• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2013

«Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі жарыққа шықты

Наурыз мерекесі қарсаңында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ балаларға үлкен сый жасады.  «Ер Төстік» ертегісінің желісі бойынша қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш ұлттық толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» атты анимациялық фильм көрерменге жол тартты. Енді кішкентай бүлдіршіндер қазақтың ертегі кейіпкерлерін 3D форматы арқылы тамашалай алады. Фильмнің режиссерлері Жәкен Дәненов пен Рустам Тұралиев. Режиссерлердің айтуынша, «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмін үлкен экрандардан көру керек, өйткені фильмдегі анимация мен оның дыбысы арнайы кинотеатрлар үшін жасалған. Фильм отандық анимация тарихынан лайықты өз орнын алатынына сенімді. Қазақ фольклор кейіпкерлерін 3D форматына салып, анимациялық туындыны дүниеге әкелген топ – еліміздің ең үздік компьютерлік графика мамандары мен аниматорлары. Фильмді түсіруде «motion capture» заманауи технологиясы (актерлердің қимыл-әрекетін анимацияға айналдыру) қолданылған. 3D форматында түсірілген 67 минуттық «Ер Төстік және Айдаһар» фильмін түсіруге үш жыл жұмсалыпты. Бұл мерзім шетелдің ірі мультипликациялық фильмдер шығаратын студиялары есебімен салыстырғанда өте аз уақыт болып саналады екен. Жазушы Дулат Исабековтың айтуынша, фильм өте сәтті түсірілген. «Ер Төстік» сияқты ертегі тұрғанда, басқа ертегіде не шаруамыз бар. Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан жағдай. Амери­кандық Том және Джерриді қазақтың балалары қашанғы көреді, сол бір арман орындалғандай болды» деді. Кішкентай көрермендерді қызықтыру үшін туынды авторларының аянбай тер төккені көрініп тұр. Кейіпкерлерді дыбыстау жұмысына Лидия Каден, Димаш Әкімов, Күнсұлу Шаях­метова, Ақкенже Әлімжан сынды елімізге белгілі актерлер қатыстырылған. «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Ермек Аманшаевтың айтуынша, мұндай толықметражды анимация­лық фильмдер әлі де жалғасын табады. Алда «Асық хикаясы», «Жаужүрек мың бала» сынды толықметражды анимациялық фильмдер түсіру жоспарда бар екен. Бағдагүл Мұратқызы

9636 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы