• Қоғам
  • 01 Қараша, 2012

«Иісі қазақ» – «қазақпын» деген сөз

«Ана тілі» газетінің осы жылдың 17 қазанындағы №41 (1142) санында оқырман Қанат Төребаев «иісі қазақтың» деген сөзді жатсынған ойын білдіріпті. Түптеп келгенде, бұл тіркестің жатырқайтындай, үрке қарайтындай ештеңесі жоқ. «Иісі қазақтың» деген сөз тіркесі – атам заманнан ауыздан-ауызға тараған байырғы түсінікті сөз. «Атам қазақтың», «қазақ атаулының», «қазақ қазақ болғалы» деген секілді сөздерге балама ретінде де қолданылады. Ол «орысшаға аударылмайды екен. Бұл қазақта өзгеше иісі болады» дегенді білдіреді. Қазақты қорлау ғой» дегені мүлдем қате. Қазақта ұлттың өзіндік дүниетанымына ғана лайық, қазақ боп туған жан ғана түсінетін төл ұғымдар бар. Мысалы, «Жыртық үйдің де Құдайы бар» деген мәтел бар. Бұл да тек қазаққа ғана тән, оны түсіну үшін тек қазақ болып туу керек. Оны тек қазақ қана айта алады. Мұндай сөздер – ұлттың ерекшелігі. Мұны мүлде естен шығаруға болмайды. «Иісі қазақтың» тіркесі де солай. Әдетте қазақтың байырғы сөздеріне, ұлттық ұғымдарына қарсы пікір білдіргенде «Апыр-ай, мына кісі қазақ тілін онша түсінбейді екен-ау» деп ойлайтынымыз содан. «Қазақ қазақ болғалы» деген сөз тіркесі ауыз әдебиеті жырларында көптеп кездеседі. Сол тектес «Иісі қазақ болғалы», «қазақ ұранында жоқ» деген де ұғымдар бар. Тек сол ұлттың, халықтың ұғымына, жан дүниесіне, тілдік қалыптасуына ғана тән мақал-мәтел, қанатты сөз, ұшқыр ой түйіндері астарлап, жұмбақтап сөйлейтін шешендік алым-шалымдары, қағытпалары болады. Сөздің қатпар-қыртысы ұшан-теңіз. Сондықтан «Казахом пахнет» дегенді білдіреді деп, ұлттық ұғым-түсініктерімізді өзіміз жоққа шығарсақ, қайдан қазақ боламыз? Әр ұлттың ұғымындағы тіл орамының бәрі бірдей өзге тілге аударыла бермейді. Оны ұғу үшін тек сол ұлт болып тууы, ана сүтіне қанығуы керек. Жаза берсек, мысал да, айтар да көп. Мәселен, қазақ «тіл тас жарады» дей­ді, бұл да тілдің құдіретіне қарата айтылған. Аталған мәтел де аударуға көнбейді, сөзбе сөз аударсаң, күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ «өзге ұлт түсінбейді екен» деп төл ұғымдарымыздан бастартпайық. «Иісі қазақ» – «қазақпын» дегеннің баламасы. Иісі қазақ болайық! Құрманғазы БЕКСАЙЫН, ҚР Журналистер одағының мүшесі

4205 рет

көрсетілді

119

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы