• Әдебиет
  • 10 Ақпан, 2009

Қайран, апам!

    ...Мәскеуден таң атпай келетін «Мәскеу-Бішкек» жүрдек пойызынан түскелі жатырмыз. Бір чемоданмен, екі сөмкені, басқа да дорбаларымды сүйрелеп есікке жақындатып қойдым. Қызым мен ұлыма «Заттарға қараңдар, біреулер іліп кетпесін» деп қоямын. Оның себебі бар, бірде осы Бішкектен пойызбен Мәскеуге жүргелі жатқанымызда (ауылдан артынып-тартынып қайтатын әдет баяғы) заттарды қойып, қызым екеуіміз сөйлесіп тұрсақ, бір қырғыз жігіті ең үлкен сөмкені сүйрелей, арқасына лақтыра сала, кетіп барады. «Әй тоқта» деп етегіне жабыса кетіп, бар даусыммен «милиция-милиция» деп айқайладым. Құтылмасын білген әрі айқай-шуға жүгіріп келе жатқан жігіттерді көрген қу: «Жәй әшейін тамашалағаным ғой» деп сөмкені тастай сала зытты. Содан бері заттарды санап, бір-біріне байлап қою әдет болған. Пойыз тоқтады, бізді күткен ешкім жоқ. Заттарымды түсіріп, үстіне балаларымды отырғызып қойдым. Такси-таксилеп келген қырғыз жігіттердің ешқайсысына қарамай, сөйлемей, қайнаға, қайындарымның бірі келер деп күтудемін. Перронда ешкім қалмады. Бізді айналып төрт-бес таксист шығар емес. Неде болса жүзі жылы біреуінің көлігіне отыруға тәуекел еттік. Заттарды көтеріскен  таксист жігітке ілесіп көлікке отырдық. Жол бойы үндемей келе жатқан балам, Қордайға кірсімен «ауылға келдік, мама» деп, күлімдей бастады. Көлік Қордайдан шығып, ауылға – «Талаптыға» барар жолға бұрылғанда қуанышын жасыра алмай жан-жағына қарап, тыпырлап кетті.

  Менің де жүрегім өрекпіп, біртүрлі күй кештім. Осы Қордайдан ауылға қарай бұрылатын жолға жеткенде үнемі келін болып түспей тұрғанда  танысуға келген алғашқы сапарымдағы көңіл-күйді бастан кешіремін. Қордай бұрылысынан ауыл тұсындағы канал көпіріне дейінгі аралықта жолдың екі шетін қалың ағаш қоршаған, тіпті жолдың үстінің өзіне екі жақтан иіле келіп, тал-қайыңдарымен ерекше сәнге бөлеп тұратын жол бөлегін үнемі «Махаббат аллеясы» деп атағым келіп тұрады. Неге олай екен...?!

  Көліктің алдына түсіп, жүгіріп кеткісі келіп отырған балама қарап таңқалдым. Сонау Ақтау қаласында өмірге келсе де бабаларының жеріне деген сүйіспеншіліктің ұлыма қанмен бірге сіңгеніне сүйсіндім.

    Ауылға келіп, біздің үй тұрған көшеге бұрылдық. Үй жақтан түтін шығып жатыр. Яғни апам бізді күтіп отыр. Біз келерде ұйықтамайтын әдеті ғой баяғы. Ыстық нан, сақырлап қайнаған самаурнынын дайындап қоймаса өзіне-өзі риза болмайды. Өзгелерге де маза жоқ.

     Көлігіміз зырқырап келіп, есік алдына тоқтады. Көлік тоқтар- тоқтамастан,  домалап түскен балам: «Апа, біз келдік!» деп, айқайлады. Заттарды түсіріп, жүргізуші жігітпен есептесіп, мен де есікке жақындадым. Сыртқы дарбаза есігіне бір тал бұтақты қыстырып қойыпты. Аңқау ауыл адамдарының бұл үйде ешкім жоқ дегені. «Апам жоқ» деді балам бұртиып. Мойнымды созып аула ішіне қарасам, самауырыны селкілдеп қайнап тұр, ошақта от жанып жатыр. Бұл апамның алысқа кетпегенінің дәлелі. Өзінде сауын сиыры болмаған соң, біздерге қаймақ, сүт алуға көршілерге кетті ме екен деп ойладым. Көшенің қарсы бетіне қарасам, сол беттегі көршінің үйінің алдындағы орындықта апалар тізіліп отыр. Салтанат апа, Күлтай апа, Дәу апа (атын білмейді екенмін). Мейрам әжем бізге қарайды, бірақ бізді танымайтындай,  үндемейді. Сағынып келгенде ауылдың тасына дейін ыстық көрінер мына сәтте апалардың мына түрі мені шошытқандай. Бәрі бірдей Жәмила апаның үй жағын меңзегендей болады. Мен де біртүрлі қысыла қастарынан өтіп, Жәмила апаның үйіне қарай жүрдім.

  Бинаш жеңгей (Жәмила апаның келіні) мені көріп, апама айтса керек, мен үйге жақындаған кезде «Жарық сәулелерім, келіп қалдыңдар ма» деген апамның аналарға ғана тән мейірімді, осы қысқа сөйлем арқылы беріліп  тұрған аналық махаббатқа толы дауысы өзі көрінбесе де Жәмила апа шарбағының ішіндегі қалың ағаштардың арғы жағынан естілді.

  Көптен көрмеген сағыныш, күтіп алмағандарына деген өкпе-наз бағанадан кемеріне келіп шүлпілдеп толып тұрса керек, апамның дауысы соны шайқап жібергендей көзімнен жас сорғалап, өксіп жылап қоя бердім.

 «Апа-ау, апа-ау» деп жатқан мені, «Мама, саған не болды?» деп төбемнен төніп тұрған балам оятып жіберді. Көзім тола жас, өзім болсам өксіген көңілімді баса алар емеспін. Бұдан он алты жылдай бұрын болған оқиғаны сол күйінде түсімде көргеніме сенер-сенбесімді білмей, өң мен түстің арасында, «Мама, неге жыладың сонша?» деген балама жауап тауып бере алмай біраз жаттым. Апам барда ауылға барудың өзі бір ерекше мереке екенін, апамның арқасында біздер бір маңызды қонақтар сияқты көрінген бақытты сәттерді ойладым. Сол жолы күтіп алуға келе жатқан қайынағамның көлігі бұзылып қалғанын, соған кінәлі кісідей ағаның өз  кінәсін жумақ болған туысқандық ыстық сезімдерді есіме түсіріп, сол үшін  енді өңімде жылап алдым.

   Қайран, апам! Айтпай-ақ, үгіттемей-ақ қаншалықты бағалы өсиеттер құйғансың жанымызға.  «Сыртта жүрсің, анда-санда келетін қонақсың, сенсіз де шәйімізді құйып ішеміз» деп, өзіңнен жоғары отырғызып, шәй құйып берген сәттеріңнің қымбаты-ай!  

   Түсімде көрген апалардың барлығы о дүниелік болып кеткенін, жаңағы түсімдегі оларға деген өкпемнің пендешілік екенін ойладым. Бүгін жұма екені есіме түсіп, нан илеп, шелпек пісіруге кірістім. Апам марқұм және түсімде көрген апаларыма тие берсін деп бетімді сипадым.

  Нан пісіре жүріп неліктен бұл түсті көрдім деп ойландым. Кеше кешкі асты ішіп болған соң, балконға шыққанымда, ағаштардың басы қозғалып жел тұратын белгі беріп тұр екен. Бөлмеге кіріп жел соққалы тұрғанын сездім де, іле «Апам айтқандай, Қордай соққалы тұр» дедім күліп. (Қордайлықтар тау жақтан соққан желді «Қордай» дейді ). Содан отбасымызбен ауыл, Қордай желі, апамның айтқан әңгімелері туралы сөйлесіп біраз отырдық. Әңгіме қыза келе, қазіргі «Алға» ауылы тұсындағы, Алматыға қарай жол жүргенде оң жағыңда қалатын төбенің артында орналасқан «Мыңжасар сарайы» деп аталатын аталарымыздың жеріне ауысты.

 Төрт кластық білімі бар, бірақ көкірегі ашық апам біздерге он алты жасынан келін боп түскен босағасының тарихын үнемі тәтпіштеп айтып отырудан жалықпайтын.

  Апам марқұм Мыңжасар байдың жалғыз ұлы Исатайға тұрмысқа шыққанында шіріген ата байлығынан түк қалмағанын, ол  байлықты Кеңес өкіметінің  қалай талан-таражға салып таратып жібергенін айтып берген. Сол кезде туған жерін  тай басындай алтыннан да, тіпті кеудедегі шырылдаған жанынан да жоғары қойған бабамыз Мыңжасар, ауыл шетіндегі жаман сарайда қамауда отырған үш күн, үш түнде: «О, Аллам, байлығымды да, жанымды да алсаң ал, тек менің сүйегімді итжеккенге жібере көрме!» деп, жалынған екен. Пендесінің туған жеріне, топырағына деген сүйіспеншілігін жоғары бағалады ма, сол жаман сарайда үшінші күні бабамыздың тілегін Аллам қабыл етіпті. Елден, жерден кететін болдым деген ойдан атамыздың жүрек қабы жарылып кеткен екен. Бүгінде бабамыздың сүйегі жаңағы айтқан «Мыңжасар сарайы» аталатын жерде жатыр. Апам марқұм, ауылдың үлкендерін жинап, сол аталарының қыстауына апарып, мал сойып, құран оқытқан, біздер ол кезде оқуда болып, бара алмадық. Қу тіршілік сол апамның көзі тірісінде ата қыстауына бірігіп баруға мұрша бермеді. Апам қайтқаннан кейін аталар қыстауына біздер Мәскеуден барған бір сапарымызда балаларымызды ертіп бардық. Сайда бұлақ ағып жатыр, суы тұнық, мұп-мұздай. Көзін аштық. Су жүрген жағалауды бойлай ну қамыс өсіп тұр. Сайдың кеңейген жерінде алма, өрік өзге де жеміс ағаштары өскен. Қырдың үсті жайқалған шөп, қозғалмастан жайылып бір қора мал жатыр. Атамыздың жерін бір фермер сатып алыпты өкіметтен. Мынау жатқан соның малы. «Жанымды алсаң да жерімнің құшағында қалдыр» деген қайран бабамның сөзінің сырын мен сол кезде бар болмысыммен  ұқтым. «Сырлы қасықтың сыры кетседе сыны кетпейді» деген осы. Жақсылардан қалған жер шапағатын төгіп тұр. Қыр басында біздің әулеттің қорымы. Осы жерде Мыңжасар бабамыз да жатыр. Балаларыма қарап, жүздерінен бір ерекше нұр көргендей болдым. Құран оқыттық. Ол кезде сол Мыңжасар атамыздан қалған жалғыз қыз Әлипа әкпеміз – Исатай атамыздың қарындасы  тірі еді. Төркінінің қорымында неше жылғы арман, шерін дауыс көтере айтып әкпем марқұм бір жылады. Әке-шешеден бірдей ерте айырылып, ішерге тамақ, киерге киімі жоқ төрт бала жетім қалады. Екі кішкентайын балалар үйіне өткізіп, екі үлкені осы күнге жетеді. Кішкентайларынан хабарсызбыз. Ол өз алдына бір оқиға, үлкен әңгіме. Осы жайлардың бәрін әңгімелеп, тарих жолымен бір жүріп өткен біздер ұйқыға жатқанбыз, сондықтан да менің сезімтал жаным, түсімде тағы бір рет ауылға барып қайту бақытына ие болған еді. Отыз жылдан аса келін болып аттаған үлкен үй босағасына деген құрметімді, сағынышымды осы көрген түсім арқылы жеткізе отырып, бәріңізде сыйластық, бақыт болсын, туған жер топырағы қашанда, қайдада қолдасын деймін!

   Бір ғасырға жуық тарихи бар  Қордай ауданында өніп-өскен бір әулет ұрпағының тарихына байланысты бір үзік сырды алыс Мәскеуден сағынышпен жолдауды парыз санадым.

 

Жарқын Өтешова

 МӘСКЕУ

4109 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы