• Әдебиет
  • 20 Наурыз, 2013

Теңбай ата

Қарсақбайда әдет бойынша 1-мамыр мерекесіне дейін көшенің бәрі тазарып, үйлер тегіс әктеліп, аппақ жұмыртқадай бола қалатын. Орталық көшелерге су сеуіп, тегістеп тастайды. Жұрт аузында Жеңіс күніне орай әскери шеру өтеді, спорттан әртүрлі ойын­дар, айтыс, ат жарысы болады деген әңгіме тарап кеткен. Бір күні әкем мектепке келді. Сапура апайымыздың мен жайлы айтқан мақтауын естіпті. Мұғалім менің сабақты жақсы оқитынымды, биыл да мақтау грамотасымен бітіретінімді айтыпты. Әкемнің мектепке келгендегі негізгі шаруасы 9-мамыр күні болатын ат жарысына дайындалу үшін мені оқудан сұрап алмақшы екен. Жағдайды айтып мектеп директорына барып сұрандық. Теңбай атаӘкем маған қарап «Балам, жарайсың, сенің жақсы оқығаның абырой болды, енді бәйгеде де озып келсең» деп арқамнан кағып қойды. Әкемнің артына мінгесіп, сол күні кешке ауылға келдік. Ауыл Қарсақпайдың оңтүстігіндегі Жыланды бұлақтың басында. Бұлақтың екі жағына қаз-қатар киіз үйлер тігілген. Жоғарырақта желіге шамамен жүз шақты бие байланған. Сусынын ішіп, біраз тыныққан соң аттардың терін алсын деп жабулаған, ерттелген аттарға мінгізді. Маған Қарасұр бұйырды да, ал Тәжітайға Шыбықторыға мінесің деді. Тәжітай менен 2-3 жас үлкендеу. Бірақ өз қатарластарына қарағанда аласа, жіңішкелеу, тарамыс денелі, ықшам, өте шапшаң болатын. Теңбай ата – саятшы. Бізге қарап ол: «Мінген соң аттың басына ие болыңдар. Атты қинамаңдар» деп қатты ескертті. Біз жүріп кеттік. Айтқандай Қарашоқыдан өткенше желіп бардық. Қайтарда мидай жазық бетегелі, жусанды, боз шөпті жерге келгенде аттардың денесі қызып, бой бермей жұлынып келе жатыр еді. Тәжітай маған қарап: «Ауылға дейін он шақырымдай қалды ғой, жіберейік аттың басын» деді. Бұл кезде Теңбай атаның ескертпесін ұмытып та кетіппіз. Содан аттың басын босатуымыз-ақ екен, ұшқан құспен жарысқандай заулай жөнелді. Ә дегенше ауылдың да төбесі көрінді. Аяқты үзеңгіге тіреп тартып, аттың шабысын зорға дегенде бәсеңдеттік. Осы кезде атты қинамаңдар деген сөз есімізге түсіп, үйге ерте барсақ біліп қалар деген балалық қулықпен кейін қайттық. Біраз айналған соң желдіре шоқытып ауылға қайта бұрылдық. Аяңдатып үйге келдік. Бірақ біздің кішкене ғана өтірігімізді Теңбай ата бәрібір біліп қойды: «Сендерге аттың басына ие болыңдар деп едім ғой. Әлі екі-үш рет терін алып бауырын жазамыз, көрдіңдер ме, әне, құлағының тұсы ақсабыны шығып кетіпті» деді. Балалық жасаған бізде үн жоқ. Теңбай ата аттың жабуын көтеріп, екі саусағымен сипап, тіліне саусағын салып көрді де басын шайқады. Сосын ертоқымын алды да, жабуымен таңасырамыз деп кермеге байлатып тастады. Шыбықторының басы бостау байланған екен, оны жоғары тартқызып тастады. Күнде кешке осылай қайталап жүрдік. Үшінші күні Теңбай ата: «Екі-үш ша­қырымнан кейін аттың басын жіберіңдер, Қарашоқыға жетпей қайтыңдар, ауылдың төбесі көрінгенде тоқтаңдар» деді. Теңбай ата біз шауып келген сайын саусақпен сипап тердің дәмін көреді. Бұл жолы да сөйтті де «Әлі бір тері бар» деді. Атқа күндіз қураған шөп береді, күнара кешкісін 3-4 кеседей сұлы береді, бұлақтың көзінен мұздай сумен суарады. Таңертең жабуын алған соң тері әбден кепкеннен кейін суық сумен бұлақтың етегінде жуындырады. Түстен кейін жайып алады. Бір күні «Ертең жабулап желіп терлетесіңдер, шабуға болмайды, Алла қаласа, 8-мамыр күні кешке Қарсақбайға барып қонамыз» деді. Теңбай ата күндіз желідегі жылқыларды аралап, құлындардың тамағын, басын, тұяғын, құйрығын ұстап енесіне, айғырына қарап айналады да жүреді. Мен де жанынан қалмаймын. Ол кісі: «Тұлпардың тұқымы жақсы болу керек. Басы тым үлкен болмайды, тамағы безден таза болады, екі көзі қабақты, құлағының арасы тым алшақ емес, қаратұяғын қосқанда тізедегі буыннан үлкен адамның жұдырығы тимей бос өтеді. Артқы саны бұлшықетті, тілерсегі шалқалап отырған айға ұқсас, төсі жоғары, қабырғалы келеді. Жүрісі, аяқ алысы, желісі, шабысы дегендей көңіл аударатын жерлері көп қой, балам, дегенмен, қазақтың мақалы өмірден алынған. «Ат шаппайды, бап шабады, бап шаппайды – бақ шабады» дейтін. 7-мамыр күні кешке аттарды жабулап желе-шоқытып терлетіп әкелдік. Теңбай ата әдеттегідей жамбасына қолын салып, тердің дәмін көрді де «Енді болды. Тердің дәмі ащы емес екен. Дене тазарды, балам» деді. 8-мамыр күні таңертең аттарды бұлақтан суарып, аяңдап ауылдың сыртына шықтық. Екі ат та ауыздықпен алысып, құлақтарын қайшылап, әртүрлі жүрістің түрлерін көрсетіп, ойнақтай берді. Кештетіп Қарсақбайдағы Жұмабай нағашымның үйіне түстік. Атқа орын дайын екен. Біздің аттарды басқа аудан, совхоз, колхоздардан келген сәйгүліктердің қасына апармады. Біраздан соң мұнда келген басқа аттарды өздері көріп келмек болып Теңбай ата мен әкем екеуі кетіп қалды. Айналып келгеннен кейін Теңбай атаның айтқаны: «Әзірге небәрі жиырма үш ат келді. Бірақ біздің Қарасұрдың алдына шыға алатын ат көрмедім. Бәйгеде атым озып келіп, қошемет көрсетіп жатқан кездер көз алдыма елестеп тұр. Ал қазір уайымдамай, ерте жатып тыныққандарың жөн болады». Таңертең атты көріп келуге жіберді. Барсақ, Шыбықторы ойнақтап, кісінеп, алдыңғы екі аяғының астын қазып тастаған екен. Ал Қарасұр ат болса екі құлағы салбырап, ештеңеге мән бермей тұр. Көргенімізді үлкен кісілерге айттық. Олар да көз тиді ме екен, тіл тиді ме екен деп, мұны түсіне алмады. Жарыс алдында «Атты ұрмаңдар, әр айналымда екі-үш рет көзінің үстін сүртіп отырыңдар, тебінбеңдер, өкпесіне зақым келеді. Барлығы алты шақырымнан бес айналым. Үш айналымның ортасынан өткенде аттың басын тежемеңдер. Оған дейін төрт-бес аттың артынан құйрық тістетуге тақау жүріңдер. Реті келсе, жел жағына шығып отырған жөн болады» деп түсіндіріп жатты Теңбай ата. Аттың басын тартып, жібермей келеміз. Алғашқы жеті аттың ішіндеміз. Аздан соң біразы болдырып қалған сияқты. Үшінші айналымнан соң қамшылау бас­талды. Жер шаңғытты. Атымның күшін байқап келемін, әлі тың. Енді алға шығып, жеткізбей кету керек. Жел жағынан басып оза бергенімде алдымнан шұңқыр шыға келді. Ат бар екпінімен жығылды. Мен де біраз жерге ұшып кетіппін. Әйтеуір аманбыз. Мал дәрігерлері атымның алдыңғы аяғын таңып, байлап тастады. Тәжітай Шыбықторымен маған қарайлаймын деп жарты айналымдай қалып қойды. Дегенмен, екінші орынға ие болып, оған оралған үлкен кілем берілді. Қайтарда жол бойында Теңбай ата Қарасұр жануардың аяқ алысы мүлде бөлек екенін, өзі Қарайғырдың тұқымы, енесі бірнеше жүйрік туған атақты Көкқасқа бие болғанын айтып берді. Есейгенде осылардың бәрін еске алсам, сол кісілер оқымаса да малға дегенде тәжірибесі мол, өмірден алып, көкейіне тоқығаны көп екен ғой. Туғанбай ЖАНЫСБАЕВ, дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлытау және Талғар аудандарының «Құрметті азаматы»

3244 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы