлігінен келісім алынуы керек. Министрліктің бірнеше жауапты қызметкерлерінің алдынан өтіп, келісімдерін алып, министрдің өзімен жүздесуге жетеді. Ұсыныс құжаттарын қарап отырған министр оның балаларының әлі жас екенін байқап, басшылық қызметте бала тауып, ұзақ сонар демалыста отыру ыңғайсыз екенін тұспалдап түсіндіреді. Осы кезде Қатира апай: – Бастық болам деп бала таппауға уәде бере алмаймын, – деп турасынан қойып қалыпты. Өжеттігі мен өткірлігіне риза болған министр облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон шалып: «ОблОНО-ның бастығына ұсынған қыздарың мені сөзден ұтып кетті. Оттай жанып тұрған адам екен» деп келісімін беріпті. Жұмысқа тағайындалғаннан кейін араға жыл салмастан төртінші баласы Рүстембекті дүниеге әкеліпті де, ұзақ демалыс алмай қызметін қайта жалғастырыпты. Жол қатынасының қиын, автокөліктің қат кезі. Сонда қырқынан шықпаған құндақтаулы сәбиін қолына алып, аудандарда өтетін жиналыстарға жүк машинасымен қатынап жүріпті. «Жастық қой, «баланы ауыртып алармын-ау» деген қорқыныш жоқ, мектептердің жұмысымен танысып та, соның арасында сәбиімнің астын құрғатып, қоректендіріп алып, қайта жолға шыққан күндерім аз болған жоқ. Сонда мені осылай жасауыма қанаттандырып, күш беріп тұрған бір нәрсе, ол намыс болды. Министрдің алдында айтқан сөзім, ел алдындағы уәдем ғой. Сол үрдістен шығу, сөзге тұру, уәдені жұтпау басты кредом болды» деп сонау қызығы мен қиындығы мол шақты еске алушы еді апайдың өзі. Әр заман өз ерлерін шығарады. Кешегі өткен кеңестік дәуірде «елім, халқым үшін» деп бел шешпей еңбек етіп, қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қойған адамдар аз болған жоқ. Сондай қайраткердің бірі Қатира Ермекқызы болатын. Апайдың өмірден өткеніне де жиырма жылдың жүзі ауып барады. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегендейін, оның ұлағатты сөздері мен іргелі істерін елі ұмытқан жоқ, қайта жаңғырып, жаңарып, ұрпақтан ұрпаққа ұласып, есімі әлі де ел аузында жүр. Өзі қолымен құрған педагогика колледжі бұл күнде оның есімімен аталса, өмірінің соңғы жылдарын өткізген Атырау қаласындағы Азаттық даңғылының бойындағы 75-үйдің қабырғасындағы «Бұл үйде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, қоғам қайраткері Қатира Ермекқызы Дүтбаева тұрды» деп жазылған тақтайша халықтың еңбегіне берген лайықты бағасы деп білеміз. Кеңес дәуірінде еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бағаланған аяулы ұстаз, қайраткер әйелдің есімін ел есінде мәңгіге қалдыруға 1999 жылға дейін аталған оқу орнының директоры болған Рашила Қабиқызы Мүрсәлиеваның аз тер төкпегенін айтпауға болмас. Кеңестік кезеңде зейнет жасына жеткен адам қызметте ұзақ жүре бермейтін, дереу демалысқа шығатын. Ал Қатира апай Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары облыстық комитетінің төрайымы болып жұмысын біразға дейін жалғастыра берді. Саланы өркендетуге еңбегі сіңген адамға «демалысқа шықпайсыз ба?» деген ұсыныс білдірген жан да болмады. Ғайыптан-тайып сұрай қалған адамға: «Әйелдердің ер азаматтардан несі кем? Алпысқа жеткенше әйелдер де алқынбай еңбек ете алады. Соны дәлелдеу үшін жұмыс істеп жүрмін. Алпысқа толған күні жұмысты тастаймын» дейтін. Бетіне айтпағандарымен, айнала беріп «естігенбіз мұндай әңгімені» деушілер, әрине, болмай қалған жоқ. Ер мінезді, сөзі байламды апай айтқанында тұрды. Алпысқа толды да жұмысты тапсырды. «Ат үстінде жүріп қалған адам үйге сыймайтын шығар, оты­ра алмайды ғой» деп сәуегейленгендер кейін апайдың немерелерін баққан әдемі әжеге айналғанын көріп қызықты. Әже болғанда қандай, өз немерелерінің ғана емес, бүкіл аула балаларының тәрбиешісі болды. Ауладағы түрлі ұлттың балаларын үлкенге сәлем беруге үйретіп, кешкілік бір мезгіл оларға қазақша тіл сындыртумен айналысты. Қатира апай жасының ұлғай­ғанына, үй шаруасында отырғанына қарамай мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін күресушілер қатарынан табыла білді. Ел Тәуелсіздігін алып та үлгермеген тұсы. Мектептер үйреншікті дағдысымен қазақша тәрбие беретін сыныптар қатарын көбейтуге, жоқ жерлерде оны ашуға тоң мойын-ды. Осы бір қатып қалған тоңды жібіту, санаға серпіліс енгізуге апай тікелей араласты. Кенже ұлынан көрген немересі Аршатты үйіне жақын орналасқан №24 мектепке алып барса, «қазақ сыныбы жоқ» дейтін көрінеді. Қаракөз ата-аналар балаларын, біреулері немерелерін көгендеген қозыдай тізілтіп, орыс сыныбына өткізіп жатқанын көргенде күйіп кетіпті. Табан астынан қазақ сыныбын ашуды талап еткен. Апайдың беделі мен ықпалынан тайсалған мектеп басшысы «бір сыныпқа толатын бала жинасаңыз, қазақ сыныбын ашамыз» дейді. Директорды сөзінен ұстаған апай қолма-қол іске кіріскен. Парасат пен бедел биігіне қоса, сөйлескенді ығына жығатын тіл байлығы арқасында ата-аналар арасындағы үгіт жұмысы жемісті өріс алып, екі-үш күн ішінде қазақ сыныбы тұсауын кесті. Қатира апайдың қарекетін естіген ел оны құптап, қолдап, әр жерде қазақ сыныптары мен мектептері бой түзей жөнелді. Соның арқасында Атырау қаласы мен облысында қазақша тәрбие беретін мектептер қатары өсіп, аяқтан тұсау алынды. Артында ұлағатты да өнегелі істері қал­ған адамды өлді деуге бола ма? Оның жарқын бейнесі халқының санасында жаңғырып, жасарып, мәңгі өмір сүре беруі тиіс. Айтқали НҰРҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Атырау

3743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы