• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2012

Ұлағаттылық негізі – ұлттық тәрбие немесе қазаққа қажет кітап

Ақтөбелік авторымыз Қанатбай Елеусізұлының «Сағыныш» атты кітабынан үзінділерді биылғы жылы газетімізде жариялағанбыз. Кітап әкенің ұлына жазған хаттарынан құралған. Онда хат иесі перзентіне ұлтты, елді қадірлеп, құрметтеуге қатысты ақыл кеңестерін айтады. Біз төменде осы кітапқа байланысты жазылған газет оқырманының пікірін көпшілік назарына ұсынып отыр­мыз. Әшейінде «Ең киелі кітабым бар, ол – Құран, Ата-дәстүр сарқылмайтын мол мұрам, «Қазақстан деген елдің Иесі – Тек Қазақ!» деп күмбірлейді домбырам» деп жүріп, бүгін мына кітапты оқып шыға сала, әлқиссасын «Қазаққа қажет кітап» деген сөзбен бастауымызға не себеп? Өйткені бұл кітап бүгінде басшыларының да, қосшыларының да бүкіл мінез-құлқы, бүкіл қам-қарекеті күнделікті күйкі тірлікке, ең әрі кеткенде бір күнгідей болмай зу етіп өте шығатын осынау алдамшы, жалған дүниеде қатын-баласына қара ормандай мол байлық жинап беруге бағышталған, бірақ ұлттық сана, ұлттық намыс, ұлттық болмыс дегеннен күннен-күнге алыстап бара жатқан толып жатқан қазақтар сол қу тірліктен сәл қолы босағанда күндіз қолтығына қысып жүріп, түнде жастанып жатып оқитын кітабы деуге тұрарлық. Кітап әдебиет тарихында бұрыннан да бар хат жазысу, хат арқылы тілдесу, пікірлесу, ойласу, ақылдасу, көзқарас білдіру тәсілімен (эпистолярный жанр дейміз ғой!) жазылған. Бұл кітапты әкенің ұлына айтар үлгі-өнегесі, әкелік ақыл-кеңесі арқылы ұрпағын ұлтын сүюге, қазағын сүюге тәрбиелеудің бір тәсілі десек те болады. Тіпті қазір мектептерде жүргізіліп жатқан «тәрбие сағаты» пәніне бұл кітапты қосымша оқулық ретінде оқытса да артық болмас еді. Бұл бір ғана Қанатбай Елеусізұлының емес әрбір әке-қазақ, ата-қазақ өзінің өмірге енді ғана қаз-қаз басқан қарғашының санасына сіңіруге жасалған ұлы да ұлағатты іс десек те болады. Қайтейін жүрмеген соң жанға байлап, Алыс та кеттім одан арман айдап, – деп «Анама» деген өлеңінде періште көңіл, пәкизат жүрек Төлеген ­Айбергенов айтқандай, арман айдап шет жұртқа оқуға кеткен ұлына арналған 22 хаттан тұратын бұл кітап Қанатбайдың тек ұлына емес, осы күні шетелде де, өз елінде де оқу оқып, еңбек етіп, «Бисмиллаһи» деп үлкен өмір табалдырығын аттаған әр қазақ жеткіншегіне арналған үлкен дүние тақылетті. Басқаны қайдам, қазір әр қазақ ұлтының жағдайын емес, қара басының қамын көбірек ойлайтын заман туып тұрғанын жасыра алмайсыз. Ал бұл кітаптың «Байыңдар! Байлыққа ұмтылыңдар!» деген көргенсіздік ұран тасталған бүгінгі қоғамнан да, соны ту қып көтерген «кәсіпкерлік» шығармалардан да озықтығы сол, мұнда азамат әке-Қанатбай ұлына ең әуелі өз ұлтыңның, қаза­ғыңның кем-кетігіне ортақтасатын, қайда жүрсең де ұлтың үшін ұдайы жаның сыздап жүретін азамат бол дейді! Ол үшін... Иә, ол үшін кім-кімге де арғы-бергі тарихтағы озық ойлы данагөйлерден, ақылы асқан абыздардан қалған, солардың ғасырлар бойы адамзаттың жансусынына айналған асыл сөздерін білудің маңызы аз емес. «Сағынышты» оқи бастағанда әуелі, несін жасырайық, автор бүкіл адамзаттың Алла жіберген бірегей ақылманы, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бас­тап, әл-Фараби, Аристотель, Конфуций Анахарсистің, өзге де ғұламалар мен данагөйлердің, олардың бер жағындағы Абай, Шоқан сияқты даңқты ілім-білім иелерінің өмірі туралы белгілі-белгілі жағдаяттар мен деректерді неге қайталаған деген де дүдәмал ойға берілген сәттеріміз болды. Сөйтсек, олардың өмірінен келтірілген деректер мен сол ғұламалар айтқан әр сөздің астарында әрбір ойлана білетін ұрпақтың өзі мәнісіне терең бойлап барып түсінетін баға жетпес қазына жатқанын көруге болады екен. Қалай десек те, Қанатбай Елеусізұлының «Сағынышы» осы күнгі кез келген «өркениетті» тәрбиеден» оқ бойы озық тұрған, олардан әлдеқайда шоқтығы биік, адамгершілік, тілдік, тұрмыстық, тіпті бір-бірімізбен сөйлесу тәрбиесі сияқты сан-салалы тәрбиені қамтып жатқан өзгеше дүние. Ең бастысы, бұл – ұлттық болмыспен біте қайнасқан дүние! Осы ретте кітаптағы «Төртінші хаттан» сәл үзінді келтірейік: «Нұрханжан, ұлтым ұлықтансын, өркендесін десең, есейе келе өз ұлтыңның өкілі есебінде ұлтыңа бар хал-қадарыңша қызмет жаса. Тіпті қызмет жасау қолыңнан келмесе, оған зиян жасама! Ұлттың киесінен сақтан, ана тіліңді ұмытпа, қадірле. Қайта қазақ деген халықтың тілі дүниядағы ең бай тіл деп мақтан!» дейді Қанатбай шетелде оқып жүрген өркені Нұрханына! Тебіренбей, толқымай көріңізші! Осындай сай-сүйегіңді тебірентер сөздерді осы күні баласы шетелде оқып, қызы шетелдікке қатын болып қалып жатқан қай шонжар, қай шенеунік айтыпты? Дәл осылай әке арманын ұлт арманына айналдыра отырып, ұлтым деп еңірегенде етегі толып қай министр, қай шенеунік, қай әкім шетелдегі баласына хат жазыпты? Оны кітап қып шығарып па? Жоқ! Мұны арғы ата-бабасы ер Едігеден, Ресейдің төбесіне ту тіккен Орақ-Мамайдан, Қарасай-Қазидан басталатын әулие Мөңке бидің ұрпағы Қанатбай Елеусізов жазып отыр. Ал Қанат­бай күні кешеге дейін бірнеше басшы қызметте болған, Ақтөбенің екі ауданын басқарған әкім десең әкім, шенеунік десең шенеунік. Ол қазір де мемлекеттік қызметте үлкен бір мекеменің тұтқасын ұстап отыр. Әсілі, «тегінде бар тек тұрмас» деп дана қазақ айтқандай, егер сенің ата-бабаң арманы асқақ, рухы биік, өркеуде, ержүрек болған болса, ол қасиет талай ғасырлар өтсе де сенің қаныңда тулап жатады екен-ау. Әйтпесе, не тіл намысы, не діл намысы жоқ толып жүрген тексіз министр түгіл қай алпауыт компанияның түрі қазақ, тілі басқа, ұлтына жаны жат қай мәңгүрті осындай қадамға барғанын көрдіңіз. Көрген жоқсыз! Осы кітапты оқи отырып: әсілі, балаңа берер тәрбиені оған ең әуелі, ата-баба дәстүрін сіңіруден бастау керек екеніне көзіміз жете түскендей болдық. Әлгінде бұл кітапта ұлттық тәрбиенің сан-саласы қамтылған дедік. Шығыстың бір ойшылы былай деген: «Алла бұйыртып, бір азамат бүкіл әлемнің үніне, бүкіл әлемнің азаматына айналса, ол бұл абырой-атаққа әуелі өз ұлтының үні, өз ұлтының тілі, ең әуелі өз ұлтының азаматы болу арқылы ғана жете алады» депті. Осындайда қанша жерден небір өкпе-назымызды білдіріп жатсақ та, Елбасымыздың ең әуелі қазақ тілінде таза сөйлейтіні, күмбірлетіп домбыра тартып, қоңырлатып халық әндерін орындайтыны, сөйтіп-ақ бүгінде әлемге әйгілі үлкен саясаткер болғаны есімізге орала береді. Қанатбайдың бұл кітабында да ұлын, ұрпағын ең әуелі әлгі шығыс ойшылы айтқан ұлы қағидамен тәрбиелейтін мысалдар, қысқа уақиғалар өте жиі кездеседі. Тек үлкен сыйлау, ата-ана сыйлауға келгенде исі мұсылманның, қазақтың ұлттық тәрбиесіне тәрбие жетпейтініне кітапты ет жүрегің езіле отырып оқығанда тәнті бола түсесің. Сосын «Қазақ ықылым заманнан бері мың өліп, мың тіріліп келе жатқанда, осынау ұлы да ұлағатты ұлттық тәрбиенің тәртібін берік сақтау арқылы ғана аман қалып келді-ау» деген ойға кетесің. Өйткені бүгінде ұлттық тілден де, ата-бабаның салт-дәстүрінен де, қазақы тәрбиеден де мақұрым болған, шетелдің азғындық фильмдері мен небір жабайылық үрдісімен көзін ашып, тілі орысша шыққан жас ұрпақты көріп, өз ұлтыңның ертеңі не боларын ойлағанда зәре-құтың қалмай қорқасың. Қара уайымға батасың. Ал олар мұны уайымдамақ түгіл, өздерін «светское обществомыз» деп арсалаңдап жүргенін көріп, дүнияда ең қауіпті адам ­уайым-қайғысыз адам ба деп те қалады екенсің. Абай бейбақ: «Уайым – ер қорғаны есі барлық» десе, Әбубәкір Кердері: «Азамат ерлер қартаяр, қайғы-қасірет уайымнан» дегенде осындайлардан безініп айтты ма, кім білсін! Қарап отырсақ, біз ұл-қызымыздың болашақ жар таңдауы да олардың өздерінің де қандай тәрбие-тәліммен көгеріп-көктегеніне тікелей байланысты екенін естен шығарып алдық. Дискотекада бел омыртқасы үзілген әлдебір мақұлықтарша ирелеңдеп билеп жүріп, не кешкі кафеде сарысу құйылған саптаяқтан сіміріп қойып, темекінің көк түтініне көміліп отырып таныса сала жақын маңнан табылған тар төсекке ұмар-жұмар құлай кетіп «үйленетін» ұрпағымызға қымбат көліктерден «керуен» тізіп, ұлан-асыр той жасаймыз. Көп ұзамай... Аржағы көп жағдайда не болып жатқанын айтып тауыса да алмас­пыз. Атам қазақ «анасына қарап қызын ал» дейді. Қазіргі қазақ жастары ата-анасының байлығының көлеміне қарап үйленеді. Оның көбінің «арты қайырлы» болып жатқаны да шамалы. Болашақ шаңырақ иесі –ұлының өзіне өмірлік серік таңдауына ең әуелі әкесі мен анасы жол көрсетіп, жөн сілтеп отырса, одан пайда болмаса, зиян келмейді. Әке-Қанатбай ұлына жазған хатында мұның айна қатесіз үлгі екенін жеріне жеткізе, нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Ұлағат айтады. Болашақ жарың сенің пейіліңе лайық ата-ана тәрбиесін көрген текті қыз болсын дейді. Егер нақты дәйекпен, дәлелмен өрнектемесең, бұл да бір құрғақ ақыл болар еді. Ал ел басқарған Қанатбай, ұстаз-әке Қанатбай осының бәрін небір ұлттық тәрбие-тәжірибелерден, ата-бабалар өмірінен, өзінің көрген-білгенінен мысалдар келтіре отырып тағлимат етеді. «Сағыныштан» бұдан әрі мысал келтіре бермей-ақ қоялық. Ұрпағына ұлттық тәрбие берем деген қазақ бұл кітаптан оның талайын тауып, кәдесіне жаратарына сөз жоқ. Бар айтарымыз ататілек деп те, ұлағатнама деп те атауға әбден лайық бұл еңбек ұлттық тәрбиенің арғы-бергі үлгілерін өз ұлына хат арқылы өзгеше бір өнегемен ұғындыра отырып, бүгінде жаһандану-глобализация деген жалмауыз жағасына басқалардан гөрі қаттырақ жармасып тұрған ұлтымызға, өте қажетті де қастерлі дүние екені ғана. Бүгінде қоғамдық өмірімізге, мемлекетімізді нығайтуға өте қажетті бола тұра елеусіз қалған, ұрпағымызды көпұлттылық деп аталатын қолдан жасалған қойыртпаққа батырудан аман сақтайтын қазақтың ұлттық тәрбиесін паш ететін мұндай дүниені билік тізгінін ұстаған азаматтардың ешбірінен естімесек, солардың ішінде Қанатбай Елеусізовтей ұлтым дегенде жүрегін жалау етіп беруге дайын жігіттердің аз да болса бар екендігіне қуанамыз. Көңілге медет тұтамыз. Кенжемырза САХИҰЛЫ

4739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы