• Тұлға
  • 08 Қараша, 2012

Саз өнерінің саңлағы

Қалибек Дербісалдин туралы үзік сыр

Ұлтымыздың ұясы (З.Қабдолов) саналатын Торғай өңірі тума таланттарға тұнып тұрған өлке. Бұл өлкеде есімдері еліміздің тарихында алтын әріппен жазылатын небір өнер иелерінің өмірге келгені таңбалы тарихымыздан таныс. Әріге бармай-ақ бертіндері өмірден өткен өнер тарландарын ойымызға оралтсақ, ХХ ғасырда Торғай топырағында өмірге келген саз өнерінің қос саңлағы есімізге түседі. Олар қазіргі қазақтың саз өнеріне өлшеусіз еңбектерін сіңірген Бақытжан Байқадамов пен Болат Хамзин ағаларымыз. Ел есінде қалған осы асқан дарын иелерінің ізін басып, олардың саз өнерінде көрсетіп кеткен өнер үрдісін үнемі өрге сүйреп жүрген қазақ музыка өнерінің жарық жұлдыздарының бірі, дарынды талант иесі Қалибек Дербісалдин. Ол өзінің өзгелерден өзгеше өне­рімен, бойына біткен табиғи талантымен еліне танылып, жұртына жұғысты болып жүрген жан. Себебі ол кез келген жанның жүрек қылын тербейтін әуезді әуендерімен, күм­бірлеген күйлерімен көңіліңді көкке кө­теретін сазгер әрі әнші. Дара талант иесінің ел ішінде ерекше құрметке бөленуі оның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінен, тылсым табиғаттың тілін түсінетіндігінен, бойына біткен бөлек сазгерлік қабілетінен деп білеміз. Қалибектің тыңдармандарының жүректерін тербеп, бірден жаулап алатыны оның әуезді әуендерінен туған жердің жібек самалын, себелеп жауған ақ жауынның тырсылын сезгендей әсерде боласың. Осындай хал­қына қырық жыл қалт­қысыз қызмет етіп жүрген өнер ие­сімен мен өткен ға­сырдың 90 жылдарының басында танысып едім. Бір күні жұмыс орныма дене бітімі дембелше келген қараторы жігіт келіп, өмірден өткен әкеме көңіл айтты. Өзін Қалибек Дербісалдин деп таныстырды. Бұл жігітті сол кездері сазгер-әнші ретінде сыртынан жақсы танитын едім. Таныстарымның қуаныш тойларының той көрігін қыздырып жүретінін талай көретінмін. Оның сол кездері шыққан «Көктем қыздар» (сөзі Ж.Сомжүректікі), «Ерке құсым» (сөзі С.Тұрғынбековтікі) әндерін басқосқан жерлерде арқалана айтып, осы жігітпен қалай таныссам деп жүрген болатынмын. Енді, міне, оны Құдай айдап, өзі алдыма келіп отыр. Марқұм әкеммен 1988 жылы Торғай облысы алғаш жабылғанда танысқанын айтып, оның қосқан ақыл-кеңесінің кәдесіне жарап, өмірде өз орнын табуға көп көмегі тигенін тіліне тиек етті. Сол алғашқы танысқанымызда оның ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеуді, қол жеткізген құндылықтарымызды қадірлеуді санасына сыналап сіңірген ұлтжанды, елі десе елжірей кететін атпал азамат екеніне көзімді жеткізген едім. Менің мына өтіп жатқан өмірден байқағаным өнер адамдарының арасында біреулердің бағы басым болып бара жатса, сол адамға қызғанышпен қарап, оның балағына жармасу белең алып бара жатқан сияқты. Қалибекпен алғашқы әңгімелескенімізде бұл тақырып та әңгімемізден қалыс қалған жоқ. Әңгіме арасында ол әкемнің өзіне айтқан «Қалибек қалқам, өнер деген лаулап тұрған қып-қызыл өрт, оған төзімі мықтылардың мықтысы ғана шыдайды. Сенің бойыңдағы шығармашылық қабілетіңді Жасаған иеміз берді. Қол жеткізген жетістіктеріңе болдым, толдым деп масайрамай, қабілетіңді қай­рап, жетістігіңді жетілдіре түсуге міндеттісің. Іштерінде қызғаныштың қызыл иті қыңсылағандар қыңсылай берсін. Оларға көңіл аударма «Ит үреді, керуен көшеді» деген өмір көргендер. Осы көреалмаушылық, бақталастық деген бәлелер қоғамымыздан қашан қалар екен?!» деген сөздерін есіне алып еді. Қалибек сол алғашқы таныстығымыздан кейін көп ұзамай жұмыс орныма қайыра келді. Бұл жолы кеудесін кернеген қуанышын бөліскелі келіпті. Аңқылдап келіп, «Асеке, осындағы өнерсүйер 2-3 ағаларым қосылып, астыма жаңа маркалы УАЗ машинасын мінгізді. Сізге соны көрсетейін деп келдім» деді. Оның бұл қуанышты хабарына темір тұлпарды ол емес, өзім мініп жатқандай қуанып, «айда кеттік» деппін. Содан қаланың сыртына шығып алып, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Өнер деген құдіретке адам баласының құлай кетуі аяқастынан екен. Маған оның кейбір өнер адамдарының басында көбіне кездесе бермейтін адалдығы, қарапайымдылығы, кішілігі, кісілігі ұнады. Тағы бір айта кететін қасие­ті жолында жолықтырған жандардың жан дүниесін айтқызбай түсінетін сезімталдығы. Сол сезімталдығының арқасында жаны жабырқау жүрген Қалибекпен танысқанымызға жиырма жы­­лдан аса уақыт өтіпті. Осы уақыт ішін­­­де өмірде қаншама толқынды кезеңдер өт­­се де ағалы-інілі, достық сезімдерімізге селкем түсірмей келеміз. «Бақ бағалаған­ның ғана басында тұрады» дейді. Басына қонған бақытын қадірлей білетін азамат. Оның ел-жұртқа танымал болдым деп көкірегін керіп, желпініп жүргенін көрмеппін. Қашан көрсең де қарапайым қазақы қалпын сақтап жүргені. Қалибек Дербісалдин 1953 жылы қаңтар айының 10-ында Қостанай облысының бұрынғы Батпаққара ауданында (қазіргі Амангелді ауданы – А.Б.) қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Дербісалды Жұмабайұлы колхозда завхоз болып, кейіннен сиыр бағатын бақташы болып істеген. «Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие» дейді өмір көрген үлкендер. Дербісалды ақсақал өнерден қаражаяу қалмаған жан. Домбыра шертіп, кейде аяқастынан өлең шумақтарын шығарып жіберетін өнері болған. Сонымен қатар ол қара күштің иесі атанып, белдескен адамның жауырынын жер иіскететін балуан болған кісі. Анасы Мағия Досмағанбетқызы Торғай (сол кезде солай аталған – А.Б.) мен Амангелді аудандарындағы алғаш құрылған колхозаралық филармония мен театр ұжымында әнші болған. Бұл ұжымға Торғай-Қостанай өңірлеріне есімі жақсы таныс халық ақыны Нұрхан Ахметбеков жетекшілік еткен. Осындай өнерлі жанұяда өсіп, өнер тарландарының көзін көрген Қалибек ән әлеміне жалпы өнер деген құдіретке құштар болады. Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Сондай-ақ өмірде көргені мен түйгені көп көреген халқымыз «Ақындық, әншілік өнер әкенің қанымен, шешенің сүтімен бітетін қасиет» деп жатады. Рас та болар. Бала Қалибек жас шағынан ән мен күйге құштар болып, оның бесігіне бөленіп, санасына сіңіріп өседі. Оның бала күнінде туған анасынан бір елі қалмағаны әуезді әуенге құштарлығын біл­­дірсе керек. Сол кезеңдерді көздері­­мен көргендер Қалибектің елді мекендер­­ге техника таңдамай, ол болмағанда ат ар­бамен, қыста ат шанамен қатынап концерт беретін Мағия анасымен бірге жүргенін жыр қылып айтады. Олар «Дербісалды ақсақалдың үйіне барғанымызда Мағия апайдың ән салып беруін сұрайтынбыз. Сонда осы Қалибек анасының аяғына оралып, бірге шығып, оның киімінің етегін сорып жататын. Кейде нан илейтін оқтауды алып, сабалап, жұрттың назарын аударатын» деп естеріне алады. «Болар бала болмысынан» дегендей Қалибек осылай ата-анасының істеген істеріне әуес­теніп өседі. Өмір деген өткінші дү­­ние бір қалыпты өткен бе?! Оның күтпе­ген жерден өзегіңді өртеп, ащы тұздығын алдыңа тосарын кім біліпті?! 1961 жылы Қалибектің аяулы анасы Мағия әжеміз кенеттен қайтыс болып, оның бала жүре­гі қайғы-мұңға бөленеді. Оған қиялының қанаты қайырылып, асқақ арманының күлі көкке ұшқандай көрінеді. Өмірде қайғы мен қуаныштың қатар жүретіні белгілі. Жайсыз күндердің уақыты келгенде жайдары жақсы күндермен алмасатынын кім болжаған?! Құдай қосқан қосағының жылын бергеннен кейін Дербісалды ақсақал төсек жаңғыртып, Жамал деген әйелге үйленеді. Қалибек сол кездерді бүгінгі күні «Өнер әлеміне құштарлығымды арттырған жақын үш адам болды. Олар: Мағия, Жамал шешелерім, әкемнің туған інісі Кенжеғали ағам еді» деп сағыныш­пен есіне алады. Жамал Смағұлқызы ұлт ұстазы ­Ахмет Байтұрсынов атамыздың жақын қарындасы болатын. Ол текті жердің қызы екенін танытып, жас Қалибектің маңдайынан сипап, өгейлік танытпай қолынан келген бар жақсылығын жасайды. Кенжеғали ағасы республикалық байқауда жүлделі І орынды иемденген дәулескер күйші болған адам. Ол Қалибек бауырының өнерге қабілетін байқап, оны домбыра тартуға баулиды. 1960 жылы Қалибек Амангелді орта мектебін ойдағыдай аяқтап, 1973 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін қызыл дипломмен тәмамдайды. Сазды әуенге бала күнінен ғашық болған Қалибек мектеп қабырғасында жүргенде саз аспаптарында шебер ойнады. Әсіресе ол қазақтың киелі қара домбырасында, гармон, баянда және басқа да аспаптарда ойнағанда жұртты ерекше күйге бөлеп, олардың жандарын тебірентіп жіберетін. Осы тұста сөзіміз жалаң болмас үшін оқырманға Қалибектің мектеп қабырғасында жүргенде өзінің «Лениншіл» атты алғашқы күйімен республикалық оқушылар байқауында лауреат атанға­нын айта кеткен ләзім. Сондай-ақ оның 1984 жылы Алматы қаласында Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық қобызшылар сайысында 19 қатынасушының ішінен І орынды иемденгенін айта кету де жөн болар. Қалибек Жамбыл қаласында аталған училищеде оқып жүрген кезінде бойын­дағы өнерге деген қабілетін танытып, көркемөнерпаздар ұжымдары арасында қатарынан үш рет Жамбыл облыстық фестивалінің лауреаты атанды. Ол жас сазгер ретінде алғашқы өнер жолын Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» эстрада ансамблінен бастайды. Сол кезде атағы дүрілдеп бүкіл одаққа танылған өнер ұжымында қызмет істеу жас Қалибекке көрсетілген үлкен құрмет еді. Осы құрмет оны 1972 жылы Мәскеу қаласында Қазақ ССР-інің құрылғанына 50 жыл мерекесі құрметіне облыстық Жуалы аудандық «Қызғалдақ» халықтық ансамблінің құрамында өнер көрсетуіне жетеледі. Ол әсем әндерімен жаныңды тербететін шебер орындаушы ғана емес, өзі жазған сазды әуенімен көңіл күйіңді көкке көтеретін сырлы сазгер. Оның «Көктем қыздар» (сөзі Ж.Сомжүректікі), «Ерке құсым», (сөзі С.Тұрғынбековтікі), «Айлы түнде» (сөзі С.Оспановтікі), «Ер Жәнібек» (сөзі С.Тұрғынбековтікі), «Сарыторғайым» (сөзі Ә.Әбілтайдікі), т.б. әндерін тамсанып, таңдай қақпай тыңдау мүмкін емес. Өйткені осы әндер шырқалғанда Торғай өңірінің тамаша тылсым табиғаты көз алдыңа келіп, бойыңда бір ерекше желік пайда болады. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді халық даналығы. Мен танымал әншімін, сазгермін деп сыздауды білмейтін Қалибек өзін өнерге, адамгершілікке, музыка аспаптарының тілін терең меңгеруге үйреткен ұстазы, белгілі музыкант Аманбай Мұқышев ағайын аузынан бір тастамайды. Айт­са айтқандай, шынында да осы кісі Қалибек­­тің ән айту өнерін шыңдап қана қой­­­­май, оның әуезді әуен, әсем әндер шы­­­­­­­ға­ру қа­бі­летінің оянуына үлкен ық­пал ет­­­­­­кен ұлағатты ұстаз. Сондықтан Қалибек ­жүр­­ген ортасында Аманбай Мұқышев ағайын өнердегі мықты темірқа­зы­ғы еке­нін мақтанышпен айтып жүре­ді. Қалибек­тің өмірдегі еңбек жолына те­реңірек үңіл­сек, оның 1973 жылы туған өңірі Торғай облысына оралып, Арқалық қаласының Ш.Уәлиханов атындағы ор­та мектепте ән сабағының оқытушысы болып жұмыс істегенін көреміз. Ұстаздықтан қол үзбей, ол сонымен қатар қалалық «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамында қызмет істейді. Мектепте «Балауса» ән-би ансамблін құрады. Арқалық қалалық мәдениет бөлімінің жанынан «Торғай толғауы» атты халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етеді. Ұстаздық жолындағы істеген еңбегі зая кетпеді. Оған «Қазақ ССР-інің оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» атағы беріледі. Нағыз елжанды азамат, сазгер-әнші, өнер қайраткері Қима аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып істеген жылдары (1980-1982) «Гүлдәурен», туып-өскен жері Амангелді ауданында істеген жылдары (1982-1987) аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі бола жүріп, «Торғай толқыны» атты халық аспаптар ансамблін құрады. Осылай оның бастамасымен құрылған өнер ұжымдарында Торғай өңіріне танымал таланттар тоғысып, бұл ұжымдар облыс және республика көлеміне кеңінен танымал халық аспаптар ансамбльдеріне айналды. Бұл Қалибек Дербісалдиннің шығармашылығындағы және өнер жолындағы ауыз толтырып айтатын жетістігі еді. Осындай игі істерімен көзге көрінген ол 1988 жылы Қазақстан композиторларының VІІІ съезіне делегат болып сайланды. Осы съезд өткеннен кейін оның Алматы қаласында Ш.Қалдаяқов атындағы концерт залында тұңғыш жеке шығармашылық кеші өтеді. Қалибектің қалың тыңдармандары бұл кешті оның танымал қазақ композиторларының алдында берген есебі деп санады. Сол жолы қазақ музыка өнерінің небір саңлақтары торғайлық өнерпаздың талантына тәнті болып, оның шын мәнінде композитор екеніне көздерін жеткізеді. Қалибек Дербісалдин талай жыл танымал еткен еңбегінің арқасында КСРО Композиторлар және Қазақстан Композиторлар одақтарының дипломдарымен марапатталды. Халық шығармашылығының Бүкілодақтық бірінші және екінші фес­тивальдарының лауреаты атанды. Қазақтың саз өнерін дамытуда дамыл­­сыз сіңірген еңбегі үшін оған Елбасымыз­­дың 1991 жылғы Жарлығымен «Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген мәдениет қызмет­кері» атағы берілді. Ол 2002 жылы Ас­тана тұрғындарының алдында Президенттік мәдениет орталығында шығармашылық концертін берді. 2003 жылы қазір өзі тұрып жатқан Қостанай қаласында І.Омаров атындағы облыстық драма теат­рында 50 жасқа толған мерейтойында және шығармашылық қызметіне 30 жыл толуына орай есеп беру концерті өтті. Қалибек Дербісалдин 2007 жылы Ресей­дің Уфа қаласында өткен халықаралық конкурстың лауреаты атанды. 2008 жылы оның шығармашылық қызметінің 35 жылдығына орай, Қазақстан Композиторлар одағы мен Астана қаласы филармониясының ұлт-аспаптар оркестрінің қолдауымен Астанадағы Конгресс-Холл сарайында үлкен кон­церт берілді. Сондай-ақ Астана қаласы­ның тұрғындарының сұрауымен және жерлесіміз марқұм Абай Әмірхановтың мұрындық болуымен 2009 жылы Астана қаласында Қостанай өңірінің қос сазгері Б.Сәуекенов пен Қ.Дербісалдиннің концерттері өтті. «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткен бұл концерттің үлкен аншлагпен өткенін жұрт бүгінге дейін жыр қылып айтып жүр. Қазіргі таңда елімізге танымал сазгердің жазған әсем әндерін Қазақстанның белгілі әншілері Н.Нүсіпжанов, А.Жүсіпбеков, Ж.Махамбетова, Ұ.Айнақұлова, Ғ.Жұмекенова, Г.Хамзиналар үлкен сахналардан тамылжыта орындап жүр. Оның тамаша әндері «Нұр-Мұқасан», «МузАрт» эстрада топтарының репертуарынан тұрақты орын алған. Жоғарыда айтқан жайттарымыздың жемісі емес пе, сазгер Қалибек Дербісалдин 40 жылдық шығармашылық қызметінде 100-ге жуық ән жазып, 6 күй шығарыпты. Бұл әндер оның «Көктем қыздар» (1993), «Домбыра сазы – Ерке құсым» (1993) және «Қимадым ғой» (2012) әндер жинағына енген. Қалибек бұл жинақтардан да басқа 2 кітаптың авторы. 2007 жылы оның «Торғай әуендері» атты Торғай өңірінен шыққан ұлт мақтанышы ­Ахмет Байтұрсынов атамыздан бастау алатын сазгерлердің өмір деректері топтастырылған кітабы жарық көрді. Оның «Айлы түнде» (2003) деп аталатын үнтаспасы әнсүйер қауымның төрінен орын алатыны анық. Осы тұста оқырмандарға айта кетер бір жайт 40 жыл бойына әсем әндерімен елі үшін еңбек етіп жүрген сазгердің Қазақстан Композиторлар одағының мүшелігіне қабылданбай жүргені. Композиторлар одағына мүше болу үшін міндетті түрде консерваторияны бітіру міндет емес шығар. Кеңес үкіметі кезіндегі ондай қатып қалған қағида сол Үкіметпен келмеске кетпеп пе еді?! Қазіргі кезде консерваторияны бітіріп, егде тартқан шақтарына дейін «ышқынып» 1-2 ән шығарып, оларын өздерінен басқа ешкім орындамайтын сазгерлерді де көзіміз көріп жүр. Осы орайда ойыма М.Сервантестің «Адам атаулының ісіне қарап бағалау керек» деген көрегендікпен айтқан сөзі оралады. Қалибек Дербісалдин өмірдегі бақытын өнерінен және Жасаған иеміз жолында жолықтырған сүйікті жары Айша Мәделқызынан тапқан жан. Сол Құдай қосқан қосағымен өмірге Ербол, Бекбол атты ұлдарын әкелді. Қазір олардан өрбіген Жалғасбек, Мирасбек, Аружан атты немерелерін сүйіп отыр. Бұлармен қатар өмірден ерте өткен әкесінің інісі Есеннен қалған тұяқ Жарқынбектің Арман, Лұқпан атты балалары да аталап келіп, мойнына асылады. Бүгінгі күні есімін ел таныған, қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткерлерінің бірі, сазгер әнші Қалибек Дербісалдин Қостанай қалалық мәдениет департа­ментінде қызмет істейді. Қалың тыңдармандарының бірі және адал дос ретінде оны толып отырған асқаралы алпыс жасымен құттықтай отырып, алда талай асуларды ала бер, Қалибек. Қанатың талмасын деген тілегімді арнаймын. Асқарбек Бектемісов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Астана

5054 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы