• Тұлға
  • 08 Қараша, 2012

Тектіден текті туар...

Қазақ тілінің қолданбалы саласы бойынша білікті маман, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың 75 жылдық мерейтойына орай өткізілгелі отырған «Қазіргі қазақ тіл білімі: қолданбалы лингвистиканың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция маңызы зор, тағылымды шара. Конференция барысында талқылануға тиісті көтеріліп отырған мәселелердің қай-қайсысы да бүгінгі ақпараттық технологиялар заманынының талабына лайық өзекті әрі қажетті тақырыптар. Мәселен, Тіл біліміндегі дәстүрлі және қазіргі қазақ тіліндегі жаңа бағыттардың өзекті мәселелелері: антропоөзектік, когнитивтік, коммуникативтік, функционалдық, т.б.; Қолданбалы тіл білімінің жаңа салалары: мәтін (текст) лингвистикасы, математикалық және статистикалық лингвистика, компьютерлік лингвистика; Корпустық лингвистика және қазақ тілінің ұлттық корпусын құрудың ғылыми-теориялық тәжірибесі; Тілдік бірліктерді моделдеудің әдіс-тәсілдері және қазақ тілінің компьютерлік қорын (базасын) құру мәселелері; Автоматты аударма және ақпаратты-іздеу жүйесі; Тілді зерттеу мен үйретудегі инновациялық технологиялары. Бұл арнайы алты бағытқа бөлініп, қарастырылатын өзекті де соны мәселелердің конференция барысында түйінді шешімін табатынына сеніміміз кәміл.  Бастысы, осы игі іс-шара­ның себеп­кері – Асқар Құдай­бер­ген­ұлының тұлғалық келбетіне тоқталып, оның шыққан тегінің негізіне үңілгенді жөн санадық. Қазақты «қазақ болғалы сөз баққан жұрт па» дерсің... Өйткені бабалардан жеткен даналық сөздердің мағыналық төркініне үңілсең, әрбір сөзі – философиялық мәнге ие. Атап айтсақ, адамның қасиеті мен тегі туралы: «Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар, Тектілігі тектінің биіктен көрініп тұрар» деген қанатты тіркестердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тағылымдық мектепке айналғаны қашан! Шындығында, жақсы әке ұрпағына мәңгілік рухани азық па дерсің, «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегенді де қазақ айтқан. Осы сөзіміздің айғағы жиырмасыншы ғасырдың тарихи тұлғасы лингвист-ғалым, ұлт мақтанышы – Жұбанов Құдайберген Қуанұлы. Әулет шежіресіне сүйенсек, Құдайбергеннің әкесі – Қуанның, атасы – Жұбанның дүниеге келуінің өзі қилы оқиғаға толы өз алдына бір тарих. Бұл күні есімі түркі жұртына мәшһүр Құдайберген Қуанұлын білмейтіндер біздің елде кемде- кем шығар-ау! Иә, ғалымның еңбектері 1937 жылдан кейін жарық көрмей, 20 жыл бойы жұртшылық назарынан сырт қалып келгені ащы да болса, ақиқат. Тек 1957 жылы 3 қазан­да КСРО Жоғарғы со­ты әске­ри алқасы­ның шешімімен Құ­дайберген Қуанұлының азаматтық құ­қы қалпына келтіріліп, ғалымның қазақ тілі жөніндегі зерттеулерін оқыр­ман қауымына ұсынуға мүмкіндік туғаны бүгінгі уақытта барша жұртқа мәлім. Тұлғаның өмірі мен шығармашылығын зерт­те­ген алғашқы жұбановтанушы, академик Рәбиға Сыздықтың сөзімен айтсақ: «…­өзінің табиғат берген бітімімен, Алла тағала сыйлаған ақылды-парасаттылығымен, үлкен таланттылығымен, ата-анасы мен тәрбиесінен келген қабілеттілігі­мен, алған білім-танымымен елден ерек тұрған біртуар (феномен) тұлға». Ол өзінің қысқа ғұмырын­­да ғылым үшін аса құнды, маңызы зор клас­си­калық зерттеулерін мирас етіп қалдырған әмбебап ғалым, қазақтың маңдайына туған қайсар ұл. Құдайберген Қуанұлы қазіргі Абай атындағы Қазақ педа­гогика­лық институ­тының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы­ның мең­герушісі, Халық ағарту комиссариаты алқасының, Ұлттық мәдениет институтының Ғалымдар кеңесінің мүшесі, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалы ғылыми кеңесі мен прези­диумының мүшесі, Әдістеме, бағ­дарламалар мен оқулықтар секторының меңгерушісі, Халық комитетінің оқу-әдістемелік кеңе­сінің Тіл және әдебиет секторының жетекшісі, Республика­ның мемлекеттік тер­минологиялық комиссиясының ­Ахмет Байтұрсынұлынан кейінгі тө­рағасы, Бүкілодақтық жаңа әліпби орталық комитетінің мүше­сі, ҚазОАК-нің мүшесі болған. Осыншама ғылыми, мәдени-әлеуметтік маңызы зор міндеттер мен жауап­ты қызметті атқара жүріп, терең, іргелі зерттеулерді қатар жүргізіп отырғанына қайран қаласың, мақтан тұтасың, үлгі етесің. Қазақ ұлттық ғылымының, оның ішінде Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ілімінің қос бәйтерегі деп танылған Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Қуанұлы хақында заманында түрлі пікірлер айтылды. «Тарих – таразы, уақыт – төреші» демекші, қос тұлғаның қазақ халқының мүддесі үшін «малын – жанының, жанын – арының садағасы» тұтқан толайым тағдырлары артындағы ұрпақтарымен қайта қауышты. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» деген бабалар сөзі текке айтылмаса керек. Ұлтымыздың тарихи тұлғаларының тектілігі қашанда халыққа үлгі, ұрпаққа өнеге боларын тарих сарапшы өзі екшеп берді. Қазақ ұғымында тектілік – адамның бойына ата қанымен, ана сүтіменен даритын ізгі қасиеттер санатынан орын алады. Құдайберген Қуанұлы мен Раушан Оспанқызының жалғасты ұрпақтары: Мүслима, Ақырап, Есет, Қызғалдақ, Қырмызы, Асқар Жұбановтар бұл күні қазақ қоғамына танымал тұлғалар, әрқайсысы өз ісінің білгір маманы бола білген дарын иелері. Өкінішке қарай, артында қалған алты бала сол кезеңдегі Кеңестер Одағының солақай саясатының салдарынан әкелерінің ыстық алақаны мен таудай қамқорлығын толыққанды сезініп, көре алмады... Балалардың тұңғышы Мүслима 12 жасқа толса, соңғы тұяқ Асқар дүние есігін енді ашқанда, қайран әке жазықсыздан-жазықсыз «халық жауы» деген жалған жаламен тас түрмеге тоғытылды. Араға талай жылдың жүзін салып, әкелерінің тауқыметті тағдырын білудің мүмкіндігі туды. Ал жасы қырыққа жетпей, Кеңестер Одағының содыр саясатының құрбаны болған Құдайберген Жұбанов өзінің бауыр еті баласының өмірге келгенін білгенімен, мұсылмандық жолмен азан шақырып, атын қойып, шілдехана жасауды, тағдыр оған бұйыртпапты... Басына түскен қасіретке көнген Раушан ана, алты құлыншағын дәтке қуат етіп, әулеттің отын өшірмеген. Атам қазақ «Ат тұяғын тай басар», «Орнында бар оңалар» деп, қандай қайғы болмасын, қашанда артын күткен шүкіршілі­гі мол, қанағатшыл халық қой. Әкеден тірідей жетім қалған балалардың несібесін әуелі Құдай, онан соң жанашыр ағайын мен Құдайбергеннің көзін көрген саналы қазақ «Құдайберген Қуанұлы ұрпақтарының өсіп-жетілуіне тілектес болды». Әрі шейіт кеткен әке рухы да балапандарын айналып өтпесе керек. Тұңғышы Мүслима әке жолын қуып, педагог болды. Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғысы соған ереді дегендейін, барлық бала жұрт жұмысына жаралғандай халық ағарту ісі саласынан табылып жатты. Ұлдың үлкені Ақырап – суретші, Есет – филолог, Қызғалдақ – экономист, Қырмызы – шетел тілі маманы, Асқар лингвист болып ұлтына қызмет етті. Қыздар тұрмыс құрып, ұлдар өз алдына үй болып, Құдайбергеннің әулетін жалғастырды. Тағдыр талайдың сынына сан мәрте түсіп, тезіне ысылған балалар есейгеннен кейін әке мұрасының нағыз жанашырларына айналды. ХХ ғасыр басындағы ұлттың үнпарағына айналған «Қазақ», «Алаш», «Еңбекші қазақ», «Кедей теңдігі», тағы басқа басылымдарда жарияланған әртүрлі өзекті мәселелерді көтерген әке мұрасын, мақалаларын мұрағаттардан іздеп тауып, тіпті жарық көр­меген кейбір қолжазбаларын жинаған. Тір­­­нектеп жинақтаған материалдардың 1966 жылы «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деген атпен жарық көруіне ұйытқы бола­ды. Ғалымның тоқсан жылдық мерейтойын­да тұңғыш толық шығармаларының жинағы жарық көрсе, ал 1999 жылы жүз жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтөбе университетіне Құдайберген Жұбановтың есімі беріліп, сол оқу орнының алдынан ескерткіш ашылды. Бұл күні ғазиз ана Раушан да, онан туған Мүслима, Ақырап, Есет, Қырмызы да өмірден озды. Бірақ шүкіршілік қай-қай­сысынан да артында ұрпағы бар өнегелі от­басылар. Тек қыршын жасында дүниеден оз­ған Қырмызының бүр жара алмағаны жан­­­ға батса да, пенделердің пешенесіне жазыл­­­ған тағдырды кім өзгерте алған?! Ал осы әулет­тің кенжесі, Құдайберген Қуанұлының қа­­­р­а шаңырағының түтінін түтетіп, өрендерін өсіріп, тәрбиелеуші ардақты әке, сүйікті жар, сонымен қатар 1971 жылдан бері қыз­­мет істеп келе жатқан ұжымының құрметті профессоры Асқар, Асекең жетпістің бесеуі­не шығып отыр. Жалпы Жұбановтар әулеті­нің өмір соқпағындағы қилы-қилы тағдырла­ры қиындыққа толы болғанымен, қа­зақ қоғамына өнеге боларлық толайым тағ­дыр. «Әке көрген оқ жонар...» деген қағида­ны өмірлік ұстанымына айналдырған Асекең, Құдайберген Қуанұлының шығармашы­лық мұрасын тікелей жалғастырушы һәм бүгін­гі заманауи озық технологияларға ықшамдап бейімдеуші білікті маман. Асқар Құдайбергенұлы бүгінгі жаһанда­ну заманының талабына сай қоғамға ең керекті, өзекті мәселелерді көтеріп жүрген еңбекқор жан. Асекеңе ұлт мүддесі үшін жасаған еңбегінің өтілін – бүгінгі өзі баулып, тәрбиелеп отырған жас мамандары мен ұрпақтарының келешек өмірінен көргей деп тілейміз. Лайым, ұрпақ тәрбиесінде қазақы болмысты негіздеуші білікті мамандарымызды қадірлеп, құрметтей білейік, ағайын! Құтты болсын, жетпіс бестің белесі, Тоқтамасын өмір-өзеннің ақ кемесі. Жыр Жамбылдай жүз жасыңды көрейік, Мерейтойларды тойлауменен келесі! Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, халықаралық бизнес университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

7229 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы