• Тарих
  • 18 Сәуір, 2013

Халық жадынан шықпаған тұлға

Халел Досмұхамедовтің туғанына 130 жыл Кездейсоқтықты қойсайшы?! Кейде оның үлкен істің бас­талуына түрткі болатыны бар. Бұдан дәл қырық үш жыл бұрын Миялы селосындағы Сарман Ғапуриннің үйінің төрінде жеке-дара ілулі тұрған кескіндеме сурет менің назарымды өзіне ерекше аударды. Қарттың өзінен сұрауға реті келмеді де, балаларынан сыр тартып көріп едім, олар: – Папамның нағашысы, бір атақты адам... – дегеннен бөтен тұжырымды ештеңе айта алмады. Шынында да сурет күнделікті көріп жүргендерімізден өзгешелеу еді. Үстіне қара костюм, ақ көйлек киген. Көйлектің жағасы доға тәрізді иілген. Оған жіңішке қара галстук байлаған. Көзінде Чеховтың көзілдірігіндей кішкене көзілдірік. Шашын қысқалау етіп қиған, ат жақты, қара торы, тоқтасып қалған шағы. «Дәу де болса ертеректе түсірілген сурет, сонда кім болды екен өзі…» Білгенше ынтықпын. Ақыры, екінші келгенімде анықтадым-ау. Тілін таппасаң қапелімде шешіліп сөйлей қоймайтын Сарман қарт суреттегі кісінің кім екенін сұрағанымда «айтайын ба, жоқ па» дегендей біраз уақыт маған тесіле қарап, отырып қалды. – А, – а, ол ма? – деп ыңырана кідірді де, сәлден кейін көзіне күлкі үйірді, – ол деген… Ол – Халел Досмұхамедов. Менің нағашым... – Басын көтеріп, жанарын қабырғадағы суретке қадады. – Атақ-жөнін естіп пе едің?.. – Халел!.. Досмұхамедов осы кісі ме? – дедім жұлып алғандай. Суретке бір, Сарман қартқа бір жалтақ-жұлтақ қарап абдырадым да қалдым. – Иә, Халелдің атынан хабарың бар жігіт болдың ғой өзің. Солай... – деп қалың қабағын қарс түйіп алды да теріс айналып кетті. Қарттың бұдан әрі ол туралы айта қоюы қиын екені ыңғайынан белгілі болды. Енді әурелеудің жөні бола қояр ма екен? Халел!.. Бұл есімді жоғары оқу орнында оқып жүргенімізде талай естігеніміз бар. Жазушы Хамза Есенжановтың Батыс Қазақстандағы тұтас бір кезеңінің оқиғаларына арналған «Ақ Жайық» трилогиясында да ол туралы біршама қамтылған. Бірақ кілең пиғылы теріс делінген адамдар қатарында аталатын. Менің Халел Досмұхамедұлы хақында кітаптар арқылы, оқытушыларым арқылы қалыптасып қалған сол қасаң көзқарасымды елге – Тайсойған өңіріне келгеннен кейін көнекөз, кәріқұлақ қариялардың ол адамға байланысты сүйсіне айтқан әңгімелері бірқыдыру жібіткендей болған еді. Бір ғасыр және тағы бір сегіз жыл ғұмыр сүрген балабейіттік шежіре Жәлеке Зұлханұлы, тоқсан жастан еңкеймей асқан миялылық Мұқанбет Қожақметұлы, халық арасындағы ескілікті әңгімелерді, жыр-дастандарды бастан-аяқ жатқа соғатын қарабаулық Шыңғыс Көжекұлы және басқалардан Халелдің елге жасаған жақсылықтары туралы, оның білімдарлығы, кісілік, кішілік қасиеттері жайлы естіп, білгендерім ақиқатқа бір табан жақындауыма көмектескендей әсер қалдырған. Енді, міне, суреттен болса да бейнесін көріп, көз суарып отырмын. Сонда сан қилы пікірлерге желі болып тартылған, өскен ортасына, ел-жұртына қадірлі болған Халел Досмұхамедұлы кім еді? Өткен жолы, Отанына, қазағына сіңірген еңбегі қандай? Тайсойған-Бүйрек өңірінде Алты Алашты болмағанмен, аймағындағыларды тегіс аузына қаратқан билер, от ауызды, орақ тілді ақындар аз болмаған. Халелдің өзін санамағанда бесінші атасы Алдар Ерназарұлы қара қылды қақ жаратын, әділдікпен аты шыққан би болулы. Одан кейінгілер де осал емес тәрізді. Оны Зімбіл ақыннан қалған мына бір өлең жолдары дәлелдей түседі: Арғы бір атам бай Байнақ, Мыңғырған жылқы айдаған. Бергі бір атам би Машақ, Бұлбұлдай топта сайраған. Ақынның мұндағы Байнақ деп отырғаны Алдар бидің баласының бірі Тілекеден туған ұл. Ол 1779-1855 жылдары өмір сүрген. Байнақтың баласы Машақ та (1835-1889 жж.) төңірегіне тіреу, жарлыға сүйеу болған айтулы би деседі. Олардан өрбіген балалар Дәулетүмбет, Ізмағанбет, Досмұхамедтер де оқыған, тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болған. Досмұхамед 1850 жылы туған. Ол отыз үш жасында, яғни 1883 жылғы сәуірдің 24-інде (қой жылы) зайыбы Әйкеннің құрсағынан іңгәлап шығып, жарық дүниеге келген Халелді көріп, шілдехана тойын жасаған. Кішкентайынан зейінділігімен назарға іліккен ұлын Досмұхамед өзіне қарағанда көзі қарақты, Орынборда оқып, білім алып қайтқан ағасы Дәулетүмбеттің ықпалымен ауыл молдасынан хат танығаннан кейін жергілікті орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Бұдан соң Халел Теке (Орал) қаласындағы реалдық училищені үздік бітіреді. Сол 1903 жылы Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық академияға барып, қыр баласының қа­былдау сынағынан қиналмай өтуі көпті таңдантады, назарларын өзіне бұрғызады. Халел әскери-медициналық академияны 1909 жылы алтын медальмен бітіріп шығады. Сол жылы Досмұхамед дүниеден озады. Аяулы әкеден біржолата айырылу оған оңайға соқпайды. Бірақ тағдыр маңдайға солай жазған. Жұмысты әуелі Пермь губерниясындағы Марсан бөлімшесінің 2-ші атқыштар батальонына кіші дәрігер болудан бастап, кейін Орал казак-орыстары бөлімшесіне ауысады. Ал 1913 жылдан бастап Темір уезінде бөлімшелік дәрігер болады. Халел қазақ елінің егемендігін, дербестігін аңсаған. Осы мақсатпен қазақтың зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Жанша Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышпаев және тағы басқалармен бірге 1917 жылғы желтоқсанның 5-13-і аралығында өткен жалпы қазақ-қырғыз құрылтай съезінде жарияланған қазақ-қырғыз өлкелік автономиясының – «Алашорда» өкіметінің туын көтеріседі. Өкінішке орай, осынау сынапша құйқылжыған аумалы-төкпелі кезеңде олар ауызбірлік таныту орнына үшке бөлініп, бытырай жіктеледі. Сайып келгенде, түпкі көздеген мақсат-мүдделеріне жетуге осы қожыраушылық тікелей себепкер болады. Халел 1921 жылы Түркістан республикалық ғылыми комиссиясының төрағалығына тағайындалады. Сондай-ақ мемлекеттік баспаның ғылыми-редакторлық бөліміне жетекшілік етеді. Кейін Қазақ АССР Баспа ісі және ғылыми мекемелердің мемлекеттік комитетінің төрағасы болады. Осы жылдары дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз Қазақстан өлкесін зерттеу қоғамының мүшесі, халық комиссариатының денсаулық сақтау алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі, Орта Азия мемлекеттік баспасының алқа мүшесі тәрізді бірнеше жауапты міндеттерді қатар мойнына алып, мігірсіз жұмыс істеген. «Сана» журналына редактор болған. Қоғамдық, ғылыми-ағарту салаларындағы сан-салалы еңбектерін ескере келіп, Россия Ғылым академиясы жанындағы Орталық өлкетану бюросы оны мүше-корреспонденттікке бірауыздан сайлайды. Сол кездің деңгейінен қарағанда бұл қазақ ғалымын шындап танығандық, еңбегіне көрсетілген орасан зор құрмет, биік баға еді. Ташкентте болғанда ғалым Самарқандты билеп тұрған тұсында атақты Тіллі қара мен Шир-дор медреселерін салдырған Кіші жүздегі Әлім-Төртқара руынан өрбіген кесек тұлға – әмір Жалаңтөс батырдың ерліктері, ата-тегі туралы «Самарқанд қаласындағы Тіллі қара мен Шир-дор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», сондай-ақ «Бұқарадағы Көгілтас медресесінің қалай салынғандығы туралы аңыз» атты этнографиялық очерктер жазуы шығармашылық қайсарлық, батылдық, ізденгіштік қасиеттерінің тағы бір шынайы көріністері демеске болмайды. Сөз жоқ, Халелдің ғылыми-зерттеушілік, азаматтық өрісін танытатын басты қырларының сапына қазақ халқының бұрын-соңды баспа жүзінде жарияланбаған жыр-дастандарын, өлеңдерін, шешендік сөздерін жинап, халқына ұсынуын, қазақ тілінің тазалығын сақтау жөніндегі зерттеу еңбектерін алдымен қосуға әбден болады. Ол Абай шығармаларына, «Сұлтан Кенесары Қасымовтың тарихына қосымша материал» кітапшасына, «Қыз Жібек», «Кенесары-Наурызбай» атты жыр кітаптарға редакторлық етеді. Махамбеттің алмас қылыштай өткір өлеңдерін тірнектеп теріп, қуатты нәрін әрі бояуын жоғалтпастан бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Ақын Мұрат Мөңкеұлының отаршылдық саясатқа қарсы өлмес жырларын «Мұрат ақынның сөздері» (1924ж.) деген атпен кітап етіп бастырып шығарды. Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі жайлы деректерді, өлең-жырларды халық арасындағы шежіре қарттардың, ақындардың ауыздарынан жазып алып, оған ғылыми тұжырымдар айтқан ілкі қазақ ғалымы да осы Халел болулы. Ол өзінің жазғы демалысын Гурьев, Орал, Маңғыстау аймақтарындағы халық әдебиетінің үлгілерін, шежіре жинастыруға арнайды. Бірде Тайсойған құмын қақ бөліп ағып жатқан күре тамыр – Жарыпшыққан өзенінің бойына, бірде өзі салдырған Алаш­орда ставкасына тақау Сейтімбет ашығына алты қанат киіз үй тіккізіп, ақын Ығылман Шөрекұлын қасына алып, оған Исатай-Махамбет көтерілісі туралы мол мағлұмат береді және осы тарихи оқиғаны батырлар жырлары үлгісімен шынайы шындыққа негіздеп, асықпай өлең жолдарына түсіруге кеңес айтады. Ақынды екі айдай уақыт Нарын, Жайық өңірлеріндегі көтеріліс болған тарихи жерлерді көзбен көріп, аралауға, батырлардың ұрпақтарымен кездесуге, олардың сөздерін тыңдап қайтуға жібереді. Өзі де ескіше сауатты, Исатай-Махамбет сынды батырлардың ерліктері хақында сол ұлт-азаттық көтерілістің тарихын түзуге хатшы ретінде атсалысқан әкесі Шөректің аузынан естіп, жазбаларымен танысып, бұрын да қанық білетін Ығылманның нақ пісуі жетіп шабыттанған шағында – келесі бір жазға салым тағы келіп, киіз үйлер тіктіреді. Соның бірінде ақынға жыр төктіреді. Көрген кісілердің айтуларына қарағанда, үйдің ішінде оның аузынан шыққан әр шумақты кезектесіп жазып отыратын қағаздар мен қаламдарын сайлаған бес адам қатар отырады екен. Ығылман бір айтқанда көпке дейін тоқтамайтын, кеудесінен жыр нөсері лекілдеп құйылатын суырыпсалма, ақпа ақын болған. Әбден айтылып болған соң бәрін жинастырып, ретке келтіреді. Халел пікірін, ескертпелерін айтып, дастанның кейбір тұстарын қайта жырлауға кеңес беріп отырған. Ығылман білгір ғұламаның ұсыныстарын байыпты ескере білген. Мұндай бірлескен жұмыс «Исатай-Махамбет» атты тарихи да, әдеби жағынан құнды дастанның, көркемдік дәрежесі жоғары қызықты шығарманың тууына жол ашқан. 1925 жылы баспадан шыққан бұл дастан күні бүгінге дейін өзінің мән-мағынасын бір мысқал да жойған жоқ және болашақта да жоймайтынына кепілдік беруге болады. Батыс Қазақстандағы ақын-жыраулардың өлең-жырларын «Аламан» деген жинаққа (1926 ж. Ташкент) топтастырады. Осылардың бәріне дерлік Халелдің өзі алғысөз, түсініктер жазып, ғылыми бағдарлар берген. Фольклортану саласында да бірқатар еңбектері бар. Соның ішінде шоқтығы биік тұратыны – «Қазақ халық ауыз әдебиеті» деген очеркі. [caption id="attachment_13440" align="aligncenter" width="504"]Халел Досмұхамедұлы отбасымен бірге Халел Досмұхамедұлы отбасымен бірге[/caption] Халелдің айрықша бір көрегендігі, алдағыны алыстан болжайтындығы қазақтың тіліне байланысты жазылған еңбектерінен айқын байқалады. 1923 жылғы «Шолпан» журналының 7-ші санында жарық көрген «Диуани лұғат ат-түрік» атты мақаласында қазақтың әдеби, тілдік жағынан маңызын кемітпеген көне жәдігерінен хабардар етсе, ал «Қызыл Қазақстан» журналында шыққан «Шетелдік сөздер туралы» деген мақаласында Нәзір Төреқұловтың қазақ орфографиясы мен терминологиясы туралы кітабына сын жаза отырып, тіл келешегі жайлы батыл тұжырымдар айтады. Кейін мұны дамытып, кеңейтіп жазып «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген ғылыми-зерттеу еңбекке айналдырады. Оған өзінің Халел Досмұхамедов туралы «Феномен» деген эссесінде академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Бұл қазақ тілінің конституциясы яки негізгі заңы туралы зерттеу» деп аса жоғары баға берген. Бұл кітабында Халел өзге тілдерден енген терминдерді пайдалануға мықтап сақ болу керектігін, оның қазақтың дыбыс үндестігін (сингармонизм заңы) бұзатындығын, сондықтан терминдерді тілімізге енгізгенде елеп-екшеп, қазақ тілінің үндестік заңына бағындырып, қазақша баламасын тауып қолдану қажеттігін тайға таңба басқандай ескертіп бақты. Әттең көреген ғалымның сол бір жан дауысы шыға ескерткендерін елегендер ілуде біреу болған еді. Қайта оны көзден де, көңілден де таса етіп, кешегі кеңестік кезеңде тарихтың ақтаңдақтарының қалтарыстағы қоқысына тастап, жоқ етуге тырысты. Ақыры не шықты? Тіліміз шұбарланды. Ұлттық мектептеріміздің бір бөлегінің есіктеріне қара құлып салынды. Балабақшалардағы тәрбиені орыс тілінде жүргізуге көндіктік. Нәтижесінде ана тілін білмейтін мәңгүрттердің көбеюі етек алды емес пе?! Құдай беріп, бұл пәледен қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі ғана құтқарып, еңсеміз тіктеліп келеді. Қазақ халқының өсіп-өркендеуі үшін, кең шеңберден көрініп, айдай әлемге танылуы үшін оның өзгелермен терезесі тең тұратын білімпаз кадрлары болуы шарт еді. Халел өзінің қысқа ғұмырының белгілі бір үзігін осы мақсаттың өтеуіне арнады. Ташкент қаласында Орта Азия университетінде, халық ағарту институтында студенттерге дәріс беріп, үлкен тәжірибе мектебінен өткен ол 1926 жылы Қазақ педагогикалық институтының (ҚазПИ) шаңырақ көтеруіне тікелей басшылық жасаған ат төбеліндей санаулы адамдардың сапында болды. Институттың С.Асфендияров алғашқы директоры болса, Х.Досмұхамедұлы алғашқы директордың орынбасары (проректоры) болып тағайындалған. Әуелі Халелге доцент, кейін профессор атағы беріледі. Арманының бірі ҚазПИ-ді университетке айналдыру болған еді. Оның сол арманы жетпіс жылдан кейін жүзеге асты. 1927 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (ҚазМУ) ашу үшін дайындық жүргізілгенде ол осы міндетті орындауға орай құрылған комиссиясының төрағасы болып бекітіледі. 1928 жылы ҚазМУ-дың әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарады, педалогия кафедрасында профессорлық қызмет атқарады. Тумысынан Халел жалтақтауды білмеген адам. Ол айтар сәт келіп қалғанда ойын іркілмей айтып салған. Бетің бар, жүзің бар демеген, баспасөз бетінде сынаған. Жиыр­масыншы және отызыншы жылдардың тоғысында қазақ халқына зауал болып келген Голощекин өзін төңіректемеген қазақтың осындай зиялыларын жақтыра қойған жоқ. Жиіркене қарап, соңдарына шырақ алып түсті. Айтқан шындықтарын құлаққа ілмей, аяқ асты етті. Солардың бірі Халел Досмұхамедұлы қазақ жерінде «кіші террор» орнатпақшының теріс әрекеттеріне шыдай алмай қызынып, оны «қу жақ» деп тілдеп, жағына шапалақпен тартып жіберуге дейін барған бірден-бір адам болған деседі. Ақырында Голощекин оны 1930 жылы Воронеж қаласына жер аударғызып тынды. Отбасы түгелдей қасында болған Халел орыс жерінде жүріп те басына түскен қиыншылыққа мойынсынбай, тағдыр тәлкегімен күресе білді. Воронежде дәрігерлер білімін жетілдіру институтының әлеуметтік-гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасында бөлім меңгерушісі, дәрігер болып жұмыстар істеді. Сонымен қатар ғалым ғылыми-шығармашылық қызметін одан әрі жалғастырады. Бірнеше еңбектер жазады. Өкінішке орай, сол қымбат дүниелердің кейбіреуі әзірге қайда екені белгісіз, із-түзсіз жоғалып, табылмай келеді. Отызыншы жылдардың орта тұсынан бастап әдебиетті, өнерді идеологиялық қыспаққа алу басталған. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Жамбыл шығармашылығының белгісіз беттері» деген мақалада (авторы Рафат Әбдіғұлов) атап көрсетілгеніндей, тіпті «Литературный Казахстан» газетінің 1934 жылғы маусымның 14-індегі санында «Фольклор и классовая борь­ба» атты мақалада «А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедовтерді фольклорды зерт­теуде ұлтшылдық позиция ұстайды» деп жазғыруға барған. 1938 жылғы шілде айының 26-сы Досмұхамед әулеті үшін қапас та ауыр күн болып табылады. Осы күні түн жамылып келген НКВД қызметкерлері Халелді алды-артына қаратпай ұстап әкетеді. Сонымен қоймай ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып жазған еңбектерінің бірқатарын қолтықтарына қысып, өздерімен бірге ала шығады да, кейін қайтармай қояды. Аяулыларынан тірідей айырылған зайыбы Сағира, балалары Рабиға, Әділхан, Сәуле, Қарашаш, Төле жылап-сықтап қала барады. Москвада, Алматыда тергеу-тексерудің қатал да қайырымсыз дозағынан өткен қайран азамат түптеп келгенде 1939 жылғы сәуірдің 23-інде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесіледі. Сол үкім 1958 жылы ақпанның 11-індегі КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының шешімімен бұзылып, Х.Досмұхамедұлының ісінде қылмыстық белгісі болмауы себепті күшін жояды және ол толық ақталады. Осыдан кейін сол жылғы «Здравоохранение Казахстана» журналының №10 санында ол туралы тұңғыш рет А.Мамаевтың «Х.Д.Досмухамедов – врач и ученый» деген мақаласы жарияланады. Айналып-үйіріліп келгенде, кештеу болса да әділдіктің туы желбіреді деуге қапысыз негіз бар еді. Бірақ амал нешік, олай тұжырым жасау әлі ертерек екен. Сонау жиырмасыншы жылдардың табалдырығын аттайын деп тұрғанда В.И.Ленин бастаған үкіметтің өзі кешірім жасап, Кеңес мемлекетінің ортақ мүддесі үшін бел жазып еңбек етуіне мүмкіндік жасаса да, елуінші жылдардың аяғында қайтара ақталса да алашордашылар қатарында болғанынан секем алып, оның атын атаудан үрку әдеті мүлдем тыйылмады. Басқа емес, нақ кеңестік Қазақстанның өзіндегілер қорқып, бұқпақтады. Асылдарын жазықсыз жабысқан бәле-жаладан батыл аршып алу орнына тұқыртып, тұншықтыра берді. Алашордашылар жайлы зерттеу еңбектер жазып жүрген Орал қаласында тұратын журналист, өлкетанушы Амантай Боранқұлмен сұхбаттасу барысында жақында жетпісінші жылдары бізді, журналистерді дүрліктіріп, үрейлендірген бір жайтты қайта тағы еске түсірістік. Батыс Қазақстан облысының Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінің 1972 жылғы желтоқсанның 5-7-леріндегі сандарында Алашорданың батыс бөлімшесі, оның ішінде Жанша және Халел Досмұхамедовтер туралы зейнеткер тарихшы Халел Дабаровтың «Туған жеріміздің тарихынан» деген көлемді мақаласын жариялағаны үшін аудандық партия комитетінің идеология саласына жетекшілік ететін екінші хатшысы Ғайнолла Ағеділовтан бастап, газет редакторы Уәли Сұлтанов, материалды дайындаған журналист Әнуарбек Жәнібеков жазықты болып, қызметтерінен қуылып, қатаң партиялық жаза алып, айдың, күннің аманында сергелдеңге түседі. Бұрын бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылғы қыркүйектің 11-індегі санынан газет тілшісі Темір Құсайын мен өлкетанушы Мақсат Тәжімұратовтың «Құрыш шыныққан жерде» деген мақаласынан олардың «контрреволюциялық, буржуазиялық-ұлтшыл Алашорда үкіметі қайраткерлерін дәріптеген саяси жағынан қате, идеялық тұрғыдан тұрлаусыз мақаланы қолжазба күйінде оқып, жариялауға рұқсат бергені үшін» қудаланғандығын оқып, білген едім. Тағылған айыптың түрін қараңыз?! Сонда Халел мен Жаншаның ақталғандары қайда? Бұларға қойылған басқа кінә қандай? Бақсақ, бір жағынан ақталғанмен, алашордашылар ретінде саяси жағынан ақтауға толық жатпайтын болыпты ғой. Ол – бір. Екінші, 1984 жылы Халел Досмұхамедовтің өмірі мен қызметі жайлы мақала енгізілген Ә.Әлжанов, Ә.Шекин, Ә.Досахановтардың «Қазақтың алғашқы дәрігерлері» атты кітабы баспадан шығып, дүкен сөрелеріне түсер-түспесте қайтадан жинаттырылып алынады. Себебі онда алашордашы Халел Досмұхамедов насихатталған. Тек сексенінші жылдардың ортасынан ауа өркен жайған жариялылық, демократия ғана алашордашылардың бақ жұлдыздарын оңдарынан туғыза бастады. Біртуар тұлға Халелдің есімін сол сексенінші жылдардың аяғындағы кешегі бір амалсыз колбиндік жылымық орнаған кезеңде баршаға қайтадан алғашқы болып мәшһүр еткен студенттердің «Өркен» атты газеті болды. Газет өзінің 1989 жылғы қыркүйектің 23-індегі санының екі бетінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Шәмшеден Кәрімовтың «Профессор Халел Досмұхамедов» деген мақаласын басты. Оған жалғас «Арай» журналы (1990 жылғы наурыз) қалам тербеді. Республикалық «Ана тілі» газеті өзінің 1990 жылғы №15, 16 номерлерінде қатарынан «Халел Досмұхамедұлы» (авторы Аманқос Мектепов) деген көлемді мақаланы жариялады. «Қазақ әдебиеті» газетінде жазушы Мереке Құлкеновтың «Есіл ер» атты очеркі (1990 жылғы тамыздың 24-і) жарық көрді. Бұдан өзге «Жалын», «Парасат», «Денсаулық» және т.б. газет-журналдарда Халел жайлы деректер, суреттер аз болған жоқ. Сөйтіп, қазақ елінің қамы үшін шыбын жанын зұлмат заманның табасында аяусыз шыжғырып, құрбан болған біртуар тұлғаны халқына қайта табыстыру басталды. Әйтсе де, бұл қадам алғашқыда оның тұрғыластары Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарға жасалып жатқан құрметтер өресінен қарағанда әлдеқайда кем, бейнелеп айтсақ, тасбақаның жүрісіне ғана тең еді. Өткен ғасырдың соңғы жы­лындағы күздің қысқа ұласар тұсында жазушы Мереке Құлкенов екеуміз Қызылқоға ауданында болып, Халелге байланысты ел арасындағы әңгімелерге құлақ түрдік. Осы сапарда оның жиені Қабдол Нұрмашев пен туысы Тұрғанғали Мырзағалиевтің, ферма маманы Жалғас Тапаевтың көмегімен Тайсойған құмының ішіндегі «Халел ставкасы» (штаб мағынасында – Т.Ж.) деген жерді, Досмұхамед әулетінің жазғы, қысқы қоныстарын іздеп тауып, араладық. Сорқуыстағы Халелдің ата-бабасы мен атақты ақын Ығылман Шөрекұлының мүрделері жатқан қауымға барып, бата еттік. Бір қызығы, баяғыдан «Халел ставкасы» деп жүрген мекенжай Мұқыр селосында тұратын зейнеткер дәрігер, бала күнінде Халелден ем алған адам Мұқамбетжан Зұлқановтың айтуына қарағанда, мектеп және обаға қарсы күрес комиссиясының орталығы болыпты. Х.Досмұхамедұлы қамқор қанатының астына алған осы мектепте Мұқамбетжан ағамыздың өзі оқып, бастауыш білім алған, мұғалімі Көрген Бақтығалиев болғанын, мектепте кімдер оқығанына дейін сайрап айтып отыр. Біле-білгенге қисыны мен қисығы да, асылы мен жасығы да қатар өрбіген қилы бір дәуірде Халел Досмұхамедұлы сынды ел ардағын көзімен көрген, сөзін тыңдаған кісілердің көбі зиялы азамат, дара да дана тұлға жайлы ақтарар сырларын іштеріне бүгіп, кете барды. Солақай саясаттың сынынан аман өтіп, өткен ғасырдың соңғы кезеңіне дейін жеткендері бірен-саран ғана болды. Заман ағымына ілесіп, бұйдалап жетектегеніне көндіккен кейінгі ұрпақ – біздің бұған дейінгі жоғалтқанымыз өз алдына, енді барға шүкіршілік етіп ортамызда жүргендердің көкейлерінде жаттағандарын қағыс жібермей қағазға түсіруді өзіміздің парызымыз санадық. Күмән жоқ, солай болды да. Сол мақсатпен жиырмасыншы ғасыр­дың аяғында көнеден қалған көз Шоқан Мырзағалиұлы Қаржауов ақсақалға екі-үш дүркін жолығып, тілдесудің сәті түсті. Ол да Қызылқоға өңірінде, Тайсойғанда туып-өскен, оқығаны, тоқығаны мол білікті азаматтардың бірі. Орал мемлекеттік педагогика институтында проректор, Атырау педучилищесінде директор болып қызмет атқарған, үлкен қоғамдық-саяси істерге белсене араласқан абырой иесі. Оған «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жастар тәлімгері» құрметті атағы берілген. Халелді Атырау аймағында бірден-бір жақсы білген кісі. Екеуі бір ауылдың түлектері, Тайсойғанның төл перзенттері. Атырау қаласының құрметті азаматы Қаржауов Шоқан ақсақал ұстаз-ғалымның алдынан дәріс алған, қамқор алақанының жылуын сезінген. Демек, ол Халел Досмұхамедұлы жайлы, өскен ортасы жайлы, туған жері Тайсойған жайлы әріден бермен қарай суыртпақтайтын естеліктер айтып, ой бөлісуге әбден құқылы. Сол себепті де, Шоқан Мырзағалиұлымен әңгіменің Тайсойғанға қатысты, ол өңірдегі жүргізген қызметтеріне байланысты жерлерін, сондай-ақ ғұмырнамасына орай айтылған тың пікірлерін қағазға түсіріп алдық. Сәті түсіп сұхбатымыз облыстық «Атырау» газетінде және «Алты Алаштың мақтанышы» атты кітапта жарық көрді. Маңғыстаулық атақты ғалым Өмірзақ Озғанбай сол сұхбаттың біраз бөлігін өзінің «Жарығы өшпейтін жұлдыз» атты кітабында дәйексөз ретінде пайдаланды. Асықпай тере берсең, ел арасында ақиық азамат жайлы шертілер мұндай сырлар бірен-саран ғана емес екендігі айқындалды. Қайда барсаң да, Х.Досмұхамедұлын сөз ете бастасаң болды, оның есімінің өз мәнінде ардақталмай, дәріптелмей келе жатқанын алдыңа көлденең тартушылар аз болмады. Шындығында да, бүкіл қазақ өлкесі үшін, туған жері үшін қиын-қыстау кезеңдерде қауіп-қатерге басын тігіп, дәл осындай адалдықпен еңбек еткен адамдар халқымызда саусақпен санарлықтай ғана. Олар қалай ардақтауға да лайық. Осыны дөп басып ұғынды ма, өткен тоқсаныншы жылдардың басында келген қой жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамы Халел Досмұхамедұлы атындағы сыйлық тағайындап, үлкен ізгілікті іс бас­тады. Сыйлықтың алғашқы иегерлері Атырау педагогика институтының (қазіргі Х.Досмұхамедұлы атындағы университет) қазақ тілі кафедрасының сол кездегі меңгерушісі, профессор Құсекен Шәукенов пен Қызылқоға аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Төлеп Тілегенов болды. Өкініштісі сол, сыйлық осыдан ешкімге берілмей, көзден бұлбұл ұшты. Оған жалғас Қызылқоға ауданының Ойыл ауылдық округіндегі еңбек ұжымдары өкілдерінің жиналысында «Қызыл ту» кеңшарына Халел Досмұхамедұлы есімін беруге бірауыздан шешім қабылданды. Кейін бұл шешім мақұлданып, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті арнайы қаулы қабылдады. Кеңшар асыл тұқымды қаракөл қой зауытына айналдырылды. Не пайда, біршама жыл өтпей жатып зауыттың шаруасы қожырап, өмір сүруін тоқтатты да, ізіндегі қалған-құтқан малымен «Жасқайрат» ЖШС-ы болып шыға келді. Сөйтіп, Халел Досмұхамедұлының өз туған жеріндегі атағы ақыр соңында далада қалды. Қазір ондағы ауыл да «Жасқайрат» атында. Нендей мәні бар атау? Қайдағы «Жасқайрат»? Кеңестік кезеңнің бастапқы тұсында «Жасқайрат» ұжымшары (колхоз) болғаны рас. Бірақ ол осы ауыл ізінде емес, басқа жерде. Демек, бұл ауылға Халел Досмұхамедұлының атын беру өзінен-өзі сұранып тұр емес пе?! Қой жылы тағы екі тарту жасалды. Олар Астанада «Ана тілі» баспасынан ғалым-әдебиетшінің он бес баспа табақтан тұратын «Аламан» атты жинағының, «Өлке» баспа орталығынан кезінде Халел құрастырып, алғысөз жазып, түсінік берген «Исатай-Махамбет» кітабының жарық көруі еді. Одан кейін Алматыдағы «Ана тілі» баспасынан отыз бір баспа табақтай көлеммен таңдамалысы шықты. Атырау педагогика институты (қазір мемлекеттік университет) Халел Досмұхамедұлы есімімен аталды. Университеттің бас ғимаратының алдына еңселі ескерткіш орнатылды. Миялы кентіндегі Н.К.Крупская атындағы орта мектепке, Жасқайраттағы, су тасқыны бүліншілігінен кейін пайда болған жаңа Миялыдағы, Атырау қаласындағы көшелерге Халел Досмұхамедұлының есімі берілді. Сайып келгенде, осының бәрі жақсылыққа бетбұрыстың нышаны. Дегенмен, ауылдық жерлерде болған­дарымызда, сондай-ақ жол сапарлары үстінде аңғарғанымыз жарты ғасырдан астам уақыт бойы ақтаңдаққа айналдырып, халқынан қақас ұсталып келген есім туралы, оның сан қырлы еңбектері туралы атыраулықтар әлі де болса жете білмейді екен. Сол себепті де, халқымыздың осы бір дара тұлғасын еліне одан әрі кеңірек таныс­тыра түсу мақсатымен қолыма тағы қалам алуды парыз санадым. Әрине, бастапқы кезде Атырауда отырып, Алматыдағы, басқа да қалалардағы мұрағаттарға жету, қыздары Рабиға, Қарашаш (ғылым кандидаты) апайлармен сөйлесу оңай шаруа емес еді. Сондықтан оның кітаптарына, газет-журналдарда жарияланған басқа да еңбектеріне, ғалымдардың, жазушылар мен журналистердің әр тұста келтірген деректеріне сүйенуіме, ең бастысы, ұзақ жылдар бойы ел ішіндегі қазына көзі – қарттардың ауыздарынан жинап, жазып алғандарыма, естіп білгендерді түсірген қойын кітапшаларыма жүгінуіме тура келді. Кейініректе ғылым кандидаты Қарашаш Халелқызымен, туған жиені (Рабиғаның қызы), Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру министрі болған, екі рет республика Парламентінің депутаты болып сайланған Дина Әбдірахимовамен сұхбаттасып, Халағаңның ұлы Әділханның баласы Маратпен әңгімелесіп, Орынбор, Орал және өзге де өңірлердегі ұрпақтарымен, тума-туыстарымен кеңірек танысып, көптеген мағлұматтар алдым. Өткен ғасырдың соңғы жылқы жылы «Атырау» газетінің редакциясына Астанадан келген алты академикпен кездесу өткізілген еді. Сонда атақты ғалымдар Манаш Қозыбаев пен Серік Қирабаев профессор Халел Досмұхамедұлы жаратылыстану, тіл және басқа да ғылым салалары бойынша көп еңбектер жазып қалдырғанын, олардың зерттеліп, жарық көретінін, тамаша ғалым екендігін, алда лайықты баға алатынын айтқан болатын. Ірі адамдар қашан да ірі сөйлейді. Айтқандары бірте-бірте ақиқатқа айналып келе жатқанға ұқсайды. Лайым солай болғай. Өйткені барша қазақтың ортақ ұлына айналған Халел ғой ол! Бүкіл ел өздеріне үлгі тұтқан дара дана. Бір қызықты да айта кетейін, Атырау қаласында тұратын абыз ақсақал Парух Марданов келтірген мына бір дерекке сүйсінбей қала алмайсың. Парух Нәжімеденұлы өзіне ұстаздық еткен Ақсәнім Құттыбаеваның аузынан қырқыншы жылдардың ортасында Халел Досмұхамедұлының аты-жөнін тұңғыш рет естиді. Саяси жағынан әлі ақталмаған жазықсыз «халық жауы» атанған азаматты оқушыларға қымсынбай әңгімелеп, үлгі етіп сөйлейді. Бұл нағыз жүректілік, ерлік еді. Ақсәнім апайдың өмір жолын жаңа арнаға бұруға жиырмасыншы жылдардың бас кезінде туған жері Тайсойғанға бала-шағасымен демалысқа келгендегі жүріс-тұрысы, жергілікті адамдарға деген ықылас-ниеті, еуропа үлгісіндегі киім киісі, ұстаған қолшатырына (алғаш көруі) дейін үлкен әсер етеді. Арманшыл жастың «Мен де осындай алыстағы қалаларға барсам, оқысам, көрсем, білсем» деген ынтасын оятады. Ақсәнім апай Халелдің осы сапарда науқас адамдарды қабылдаумен қатар Тайсойған өңірінен емдік шөптер жинауды ұйымдастырғанын өз көзімен көргенін де мақтанышпен, қызықты етіп айтып берген. Демек, оның аты-жөнін атауға тыйым салған кезеңнің өзінде халық жадынан шықпаған тұлға. Ал бүгінде ол еліне біржолата қайта оралды. Сайып келгенде, Халел Досмұхамедов есімі тарих сахнасынан мәңгілікке түспейтін болып тұрақты орнықты. Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстанның құрметті журналисі, Қызылқоға ауданының «Құрметті азаматы»

7708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы