• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2013

«Бұлақ көрсең – көзін аш»

Биылғы Наурыз тойы республика аумағында кең көлемде тойланды. Бұған жұрт куә болды. Бір қуанарлығы, жыл өткен сайын қасиетті мерекеге деген жұрттың ықыласы артуда. Еліміздегі барлық ұлт, этнос өкілдері Наурыз мейрамын қызыға, қуанышты түрде қарсы алу дәстүрге айналды. Ұлыстың Ұлы күні Талдықорған қа­ласының орталық алаңына жиналған қауым өте көп болды. Ақсақал да, орта буын өкілі де, жалындаған жастар да, табиғатқа қызыға, құштарлана қарайтын жас өскін де осы күннің қуанышын көлдей көңілімен бөлісті. Салтанатты мерекеде облыс әкімі Аңсар Мұсаханов құттықтау сөз сөйлеп, Жылан жылының берекелі болатындығына сенім білдірді. Наурыз мерекесінен алатын ғибратымыз да мол. Оның адамгершілік пен имандылық мерекесі ретіндегі мәртебесін арттыра түсу баршамыздың міндетіміз. Ұлағаты мол ұлттық мейрамның жақсы пейіл мен ізгі тілеу, кешірім мен табысу сияқты адамгершілік мұраты жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Халқымызда: «Жаңа жылда маңайың таза, көрікті болса сол жыл пәле-қазадан аулақ болады» деген сөз бар. Сондай-ақ «Бұлақ көрсең көзін аш», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналықтың мән-мағынасы да Әз Наурызбен астасып жатыр. Сондықтан биылғы Наурыз-думаны облыс әкімі Аңсар Мұсаханов бастаған ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің «Бұлақ көрсең көзін аш» атты дәстүрлі бұлақтың көзін ашу рәсімімен басталды. Осыдан кейінгі мерекенің салтанатты сәті Ардагерлер үйінің аумағында «Наурыз тал» отырғызу салтанатымен жалғасты. Облыс әкімі бастаған алқалы топ отырғызған жас өскінге көпшілік тезірек сая жайсын деген тілектерін білдірісті. Қаладағы Абай және Тәуелсіздік көшелерінің бойы күндегіден өзгеше түрге енді. Жол бойындағы қылқалам шеберлерінің көркем картиналары қаз-қатар тізілді. Шара барысында наурызкөже жасалып, түрлі ұлттық салт-дәстүрден көрініс көрсетілді. Тәуелсіздік көшесінің бойында қала спортшылары қазақша күрес, қол күресі, кір көтеру, арқан тартыс, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика эстафетасы сияқты спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтады. «Қасиетті халық тойы – нұрлы Наурыз» деп аталатын орталық алаңдағы мерекелік бағдарламада қаламыздағы «Айгөлек», «Ачимноуль», «Туған тел», «Контрас», «Айна­лайын», «Юные таланты», «Алтын дән», «Солнышко», «Темп», «Улыбка» би ансамбль­дері мен Б.Римова атындағы облыстық дарама тетары артистерінің қатысуымен «Аластау», «Наурыз шырақ», Қыдыр ата шеруі, Наурыз Ару мен Наурыз Сұлтанның халықпен қауышу сәті, «Наурызкөже», «Шашу» қойылымдарын нақышына келтіре көрсетіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Ал «Талдықорған әуендері» фольклор­лық-этнографиялық ансамблінің «Наурыз шашуы» атты өнер тартуын көрсетті. Бағдарламаның соңы Қазақстанның жас жұлдыздарының қатысуымен жастарға арналған би кешіне ұласты. Қажет АНДАС Алматы облысы

10840 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы