• Әдебиет
  • 28 Наурыз, 2013

Мәңгілік МҮСIРЕПОВ

Қазақ жерi – шынында да кең-байтақ: батыста айдынды Атырау мен шығыста асқар Алтай арасын, терiстiкте Қызылжар қаласы мен түстiкте Шымкент арасын алып, көсiлiп жатыр. Ұшқанда құстың қанаты талып, он қонып жетедi. Аумағына бүгiнгi әлемнiң көшбасшы мемлекеттерiнiң бiрi – бес Франция сыйып кетедi. Еуразия құрлығының ұлан да Ұлы даласы бұл. Шынында да мақтанарлық па?! Әрине. Бұл – қазақтың ежелден қалың да қабырғалы ел екенiн бiлдiредi. Бiздiң бабаларымызға осынау даланы ешкiм сыйлаған жоқ. Ол бабаларымыздың бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi V ғасырдан бастап осынау тамаша да тарихи жерiн «ақ бiлектiң күшiмен, ақ найзаның ұшымен» қорғаған, сақтап, мына бiздерге қалдырған Ер екенiн айғақтайды. Бiз ертедегi Үйсiн елi, Көк Түрiк қағанаты, Алтын Орда, Дештi Қыпшақ мемлекеттерi, кешегi Қазақ хандығы мұрагерлерiмiз. Әрине, әлсiреген кезiмiз – ХVIII ғасырдан бастап... Мына дала қос империя: Ресей мен Қытай екi жақтан жырымдап, өздерiне талай өңiрiн қосып алып, қусырғанда қалған жерiмiз. 1991 жылы Тәуелсiздiк алмағанда сол дәулеттен, сол сәулеттен айырылатын ба едiк. Құдайдың көзi оң екен, үш ғасырға жуық 300-ден аса бас көтерген қозғалысымыз бар, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бастаған өз қам-қарекетiмiз де бар, ақырында жеке ел болып шаңырақ құрдық. Мiне, осы елдiкке, жиырма жыл бойы қаз тұрып, буын бекiтiп, мемлекеттiлiктi қалыптастырған еңбек пен ерлiкке – арамыздан өтiп кеткенiне 28 жыл өтсе де үлкен үлес қосқан, көп тiрiлерден де тiрi, тiрiлiгiн айтасыз, әлi iс жүзiнде де iрi бiр адам бар. Ол – ұлы жазушымыз, кезiнде ғана емес, қазiр де жер жүзi деңгейiндегi Қалам қайраткерi, қоғам қайраткерi болған алып Адам, асқаралы Азамат, мәңгi өлмес-өшпес тұлға – Ғабит Махмұтұлы Мүсiрепов. Менiкi – қазақ болғандықтан, оның iшiнде әрiптес-қаламгер болғандықтан айтылып жатқан мақтау сөз емес пе? Жоқ, ағайын! Өз басым «өлi арыстаннан тiрi тышқан артық» дегенге қосылмайтын адаммын, мұны менiң жазғандарымды азды-көптi оқыған адам бiледi, мұндай сөз-баға Ғабең сияқты өнер адамдарына, ұлы жазушыларға жүрмейдi. Тыш­қанның аты – қашанда тышқан, ал арыстан – егер ол соңына өлмейтұ­ғын сөз қалдырған Арыстан болса, онда оның мәңгi тiрi екенiнiң басы ашық. «Ақын-жазушының өмiрдегi орны – қаламының қанаты көтерген биiкте» дейдi Ғабеңнiң өзi. Сол өлшемнен келсек, ол – қазақ әде­биетiнiң алыптарының бiрi ғана емес, аз ғана Алатауларының бiрi. Мен ендi осыған бiр мысал келтiре кетейiн. Қадiрлi оқырман қауым, осыдан шамамен 150-180 жылдар бұрын осы Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданында, Уақ-Керей елiнде, Сибан жерiнде не болып едi, қандай оқиғалар өтiп едi, ауа райы қандай едi, орманы, жерi-шөбi, суы-көлi қандай едi, жұртты кiм билеп, ақ жолға – алға бастап едi, сiздер соны бiлесiздер ме? Көбiңiз бiлмейсiздер. Ал мен бiлемiн. Осы Солтүстiк Қазақстан облысы – менiң аяғым сирек тиген жер, алғаш Демиденко деген обкомның орыс бiрiншi хатшысы дүрiлдеп тұрғанда келгенмiн. Мен осыған қарамастан бұл өлке-өңiрдiң табиғатынан, шаруашылық қалпынан, кешелi-бүгiнгi адамдардың жан дүниесiнен жақсы хабардармын, бәлкiм, осында тұратын, жер өңдеп, жұрт басқарып жүрген талай адамдарынан тәуiрiрек бiлермiн. Мұның себебi неде? Өйткенi мен Ғабит Мүсiрепов шығармаларын мектепте жүргенде-ақ оқығанмын, одан кейiн де, қазiр де оқитын адаммын. Сонымен, ХIХ ғасырдың жуан ортасы кезiндегi жер, ел ахуалына сәл көз жүгiртейiкшi: «...Үш салт атты қатты жүрiп келедi. Бiреуi алдарақ, екеуi кейiнiрек. Алдыңғының аты не жорға, не қу тiрсек желiстi болу керек. Кейiнгi екеуi ара-тұра шауып алып iлесiп келедi. Алдыңғы жiгiт ағызған бойы жотаның қырқасында тұрған топтың алдына жақындап келiп, сөйлеп кеттi: – Армысыздар, ағалар!.. Қар­шығалы шұбарын паналап қонып қалған үш ауыл кiрме Күрлеуiттiң арызын айта келдiк... Биыл қыс осында жан сақтаймыз ба деп жаз бойы қорып келген жерiмiз едi. Жетiсiп отырған ел емеспiз... Сорлының зары арлыға кездескей деп жiберiп едi... айтар арызымызға құлақ ассаңыздар екен... Аңшы Мүсiреп Есенейге жарам­сақ­танып, жiгiттiң арызын аяқтатпай киiп кеттi: – Тоқта деген соң, сүйреңдемей, тоқта, бала! Ауылыңа сәлем айт: Есеней аға сұлтанның ат тұмсығын тiреген жерiне таласып әуре болмасын! – дедi. Жiгiт те iркiлген жоқ: – Есенейi жоқ елдi де ел екен, жұрт екен десеңiздер, қара өрттей қаптап келе жатқан жылқысының бетiн кейiн бұрсаңыздар екен. Осы арызымыз... ...Осындай өжет жастарды Есеней қатты ұнататын едi. Жиырмаға келмеген бала жiгiттiң сөзiнде нәр де, зәр де бар екен. Осылай өсiрермiн деп үмiт еткен екi ұлы қара шешектен бiр күнде қайтыс болғалы осындай уытты жасқа қызыға қарап қалушы едi. Өзiмен рулас он ауыл Сибанның iшiнде үмiт етер өреннiң бәрiн де сыртынан бақылай жүретiн. Бала жiгiтке қызыға тұрып «түрiкпен» Мүсiрепке қарады – жылы жауап бер дегендей едi. «Түрiкпен» Мүсiреп жас жiгiттiң сөз саптауынан ашынғандық лебiн өзi де танып тұрған. «Кiрме Күрлеуiт» дегенiне қарағанда, арыз айта жiберiп отырған қай бiр бай ауыл дейсiң. Сөз бiлер ақсақалы да болмаған-ау. – Шырағым, арызың аяқсыз қалмас, – дедi ол. – Аяқсыз қалдыратын арыз сияқты емес. Ауылдарыңа осыны айта барарсың. «Түсi игiден түңiлме» дегендей, көргенсiз деуге iшiм қимай тұр. Әттең, ашынғандықтан болса да, азды-көптi асқақтай сөйлегенiң де болды. Ауылыңа мұны да айта барарсың. Бала жiгiт бұл жолы да тез жауап қайтарды: – Арызымызды айтып кел деген жұрт асқақтай сөйле деп тапсырған жоқ едi, ағалар. Солай болып шықса, айып өзiмде. «Жүйелi сөз жүйесiн табар, жүйесiз сөз иесiн табар» деген бар ғой. Мiне, айыбым! – деп атынан түсе қалып, ұзын шылбырын Кенжетайға қарай серпiп жiбердi. – Әйтеуiр ат жетелеп жүр екенсiң, мынаны да жетелей жүр. Содан соң екi жолдасының бiрiн түсiрiп, соның атына мiнiп алды да, жөнеле бердi...». Мiне, сол замандағы Жамбыл ауданының жерi, сол заманның қазақтары. Елдiң жағдайы да, ел биi Есенейдiң ахуалы да, бас көтерер азаматтардың қарым-қатынасы, ақылды-ақылсыздығы да аңғарылып қалады. Кiсiлiк, тауып айту, сөзге тоқтау. Егде «түрiкпен» Мүсiрептiң – Ғабит Махмұтұлы атасының бiлiктiлiгi қандай. «Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлген» аңшы Мүсiреп еспелiгi ше?.. Мiне, тағы бiр айрықша жағдай: жас жiгiтiмiз қыз болып шықты. – Апыр-ау, бұл кiмнiң қызы болды екен? – деп түрiкпен Мүсiреп Есенейге қарады. – Қыз? – Күнi бойы Есенейдiң аузынан шыққан екiншi сөз осы едi. – Ие, қыз!.. «Мiне, айыбым!» дегенде, көз құйрығымен өзiңдi бiр шарпып өткенде неғып байқамадың? Шарпып емес-ау, көз құйрығын серпе тастап қарайтыны бар екен де!.. Аңшы Мүсiреп шошып кеттi. – Қыз болса, менi Құдай ұрды төбемнен! – дедi. – Мен масқара болдым. Бұл – Артықбай батырдың қызы Ұлпан. Үйiне қонып кеткенiме ай толған жоқ. Ең болмаса қара жорғасын танымай қалғанымды қарашы!..». Бiз Ғабеңнiң соңғы «Ұлпан» романының басты кейiпкерiмен осылай танысамыз. Шынайы шеберлiктiң шандоз көрiнiсi... Осындағы елдiк жол-жобаны тану, жөн бiлу қандай. Бүгiнгi күндей емес, ол заманда алаңғасар адамыңның өзi ар-ұятты бiледi. Баса-көктеп келе жатқаны аздай, бұлар Ұлпанның қара жорғасын алып қалып екi айыпты болыпты. «Өзi жетелеп жүрген Есенейдiң Мұзбел дейтiн торы төбел атын қара жорғамен бiрге жетелеп алып, Кенжетай» Артықбай батыр үйiне жөнелiп кеттi. Осындай халықтық қалпымыз, асыл салтымыз ұмытылып бара жатқан жоқ па? Қазiргi жастар мұны бiле ме?! Бiлмесе, олар кiнәлi емес, мына бiздер – үлкендер кiнәлiмiз. Бұл келтiргендерiмiз – бiр-екi-ақ мысал болса, Ғабит Мүсiрепов мұрасы осындай мың бiр мысалдан тұрады. Бiз бұл бiр-екi мысқалды Ұлы Суреткердiң өткен 2012 жылдың соңына таман Алматыдағы «Қазақпарат» баспасы жариялаған «Таңдамалы шығар­маларынан» алып отырмыз. Осындағы «Оянған өлке» – әлем әдебиетiндегi ерекше бiр эпопея ғана емес, тұтас бiр заманның көркем шежiресi. «Қазақ солдаты» – ол да осындай бiр шедевр. Ғабеңнiң драмалық шығармалары. Бұл жанрда Ғабең – сыңары жоқ суреткер. Сұлу, сырбаз, саңлақ суреткер. Ғабеңнiң әңгiмелерi. Осыдан сексен жыл бұрын, яғни 1933 жылдары жазылған «Адамның анасы», «Өлiмдi жеңген ана», 1984 жылы тұсауын кескен «Ананың анасы», «Адамның арашашысы» осы бүгiн жазылғандай. Қазiр де керемет, классикалық жауһар дүниелер. Осындай бiр жарқын мысалды тағы да шежiрелiк ататектiк дерегi мол, осы туған жерi, өскен өңiрi өмiрiнен жазылған «Ұлпан» романынан алсақ, ол басты кейiпкерлер: Есеней мен Ұлпан махаббаты, жас айырмасы 40 жастай екi адам: 57-дегi би, батыр Есеней мен 17-дегi жас ару, ақылды Ұлпан қыз қарым-қатынасының мархабаты. Алдымен мынадай парадокс сұрақ туындамай ма? «Алпыстағы шал мен жиырмаға да жетпеген ару арасында махаббат болуы мүмкiн бе?» Мүмкiн екен. Мүмкiн ғана емес, өмiрде болған және болады екен. Ғабең аталмыш романы арқылы осы жайды да сендiре суреттеп, көркем де шынайы дәлелдейдi. Есеней Ұлпанды алуға бел байлады. Құдалыққа Мүсiрептi жiбердi. «Барып қайтпа, бiржола бiтiрiп қайт. Сибан деген бiр ұлы елдiң ордасы бiр күнi бiржола жабылып қалсын демесең, көндiрiп қайт» деп жiбердi. Бұл соңғы сөз Мүсiрепке ауыр тидi. Есенейдi аяды, елiнiң ахуалын ойлады. Ұлпанды да аяды, жиырмаға жетпеген жасты алпыстағы шалға көз де, көңiл де қияр ма? Мiне, осылай басталған қиын түйiн бiрте-бiрте шешiлдi. Жарқырап жанып тұрған от қурай бастаған ағашты-қарағайды тұтатып, қоса жандырып, өшпейтiн жалынға ұластырды. Мiне, осындай өмiрлiк коллизияларды керемет өрбiтiп, кемел де көркем шығарма – мәңгi өлмес өмiрге айналдыру тек Ғабит Махмұтұлындай сирек суреткерлердiң қолынан ғана келсе керек. Ұзын сөздiң қысқасы, Ғабеңнiң классикалық көркем шығармалары түгiл әрбiр сөйлеген сөзi, жазған мақалалары, тiптi қаламынан қағазға түскен ой ұшқындары – бәрi-бәрi ұлы адамның мұрасы, тағылымды да, тамаша сөз маржандары. Өмiртану оқулығы, ХХ ғасырдағы қазақ халқы өмiрiнiң алып айнасы – келiстi бiр энциклопедиясы. Демек, сөзi – Өзi десек, Өзi – әлi де өлмес-өшпес мәңгi өнеге, сарқылмас әдемi әлем. Адамгершiлiк қайнары, Ақиқат бұлағы, Имандылық көзi. Ал бұл қасиеттер – әдебиет үшiн ғана емес, әлеумет – халық – бүгiнгi жас ұрпақ үшiн аса маңызды десек, қателеспеймiз. Мiне, осыған орай орыстың ұлы сыншысы Виссарион Белинскийдiң мына бiр пiкiрi ойға оралады: «Бiлiм алу мен дамудың түрi-жолы көп. Бұлардың қай-қайсысы да саналы тiршiлiк иелерi үшiн өте қажет екендiгi түсiнiктi, бiрақ солардың бәрiнен де адамгершiлiк iлiмi жоғары қойылуға тиiс. Өйткенi бiр iлiм кiсiнi оқымысты етедi, екiншi бiр iлiм кiсiнi зайырлы етедi; ал үшiншiсi – мықты бастық-әкiмшi, әскери маман, саясаткер, тағысын тағылар етедi. Алайда тек қана адамгершiлiк-имандылық iлiмi сiздi Адам етедi». Ендеше бұдан шығатын түйiн: осы ар iлiмiнiң асыл қайнары – шынайы әдебиет пен шын өнер шығармалары болса, Ғабит Мүсiреповтiң ғанибет көркем дүниелерi – қазақ баласын, оқыған кiсiлердi 1940-1980 жылдары ғана емес, бұдан кейiн де, қазiр де Адам етiп тәрбиелеп, қалыптастырып жатқан жоқ па?! Демек, қазақ әдебиетiнiң классигi Ғабит Мүсiрепов шығармаларының айрықша бiр артықшылығы, ажар­лылығы, мәңгiлiк асылдығы – нақ осындай қадiр-қасиетiнде десек, қателеспеймiз. Қадiрлi оқырман қауым, Ғабит Мүсiрепов – тек белестiк мүшел­тойларында, мәселен, туғанына 100-110 жыл толуына байланысты ғана ескерiлер қалам қайраткерi немесе қоғам, мемлекет қайраткерi емес. Ол – сегiз қырлы, мың сырлы, ең негiзгiсi – Мәңгiлiк суреткер. Оның жеке адам ретiндегi өмiрi де – өшпес өнеге, ал халық перзентi, мемлекетшiл тұлға ретiнде жасаған қам-қарекеттерi, бiтiрген алуан iстерi де әрқашан үлгi болып қала бередi. Қазақ халқын қынадай қырған 1931-1932 жылғы алапат ашаршылық кезiнде Сталинге хат жазған бесеудiң бiрi болуы, 1937 жылы Бейiмбет Майлиндi халық жауы деп ұстағанда «Бейiмбет жау болса, онда мен де жаумын» деген ерлiгi, «Әдебиетi мен өнерi, ұлы болмаған жағдайда, ұлт ұлы бола алмайды» дегендей маржан сөздерi – ал айтыңызшы, қай-қайсысы да ұмытарлық iс-қарекет пе, ұрпаққа – ұран, ұлтқа қазына етер ой маржандары емес пе?! Мiне, сондықтан Ғабит Мүсiрепов әрқашан, күнделiктi бiзбен бiрге өмiр сүретiн, арамызда жүрiп, тәуелсiздiгiмiздiң тамыры тереңдей беруге қатысып, мемлекетiмiздiң керегесi кеңейе беруiне үнемi атсалыса беретiн прозашы, суреткер, Азамат. Мен мұны өз ой-тұжырымыммен ғана емес, француздың атақты жазушысы, Ғабеңдердiң замандасы Луи Арагонның мына бiр сөзiмен де бекiте түскiм келедi. «Бiздiң ғасырымыздың – ХХ ғасырдың маңдайына мынадай санаулы ақындардың жарқын есiмдерi мөр болып басылған. Англияда ол – Киплинг, Францияда – Апполинер мен Элюар, Германияда – Рильке, Испанияда – Гарсиа Лорка, Ресейде – Маяковский мен Есенин, Арменияда – Чаренц пен Исаакян. Осынау нұрлы күндердiң қайсысы сөнсе де, нақ сол күнi әлемдi қаратүнек басқандай болатын. Бiрақ олардың қай-қайсысының да артына қалдырған мұрасы – көлеңке елес, жалын, ақ жалын...». Байқайсыз ба, Луи Арагон бұлардың арасына бiрде-бiр Алаш ақынын, қазақ қаламгерiн қоспапты. Сонда қалай, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаевтар осы тiзiмде тұруға лайық емес пе? Әрине, лайық. Оны айтасыз, бұл сөздiң, мұндай биiк бағаның ақиық ақындарға ғана емес, ұлы жазушыларға да ортақ екенi айтпаса да түсiнiктi. Олай болса бұған басты себеп – Луи Арагонның Мағжан Жұмабаев пен Ғабит Мүсiреповтер шығармашылығын бiлмегенi. Әйтпесе армянның екi ақыны түгiл ағылшынның Киплингi, Мексиканың Маркесi мен орыстың Сергей Есенинi, Алексей Толстойы – мен Тураби сыншы ретiнде айтайын – бiздiң Қасым Аманжолов пен Ғабит Мүсiреповтен еш артық емес. Қадым ғасырлардан бергi әлемге ортақ, күллi өркениеттi дүние мо­йындаған ақиқат – ұлттар мен ұлыстар бiр-бiрiнен мылтығымен, мұнайымен озбайды, мәдениетiмен, әдебиетiмен озады. Наполеондар өттi, Гитлерлердiң сүйегi әлдеқашан қурап қалған. Ал Бальзак пен Пушкин, Абай Құнанбайұлы мен Рабиндранат Тагор әлi тiрi. Әлi тiрi деу де әлсiз сөз, мәңгiлiк тiрi. Ендеше Ғабеңнiң мерейтойларына қатысты туындар басты тағылымдар қандай, тұжырымдар нендей? Немесе iнi әрiптестерi – бiздiң алдымыздағы, жас ұрпағы – бүгiнгi қазақтар алдағы уақытта жүзеге асырар мақсат-мiндеттер қандай?! Сонымен, сөздi тек Мүсiреповке тiреп айтатын болсақ. Бiрiншi – Ғабит Махмұтұлын iс жүзiнде өз талантына, халқына қалдырған асыл мұрасына, сiңiрген еңбегiне сай алдағы уақытта да мәңгiлiк Мүсiреповке айналдыру. Бұл не деген сөз? Бұл – туған елi, облысы көлемiнде алсақ, бұл – Мүсiреповтiң барлық туындылары емес, өзi айтып, өсиет етiп кеткен 3 томдығын Солтүстiк Қазақстанның барлық мектептерi мен оқу орындарында тиянақты оқытып, кiм iздесе де кiтапханалар мен сауда дүкендерi­нен таба алуы керек деген сөз. Яғни Ғабең­нiң ғажайып шығармаларын 10 мың, қажет болса 100 мың данамен шығарып тарату қажет. Тек үстiмiздегi 2013 жылы ғана емес, алдағы жылдарда да... Мұның өзi – Мүсiрепов тануда, Мүсiреповтi мәңгiлiк етуде ең басты нәрсе. Айтпақшы, сондай бiр елдiк қам-қарекеттiң бастамасын – Мүсiреповтiң мәңгiлiк екенiн түсiнiп, Мүсiреповпен мақтанудың бiр әдемi үлгiсiн бiз осы мақаламызды жазарда оқыған, жазу кезiнде пайдаланған, кiтап – Ғабит Мүсiреповтiң «Қазақ­парат» баспасынан жарық көрген «Таңдамалы шығармалары» көрсетiптi. Жалпы, бұл өзi – «Әдебиет әлемi» деп аталатын соны серия, шоң жоба. «Әдебиет әлемі» сериясы бойынша шығатын кітаптар тізбесін мақұлдаған ұйымдардың қатарында «Қазақ газеттері» ЖШС да бар. Гәп оның сонылығында да емес, ең бастысы – сұлу, сындарлы, сом серия болып түзiлiп, жарық көре бастағандығында. Екiншi болып жарық көрген мына кiтапты да бiздiң сұлу, сындарлы, сом дейтiнiмiз – бұл қазiргi уақыт талабына сай безендiрiлген, Қазақ Елiнiң лайықты баспа өнiмдерiн шығаруда да әлемдiк, алдыңғы қатарлы деңгейге көтерiлгенiн айғақтайтын қалың: 90 шартты баспатабақ, 1120 беттiк, құнарлы, нағыз кiтап. Арнайы таңдалған сарғыш қағазына сыртқы көркемделуi сай. Фотосу­реттер топтамасы да Ғабең ғұмы­рының негiзгi бел-белестерiн бiлуге көмектесiп тұр. Сондықтан да мұнда кiтап редакторы Қуандық Түмен­бай­дан бас­тап, суретшi Жұмақын Қайранбаев, фотосуреткер Берсiнбек Сәрсенов, техникалық редактор Нұркен Сүйеубекұлына дейiнгi шығар­машылық топтың елеулi еңбегiн де атай кеткен артықтық етпейдi. Бiз бұл кiтапты оқи отырып мәңгiлiк Мүсiреповтiң адамдық, пен­делiк, суреткерлiк тұлғасын толық танимыз. Екiншi – халқымыздың мәдениет, рухани жан байлығы жағынан да қасиеттi, құнарлы бiр өлке-өңiрiнен Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Иван Шухов, Сафуан Шәймерденов секiлдi ұлылары, арыстары шыққан өлке-өңiрден – мен өнер, ғылым, мәдениет өкiлдерiн айтып жатқан жоқпын – жаңа Мағжандар, жас Мүсiреповтер шығуға тиiс емес пе? Бұл үшiн не керек? Тағы да мен жоғарыда айтқандай шараларды қолға алып, жүйелi жүзеге асыру қажет. Әйтпесе бұл – бұлақтың көзiн бiтеу ғана емес, Солтүстiк Қа­зақстанды мәдениет жағынан кенже, кенде қалдыру. Егер әлемдегi озық 30 елдiң қатарына кiремiз десек, егер қазақ ұлты, Қазақстан халқы өзiн алдағы кездерi өркениеттi, дамыған, мәдениеттi мемлекеттер тұрғындары боламыз десе, жас Мағжандар, жаңа, жалынды Ғабит Мүсiреповтер тәрбиелеп шығаруымыз керек. Ал бұлай iстей алмаған, әдебиетi мен мәдениетiн дамытпаған – жаңа Ғабең­дерi, Сәбеңдерi жоқ елдер өз­дерiн мәдениеттiмiз деп айта алмайды. Рас, халықтың жақсы жалақы алуы, қарны тоқ болуы, облыс, республикамыз экономикасының өркендеп-өсуi де – әрқашанда басты мәселе. Дегенмен, мұны – кейде табиғат, құрғақшылық, ауа райы әсер етер, астық аз жиналар – әрқашан түзеуге болады. Ал мәдениеттен, жоғарыда В.Белинский айтқандай, жас ұрпақты адам етiп тәрбиелеуден артта қалсақ, онда қалтамыз ақшаға толы, Машкеевич­тей миллиардерлерiмiз көп болса да, сорлы ел боламыз. Мұның себебi – Қазақстан Жазушылар одағына хат жолдаған бiр оқырманымыз өте тауып айтқандай, халық музыкасын: асыл, таза саз дүниесiмен сусындап өскен баладан адам-ақын Александр Пушкиндер шығады да, бүгiнгi замандық даңғырлақ, бұқаралық музыканы тыңдап өскен баладан жендет Дантес­тер дүниеге келедi. Бұл айтылғанға қосып-алар не бар? Мен де сөзiмдi осымен түйiндегiм келедi. Мүсiреповтi мақтаудың керегi жоқ, онымен мақтану керек. Демек, Ғабит Мүсiреповтi мектепте күнде кездесер, өмiрде халықпен әрқашан жүздесер мәңгiлiк Мүсiрепов ете берейiк! Бақыт САРБАЛАЕВ

4943 рет

көрсетілді

112

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы