• Ақпарат
  • 22 Желтоқсан, 2012

Адамға лайық жол біреу, ол – әділдік

нурмуханОл кісімен кездесуге келе жатқанымда іштей қобалжыдым. Өйткені кейіпкерімнің қазақ журналистикасы ардагерлерінің бірі екенін, қарымды қаламгер, жалынды публицист, білікті редактор екенін жақсы білемін. Оның үстіне шығармашылығы туралы баспасөзден оқығаным бар, естігенім бар Нұрмахан Оразбекпен емен-жарқын оты­рып сұхбаттасудың өзі журналистикадағы бір мектептен өткендей әсер қалдырары сөзсіз. Ал сол сәттің кезі келіп, уақыты өзінің айтуымен белгіленгенде қояр сұрақтарымды әзірлеп, дәптерімнің бір бетін толтырып-ақ тастадым. Өйтуіме себеп болғаны – ол кісінің алдына барғанда тосылып қалмайын деген дайындығым ғой баяғы.  Нұрмахан ағаның үйін оңай таптым. Мұны өзімше жақсылыққа баладым. Көздегенім – сыр-сұхбат. Оған ағамыз қалай қарар екен? Алдын ала телефон шалып келіскен бір басқа да, көзбе-көз көргендегі жағдай бір басқа ғой. Көңілім «көпті көрген абыз ағамыз қойған сауалдарымды жақтырмай есік жақты нұсқай ма» деген де ойдан толық арыла алмай тұр. Есікті өзі келіп ашты. Үстінде шапаны бар, аспай-саспай жүріп келеді. Қол алысып, амандық сұрасқан соң, отыратын орнымды нұсқады. Өзі де барып үстелінің жоғары жағына таман жайғасты. Мен келгенше деп пе, әлде өзінің күнделікті жасайтын әдеттегі істерінің бірі ме, жазу-сызу жұмыстарымен шұғылданып отыр екен. Оны үстелінің үстінде шалқасынан ашылып жатқан дәптерінен және сол дәптерінің алдына ұқыпты етіп қойылған парақтарынан байқадым. Дәптерінде маржандай әріптерімен тізілген жазулар. Бәлкім, ағамыздың кезекті кітабына арқау болар дүниелері шығар деймін. «Иә, не болып қалды, мені сонша із­деп?» – деді ағамыз бірден іске кірісіп. Сөзі­нен «сұхбатқа дайынмын, сұрақтарыңды қоя бер» дегендей сыңай байқалады. – Өзіңізге бір сәлемдесіп, реті келіп жатса сұхбат алу да көптен ойымда жүр еді, – дедім іркілместен. – Сұрақтарың дайын ба? – деді қайтара сауал тастап. Дәптерімді ашып жіберіп, әзір тұрған сұрақтарыма көз тастағаным сол еді, басы­ма ең алдымен ағаның өмірбаянын қысқаша болса да сұрап алуды жөн көрген ой сап ете қалды. Өйткені ол кісінің қайда туғанын, қандай жердің ауасын жұтып, суын ішкенін, қандай қызметтерде болғанын өз аузынан есту өнегесі мол, ғибраты бөлек сыр ғой. Нұрмахан аға терең ойға бата отырып, сөзін бастап кетті. – «Апа» дейтін едім әкемнің ең үлкен жеңгесін. Сол кісі маған бір ашуы келгенде, «Сен шешеңді жалмап туғансың» дейтін. Қимылым, жүріс-тұрысым болбырлау болатын, шапшаң емес едім. – Сөздері салмақты, дауысы ашық екен. – Анам мен туғаннан кейін науқастанып қалыпты. Дерті дендеп, қатты ауырған. Мен бірге толған шамаларда, біржола төсек тартып жатып қалыпты. Ол кезде ем көрсете қояр дәрігер де табылмады. Кейін сұрастырып білсем, анамды алып кеткен «жылан көз» дейтін ауру екен. Орысша айтқанда «костный туберкулез». Содан әкемнің үлкен жеңгесінің қарауында қалдым. Соғыстың кезі. Көп ұзамай әкемді майданға алып кетті. Ол кездегі тәртіп бойынша соғысқа туған жылына қарай алушы еді, әкемнің жасы ол мөлшерге сәйкес келмесе де, бәрібір алып кетті. 1942 жылдың наурыз айы болатын. Шешем сол жылы қыркүйек айында көз жұмды. Жағдай қиын еді. Тұрмыс та қайбір оңып тұр дейсің. Ауылымызда тұз тапшы болып, жұрттың қатты қиналғаны есімде. Апамыз бір күні: «Тұз тауып әкелдім. Сендерге ешкі сүтінен жұқпа жасап бере қояйын» деп қуантты. Өзінің баласы немере ағам екеуміз сол жұқпаны жеп бір күн жаттық ауырып. Сөйтсек, апамның «тұз» деп тауып әкелгені минералды тыңайтқыш екен. Соғысқа аттанып кеткен әкемнің барған жері – Ворошиловград, қазір Донецк деп аталады. Әкем серіктестерімен ол қалаға жеткенше қаланы бір-екі күн бұрын немістер алып қойған екен. Олар барған бойда тұтқынға түскен. Содан Германияның солтүстігінде болған. Кейіннен ағылшындар босатқан. Соғыстан қайтып келе жатқанында, бірден үйге жібермей, Свердловск қаласында екі ай жұмыс істеп, көмектесіңдер деп тағы алып қалыпты. Екі ай өткен соң бастығына барса «Ештеңе білмеймін, мен сендерді жұмысқа алғанмын» деп үйге жібермей қойыпты. Әкем Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі Айнаш Оразбаеваның қайта-қайта хат жазуымен елге 1947 жылы бір-ақ келді. Өзім мектепке кештеу бардым. 1945 жылы. Қаріптерді тез үйреніп, ол кезде латын әліпбиі де бар еді, тез жаттадым. Бірінші сыныптан бастап мектеп кітапханасына үйір болдым. Өсе келе мектептің қоғамдық істеріне белсене араласа бастадым. Қабырға газетінің редакторы болдым. 1955 жылы мектеп бітіргесін, тың көтеру деген ұран басталып, соған барамыз деп, құрылысқа кеттік. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының құрылысын салуға қатыстым. Қостанай облыстық комсомол комитетінің Құрмет грамотасын алдым. Нұрмахан аға әңгімесін кеңінен тарқата бастағанда, әсерлі де әдемі әңгімеге елтіп, дайындап келген сауалдарымды да ұмытып кетіппін. Бірақ соған бола ол кісінің тұшына айтып отырған әңгімесін бөлгім келмеді. Тыңдай түстім. – Содан КазГУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 5 курста жүргенде «Жетісу» газетінде корректор, «Қазақ әдебиеті» газетінде фотокорреспондент болдым. Оқуды бітірген соң, Жезқазғанға барып ауданаралық газетте жұмыс істедім, Түркістан аудандық газетінде жауапты хатшы болдым. 1965 жылы Алматыға қайта келіп, «Лениншіл жас» газетінде, одан кейін Комсомолдың Орталық Комитетінің баспасөз секторында жұмыс істедім. Ол жерде екі жылдан аса жүрсем де, одан кейін қайтып әкімшілік жұмыстарға барған жоқпын. Қызметке ұсыныстар болды, бірақ «өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істеймін» деп одан бастарттым. 1973 жылы партия тарихы институтының марксизм-ленинизм классиктері шығармаларын аудару секторының аға ғылыми қызметкерлігіне шақырту алдым. Бұл тұста сектор «КПСС съездерінің, конференцияларының, пленумдарының қарарлары, қаулылары, шешімдері» деген сегіз томдық жинақты баспаға дайындап жатыр екен. Мен жұмысқа кіріскен тұстағы томдар негізі қазақшаға аударылып, жарияланған құжаттар болатын. Бірақ бәрібір редакциялау керек. Кезіндегі асығыстықтан кеткен кемістіктер, тіпті жаңсақтықтар болды... Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешіміне орай оқуға кетем деп жүргенде бұл шешім өзгеріп, ҚазТАГ-тың бас редакторы қызметіне тағайындалдым. ҚазТАГ-тың директоры – Қасым Шәріпов ағамыз. Сөйтіп, не керек, жұмыс басталды. Шаруа бастан асады. Таңертеңгі сегізде Мәскеумен байланыс ашылады. Түнгі сағат онда жабылады. Күн сайын. Сенбі күні де. Бұл белгіленген тәртіп бойынша. Ол жиі бұзылады. Түнгі сағат онға жақындағанда «литерный» болады деген хабар. Ол аталмыш материал газеттің келесі санында жариялануы керек деген сөз. Бірде-біреуінің пәтері жоқ дерлік машинистика қыздардың екі көзі төрт болады. Әлгі «литерныйыңыз» сағат онда келе қойса жақсы, кейде он бірде, кейде он екіде, тіпті түн ауа келеді». Журналист Нұрмахан Оразбектің Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактор болғанын жақсы білеміз. Бұл жайтқа ерекше тоқталып отырған себебім, қаламгер ағамыз Кеңес Одағы ыдырайтын тұста әйгілі «ГКЧП»-ға қатысты өз ойын ашық білдіріп, мақала жаз­ған. Ол кездің өлшемімен және саяси жағдайдың тұрғысынан қарағанда аға­мыздың бұнысы ерлік, батылдық саналды. Өйткені аласапыран кез, ертең не болары белгісіз еді. Мәскеуден жайсыз хабардың жеткен тұсы. «Біз қайтпекпіз?» дейтін мезгілдің туған шағы. Көп адамдар сақтық жасап әліптің артын бағуға көшті. Ал Нұрмахан аға заманның жайын дөп басып танып, көп ойланып жатпастан оқырмандарына бір сөз айту үшін (және сөз болғанда қандай) ойына алған мақсатқа батыл кірісіп кетеді. Ешкімге жалтақтамайды. Басты парызын – тек шындықты айту деп біледі. – Сол мақалаңыз туралы айтып берсеңіз, аға? – деймін сыр суыртпақтап. – Е, ол былай болған, – деп ағамыз әңгімесін ширата түсті. Таңғалғаным, жетпістің бесеуіне келсе де өткен шақтарды қаз-қалпында әңгімелейді. Бүкіл болған жағдайды, айы, күні, сағат, минутына дейін айтып беруге бар. – Жұмыста отырғанда радио, теледидар қоспау әдет болып кеткен-ді. Бұл, бәлкім, он бес жылдай уақыт бойы ҚазТАГ-та рес­публика, одақ, шетел хабарлары күн сайын көз алдымнан өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарына тарап жататындығының салдары болар. Сол күні, тамыздың 19-ы, дүйсенбі күні жұмысқа таңертең келген бойда материалдар қарауға кірісіп кеткен едім. Бір сағаттай уақыт өткенде кабинетке бөлім меңгерушісі Марал Хасенов кірді. Аңтарыла қарадым. Өйткені асығыс шаруа болмаса, сағат 11-12-лерге дейін қызметкерлер мазалай бермейтін. Сол екі-үш сағат материалдарды молырақ қарап үлгеретін уақытым болатын, мұны жігіттер де жақсы білетін. Аңтарылуым содан. Сонымды түсінген болуы керек, «Мәскеуде бірдеңе болып жатқан секілді» деді Марал мүдіріңкіреп. – Не болып қалыпты? – дедім жақтырыңқырамай. – Анық-қанығын білмедім, бір маңызды оқиға бар сияқты. – Мәскеу радиосы азанғы жаңалықтарын сағат 11-де қайталайтын еді ғой, сол кезде радионы қосармыз, – дедім де жұмысыма қайта кірістім. Сағат 11-ге жақындап радионы қоссам, сарнап тұр. Бір хабардың соңы секілді. Сағат 11-ді соқты да, радио қайтадан сарнап қоя берді. Әдеттегідей жаңалықтар жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Лукьяновтың мәлімдемесі, КСРО вице-президенті Г.Янаевтың жарлығы, КРСО-дағы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің үндеуі. Бір дем үзілістен кейін радио тағы соларды қайталай бастады. Диктофонға жазып алдым. Заматта аласапыран ойлар қаптады, «бұл соңғы жылдардағы өзгерістерге қарсы жасалған төңкеріс» деген байлам бірден келді. Жетінші қабатқа көтерілдім. Онда әріптесім, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Эдуард Широкобородов бар. «Мынаған бірдеңе деу керек» дедім. Ойым – бірігіп пікір білдіру. Әрине, қостап емес, оқиғаның шын мәнін ашып көрсететін пікір. «Біз не айта қоямыз?» деді әріптесім шарасыз кейіппен. Сыңайынан байқадым, бүгежектеп, қорғалақтап тұр. Содан сағат 12-де кәдуілгі лездемеміз болды. Ол әдетте 15-20 минуттан артыққа созылмайды, бос сөзге тиым салынған. Жігіттер жиналды. Ілездеменің өзі әдеттегіден қысқа өтті. Қорытындысында: «сұмдық оқиғалар болып жатыр, халыққа оның ақ-қарасын түсіндіру бізге міндет. Лукьяновтың мәлімдемесін, төтенше комитеттің үндеуін нөмірге бермейміз. Янаевтың жарлығын ғана жариялаймыз, басқасы өзіміздің материал болады, бірінші беттен орын қалдырыңдар» деуге тура келді. Жігіттер ләм-мим демей, үнсіз тарасты. Түскі астан орала салысымен кабинет есігін іштен бекіттім де, үстелге отырдым. Неден бастау керек? Оқиғаның мәнісі оқырманға бірден анық болуы керек. Түлкі-бұлаң жүрмейді. «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деген сөйлем түсті ақ қағаздың бетіне. Арғы жағы белгілі. Содан айналасы бір сағаттың ішінде мақала дайын болды. Бойдағы батпан зіл жеңілдеді. Машинисткаға бастырттым да, бір оқып шығып секретариатқа жөнелттім. Рас, кедір-бұдырлау. Талдау да көксегендей терең емес. Дегенмен, алғашқы сөздің бодауына жарайтын секілді. Ең бастысы ашығын айттық. Байқаймын, жігіттер үнсіз. Әншейінде, анау-мынау сылтаумен кіріп-шығып жүретін олар тым-тырыс. Бір кезде Жайық Бектұров ақсақал кірді, қасында Марал. Жақаңмен Қарағандыға келгелі жақын араласып кеткенбіз. Редакцияға аптасына екі-үш рет соғады. Әңгімелесеміз, сырласамыз, әзілдесеміз. Материал әкеледі, жариялаймыз. Кейде жазбай тұрып, бір әңгімелерін айтады. Жазғызамыз. Жақаң күле кірді, емен-жарқын амандасты. Жайғасты. Бірдеңе айтқысы бар. «Құлағым сізде, Жақа» дедім. «Кішкене жұмсартсаң қайтеді» деді. «Өзі де тым жұмсақ секілді» дедім. «Совет Одағында маңызды оқиға болды» десең жетпей ме?» деді. «Жетпейді. Мао айтқан: аждаһаны бастан ұр, қалғаны өзі-ақ қылжияды деп». «Айтамыз деп көрдік қой көресіні» деді. «Әр ұрпаққа бір зауал, бәлкім, біздің басқа келген шығар сол зауал, көріп аламыз да» дедім. Қысқасы, Жақаң редакцияға «не болып жатыр» деп алаңдап келіп қалған ғой. Жігіттер жалыныпты: «Сіз айтпасаңыз, біздің айтқанымызға көнбейді» депті. Осылай деді де Нұрмахан аға бір серпіле түскендей болды. Сол кездегі жігер-қайраты қайта күш бергендей орнынан бір қозғалып қойды. Назарын терезенің арғы жағындағы көшеге қарай аудара отырып жалғастырды: – Мақалалар 23-24 тамыз күні жарияланды. Қатерлі бір оқиға жөнінде бір аптаның ішінде төрт мақала жарық көрді. Осынысымен «Орталық Қазақстан» оқырмандарының, қоғамның алдындағы парызын абыроймен атқарды ғой деп ойлаймын. Әрине, ол кезде ГКЧП-ны қолдаңдар деген нұсқаулар да түсіп жатты. Бірақ ол біздің тарапымыздан да, партия қызметкерлерінің тарапынан да қолдау таппағаны белгілі еді. Өйткені заман басқа, уақыт, өмір өзгерген. Ал олардың жасаған мәлімдемесінен байқалып тұр, олар біріншіден демократияға қарсы. Республикалардың бір-бірімен еркін байланыс жасауына қарсы. Барлығын бұрынғыдай Мәскеу арқылы басқарып, билікті орталықтандырғысы келді. Осымен тамыз оқиғасының жыры таусылғандай еді. Таусылмапты. «Қазақ әдебиетінің» бір қызметкері, қателеспесем Коммунар Табеев болуы керек, Жезқазған облысына іссапармен барыпты. «Орталық Қазақстанның» 20-тамыз күнгі саны қолына түсіпті. Алматыға ала келіп, Оралхан Бөкеевке көрсетіпті. Оралхан алған да, газеттің келесі санына салған да жіберген. Бұл біраз шулатты. Сәл кейінірек Қазақстан Журналистер одағының съезі өтті де, Сапабек Әсіпов ағамыз: «қазақ журналистикасының намысын қорғап қалғаны үшін інімізге басымды иемін» деді. Ағадан алғыс алған бәрінен қымбат! Қаламгер ағамыздың «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде көзге әбден үйреншікті болып кеткен «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген Компартияның ұран сөзін алдырып тастағаны да сол кездегі айтарлықтай ерліктердің бірі еді. «Бұл тамыз оқиғасынан едәуір бұрын болған еді. Оны қаңтар айын­да жасағанмын» дейді Нұрмахан аға. «Неліктен өйттіңіз?» деген сауалыма: «Ол сөз қатып қалған догматика болатын» деп оған түрткі болған бірнеше себептерді атады. Нұрмахан аға сол уақыттарда жабылуға айналған қазақ мектебін аман алып қалған қайраткер азаматтың бірі екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. – Қазақ мектебі Қарағандыдағы жалғыз интернат болатын. Тіпті оның өзін жауып, жаңадан ашылайын деп жатқан Суворов училищесіне бермек болған. Содан бір күні жылап-еңіреп директоры келді. Мән-жайды сұрастырып алғаннан кейін, облыстық білім басқармасы бастығына дереу телефон соқтым. «Сендер не істегелі жатырсыңдар? Жалғыз қазақ мектебін көпсініп отырсыңдар ма?» деп ашулана сөйледім. Ол өзі былай сыйлайтын жігіт еді. Ойымның түп-төркінін түсінді-ау деймін, «Нұреке, вы сказали, все, отменяем» деді бірден. Содан кейін оқушыларды, өзіміздің қызметкерлерді, ата-аналарды жинап үгіт жүргізіп, тағы да бес қазақ сыныбын ашқыздық. Жалпы ол кез қазақтың ұлттық мәселелерін, ұлттық құндылықтарын көтеруге күш салып жүрген кез еді. Талай мәселе айтылып, жазылып жатты газетімізде». Нұрмахан аға кезінде «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты «Ақиқат» журналының бас редакторы кызметін атқарды. Ал қазір еліміз­дегі танымал баспалардың бірі «Қазақстан» баспасын басқарып келеді. Баспадан шығып жатқан кітаптарға көз жібере қарасам, барлығы қазақ елінің маңдайына біткен тұлғаларға арналыпты. «Ғибратты ғұмыр» айдарымен бірталай құнды еңбектердің жарық көріп жатқанын көргенде игілікті жұмыстың күні ертең-ақ келер ұрпақтың зор бағасына ие боларына кәміл сенгендей боласың. Нұрмахан аға «Қазақстан» баспасы туралы сағаттап айтуға бар. Баспаның басындағы қаржылық қиындықтар да жоқ емес көрінеді. Барлығын шетінен әңгімелеп айтып шықты. Ол кісінің қазіргі қолға алып жатқан жұмыстарының бірі өзі туып-өскен Фрунзе ауданы туралы кітап жазу екен. «Әрбір қалам ұстаған азамат өз ауданы туралы жазып шығатын болса, бұл келер ұрпақ үшін қажет дүние болар еді» дейді. Кездесуіміз тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтіп отырған соң, ендігі әңгімеміз еліміздің бүгінгі жетістіктеріне қарай ойысты. – Жүргізіліп жатқан саясатта мен екі мәселені қолдаймын, – деді ол. – Бірі – экономикалық, екіншісі – халықаралық саясат. Біз экономика жағынан көп елдерден алда келе жатырмыз. Халықаралық саясатта да барлық елдермен қарым-қатына­сымыз жақсы. Бұл – дұрыс. Өйткені бүгінгі уақытта жау іздемеу керек, дос іздеу керек. – Өмірден не түйдіңіз, аға? – деп сұрадым. – Өмірден түйген көп қой. Бірақ адамға лайық жол біреу, ол – әділдік. Одан асқан, меніңше, құндылық жоқ. Әділін істеуге тырыссаң, әділін айтуға тырыссаң, сонда риза болады ел. Әділдіктен титтей бұрылдың ба, онда бәрінен шет қаласың. Сондықтан өмірден таза өтудің лайық жолы – әділдік. Біз қазір адамдарға ақша тап дейтін болдық, тапсын. Байы дейтін болдық, байысын. Бірақ адамшылықты ұмытпау керек және біреу байыған деген сөз екінші адам кедейленді деген сөз. Оны да ұмытпаған жөн. Чернышевскийдің «Біреуге істеген жақсылығың, екінші біреуге істеген жамандығың» деген сөзі бар. Бұл өмірдің керемет қайшылығы. Біз осыны түсінуді үйренсек жаман болмаймыз. Аз екенбіз деп қорқудың керегі жоқ. Кезінде көп болғанбыз. Патшалық Ресейдің жүргізген санағында қазақ түркі халықтарының ішінде ең көбі болған. Бірақ жаңағыдай нәрселерді ұмытпау керек. Жұрттың, жастардың құлағына сіңіре беру керек. Менің әкем «Еншісі бөлінбеген қазақ» деп айтып отыратын. Мен жігіттерге: «Сендерге идеология керек пе, міне, осы сөзді алыңдар, идеология етіп» деп үнемі айтып жүремін. Нұрмахан ағамен болған екі сағаттан астам уақыт әңгімеде өзге де көп мәселелер қозғалды, әрине. Ағаның айтары әлі деп көп. Оны кезекті бір кездесулердің еншісіне қалдыра тұрып, өзінің сыйға тартқан кітабын қуана қабыл алдым.

Дәуіржан Төлебаев

3544 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы