• Тіл
  • 28 Ақпан, 2013

Тіл инспекциясы тезге салар еді

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «2025 жылға қарай қазақстан­дықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс... Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады...» деп нақты межені белгіледі. 2025 жылдар бедерінде бұл межеге жету мүмкін бе? 2025 жылдары қазақ тілі өмірдің барлық саласына үстем бола ала ма?  Мұндай сауалдарға «мүмкін емес» деушілердің де табылатыны анық. Өйткені өзге ұлттар өкілдерін былай қойып, қазақ балаларының әлі күнге дейін қазақ мектебіне бармайтындары аз емес. Елбасымыз біраз жыл бұрын арнайы Жарлық шығарып онда жергілікті жерлерден бастап мемлекеттік органдарға дейін 2010 жылға дейін іс жүргізуді қазақ тіліне көшіріп бітуі тиіс екенін белгілеп бергені белгілі. Алайда көптеген билік органдары қазір бұл Жарлықты мүлде естен шығарған секілді, ісқағаздарын орыс тілінде жазып қазақшаға есеп беру үшін ғана аударылып мемлекеттік тіліміз орыс тілінің қалқасында қалып келе жатқанына мысалдар жетерлік. Жергілікті жерлерді былай қойып, Үкімет мүшелері, әкімдер ісқағаздарын, қатынас қағаздарды орыс тілінде жазудан жаңылар емес, олардың басым көпшілігі жиындарды орыс тілінде өткізетініне жұртшылық куә. Парламент шын мәнінде орыс тілінде жұмыс істейді. Депутаттардың басым көпшілігі мемлекеттік тілді меңгермегендіктен олардың қызметі, ресми жұмыстары, сайлаушыларымен жүздесуі тек орыс тілінде өтеді. Осы секілді мысалдарды, дәлелдерді шұбыртып келтіре беруге болады. Мұндай жағдайда алдағы он жылдай уақытта мемлекеттік тілдің үстемдігіне қалай қол жеткізбекпіз? Сонда не істелуі керек? Елбасы Жолдауындағы тұжырымдарды қалай орындаймыз? Елбасымыз алдағы он жылдай уақытта тың ізденістерге бойлап, батыл бетбұрыстар жасауды нұсқағаны емес пе екен? Сөз мәнісін ұғатын адамға осылай екенін аңдау қиын болмас. Демек, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар, әдіс-тәсілдер жеткіліксіз. Конституцияда «Тіл туралы» Заңның сақталуын бақылауға, қадағалауға, «Тіл туралы» Заңдардың бұзылуына кінәлі адамдарға жаза қолдануға болмайды деп көрсетілмеген. Керісінше, заң талаптарын бұлжытпай орындауды Конституция қуаттайды емес пе?! Конституция­да орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп жазылған. Шын мәнінде орыс тілі қазақ тілінен артық қолданылып жүр. Солай болса да уәкілетті органдар, әсіресе заңның сақталуын тікелей қадағалауға, бақылауға міндетті әрі мүдделі прокуратура, сот органдары да, депутаттар да бұл мәселеде дәрменсіздік танытып келеді. Тіпті олардың тарапынан «Тіл туралы» Заңды бұзғандардың ыңғайына жығылған оқиғалар да аз ұшыраспайды. Осындай жайттарға қынжылысты болған жұртшылықтың «тікелей Президент құзырына қарайтын бақылау, тексеру құрылымы қажет, яғни Тіл инспекциясы не Тіл полициясы құрылатын уақыт жетті» деген ұсыныстарды айтатыны бекер емес. Ал егер «Тіл полициясы» құрылса, онда заң тұрғысынан бұл құрылымның Ішкі істер министрлігіне бағынышты болатыны түсінікті. Нақты фактілерді анықтап, оған дер кезінде шара қолданатын айрықша құзыреті болатын Тіл инспекциясын құру да нәтижелі болар еді. Мұндайда оның арнайы ережесі жасалып онда оқу-тәрбие жұмыстарынан бастап жергілікті басқару орындары мен түрлі құрылымдарға дейін, БАҚ-тардан бастап Үкімет пен Парламент қызметіне дейін тексеру, қадағалау, бақылау жұмыстарын жүргізу, кемшіліктер үшін тікелей айып сала алатындай құзыры болу, істі прокуратура мен сотқа ұсыну секілді мәселелер нақты қамтылса, оның пәрмені нәтижелі болатыны даусыз. Сайып келгенде, мұндай шаралар шешімін күткен мәселе екені анық. Осындай пәрменге ие құрылым құру өмір талабына айналғанын ұғынатын мезгіл жетті. Міне, осындай тың шаралар қолданылса алдағы 10 жылдың бедерінде Елбасы Жолдауындағы тұжырымдарда белгіленген межеге жететініміз күмәнсіз. Қуанбек БОҚАЕВ

9418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы