• Тұлға
  • 10 Қаңтар, 2013

Қалам мен кеден (эссе)

эссеОның бүкіл тіршілігі екі ұғыммен байланысты. Алғашқысы – қалам, екіншісі – кеден. Ежелгі аңыздарда сөз ұстайтын баланың түсіне кірген абыз қарт: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» деп сұрайтын еді. Өлең алғаны ақын болып шығатын, көген алғаны дәулетке кенелетін. Сол ізбен қазбаласақ, сірә, біздің кейіпкеріміздің түсіне кірген шал: «Балам, қалам керек пе, кеден керек пе?» деп сұраған сияқты. Сонда бұл, сірә, әп сәтте екеуінен де онша бастарта қоймаған болуы керек.

Есік пен бесік Болса да ие беделге, Бақ сынайын деген бе? «Жас алашта» жүрді де, Кетіп қалды кеденге. (Журналистік фольклордан) Қалам ұстайтындай жөні бар еді. Жастайы­нан туған нағашысы, қазақ көсемсөзінің қас шебері Кәкімжан Қазыбаевқа еліктеп өсті. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын әйгілі №2 мектеп-интернатта білім алды. Бұл мектепте қара сөздің қадірін білетін білімпаз педагог Орынша Қарабалина сабақ беретін. Үнемі сол кісінің тәлім-тәрбиесін көрді. Кәкімжан ағаның үйіне барған сайын оның жазу үстеліне қызыға қарап тұратын. Сөйтіп, бейнелеп-бедерлеп айтсақ, Бекеннің бөленген бесігі құтты болды. Журналист болуға ұмтылған ұланның соқпай кетпейтін тағы бір бекеті бар. Ол бала біткеннің қаламын ұштап, қауырсын қанатын қатайтып беретін «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы. Бекен де сол берекелі бекетті айналып өте алмады. Оның үстіне жазуға ерекше көңіл бөлетін әйгілі екінші мектептің оқушысы болған соң, газеттен іргені аулақ салуға болмайды. Көп ұзамай «Бекен Нұрахметов» деп қол қойылған ірілі-ұсақты мақалалар осы басылымда жиі жарық көре бастады. Біздің кейіпкеріміз сабақты ертелі-кеш көміліп оқып, сары майдан қыл тартқандай боп, сыпайы жүретін аса әдепті бала болған жоқ-ты. Керісінше, кейде ұрынарға қара таппай, басын тауға да, тасқа соғып тұратын содыр сойқанның өзі еді. Бірақ өлер жерін білетін, өнер жерін көретін ақылды тентек-тін. «Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, оның жазған-сызғандары да өзінің мінезі секілді шиыршық атып тұрды. Біз оны алғаш рет журфакта көрдік. Жүріс-тұрысынан, қимыл-қозғалысынан Алматыда оқығандығы көрініп тұратын. Өзін өте еркін ұстайды. Өрлігі мен өктемдігі де байқалмай қалмайды. Ара-тұра тегеурінді деканымыз Темірбек Қожакеевтің ащы айқайына ілік болып жатады. Соған қарағанда сабақты жақсы оқығанымен жайына қарап, тып-тыныш жүретіндердің қатарынан емес-ау деп шамалаймыз. Шынында да солай екен. Онысы журфактың жатақханасында өткен студент ақындар айтысында белгілі боп қалды. Бекеннің курсының айтысқа үкілеп қосып отырған ақыны – Мұратбек Оспанов. Оның жоғары курста оқитын қарсыласы да осал емес. Талай ақынды тізе бүктірген Бейбіт Құсанбеков. Айтыс болған соң, әрине, ақындар бір-бірінің кемшіліктерін қазбаламай отырмайды. Сондықтан сөз сайысы басталардан бұрын екі ақын да бәсекелесін сүріндіретін материал іздейді. Күйіп-жанып тұрған факт болса, тіпті жақсы. Соны білген Бекен Бейбітке барып, оның өзі де білетін бірді-екілі басынан өткен жағымсыз жағдайларды соңыра айтыс үстінде мүлде ауызға алмауын қиылып тұрып өтінеді. Бейбіт көзі күлімдеп отырып, бұл туралы ләм-мим демеуге уәде береді. Көңілі тынышталған Бекен кешке дос-жарандарын ертіп, айтысқа бармайма?! Сөйтсе, Бейбіт Мұратбекпен сөз қағыстырып отырып, былай депті: Бағана Бекен досың келіп кетті, Өзінен біраз факт беріп кетті. «Екі есік сындырып ем, айтпашы» деп, «Айтпаймын» дегеніме сеніп кетті... Журфактың жатақханасында студенттердің өндірістік тәжірибеден өту кезінде жарияланған мақалаларын таныстыруға арналған қабырға газетін шығаратын дәстүр бар еді. Бірде содан Бекеннің «Жатақхана ма, шатақхана ма?» деген мақаласы ілініп тұрғанын көрдік. «Жетісу» газетіне жарияланыпты. Өзі анда-санда жатақхананы шулатып тұратын бұл не жазды екен деген әуестікпен үңілейік. Тиянақты баяндалған дүние екен. Алматыдағы бір кәсіптік-техникалық училищенің жатағындағы жағдай туралы дабыл қаққан мақала. Әлімжеттік, қорлық-зорлық... Әлі оқуын бітіріп үлгермеген студент кәнігі журналист секілді балаларға араша сұрайды. Газетте сыналған мәселе аяқсыз қалмайтын заман. Көп ұзамай талайлар орнынан алынды, кейбірі жаза тартылды. Ал «Жетісу» жігерлі жігітті қызметке алды. Кейін талайға арман болған «Жас Алашта» жолымыз түйісті. Содан ол қазақ кеденінің іргетасын қаласуға аттанғанша бірге жұмыс істедік. Сөйтіп, Бекеннің «есігі» ұмытылып, бесігі беки түсті. Журфак пен жасақ Келе жатсың жолда нық, Қалағаның болды анық. Кеден жайлы толғайсың, Қаламыңды қолға алып. (Журналистік фольклордан) Сексенінші жылдардың студенттері ОКД дегеннің не екенін жақсы біледі. Бұл – жедел комсомол жасағы деген ұғымның орысша атауының қысқарған түрі. Бүгінде комсомолдың өзі де, оның жедел жасағы да әлдеқашан ұмыт болды. Сондықтан оны қазіргі жастар көп біле бермейді. Ал бір кезде КазГУ-дың кез келген студентін қояндай қалтыратуға осы ОКД-ның құдіреті толық жететін. Қалашықта іркес-тіркес қоныс тепкен оншақты жатақхананы ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын сол ОКД-ны журфактың жоғарғы курс студенті Құрманхан Нұрымбетов басқаратын. Құрманханның «әскері» елдің бас оқу орнына білім іздеп келген бар баланы жусатып, өргізетін. Сол Құрекеңнің өзі журфактың бесігінде тербелген соң, соған қарасты біздің факультеттің ОКД-сын кім басқаратыны аса маңызды еді. Әрине, бұған біз де алаңдайтынбыз. Өйткені бірінші курстың бойшаңдау бір топ бозбаласын шетінен сол ОКД-ға апарып көгендеп қойған. Бір жағынан жақсы. Мұның құрамында болсаң, жатақханадан айырылмайсың, стипендиядан қағыла қоймайсың. Әйтпесе, тым тәртіпсіреп бара жатқанымыз шамалы. Сонымен ОКД-ның, бүгінгіше айтсақ – журфактың полициясының, қысқаша қайырсақ – журполдың жалаңдаған жасақшысымыз. Қалашықта шыбын жорғалатпаймыз. Сол командирлік орынға бір күні елге танымал «есік сындырғыш» досымыз Бекен тағайындалсын. Тегінде өздері де ара-тұра тәртіп бұзып қоятын осындай жігіттерді тәртіп сақшысы етіп бекіткен дұрыс па деймін. Біздің Бекен телі мен тентектердің аяғын қия бастырмады. Журфактың асығы алшысынан тұрды. Бір ғажабы, осы ОКД-ның құрамында болған топтан кейін Бекеннің өзі бастаған төрт-бес полковник шықты. Бертінде Батыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментін басқарған Жақсылық Молдақұловтың өзі де бір кездегі Бекеннің сайыпқыран солдатының бірі еді. Тәртіпті қорғауға бекер келмеген болар, Бекеннің қаламы да бірте-бірте осы тақырыпқа бейімделді. Құқық мәселелері туралы мақалаларын жиі жариялай бастады. «Жетісу» газетінде қызмет істеп жүрген кезінде де басқа арнаға көп ойыса қойған жоқ. Ал «Жас Алашқа» ауысқан соң құқықтық тәрбие бөлімінің меңгерушісі болды. Адам тағдырына араша түсіп, талай рет журналистік зерттеу жүргізді. Оқырмандардың сан түрлі сауал­дарына жауап берді. Осылайша құқықтық журналистика саласының майталман маманы болып қалыптасты. Сілтеген сөзі қалт кетпейтін «Жас Алаштың» беделді бөлімін басқарып, айдарынан жел есіп тұрған Бекен бір күні кеденге баруға бел байлады. Темірдей тәртіпке негізделген тың сала қызықтырса керек. «Ет пен терінің арасындағы желік шығар» дедік біріміз. «Жазуы қалды ғой енді» дедік екіншіміз. Бірақ олай болмады. Ол бұл іске шындап кірісті. Журналист қай салаға қайрап салсаң да, тас­тай батып, судай сіңеді. Өйткені жаза білетін адам қайда да қадірлі. Ал өз мамандығынан өзге саланың негізін қалауға баратын журналистер аса көп емес. Бекен Нұрахметов еліміздің кеден қызметі құрылған алғашқы айлардан бастап, осы саланың отымен кіріп, күлімен шықты. Қазақ кедені тәуелсіздіктің жемісі еді. «Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» деген ауызекі тіркесті жатқа айтатын жұрт кеден дегеннің не екенін әлі толық біле қоймайтын. Кеден комитетінің алғашқы төрағасы Нұрлан Тілемісовпен жақын сыйластығының арқасында Алматының өз ішінде де қызмет істеуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол сонау шекарадағы «Дружба» кеден бекетіне аттанды. Шулы қаладан кейін аядай ауылға барып қоныстанған қандай қиын. Айнала құлаққа ұрған танадай. Баяғы тың игерушілер секілді ел шетіндегі ескі үйлердің біріне келіп орын тепті. Қазақ кедені алғашқы қадамын осылай апыл-тапыл басты. Техника атаулыдан жалғыз ескі машинка ғана бар. Бұл бекетте жазу машинкасын басуды Бекен ғана білетін. Сондықтан ол күн ұзаққа құжат толтырады. Кеденнің әдепкі шежіресі осылайша хатталды. Сала бойынша ешкімнің тәжірибесі жоқ. Бұрын кім кеденде істеп көріпті?! Кеденнің кеңсесі – кеңестік жүйе тараған соң арса-арсасы шыққан ескі вокзалдың екі бөлмесі. Ол кезде кеденшінің арнайы формасы ешкімде жоқ. Жігіттер үстіне ілінгенін киіп, жұмысқа келе береді. «Өтемістен туған он едік» едік дегендей, «Дружба» кеденінің алғашқы қазығын қаққан оншақты қызметкер күн демей, түн демей, тынымсыз жұмыс істеді. Бекеннің алғашқы басшысы Иван Алексеевич Красуленко бұларды ерінбей-жалықпай жаңа салаға баулыды. Ол жазу өнеріне де құрметпен қарайтын азамат еді. Кейін Сергейдің Серікке айналғаны сияқты «Дружба» «Достыққа» айналды. Көп ұзамай кеденге кеткен Бекеннің қаламы қимылдай бастады. Шекара жақтан жеткен ши­рыққан мақалалар бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Бекең мен Бекен «Қандай істен қашып ем?» дейді: «Қашан жасып ем?» Кейде хабар жазады, Полковник басымен. (Журналистік фольклордан) «Кедергі неден болды?» деген сөз тіркесі кеденге қатысты болғанымен сол кеденіңіз біздің Бекеннің жазып-сызуына кедергі келтіре алмады. «Жас Алашта» жүргенде қолға алған тақырыбы бойынша жазған мақалаларын топтап, «Қорқаулар түнде жортады» атты кітабын жарыққа шығарды. Өз саласының жоқ-жітігін түгелдеп, «Кеден iсi бойын­ша сұрақтар мен жауаптар» атты анықтамалық еңбек жазды. Оны «Жеті жарғы» баспасы аттай қалап алып, оқырманға үкілеп ұсынды. Бұл кеден қызметкерлері қолдан-қолдан түсірмей оқитын қасқалдақтың қанындай қат кітапқа айналды. Қатардағы кеденшіден кеденнің бастығына дейінгі жолдан өтті. Шығыс Қазақстан облыстық кеден департаментінің басқарма бастығы, «Семей» кеден бастығының орынбасары болды. Шығыс жақтағы берік қамалымыз болып саналатын «Ауыл», «Бақты» кедендерін басқарды. Сол кезде оған «Кеден кеден болды, бастығы Бекен болды» деп қалжындайтынбыз. Беделі бір басына жететін бастық болса да, жазуын тоқтатпады. Кеденнің жаңалықтары туралы тынбай жазып тұрды. Оның ірілі-ұсақтығына қарамайды. Мәні мен маңызына көңіл бөледі. Кішкене хабарламаның өзіне аты-жөнін көрсетіп қол қояды. Бұл – қай кәсібін де қадірлейтіндігінің көрінісі. Бұрын негізінен құқық тақырыбына жазатын журналист болып танылса, енді бірыңғай кеден тақырыбына мамандана бас­тады. Бұл – өркениетті елдер әлдеқашан көшкен үрдіс. Қай тақырыпты да қағып алып, көсіле шабатын әмбебап журналистиканың заманы өтіп барады. Кеден саласына басшы болып Бердібек ­Сапарбаев келеді екен деген хабар құлаққа тигенде, Бекен қатты қуанды. Әрине, кеденді басқарған қай төрағаның да өзіндік орны бар. Бірақ ана тіліне уызында жарыған, барған жерінің бағын ашатын Бекеңнің орны бөлек-ті. Ол кісінің қаламгерлер қауымын ерекше құрметтейтінін бұл жақсы білетін. Әсіресе бірге оқыған қызылордалық және шымкенттік достары Бердібек Сапарбаевқа шаң жуытпайды. Сол Бекеңнің келуін Бекен күтпегенде кім күтетін еді?! Тіпті тағатсыздана тосты. Ол кезде Бекен шығыстағы «Бақты» кеденінің бастығы еді. Бір көрсеткіші бір көрсеткішінен озып тұр. Кеденінен қысыр жыланның өзі қысылып өтеді. «Бақтының» фактілері мен актілері тек жетістіктерді ғана әйгілейді. Агенттіктің жаңа төрағасы кеден басшыларын бір-бірлеп өзіне шақыртты. Бұл да кіріп-шықты. Жүзі жылы, өзі мәдениетті екен. Бәсе, ел мақтаған Сапарбаев солай болса керек-ті. Сол жолы «Бақтыға» бақыт құшағына бөленіп қайтты. Бара сала жұмысына құлшына кірісті. Бірақ осы қуанышы көпке созылмады. Күзге қарай тоғыз айлықтың қорытындысына арналған алқа мәжілісі өтті. Көрсеткіші керемет кеденнің басшысы ретінде тек қана мақтау еститін шығармын деп ойлап келген. Сол алқада жаңсақ фактіге негізделген «жалған транзиттің» жаласымен «Майқапшағай» кеденінің бастығы екеуі қызметінен босап шықты. Бір емес, екі бірдей таңдаулы қызметкерінің нақақтан күйіп бара жатқанын көрген Шығыс Қазақстан облыстық кеден басқармасының бастығы Ерікжан Әбдірахманов орнынан атып тұрды. Ауғанстанның қанды жорықтарынан аман шыққан Ерікжан ер екен! «Бұлардың түк жазығы жоқ. Олай болса, мен де қызметтен кетемін» деді тістеніп. Бекен, әрине, мұны күткен жоқ еді. Қатты қапаланса да сабыр сақтады. «Жақсы ағаның жанартауына шарпылып, жалынына күйгеннің басы да, аяғы да мен емес шығармын» деп, әліптің артын бақты. Біраз уақыт қызметсіз жүріп қалды. Сол кезде кеденнен біржола кеткісі де келді. Өзінің қайнап-піскен қара қазаны журналистикаға қайтып оралғысы кеп, бірді-екілі басылымдармен сөйлесіп те қойған. Бір күні кеденге қайта шақырылды. Сол баяғы Ерікжан басқаратын департаменттің бір басқармасының тізгінін ұстады. Сапарбаевтан басқа адам болса, Ерікжанның тосын мінезі үшін соңына шам алып түсер еді. Ал Бекең болса, басшының қарамағындағы жігіттерін қорғай білгеніне сүйсініпті. О заман да, бұ заман, өзін жұмыстан шығарып жіберген бастығы туралы мақала жазған адамды көргеніңіз бар ма?! Әй, қайдам, болса да сирек шығар. Бердібек Сапарбаев кеден қызметінен кеткен соң, Бекеннің «Егемен Қазақстан» газетіне «Тау басын бұлт басса да, кір шалмайды» деген очеркі жарық көрді. Бірде-бір басылымды қалт жібермейтін Бекең, әрине, бұл мақаланы оқиды. Оқиды да таңғалады. Жазбас бұрын жан-жақты зерттеген. Өмір жолының өрін де, төрін де, еңісін де, жемісін де саралап көрсеткен. Ең бастысы, кез келгенге алдыра қоймайтын кеденнің проблемаларын жілікше шағып тұр. Бұл мақаланы бұрынғы қызметінде жүргенде жазса, мүлде орынсыз болар еді. Ал Бекең кеденнен кеткелі қай заман?! Кейін Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына басшылыққа келген соң, аға мен інінің арасында жарасымды сыйластық орнықты. Сөйтіп, Бекең мен Бекенің арасындағы қарым-қатынастың осылай басы қатты, аяғы тәтті болды. Кәсіп пен нәсіп Жүрсің ылғи жырақта, Даяр тұрсың сынаққа. Көңіліңнің кедені, Қатал емес бірақ та! (Журналистік фольклордан) Тағы бір жайт есіме түсіп отырғаны. Бекен кеденге кетіп, ал біз «Жас Алашта» қызмет істеп жүрген кезіміз еді. Сол баяғы елу бақсы, сексен шайыр... Бұл шаңырақта кез келген қуаныш еленеді. Еленгенің не, ерекше атап өтіледі. Әсіресе журналистердің біреуі балалы болса, жетінші қабатқа жел бітеді. Бақсы біткен аласұрады, шайыр біткен жыр толғайды. Осыған орай арнайы шағын қабырға газеті шығады. Қылқаламның қас шебері Бақытбек Сияев мұндайда бар өнерін салады. Әлгі ақындардың өлеңін өрнектеп тұрып жазып, көрнекі жерге іледі. Өлең болғанда қандай? Кілең уыты адам өлтіретін кері кеткен шумақтар. Бойдақтықтың жанын жеген жарасы, Құлтастардың кескініне қарашы. Жолдасбектер әлі үйленбей жүргенде, Қойтановтың туды екінші баласы, – деген секілді құлағы теріс бұралған кертолғаулар. Бұралқы сөз күлмекке жақсы. Журналистер осының өзінен едәуір қуат алады. Бір күні Бекен ұлды болды. Қос қыздан соң ұлды болғанына өзі қатты қуанды. Қуанғаны соншалық, жаңа туған перзентіне ат таңдау үшін ұзақ ойланды. Тіпті бір айдай толғанып жүрді-ау деймін. Уақыт болса өтіп бара жатыр. Ал сәбиге әлі ат қойылатын түрі жоқ. Содан «Аты жоқ көкек» деп қайырмаланып отыратын белгілі әннің ізімен «Аты жоқ бөпе» деген өлең жаздық. «Ақсайда бір жігіт бар Бекен деген, Қос қызы қатар өсіп секеңдеген. Мәрияға көптен бері ұл таптыру, Бекеннің парызы еді өтелмеген. Е-е-й, аты жо-о-қ бөпе» деп келеді. Бұл Мәскеуде 1991 жылғы бұрқ еткен тамыз бүлігі күшпен басылып, еңсегей бойлы ер Ельциннің ерлігі елге үлгі болып тұрған кез еді. Осыған орай деп былай деп жырладық: «Мәрия соны ойлап қауіптенді, Үміт пен күдік қатар шауып келді. Мәскеуде Ельцин батыр болған күні, Бекенге бір атұстар тауып берді». Енді жаңа туған сәбиге жақсы тілек айту керек қой. «Бұл бала үміт отын жағар ма екен, қазақтың тарихында қалар ма екен? Болмаса дәл өзінің әкесіндей кеденнің қызметкері болар ма екен?!» деп қайырдық содан соң. Ұзамай бөпенің аты қойылды. Сәби Санжар деген есімді иеленді. Сөйтіп, кеденге барғаны Бекенге шынында да құт болды-ау дестік. Сол Санжар батыр биыл Ирландиядағы «Дублин» университетін бітіріп келді. Қазір Бекенге жақсы қолқанат болып жүр. Шынында да қазақ журналистикасы бір сарбазын кеденге бергеннен несібесі ортайып қалғаннан жоқ. Оның есесіне, ол өзге салаға барған соң қайта түледі. Қазақстан Журналистер одағының Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлығын иеленді. Сол саланың отын қаламымен көсеп, шоғын маздата түсті. Жаза білетін адам қайда жүрсе де, қаламын тастамайды. Керісінше, журналистиканың өз қазанында қимылсыз отыратындар аз ба?! Бір қарағанда кеден қызметінде газет тілшісінің аяғына оралып жататын олжа ұшыраса бермейтіндей көрінеді. Анығында олай емес екен. Кеденнің де өз қызығы жеткілікті сияқты. Мұндағы қызметі де журналистік жолсапарларға бергісіз. Бірде Қытайдың Шәуешек қаласына жол тартты. Сол жерде таксидің құлағында ойнайтын жүргізуші қазақ қызын кездестірді. Аты – Айгүл. Өзі қаланың қойын-қолтығын түгел біледі. Тырбанып тіршілік етіп жүрген көрінеді. Алдымен көлікті жалға алып, жұмысын бастаған. Содан соң несие алып, жеке көлік иеленген. Қытайда қазақ қызының такси жүргізуі таңсық нәрсе. Бір журналист сол елдегі басылымға ол туралы мақала жазыпты. Айгүл қазақтың атақты жазушысы Қажығұмар Шабданұлы жерленген қорымды білетін болып шықты. Бекен алдымен қаламгердің отбасына барып, көңіл айтып қайтуды жөн санап еді. Сөйтсе, үйінде ешкім жоқ екен. Ол кісінің зайыбы атажұртқа сапарлап кетсе керек. Қажығұмардың басына қара мрамордан құлпытас қойылыпты. Бекен шарт жүгініп отырып, құран оқыды. Сол сапарда елден келгендерге қызмет етіп жүрген қазақ қызының ықылас-пейіліне тәнті болды. Қайтып келген соң «Алтайдың ар жағында жүрген ару» деген эссе жазды. Бұл оның бір сапардағы олжасы ғана. Кейіпкеріміз кеденнің кедір-бұдыр қазақ­шасын жөндеуге де елеулі үлес қосты. Мем­лекеттік тілді менсіне қоймайтын талай әріптесінің аптығын басты. Бастауышы мен баяндауышы бір-біріне қырын қарайтын ойқы-шойқы құжаттардың тілін сындырды. Сол үшін жазаға тартыла жаздаған кезі де болды. Кеден қызметіндегі шені – полковник. Қалам қызметіндегі деңгейі де кем соға қоймас. Кәсібі мен нәсібіне адалдық танытқаннан шығар. Әйтеуір «Көргеніңді бүгінгі жаз, жаз, қалам, тер, қалам» деп Ілиясша қамшылап отырмасақ та, кеденге көгенделген қалам әзірге жорғасынан жаңылған емес... Бауыржан ОМАРҰЛЫ

3851 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы