• Қоғам
  • 29 Қаңтар, 2009

«Шошқаның қазысын» көріп шошыдық

Сөз саптау, сөзді дұрыс қолдану, қазіргі кезде ең бір маңызды мәселе болып тұр. Ақпарат құралдары: газет, журналдардан басқа күнделікті естіп тыңдап отырған теледидар мен радио, кейде қазақ тілін орыс тілінен тура аудара салып құлаққа жағымсыз қотыр сөзбен жеткізе салса ішің аудай ашиды. Дикторларға не жазып берсе, олар соны оқитыны белгілі, жас журналистер жазды екен, «Ал сөз өнерінің тарландары, редакторлар қайда қарап отыр?» деген сұрақ туады. «Толыққанды», «қаржы құйылды», «дөңгелек стол», «қолжетімділік», «ағымдағы жыл», «жиынтық» тағы басқа тура аударылып, қолданып жүрген сөздер тілді байытпайды. Ал енді жоғарыдағы сөздерге келсек «толыққанды» емес «толымды» немесе «толық» десе де болады. Орыстың «полнокровный» деген сөзінсіз өзіміздің таза қазақ тілінде ойлап, сөз сөйлеуге әбден болады. Қаржы сұйық зат емес қой, құйылмайды, қолымызбен аламыз, береміз. «Дөңгелек стол» да орынсыз, алқалы жиын болды немесе өтті деуге әбден болады. «Қолжетімділік» дегенді «қолжетерлік» деген дұрыс қой, сөздің түбірі «жету» деген етістік, «жетім» емес. «Ағымдағы жыл» тағы да орыс тілінен сәтсіз тура аударылған, біздің ата-бабамыз «үстіміздегі жыл» деген. «Жиынтық» деген де орынды емес, орыстың «набор» деген сөзі. Ол «жинақтау» деген етістіктен «жинақ» болу керек. Дүкен сөресінде «свиное сало» деген сөзді «шошқаның қазысы» деп аударғанды көріп бір қазақтың жүрегі қысып қалыпты. Жаңа сөз іздеп керегі жоқ, барлық орыс сөздеріне балама сөздер табуға әбден болады, тек көп ойланып, терең толғанып, түркітілді халықтардың ежелгі сөз мәнеріне үңілсе табылмайтын сөз жоқ. Біреу солақай аудара салса, оны көз жұмып қолдана беруге болмайды. Мен медицина терминдерін қазақшалау кезінде «коронарная артерия» деген атауды «тәждік артерия» деп аударғанды оқып, таң қалдым, бұл жерде латынның «cor – жүрек» сөзімен байланысты атауды, орыстың «корона» сөзімен алмастырған.

Сол сияқты шұрайлы тілімізді шұбарлаған солақай аударылған сөздерден қалай құтыламыз деген беймазалық туындайды. Жаңа сөз ойлап табудың көбіне қажеті жоқ, барлық сұрақтарға жауапты ұлы жазушылардың, ғалымдардың еңбектерінен табуға болады. Ал мына жаһандану заманында медицина, техника, электроника ғылыми терминдерін өз қалпында қалдыру тиімді. Оның үстіне қазіргі таңда кейбір атауларды қысқартып жазып жүр. СПИД дегенді қазақша жазған екен, оны шын мәнінде ешкім түсінбейді.

Аудармамен айналысатындар жаңа сөздікпен жұмыс істеудің қиындығын айтады. Оның ішінде дұрыс аударылмаған сөздер көп. Келесі ұрпақ қай тілде сөйлейді, шұрайлы тіліміз әдемілігінен, тереңдігінен, мәнділігінен айрылып қалмас па екен деп қиналамыз ғой.

Қанатты сөздерді қай ұлт өкілдері болса да айта алғанмен, шешендік сөздер, жыр айту тек қазаққа ғана тән екен, мен соған кеуде керіп мақтанамын. Қарапайым халықтың арасында көсіліп, айшықты сөздермен сөз саптайтын адамдар бар. Қызығамын. Елдің бәрі қазақша ойлап, сол ойын ұлтымызға тән көркем сөзбен жеткізе алса атымыздың озғаны. «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, сөздің құдіреті күшті. Бір сөзбен өлтіріп, бір сөзбен тірілтуге болады. Ата-бабаларымыз сөзбен дауды шешіп, жауды жеңген. Қазақ тілін: әдеби, кәсіптік, аударма, күнделікті қарым-қатынас тілі деп қырық түрге бөлетіндер де табылып жатыр. Дұрыс емес. Бір тілді бөліп-бөліп үйренуге де, сөйлеуге де болмайды.

Іс қағаздары орысша жазылып, қазақшаға аударылмай, түпнұсқасы қазақша жазылса бас ауыртып аударып жатпас едік, алдымызда таудай бөгет тұрмас еді. Дертіміз сонда болып тұр. Заңдарды орысша жазып қазақшаға аударғанда, ең соңында кейбір заң мүлде басқаша болып шыққан, артынан оны қайта қабылдауға тура келген. Іс қағаздары қазақша жазылып, қажетінше басқа тілге аударылу керек, сонда ғана сөз саптауымыз түзелмек.

Елдегі барлық қазақтар өз тілінде еркін сөйлеп, дұрыс жаза білсе Қазақстанның іргесі ешқашан сөгілмейді, шаңырағы биік болары анық. Қазақ тілі – Қазақстанның алтын діңгегі, тіліміз болмаса еліміз де болмас еді.

Марал Зейнел-Ғабиқызы,

дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПЕТРОПАВЛ

4015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы