• Әдебиет
  • 28 Наурыз, 2013

Нұрға бөлеген Әз Наурыз

Кең-байтақ даламызға көктемнің шуақты күндерімен бірге еніп келетін Наурыз мейрамын жұртшылық болып, өз деңгейінде күтіп алдық. Бұл мейрам тек біз үшін ғана емес, басқа да бірқатар мемлекеттер үшін де жыл басы болып саналатыны белгілі. Бұл күннің адамзат баласы үшін де, табиғат үшін де маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Тіршілік атаулы терең тыныс алып, қайта түлеген кезі осы. Біз үшін мәні зор Ұлыстың Ұлы күнін Алматы тұрғындары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қарсы алды. Ұлыстың Ұлы күнінде Елбасы ерекше тебіреніспен сөз сөйлеп, Нау­рыз мейрамының ерекшеліктері, бұл күннің халық үшін маңыздылығы туралы айтып өтті. Содан соң ел дамуы жайына тоқталып, 21 жыл ішінде жеткен қыруар жетістіктеріміз бен толағай табыстарымыздың көптігін мақтанышпен атап өтті. – Баршаңызды көктемнің жадыраған мерекесі, еліміздің салт-дәстүрі сақталған Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мереке құтты болсын, ағайын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Елбасы. Рас, тәуелсіздік алған жиырма бір жыл ішінде бағындырған белестеріміз, шыққан биігіміз аз емес. Қай жағынан алып қарасаңыз да даму қарқынымыз өзгемен салыстырғанда жоғары екені белгілі. Елбасы осы жайында айта келіп: – Біз 2050 жылға дейін даму бағдарламасын қабылдадық. Біздің мақсатымыз әлемнің жетекші 30 елінің қатарына кіру. Біз алдымызға өте батыл мақсат қойдық. Ол қыруар жұмысты, үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Біз барша қазақстандықтардың жақсы өмір сүруі үшін ұзақ мерзімді даму жолын саналы түрде таңдадық, – деді. Сөз соңында мемлекет басшысы алдағы күндерден зор үміт күтетінін айтты. Барша қазақстандықтарға бақыт, молшылық, рухани күш тіледі. Келесі кезекте Елбасы жұрт­шы­лықпен бірге театрланды­рылған көріністерді тамашалады. Қойылымда Алматының белгілі театрларының актерлері өнер көрсетті. Наурыз мейрамында ұлттық тағам­дарымыз кеңінен дәріптеліп, ұлтымыз­ға қатысты барша салт-дәстүрлеріміз көрініс табады. Алматы халқы мұның бәріне куә болып, бір жасап қалды. «Астана» алаңындағы дүбірлі той қолөнер шеберлерінің ұйымдастырған жәрмеңкесімен жалғасты. Алдымен Алматының Алатау ауданында басталған дүбірлі той басқа аудандарда да жалғасып жатты. Аудан орталықтарында ұйымдастырылған жәрмеңкелер мен ән-күй қойылымдары қалың жұртшылықтың көңіліне қуаныш сыйлады. Қай ауданға барсаңыз да ұлттық үлгіде киім киген өнерпаздар, пісірілген бауырсақ пен наурызкөже мерекенің ажарын аша түскендей. Барлық жақсылықтың бастауындай көрінетін Наурыз мейрамы ару Алматыда осылай аталып өтті. Ұлысқа келген Ұлы күн, мерейлі мейрамды еліміздің барлық өңірлері ерекше ықыласпен қарсы алды. Қалаларда, облыс­та, елді мекендерде Ұлыстың Ұлы күнін күтіп алуға өзіндік үлесін қоспаған адам қалған жоқ. Елордада да Наурыз мейрамын тойлау шаралары 21-наурыздан басталып кеткен еді. Астананың тұрғындары мен қонақтары әртүрлі демалыс орындарында салтанатты түрде атап өтті. Мұның жалғасы 22-нау­рыз күні «Қазақ елі» монументі алаңында өткізілген мерекелік шарамен ұласты. Бұл алаңда да көрермендер назарына «Ұлыстың Ұлы күні» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Ауа райы қолайсыздық көрсет­кенмен ұлы мерекенің думанды төріндегі қызықтарды тамашалауға асыққан жұрттың легі толас­тамады. Айтулы мерекеде алаңның келбеті бұрынғыдан да ажарлана түскені байқалады. *** Нұрға бөлеген Әз НаурызЖер-Ананы жібітіп, табиғатты түлетіп келді, Әз Наурыз. Жыл ­бастауын қалың қазақ халқы қашаннан жақсы жоралғымен көмкереді. Игі дәстүрге орай биыл еліміздің әр өңірінде Ұлыстың Ұлы күні ерекше салтанатпен тойланды. Ақтауда Наурыз мерекесі теңіз жаға­сының алдында «Жорға» би ансамблінің өнер көрсетуімен ашылды. Әртүрлі түсті көйлектермен мың бұралған қаракөз қыздарымыз қазақи сипаттағы қимыл­дарымен халықты тамсандырды. Киіз үйлер тігілді, қазан көтерілді, халыққа арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар өткізіліп, жастар құлшына жарысып, мерекенің сәнін келтірді. Тұрғындарға наурызкөже, айран, шұбат құйылып, қызыл бауырсақ пен қазы-қарта ұсынылды. Ұлттық тағамдардың дәмін тату бұл күні тегін болды. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Алик Айдарбаев аймақтың құрметті қарттары мен әжелерімен көрісіп, маңғыстаулықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізге амандық, халыққа татулық, бірлік тіледі. Қарағандыда Наурыз мейрамы Бұқар жырау даңғылы бойында өтті. Бұл бас көше әдеттегідей әсем өңге еніп, жайнап, жарқырап мереке қуанышын бөлісуші қала жұртына айқара құшақ ашты. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер іші-сырты мен алаңдардан шырқалған ән, күмбірлеген күй таңертеңнен алысқа жаңғырыққан еді. Ендігі бір сәтте сап түзеген «Кел, төрле мейірлі Наурыз!» салтанатты шеруі мерекелік шаттықты шалқыта жөнелді. Облыстағы 70-ке тарта этномәдени бірлестіктер, 50-ден астам қоғамдық ұйымдар өкілдері, танымал азаматтар, ардагерлер, жалынды жастар бәрі бір жерден табылып, ортақ қуаныштың мәні мен сәнін асырды. Ұлт үшін ерекше мерекені Сыр жұртшы­лығы да өз деңгейінде қарсы алды. Қызылорда қаласы биылғы Наурыз мере­кесін ерекше атап өтті. Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен шаһардағы әрбір аулада коммуналдық мекемелер, бөлімдер наурызкөже пісіріп, тұрғындарға дәм ауыз тигізді. Мерекеде түрлі сайыстар өтті. Жігіттер күш сынасты. Қыздар сұлулық талас­тырды. Әсіресе «Табиғат шеруі» әсерлі өтті. Оралдағы Облыс орталығындағы Достық даңғылының бойы шын мәніндегі бірлік пен берекенің, жаңару мен жасарудың жырын шертіп тұрды. Мыңдаған батысқазақ­стандықтар Ұлыстың Ұлы күні бір-бірін шын жүректен құттықтап, бақ-береке, бақыт тіледі. Олар киіз үйлердегі дәмнен, наурызкөжеден ауыз тиіп, мерекелік бағдарламаларды тамашалады. Өскеменде биылғы Әз Наурыздың орны ерекше болды. Ол мазмұнды да мәнді болғандықтан қала тұрғындарының есінде ұзақ сақталып қалатыны сөзсіз. Өскеменнің қақ төріндегі Республика алаңында тігілген 30 ақшаңқан киіз үйлер тұрғындардың көңіл-күйін шалқытып жіберді. Қаланың 18 ауданында тағы 20 киіз үй шаңырағын көтеріп, әсем ән мен шаттық күйі кешке дейін шалқып тұрды. Ұлыстың Ұлы күні Петропавл өңірінде де ерекше салтанатпен атап өтілді. Халықтық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз барынша ұлықталып, мереке той-думанға айналды. Бар жақсысын киінген адамдар жарқын жүзбен, көтеріңкі көңілмен амандасып, бір-бірін шын пейілмен құттықтап жатты. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер жанында бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақанда тербелсе, ақ жаулықты әжелер мен апайлар ұлттық тағамдар пісіріп, Әз Наурыз мерекесінің басты асы – дәмділігі тіл үйіретін наурызкөже таратты. Ардагерлерге, аз қамтылған отбасыларға мерекелік дастарқан жайылып, халық әндері әуеледі. Нұрлан ҚҰМАР, Исатай ҚОРҒАНБАЕВ

7787 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы