• Ақпарат
  • 22 Желтоқсан, 2012

Мақсат. Әрекет.Нәтиже

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық»... Мұны ұлы Абайдың сөзі деп сілтемемен сендіріп жатудың өзі артық болар. Бұл жолдарды алғандағы мақсатым біреуден біреуді озды деп мадақтау емес. Озбағанды даттаудан да аулақпын. «Ақыл», «ғылым», «ар», «мінез» деген қасиеттерді іздеймін әрқашан кісі бойынан. Мұндай жандар жанымда көп екеніне шүкіршілік етемін. Солардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Сейсенбекұлы Қапалбеков.  Ол 1962 жылы 8 желтоқсанда Талды­қорған облысы, Ақсу ауда­нының Қарагөз ауылында дүниеге келді. Болашақ ғалым әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің филология факультетін тәмамдаған соң, еңбек жолын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болудан бастады. Кейін осы бөлімнің меңгерушісіне дейін өсті. Қайбір жылдары ол отбасылық жағ­дайына байланысты туған жері­не оралғанымен, бойындағы ғылымға деген құштарлығы оны институтқа қайта әкелді. Сөйтіп, 1999 жылы «Көсемше бағыныңқылардың дамып қалыптасуы мен мағыналық түрлері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Бәкеңнің негізгі зерттеу та­қырыбы қазақ тіліндегі жаңа сала – функционалды грамматиканың не­гізін қалыптастыруға арналған болатын және ол бұл салаға көп еңбек сіңірді. Осы жұмыстың нәтижесі алдымен «Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері», одан кейін екі­томдық «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты ұжым­дық монография түрінде жарық көрді. Ол ешуақытта ғылымдағы адалдық жолынан тайған емес. Тіл ғылымындағы шыншыл ғалым­дардың бірі, дүниеден өткеніне көп бола қоймаған филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Е.Жанпейісовті арқа тұтып, «жас грамматистермен» бірге талқылауға, қорғауға келген жұ­мыстардың көбін ширатуға күш салды. Жұмыстарына әділ баға беріліп, кемшілігін айт­қандардың бі­разы мұндай сынға шыдас бермей, басқа жақтан қорғауға да кетіп жатты. Бижомарт Қапалбековтің тілдің жағдайына, әртүрлі қо­ғам­дық мәселелерге, кейде спорт тақырыбына да қатысты публи­цистикалық мақалалары газет беттерінде студент кезінің өзінде-ақ жарық көріп жүрді. Мысалы, «Көгерер еді, көгертер ерлер көп болса», «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», «Қолға алар жұмыс көп», «Өз алаңында ойнаған команда мықты ма?» және тағы басқалар. Ғалымның қазақ тілін оқыту әдістемесіне арнап жазған еңбектері де ерекше құнды. Оқымыстылығынан бөлек, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Бәкең 2007 жылы Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры қызметіне шақырту алады. Қай жерде де, қандай қызметте іс­тесе де тілінің қамын жеген майтал­ман маман іс басына келгенде 11 адам қызмет ететін орталықты небә­рі екі-үш жылдың ішінде үлкен ұжымға айналдырды. Бұл ұжым «Қаладағы қазақ тілі» сияқты республикалық конференциялар ұйымдастырып, аударма-жарнама жұмыстарымен айналысып, тіпті ғылыми ең­бектер шығарып, осы жылдар аралығында республика көлеміндегі танымалдығы жоғарылады. Заманға сай әрекет ететін басшы 2009 жылы «Мемлекеттік тіл­ді дамыту орталығы» аталатын жауап­кершілігі шектеулі серіктестік құрып, оның бас директоры қызметін атқарып келеді. Қазір ол «Мемлекеттік тілді дамыту институты» деген атауға ие. Институт аударма, оқыту және т.б. іс-шаралармен айналысады, оқытушылар мен аудармашылардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырып тұрады. Қазір бұл мекеме тіл біліміне қатысты ғылыми зерттеулермен де айналысуда. Бір айта кетерлігі, институт 2009 жылы Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты Шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету қауымдастығына мүше болып қабылданды. Адам баласының ең бірінші парызы – Аллаға құлшылық ету болса, екіншісі – өзінің адал кәсіби қыз­меті арқылы адамға қызмет ету деп білем. Осы орайда ТІЛ алдындағы «құлшылығын» адал орындауды ПАРЫЗ санаған Бижомарт Сейсенбекұлының «ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен» ерекшеленетінін айтпай кете алмаспын. «Адам алдына мақсат қоя білуі, сол мақсатқа сай әрекет етуі, одан нәтиже шығаруы керек» дегенді қайталап отырады әрдайым. Б.Қапалбековтің бізге мәлім өмірлік мақсаты – мемлекеттік тілді дамыту. Жасап жатқан жұртшылыққа белгілі-белгісіз қам-қарекетін қадір-қалімізше аз-кем сөз еткен болдық. Тілеріміз – өзіңіздей өресі биік игі азаматтардың ғұмыры ұзақ, айналасы тегіс аман болсын, ел-жұртыңыз қолға алған ізгі істеріңіздің игілі­гін көре берсін. Ердің жасы елуге келген шағыңызда еліңізге еленер­дей ерен еңбектеріңіз еселене түссін. С.Құлманов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

2782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы