• Тарих
  • 18 Сәуір, 2013

Атыңнан айналайын, Қарқаралы...

Жақпартасты келген көрікті Қарқаралы тауларының алыстан қарағандағы пішіні қазақ әйелдерінің дәстүрлі баскиімі Қарқараға ұқсап кетеді екен. Сондықтан да қаланың атауы осылай аталған сыңайлы. Қарқаралы қаласы Қарағанды облысының шығыс бөлігінде, Қарағандыдан 220 шақырым, теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте жатыр. Іргесі 1824 жылы Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланыпты. Өйткені XIX ғасырдың алғашқы жартысында Ресей импе­рия­сының отаршылдық саясатының күшеюі­мен қа­зақ жерлерін түпкілікті бағындыруға мүмкіндіктер ту­ды. XIX ғасырдың 20-шы жылдарында пат­ша өкіметі Қазақ­станда хандық билікті біржола­та жойып, басқару­дың жалпыресейлік тәртібі­не жақын жаңа жүйе орнатуға кірісті. Бұл шара­ны жүзеге асыру Орта жүз­ден басталды. Осы­ның негізінде 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы ереже» қабылданып, қазақ жер­ле­рі округтерге бөлінді. «Ереже» бойынша қазақ жерінің бір бөлігі «Сібір қазақтарының об­лысы» деп аталып, жаңадан құрылған Батыс-Сібір ге­не­рал-губернаторлығының құрамына кірді. 1824 жылдың 8-сәуірінде Қарқаралы округі ашылды. Қаланың ашылуы туралы жарлық сол жылы 24-шілдеде бекітіліп, сотник Д.Карбышев бастаған, құрамында 250 шептік казактары бар отряд қаланың алғашқы тастарын қалауға аттанды. Ал 1868 жылы уездік қалаға айналған екен. ХІХ ғасырдың екінші жартысында жері шұрайлы, жайылымы малға, қойнауы кенге бай Қарқаралы Орта Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени-ағарту орнына айналды. Бұл өлкеге саяси тұтқындар жер аударылды. Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін белгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Мұнда талантты әншілер мен артис­тер (Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, М.Уәлиева) өз өнерлерін, ал Қажымұқан Мұңайтпасов күрес бәсекесін көрсетіп тұрды. Қалада тоңмай айыратын, сыра қайнататын, кірпіш зауыттары жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы және қыздар бастауыш мектептері болды. Қарағайлы қорғасын-барит кен-байыту комбинатының салынуына, оған темір жол мен тас жолдардың жүргізілуіне, қалада ауыл шаруашылығының дамуына және айналасында көптеген демалыс орындарының пайда болуына байланысты Қарқаралы әкімшілік орталығы жедел қарқынмен өсті. Тау сілемдерінің етегін ала ағып жатқан шағын өзеннің табанында орналасқан елді мекен үстінен Орта Азия мен Сібір аралығындағы ұлы керуен жолы өткен. Осы өңірге алғаш саяхат жасаушылар 1785 жылдардан бастап аяқ басқандығы туралы тарихи деректер баршылық. Ресей өкіметі пайдалы кен қазбаларын зерттеп, оны өндіруді қолға алу мақсатында көшпенді шаруашылықтарының аумақтық орналасу мәселесін шешуде округтік билік орталығына Қарқаралы және Кент таулы мекендерін таңдап алған. Атыңнан айналайын, Қарқаралы...Қаланың мәдени-экономикалық өсіп-нығаюына Қоянды жәрмеңкесі зор ықпал етті. Сөйтіп, Қарқаралы біртіндеп саяси орталыққа айналды. Қарқаралы тау сілемдерінің етегі ежелден көшпелі елге қоныс болған. Ол туралы өткен заманнан жеткен аңыз бен ертегілерде айтылған, Қарқаралы туралы көптеген өлеңдер мен аңыздар жазылған. Ең алғаш «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қиссасын орыстың жазушысы М.М.Пришвин осы төңіректе естіген. Қазақтың мың әнін жинаумен тарихта теңдессіз тәлім қалдырған атақты музыка зерттеушісі А.В.Затаевич Қарқаралы өңіріндегі құйма құлақ, зерделі де зерек жыраулар аузынан 154 ән жазып алған. Жазиралы Қарқаралы табиғатына тікелей байланысты «Сұлушаш» поэмасын 1928 жылы Сәбит Мұқанов дүниеге әкелген. Қарқаралының ақ қайың мен жасыл терек зерлеген шұрайлы өлкесі ерте кезден-ақ оқымысты-ғалымдардың, саяхатшы-зерттеушілердің көңіліне ұялап, көзін қызықтырған. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов Қарқаралы округінде екі рет – 1855 және 1863 жылдары болды. Қызмет бабындағы сапарын ол халықтың ауызекі аңыз-әңгімелерімен, ән-жырларымен танысуға арнады. Ш.Уәлиханов мал шаруашылығы жөнінде бірсыпыра қызықты материалдар жинады. Оның «Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны» деген еңбегі осы тақырыпқа арналды. Атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шанский редакторлығымен 1865 жылы басылып шыққан «Ресей империясының географиялық-статистикалық анықтамалық сөздігі» Қарқаралының атағын асқақтата түсті. Қалың оқырман қауым алғаш рет Қарқаралының сұлулығы туралы әлі де зерттелмеген үңгірлер мен қорғандардың құпияларына ынтыға түсті. Орыстың сая­хатшысы Г.Н.Потанин өзінің жолжазба естеліктерінде, бұл өңірде болғанда сол кездегі көпес Рязанцевтің үйінде тоқтаған. Бұл ғимарат бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетті. Қарқаралыда ашылған оқу орындары Орталық Қазақстан бойынша ең алғашқы білім орталықтары болып табылады. Қарқаралы тарихы ұлы Абайдың есімі­мен де тығыз байланысты. Әкесі Құнанбай қажы Қарқаралыда көктөбелі күмбезді мешіт салдырып, өз атын ұрпақтарына мәңгілік ескерткіш қылып қалдырып кеткен кемеңгер еді. Қазақтың алғашқы ағартушы, қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Нығмет Нұрмақов бұл өңір тарихына өз таңбаларын қалдырған. Қазақ халқының саны қала құрылғаннан кейін қалыптасқан сауда дамуына байла­нысты өсті. 1847 жылы ашылған Ботов-Қоянды жәрмеңкесі осы өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен ықпа­лын тигізді. Қоянды жәрмеңкесіне алғашқы кезде көбінесе мал және мал өнімдері тауарларын әкелетін. Осы­лайша сауда-саттықтың жандануына байланыс­ты қала­дағы тұрғылықты тұратын көпестер мен саудагерлер саны да көбейді. Мысалға, 1898 жылғы дерек бойынша Қарқаралыда көпестер саны 21-ге жетіпті. Қарқаралыда 1866 жылы 611 адам бол­ған. Қала халқының санының өсуіне қазақ қоға­мын­да жүргізілген реформалар әсер етті. Атап айт­қанда, ен­дігі жерде отырықшылыққа көшкен қа­зақтар қалаларда шоғырланып, қалалы өн­ді­рістерден жұмыс іздей бастады. Оларды жа­­тақ­тар деп атады. Қазір қалада нан зауыты, тамақ комбинаты «Тоғай» ЖШС-ы, автокөлік мекемелері, астық қабылдау пункті, шеге жасайтын, тағы басқа ұсақ кәсіпорындар, баспаханалар жұмыс істейді. Балабақшалар, 3 орта, 11 кешкі мектеп, ауыл шаруашылық колледжі, музыка, спорт мектептері, мәдениет үйі, кинотеатр, екі кітапхана, тарихи-өлкетану, табиғат мұражайлары, аудандық аурухана, т.б. бар. Қала төңірегінде «Шахтер», «Сосновый бор» санаторийлері, туристік база, оннан астам демалыс үйі, бес оқушылар лагері орналасқан. Қарқаралының жері негізінен аласа таулы, шоқылы, төбелі, белесті болып келеді. Қызылтас, Бүртас, Кіші және Үлкен Қарақуыс, Кешубай, Қоңыртеміршілік тау­лар тізбегі осы аймаққа ерекше жарастық береді. Қарқаралы тауында туристік маңызы бар Шайтанкөл, Бассейн және Самал көл жайласқан. Бүгінгі таңда Қарқаралының қала көшелеріне Алаштың аяулы азаматтары А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Құнанбай қажының және Ұлы Отан соғысындағы батырларымыз Н.Әбдіров, М.Мамраев, П.Теряев, А.Қосыбаевтардың есімдері берілді. Сонымен бірге Қарқаралының бір көшесі ақын Қ.Аманжолов есімімен аталады. Осы өңірден шыққан өнер тарландары да жеткілікті. Атап айтар болсақ, суырыпсалма ақын, әнші Кемпірбай Бөгенбайұлы, әнші, ақын Әсет Найманбайұлы, белгілі ақын Нарманбет Орманбетұлы, танымал актер Қалибек Қуанышбаев, белгілі әнші Хабиба Елебековалар осы өңірдің перзенттері. Атақты Қаз да­уыс­ты Қазы­бектің ұрпағы болып саналатын халық композиторы және ақын Мәди Бәпиұлы өзі туып-өскен Қарқаралыны жанындай жақсы көріп, өмір бойы сүйіп өтті, әнмен тербеп жырға қосты. Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт менен қайғы тарқамады. Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай, Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы, – деп тас бұлақтың суындай шымырлап шыққан жыр шумақтары туған жерге деген мәңгілік махаббаттың мейірім-шапағатын төгіп тұрады. Ал бүгінгі таңда барлығымыз бірдей құрмет тұтатын Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те осы Қарқаралы топырағынан шыққан. Салтанат ҚАЖЫКЕН

24952 рет

көрсетілді

86

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы