• Руханият
  • 18 Сәуір, 2013

Ектім егін – жидым өнім

Көктем – кетпені сайлаулы, шығыры майлаулы диқан қауымының жер жыртып, егін салуға асығатын мезгілі. Қазақтардың ертеден-ақ мал шаруашылығымен қатар отырықшылық өмірге бейімделіп, жер жайын түсініп, егін салғаны ежелгі тарихтан белгілі. Археологиялық қазбалар барысында табылған темір дәуірінен қалған орақ, кетпен, елек, соқа тісі, шалғы, т.б. жәдігерлер осы сөзімізді айғақтайды. Темір, ағаш өңдеу технологиясын меңгерген ата-бабаларымыздың егін салу, оны суарып, баптау, бастыру, төкпей-шашпай жинап алуды ертеден-ақ білгенін пайымдаймыз. Әсіресе ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде жаңа қоғамдық-әлеуметтік жүйенің орнауына байланысты еңбек қатынасының жаңа түрлері пайда бола бастады. Егін егуді құдіреттің несібі деп санайтын қазақтар Диқан бабааруағына сыйынып, егін егушіні диқаншы//диқан деп атаған. Қазақтар ежелден бидай, тары, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдарды егумен айналысқан. Бидай мен тарыны ақ егін, ал арпа мен сұлыны көк егін деп атаған. Кей жерлерде дәнді дақылдарды ақ егін десе, көкөніс, жеміс-жидекті көк егін деп атаған. Жер жыртуды бастау күнін көпті көрген ақсақалдар ақылдасып шешетін болған. Әдетте сәтті күн сәрсенбі немесе дүние жаратылып біткен сенбі мен жексенбі күндері таңдалған. Ұлы іске кіріспес бұрын қадірлі ақсақалдың үйіне жиналған, үлкен қазанға көже пісіріп жеп, бата тілескен. Осы жерде қарттар жер жырту күнін жариялаған. Артынан «Құдай берсін, айтқанымыз келсін! Диқан баба қолдай көрсін!» деп бата берген. Сәуірдің алғашқы онкүндігінде жер бірінші рет жыртылса, мамырдың екінші он күндігінде екінші рет жыртылған. Ақ егін мен көк егінді егу мен суарудың өзіндік тәртібі болған. Күздік және жаздық бидай үш рет, тары алты-сегіз рет суарылған. Ол үшін өзен-жылғалар мен тоған-көл сулары, кәріз арқылы шығарылатын жерасты сулары пайдаланылған. Өзеннің теңізге құяр тұсындағы қақ сулары да пайдаланып отырған, оларды лиман деп атаған. Қолдан суарылатын егіншілік суармалы делінсе, суарылмайтын алқаптар шөлегін, шөл, нұр, нұрлық және тәліми деп аталған. Су ағыны көтерілмейтін биік жерлердегі егістікті қолқауға (қолсамар), атпа (қалақ), шығыр секілді құралдардың көмегімен суарған. Егін егуге алдын ала дайындықпен кірісетін қазақтардың аузында «егін ексең, шығырыңды майла, мал өсірсең, қонысыңды сайла» деген мақал сақталған. Ағаштан жасап, бірнеше дөңгелек қондырылатын шығыр көптің көмегімен орнатылатын болған. Егістік бірнеше рет суарылған: алғашқы суару жер суы, екінші суару желке су, үшінші суару мойын суы, ал төртінші суару орақ су деп аталады. Тоған қазылып немесе аршылып болғаннан кейін оған су жіберерде мұрап немесе диқандардың бірі тоған басында мал сойып, қанын суға ағызып, Жаратушыдан тілек тілеп, мол өнім беруді сұраған. Бұл рәсім қан сою деп аталған. Егін көтеріле бастағанда түрлі бәле-жаладан қорғасын деп Диқан бабаның құрметіне мал сойып, көк жағыс мерекесін өткізген. Құрбандыққа шалынған малдың қанын егістікке шашу рәсімі өткізілген. Жаз бойы бапталған егін піскен кезде көп болып қорыған, егістік шетіне қарақшы орнатқан. Егіннің пісу мерзіміне сәйкес оны орып-жинау шілденің ортасынан күзге дейін жалғасқан. Ел болып асарлата жұмыла кірісетін бұл іс орақпен ору немесе шалғымен шабу арқылы жүзеге асырылған. Артынан әйелдер, балалар қауымы масақ теруге шыққан. Орылған астық бауланып, қырманға тасылады. Дақылдар бастыру арқылы сабағы мен қауызынан ажыратылған. Дәнді сабағынан ажырату үшін ірі қара мал пайдаланылып отырған. Одан әрі ұшырып, майқандалған. Дайын болған астық бөліске түсіп, үлестірілген. Күздігүні егін жиналып болғаннан кейін сабантой тойланған. Қырман қандауға мал сойылып, асылады. Көпшілік қырман тойынан дәм татуға жиналады. Мұрапқа еңбегінің өтеуі ретінде астықтан сыбаға беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың етіне тазартылған бидайды қосып, әлім ботқа (халим ботқа) дайындалып, көпшілікке ұсынылады. Артынан Жаратушыға шүкіршілік етіп, Диқан бабаға Құран бағышталған. Қырман көтерілген күні қырман басына әйелдердің келуіне қатаң тыйым салынған. Астыққа тіл-көз тимеу үшін оны бөлу жұмысы түнге қарай немесе сәтті күндері күндіз атқарылған. Қырманға кіріп кеткен итті қумаған, жыланның басына ақ құйған. Себебі ит кейпінде Диқан баба немесе Қызыр баба келеді деп ұққан. Осылайша, алты ай жаз бойы жер кеудесін сауып, бел шешпей еңбектенген диқандар қауымының зор еңбегімен шыққан өнімді ауыл-аймақ Тәңірінің сыйы деп қабыл алып, алты ай қыс азық еткен. Көптің күшімен, адал еңбекпен, маңдай термен келетін нанды – ас атасы деп қадір тұтқан. Әдебиет 1.Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 2-том. Алматы: РПК «Слон», 2012. – 736 б. 2.Арғынбаев Х., Захарова И.В. Оңтүстік Қазақстан облысына ұйымдастырылған этнографиялық экспедиция жұмысының қорытындысы // Новые материалы по археологии и этнографии Казахстана. ТИИАЭ АН КазССР. Т. 12. Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1961. С. 92-118. 3.Нақысбеков О. Жергілікті халық тіліндегі арық-атыз түрлеріне байланысты қолданылып жүрген сөздер жайында//Қазақ диалектологиясы. 1-шығуы. Алматы: Ғылым, 1965. 160-179 бб. 4.Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Тарих ғыл. канд. Ғылыми дәрежесін алу үшін ұсынылған диссерт. қолжазбасы. Ғылыми жетекші Н.Әлімбай. Алматы, 1994. 5.Шаймерденова К.Г. Қазақтардың диқаншылық кәсібінде кездесетін түрлі рәсім-кәде, салт-жоралғылар// Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі мен бүгіні. Алматы: «Ғылым», 2001.191-201 бб. Жанат Исаева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

6084 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы