• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2013

Елдік мәселелерге енжар қарамайық

Расул Жұмалы, саясаттанушы:  – Қазіргі күні Қазақ мемлекеті атануымыз жөнінде сан алуан пікірлер айтылуда. Кейбіреулер алдымен Қазақ мемлекеті атанып алуымыз керек десе, енді бірі алдымен мемлекеттік тіл өз мәнінде жаппай қолданысқа енуі тиіс, сонда дұрыс болады дегенді айтады. Сіз қалай ойлайсыз, алдымен қазақ тілін жаппай қолданыс тіліне айналдырып алуымыз керек пе, әлде әуелі Қазақ мемлекеті атанып алғанымыз жөн бе? – Меніңше, бұл екі мәселені де бір-бірінен ажыратпай тең ұстау қажет. Алдымен мынадай болсын, содан соң былай болуы керек деп дабырашылдыққа жол беруге болмайды. Қалай десек те бұл екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып тұр емес пе? Қазір қоғамның өзі бір тақырып қозғала қалса, соны әр қырынан көргісі келіп, қосымша тағы да тақырыптар туындатып отырады. Ақыр соңында тіл мәселесін лайықты шешу, Қазақ мемлекетін тиісінше атау деген сынды көптеген шатастыруларға әкеліп соғатыны белгілі. Мәселен, бұдан бұрын қазақстандық ұлт болу төңірегінде де бірқатар даулы мәселелерге куә болғанымыз бар. Қазақстан деген қазақтың жері деген ұғымды береді ғой. Өзбекстан өзбектің жері деген сияқты. Кеңес Одағының өзінде біз Қазақ Социалистік Кеңестік Республикасы болдық емес пе? Шатасып жатқан түрлі пікірлерді одан әрі өршіте бермей, Қазақ Республикасы немесе Қазақ мемлекеті деп атаймыз деген тоқтамға келіп, оны жүзеге асыру керек. Бұл мәселенің арғы жағын қазбалап, екі түрлі пікірді бір-бірі­не қарама-қарсы қойып, қарап отырғаннан ұтарымыз аз. Тоқсаныншы жылдары Қазақ Республикасы деген атаудың Қазақстан деп өзгертілуінен ешқандай сөкеттік байқағаным жоқ. Ал қазір болып жатқан түрлі пікірлерді көбейте бермей, тез арада Қазақ мемлекеті немесе Қазақ Республикасы деп атаған дұрыс. Бір қоғамның, бір ұлттың басын біріктіріп тұрған бірнеше алғышарттар бар. Бұл сол ұлттың тілі. Дәл осындай сөздер қашаннан бері айтылып келеді. Мысал үшін, Францияны алып қарайтын болсақ, ол жерде де қаншама ұлт, қаншама нәсіл, қаншама еуропалықтар бар. Солардың бәрінің бір ұлт ретінде басын біріктіріп тұрған француздың тілі. Қазақстандағы жағдай да дәл осылай болуы керек. Бірақ өкінішке орай, осы жиыр­ма екі жылдың ішінде біз мұндай дәрежеге қол жеткізе алмай отырмыз. Маңызды мәселелерді кейінге қалдыра берердей қисыны да жоқ. Кез келген мемлекеттегі сияқты қазақ тілі де біріктіруші, топтастырушы, мемлекетті нығайтушы қызмет атқаруы керек. Тек қана қағаз жүзінде жаңа заң қабылданып, көптеген бағдарламалар жасалғанмен ол өз деңгейінде жүзеге асырылмаса пайдасы жоқ. – Қазіргідей қалыптасқан жағдайда мемле­кеттік тіліміз қашан өз мәртебесіне сай қолданылатын болады? – Ең алдымен Ата Заңымызда көрсетілген алғышарттарға сүйенгеніміз абзал болады. Онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Қалыптасып қалған мінезіміз бен көзқарасымыз тұрғысынан келер болсақ, біз жоғарғы жаққа, яғни билікке қарап бой түзегенді ұнататын халықпыз. Билігіміз не істесе біз де соның жолымен жүруге бейімбіз. Алайда өзіміздің де әрекет етуіміз керектігі ескерілмей жатады. Қай жағынан алып қарасаңыз да, мем­лекеттік тілді білмей мемлекеттік қызметке қонжия кету дегеніңіз ақылға сыя бермейтін нәрсе ғой. Мысалы, Францияда француз тілінде сөйлемей, Ұлыбританияда ағылшын тілін білмей, Ресейде орыс тілін меңгермей мемлекеттік қызметті қалай атқаруға болады? Мәселен, Ресейде басқа елден екі-үш айға жұмыс істеуге келген азаматтардан орыс тілі мен орыс әдебиетінен емтихан алатын болды. Осы емтиханды тапсыра алмаса, тіпті елге кіргізбеу керек деген шешім шығарып тастаған. Бізде де дәл осындай шарт қойып, оны қатаң орындай алуымыз керек. Тіл үйреткенде де осы жұмыста ұйымдастырушылық қабілетімізді арттырып, қаржылай ынталандыру жағынан да көп көңіл бөлген жөн. Сонда ғана шешімін таппай жүрген мәселелер өзімен-өзі бәрі түзеледі. Мемлекеттік қызметкерлер толығымен қазақ тілінде жұмыс істесе, ісқағаздар түгелдей қазақша болса, еліміздегі барлық салалар, бизнес болсын, экономика болсын, бәрі де өздігімен-ақ дамып, бір арнаға түсіп кетер еді. Қазақ тілін білмейтін азаматтарымызды алға сүйреп, оларға барлық жағдай жасап беру керек. «Неліктен конституциялық талапты орындамай отырсыңдар?» деген сауалды біз ұлт, тіл тағдырына жауапты кім-кімге де қоюымыз керек. Яғни нақты дүниелерді талап еткеніміз абзал. Ең бастысы, жоғарыда да айтып өттім, кейбір кезек күттірмес мәселелерді кейінге қалдыра беруге тіпті болмайды. Тіл мемлекетті нығайтушы, ұлтты біріктіруші деп қарасақ, қазіргі кезде оның әлеуетін кәдеге асырмасақ кейін кеш болады. – Біртұтас ұлт дегенді қалай түсінесіз? – Жер бетіндегі мемлекеттің барлығы ұлттық негізде құрылған мемлекеттер. Тіпті федерацияларды алып қарасаңыз да ұлттық негізде құрылған. Мысалы, Ресейде татарлар, шешендер, башқұрттар... басқа да ұлттар бар. Дегенмен, бұл мемлекеттің құраушысы орыс халқы, орыс мәдениеті екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. Бұл елде орыстың салт-дәстүрлерінің мерейі үстем тұрады. Тек қана Ресей емес, басқа мемлекеттердің барлығында да солай. Бұл әлемдік тәжірибе. Қазақстанды Америкамен салыстырып қарауға тіпті болмайды. Өйткені Америка эмигранттардың, шет жақтан келушілердің мекені. Ал Қазақстан болса ежелден қазақтардың жері, қазақтардың байырғы отаны, атажұрты. Сондықтан бұл елде мемлекет құраушы халық қазақ екендігіне ешкімнің дауы болмауы тиіс. Бұл сөздер Ата Заңда жазылып қана қоймай, іс жүзінде дәлелденсе нұр ұстіне нұр болар еді. Олай болмаса мемлекетіміз күшті мемлекетке айнала алмайды. Ұлт деген ең алдымен азаматтығын көрсетуі. Яғни тегі орыс қазақ, тегі украин қазақ, тегі неміс қазақ деген сияқты. Мысалы, француздар сияқты, ол жерде негрлер болсын, арабтар болсын бәрі француз. Тегі араб француз, тегі неміс француз деген сияқты тағысын тағылар. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Исатай ҚОРҒАНБАЕВ

19051 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы