• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2012

Ашаршылық – қазақ халқының қасіреті

IMG_9933Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының мәжіліс залында Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы мен «Нұр-Отан» ХДП-ның қолдауымен «1931-1933» жылдардағы Қазақстандағы аштық себебі мен салдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция жұмысына белгілі тарихшылар, ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.  Жиын басында режиссер Еркін Рақышевтің «Ашаршылық» атты деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды. Режиссердің айтуы бойынша, фильм Үкіметтің тапсырысы бойынша түсіріліпті. Тұсаукесері жылдың соңына жоспарланып отыр екен. Туынды ашаршылық жылдарындағы жағдайды айна қатесіз бейнелеуімен ерекшеленеді. Қазақ халқының басына төнген алапат жағдайды, ондағы күресті паш етеді. Конференцияға Украина Жоғары Ра­дасының депутаты Олесь Доний қатыс­ты. Олесь Доний Қазақстандағы ашаршылық пен Украина еліндегі ашаршылықты салыстыра келіп, екі елдің басынан өткен қайғылы оқиға қос халықты жақындастыра түскенін айтты. Оның пікірінше, бұл ашар­шылық тәуелсіздікке ұмтылған, тәуелсіздік үшін күрескен халықтарға қарсы жасалған, әдейі ұйымдастырылған әрекет. – Қызыл империяның озбыр саясаты біздерді тек рухани емес, физикалық тұрғыдан жойып жібергісі келді, – деді. Украина азаматының бұл сөзіне қатысты тарихшы Талас Омарбеков өз уәжін айтты. Ол Қазақстандағы ашаршылықтың Украинадағы ашаршылыққа қарағанда өз ерекшелігі барын ескертті. Украинада Қазақстандағыдай босқыншылық болмағанын, байлардың малын кәнпес­келеу жүргізілмегенін нақты тарихи дәлелдер арқылы түсіндіріп өтті. – Біздің ең басты қасіретіміз осы босқыншылықпен байланысты, – деп сөзін жалғастырған Талас Омарбеков ашаршылық жылдарындағы қырылған қазақтар мен шетелдерге босып кеткен қазақтардың санына тоқталды. Тарихшы мына бір мәселені ерекше назарға алды. Қазіргі таңда ашаршылық деректері әртүрлі жазылып жүр. Осыған байланыс­ты ол ашаршылыққа қатысты деректердің мұрағат құжаттарында, сол кездегі жазбаларда нақты көрсетілгенін, сондықтан бұл мәселеде зерттеушілердің ең алдымен мұрағат фактілеріне сүйенуі керектігін білдірді. Талас Омарбековтің келтірген деректері бойынша, 1931-33 жылдардағы қырылған қазақтардың саны 2 млн. 200 мыңнан асып жығылады екен. Ал бұған 1920 жылдардағы ашаршылық құрбанда­рын қосатын болсақ, бұл сан 4 миллионға дейін жетеді. Тарихшы Қайдар Алдажұманов ашар­шылық жылдарына қатысты деректерді іздестіруге байланысты кезінде нендей жұмыстар жасалғанын хабардар етті. Мұндай деректер Кеңестік кезеңде құпия сақталғанын, отандық тарихшылардың онымен танысу мүмкіндігі болмағанын, сол себепті тарихтағы ақтаңдақ беттердің шындығына жету қиынға соққанын айтты. Тек Кеңестік Одақтың күйреуімен ғана ұлттық трагедия шындықтарын ашу, білу мүмкін бола бастады. Құпия жайлар ашылды. Қайдар Сейсембайұлы өз сөзінде ашаршылық мәселесінің қазіргі таңдағы зерттелуіне көңілі толмайтындығын білдірді. «Ашаршылыққа байланысты еңбектер, ғылыми-зерттеу жұмыстары көбіне-көп бір-бірін қайталайды, тың деректер аз» деп қынжылыс білдірді. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиев ашаршылыққа қатысты қазақ зиялы­ларының жүргізген күресіне тоқталды. «Егер де Кеңес өкіметі Алаш қайраткерлерінің бағдарламасына құлақ түргенде, бұл ашаршылықты айналып өтуге болатын еді» деген пікір білдірді. Тарихта сол кездегі режімге қарсылық көрсеткен күшті топ болғанын, бірақ олардың мақсат-мұратта­ры орындалмағанын қаперге салды. – Большевиктік билік қазақ халқының ұлттық ерекшелігін, тарихи әлеуметтік даму жолын мүлдем жоққа шығарды. Ол өз реформасы мен жоспарын ғана іске асырумен айналысты. Басқа нәрсеге соқыр болды, – деді тарихшы. Ашаршылық тақырыбын «Ақбоз үй» романына арқау еткен жазушы Смағұл Елубай «Елімізде ашаршылық құрбандарына арналған тарихи мемориалды кешен салу қажет» деді. Ол жерге кірген адам шыққанда көзінен жасы мөлтілдеп шығатындай болуы керек. Оны жасау аса қиын дүние емес екенін, бұл мәселені Елбасыға да айтқанын жеткізді. – Міне, осындай қорытындыға келмей, ашаршылық жайлы әңгімеге біз ешқашан нүкте қоя алмаймыз, – деді жазушы. Жиында сөз сөйлеген Сапабек Әсіл, Бейбіт Қойшыбаев, Әзімбай Ғали, Светлана Смағұлова, Шәмек Тілеубаев, ­Айдос Сарым сынды саясаттанушы, тарихшылар да өз пікірлерін ортаға салды. Конференцияның соңында күн тәртібінде­гі мәселенің қарары қабылданды.

6839 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы