• Әдебиет
  • 14 Наурыз, 2013

Деректі прозаның майталманы

Тамырын тереңге жайған қазақ әдебиетінің көрнекті қалам қайраткері, бүгінде қалың оқырман жұртшылыққа «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов», «Ермұхан Бекмаханов» сынды қазақтың үш алыбына арналған деректі ғұмырнамалық романдарымен танымал, деректі роман жанрының майталманы, қазақ әдебиетінің ғылыми-фантастикалық жанрының дамуына үлкен үлес қосқан фантаст-жазушы, журналист, көсемсөз шебері, аудармашы, драматург Медеу Сәрсекенің тәуелсіз қазақ әдебиетінің тарихынан алар орны ерекше. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы  Медеу Сәрсеке 1936 жылы 2-ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ политехникалық институтының металлургия факуль­тетін тәмамдады. 1958-1965 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»)  газеттерінің редакцияларында, Семей цемент зауытында жұмыс істеді. 1963-1965 ж.ж. «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болды. 1965 жылдан бері әдеби жұмысқа біржола ауысып, Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін атқарды. Саналы ғұмырын еліміздің өрке­ниетіне, әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына, тарихи тұлғаларына арнап жүрген халқымыздың аяулы перзенті Медеу Сәрсеке 1997 жылдан бері Семей қаласы мен Абыралы ауданының, Баян­ауыл ауданының кұрметті азаматы. «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазір Семей қаласының әкімі жанындағы «Ақсақалдар кеңесінің» мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарға өз үлесін қосып келеді. Медеу Сәрсекенің бүгінге дейін отыздан аса әдеби туындысы жарық көрген. Алғашқы жазушылық қадамын 1959 жылы ғылыми-фантастикалық «Ғажайып сәуле» атты повесінен бастаған Медеу Сәрсеке әдебиетте қазақтың алғашқы фантаст-жазушысы атанды. Қазақ әдебиетінде ол кезде фантастика жанрына қалам тартатындар кемде-кем еді. Бұдан кейін жазушының «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» атты фантастикалық повестері жарық көріп, «Атамұра» баспасының «Қазақ әдебиетінің таңдаулы 100 кітабы» сериясына енгізілді. Жазушының фантастикалық эсселері өз жанрында ең үздік шығармалар қатарында есептеліп, жас оқырмандар арасында бүгінгі күнге дейін танымал болып келеді. Медеу Сәрсекенің шығармашылық әлемі бай әрі көп қырлы. Шығарма­шылық зертханасына көз жіберетін болсақ, әдебиеттің әртүрлі жанрында жазушының қалам сермегенін байқауға болады. Мәселен, 1965 жылы жас жеткіншектерге арналған «От және атом» повесі, 1961 жылы өндіріс адамдары жайлы «Жетіжылдықтың жігіттері» очерктер жинағы, 1968 жылы «Қаз қайтқанда», 1969 жылы «Айшықты мезет» атты деректі повестері жарияланды. 1971 жылы «Шығыс хикаясы» пьесасын, «Туған жердің асылы» новеллаларын және «Жаңғырық» (1979), «Көмбе» (1985) және орыс тілінде «Взрыв» атты романдарын жазады. М.Сәрсеке А.Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударған. Драматургия жанрында да көп еңбек еткен қаламгер. Ұлттық ғылым тарихы, аттары аңызға айналған ғалымдар тағдыры жазушы шығармашылығының басты тақырыбы. Жазушы кейіннен тарихқа бет бұрып, «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов», «Ермұхан Бекмаханов» атты деректі ғұмырнамалық кітаптар жазды. Жазушының алғашқы тарихи еңбегі 1980-2009 жылдарда қазақ және орыс тілінде он рет басылып, «Сәтбаев» әлемнің жүзден астам еліне тарады. М.Сәрсеке Қ.Сәтбаев өмірін зерттеуге 45 жыл ғұмырын сарп етіп, осы уақытта ұзын саны 10 кітапты дүниеге әкелген.  Сол кітаптардың ең көлемдісі – «Қазақтың Қанышы» мен «Қаныш елі», т.б. жинақтары. Абайдың туғанына 150 жыл толу мерекесіне арналған Шыңғыс тау баурайында дүрілдеп өткен ұлы тойды басынан аяғына дейін өте әсерлі етіп жазған Медеу Сәрсекенің көлемді кітабы 1996 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай тойы» деп аталады. Бұл альбом-кітабы бес-алты жыл бұрын басталған той әзірлігінен тартып, тойтарқар күнге дейінгі ұлан-асыр еңбектің, оқиғаның шежіресі деуге тұрарлық. Оның үстіне фото ісінің шеберлері түсірген түрлі-түсті суреттер тарих көші ілгері жылжыған сайын еліміздің тәуелсіздіктің көк байрағын көтергеннен кейінгі алғашқы дүбірлі той іспетті мерекелік күндер көрінісінің сол қалпында қырлары суреттелген. Сәтбаевтың шығармашылық өмірбаянынан кейін, Медеу Сәрсеке өзінің ұстазы – әйгілі ғалым, ғылым және мәдениет қайраткері Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің тағдырына бет бұрды. Ол туралы кітап жазуды өзінің жазушылық және адамгершілік парызы деп есептеді. 2007 жылы М.Сәрсекенің «Ебіней Бөкетов» атты кітабы жарық көрді. Қарымды қаламынан осыншама көлемді әрі тақырыбы ауқымды дүниелер туған жазушының тамаша шығармаларының саны жақында тағы бір кітапқа артты. 2010 жылдың желтоқсан айында Ресейдің әйгілі «Молодая гвардия» баспасынан «таңғажайып тұлғалар өмірі» (ЖЗЛ) және Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нар тұлға» сериялары бойынша басылып шыққан «Ермұқан Бекмаханов» ғұмырнамасы екі тілде оқырман қауымға жол тартқан болатын. Деректі ғұмырнамалық романның көтерер жүгі өте ауыр. Себебі тақырып күрделілігі, материалдың ауқымдылығы, зерттелінетін нысанның қарама-қайшылықтары жазушы алдында тұрған міндеттің өте жауапты әрі қиын екенін аңғартады. Кенесары ханды жазғаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған Ермұхан Бекмахановты ақтап жазу тарихшыларға қиын болғаны белгілі. Сондықтан оның тағдыры осы кезге дейін беймәлім болды. Қазақ халқының біртуар азаматы, ғұлама тарихшы ғалым Е.Бекмахановтың тұлғасын сомдап жазу үшін жазушы көп ізденген. Тарих беттерін парақтап, мұрағат деректерін тапқан, сол кездегі саяси жағдайлардың ақиқатын ашып, шындықты оқырманның көз алдына тірілтіп береді. Романда жазушы кейіпкерлер психологиясын, олардың портреттерін, ғылыми айтыс, диалогтарды өте шебер келтіреді. Міне, осындай қазақ халқының ұлы тұлғаларына арнап қалам тартып жүрген Медеу Сәрсекені қазақ әдебиетіндегі деректі проза жанрының дамуына қомақты үлес қосып, кейінгі ұрпаққа дәстүр қалыптастырған жазушы ретінде танимыз. Айжан КАРТАЕВА, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы

6858 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы