• Руханият
  • 25 Сәуір, 2013

Ене мен Күйеу

«Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған». Ата қазақтан осындай баталы сөз қалыпты. Бүгінде әркімнің аузындағы осы сөздің қадірі кеткендей. Бірақ тереңінде үлкен астардың жатқаны ақиқат. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) күйеу баласы Әзірет Әли кемеңгер сахаба еді. Мықты қолбасшы болатын. Дегдар, жаужүрек адамды пайғамбар қалай сыйламасын?! Екінші күйеу баласы Омар да пайғамбардың сенімді серіктерінің қатарынан болды. Серігіне сыйластық сезімін пайғамбар да сыйлаған. Бүгінде қайын жұрты жайында түрлі сөз айтып, адамның намысына келетін әңгіменің тиегін ағытып тұрып, ата-енесін келеке етіп жүріп «пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» дейтін керауыздар көбейіп тұр.  Ешқандай ата-ана баласына, әсіресе қызына жамандық ойламайды. Қыздың бақытты болуын тілейді. Барған жерінде жыламай, түскен жеріне тастай батып, судай сіңгенін қалайды. Соған орай тәрбие де береді. Желкілдеп өскен құрағы, бар байлығы шырағы баянды бақытын тапса әке мен шешеге одан артық ештеңенің керегі жоқ. Дегенмен, осы күні қайын жұртына қырын қарайтындар да кездеседі. Енесін ежірейдей көретіндер аз емес. Бұл қайдан, қашан келген дерт? Арғы-бергі тарихта ата-енесінің бетіне келген қазақты білмейді екенбіз. Әсілі, Кеңестің қамытын кигеннен кейін келген кеп сияқты. Мысалы, орыс халқында күйеу бала мен ененің арасындағы қақтығыс әңгімеге көп арқау болады. Түрлі қағытпаларға қосады. Әзіл-әжуаға айналдырады. Аждаһадай сипаттайды. Ақырған аюға теңейді. Әйтеуір, қысыр сөздің қайсысына болмасын қыстырып қалады. Әрине, өмір болғасын келіспеуші­ліктер, көзқарас қайшылықтары болып тұрады. Бірақ біздің жұрт ондайды дабыра етпейді. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады. Сондықтан болса керек, тұрмыстық һәм туыстық қатынасқа қатысты ежелгі қазақта қағытпаның болмағаны. Бірақ бүгінде заман өзгерді. Кейбір кикілжіңдер көптің көзіне де шығып кетіп жатады. Оңтүстік өңірлердің бірінде мынандай оқиға тіркеліпті. Әлдебір отбасы 2 ұл, 1 қызымен бірге бақытты ғұмыр кешіп жатады. Күндердің бір күнінде әйелі қайтыс болды. Артында жылап-сықтап күйеуі мен ұл-қызы қалды. Бірақ өздері тұрып жатқан баспана әйелдің атында екен. Дау да осы арадан тұтанады. Бұған ілік болуға жарайтын жайт те жоқ емес көрінеді. Өйткені үй кітапшасында әйелдің анасының аты жазылғанмен, күйеуі мен бала-шағасының аты-жөндері жоқ болып шығады. Ене жақтағылар осыны дәйек қылып пәтерді өлген әйелдің сіңлісіне жаздыртуды ойлайды. Алдымен ене пәтерді өзінің атына заңдастырып алады. Сонан соң екінші қызына аударып бермек болады. Бұл құйтырқы тірліктің бәрі жасалады. Ал одан әйелсіз қалған әке мен анасыз қалаған балалар бейхабар еді. Ақыры іс сотқа барады. Сотқа барғанда не болған деңіз? Әлгі ене «қызымның күйеуі де, балалары да жоқ» деп бетқаратпайды. Ал қайтыс болған әйелдің сіңлісі, яғни пәтерді өз атына жаздыртып алған келіншек әпкесінің аруағынан қорыққандықтан ба, әлде басқалай себептері болды ма, сотқа неше шақырса да келмеген. Онысын ешкімге түсіндірмеген. Әже мен немере, күйеу бала мен ене арасы­ның салқындауына әкеліп соқтырған дау, әлбет­те, адамгершіліктен гөрі дүние-мүлікті биік қою­дан туындап отырғаны белгілі. Сондықтан бо­лар, Құдайдан қорқып, аруақты сыйлайтын ата-бабаның мәрт мінезі аяққа тапталып, ұятсыздық деген терісі қалыңдау сезімнің айы оңынан туғаны. Бірақ ұятты тірідей көмсек те, әділетті толықтай жерлеген ел емеспіз ғой. Сот шешімді қайтыс болған әйелдің күйеуі мен балаларының ыңғайына қарай шығарып беріпті. Дегенмен, осы істің бәрін заңдастырып, тігісін жатқызып, қиюын келтірген нотариус соттың шешімін бұзбаққа бірнеше рет әрекеттеніпті. Онысы іске асқандай да екен. Бірақ әупірімдеп жүріп шешім өзгеріссіз қалыпты. Солайша, дүниеге құнығып, туған немерелерінің несібесін ауыздарынан жырып әкетпек болған кесір әйелдің қылығы бүкіл елге мәлім болды. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді ғой. Осындай «құмалақтар» болмаса, қазақ қоғамы ене мен күйеу бала арасындағы қақтығыстардан ада деуге болады. Дегенмен, мұның өзі қайын жұртын есекке теріс мінгізіп, аузына келгенді айтып, «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етіп сөйлеуге ерік бермейді. Әрине, ененікі дұрыс емес. Тірі күйеу баласын мойындамай, тұлымшағы желбіреп шауып жүрген немерелерін «менікі демей» астамсуы жанға батады. Десек те, «таспен атқанды аспен ат» дейтін ел емеспіз бе? Оның үстіне «ит мені қапты екен деп, итті мен қапсам, одан айырмашылығым қандай?» деген тәмсілді ұстанатынымыз және бар. Оның жазасын бір Аллаға аманат­таймыз да. Қалғаны тіршілікте болатын түйткіл деп жылы жауып қоя саламыз. Осы күнде қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, фәнилік қағидаттарын, ағайын арасындағы қарым-қатынасты насихаттап жүрген бір адам болса – ол Зейнеп Ахметова. Батыр Баукеңнің келіні бүгінде бар қазақтың қыз-келіншегіне ене мен ананың қандай болмағын айтып, жазып, түсіндіріп келеді. Зейнеп апайдың жақында «Бабалар аманаты» атты кітабы жарыққа шықты. Соның ішінде біз сөз етіп отырған тақырыпқа қатысты да жазылған. Енді содан мысал келтірейік. «...Бұл заманда «теща» деген кейіпкер шықты. Ол туралы айтылатын әжуа, мазақ, анекдоттарға қарасаң, жыландай ысқырған, аюдай ақырған, түлкідей жылмаң, иттей қабаған, әйтеуір басы елге, аяғы жерге сыймайтын бір сұмырай. «Қайдан сонша қаптап кеткен қағынған енелер» деп қайран қаласың. Осы «теща» біздің қазаққа орыстардан келіп, сыналап жүріп сіңіп кетті. Ене мен күйеудің тіл жеткенше таласып, қол жеткенше жағаласуына көз үйреніп барады. Жастардың ажырасуының бір кілтипаны осы жерде жатыр. Басы бірікпегендердің балағында қайдан тамтық болсын?! «Жыртық үйден қисық түтін шығады» деген сол! Қазақтар салтын ұстап, дәстүрінің жібін үзбеген ерте кезде ене мен күйеу баланың сөзге келгенін, бет жыртысып, жанжалдасқанын ешкім көрмеген. Мың да бір келеңсіздік қақтығыс кездесе қалса, екеуі де ел алдында қарабет болған. Сондықтан ене мен күйеу ұлағатты қазақ жолын аттамайтын. Келіспей жатқан іс болса, керіспен емес, кеңеспен ың-жыңсыз шешкен. Үлкен үлкендік ұлағат-үлгісімен, аналық ақылмен өзін тежеуге міндетті болса, кіші кішілік ізетін көрсетуді парыз санаған. Бұл да басқаларға ұқсай бермейтін ұлтымыздың бір абзал қасиеті еді. – Ү-й-и! – деп Бәкең бірдеңе шағып алғандай қозғалақтап кетті. –  Не болды, байғұс-ау, бөгелек тиді ме? –деп ата баласына жалт қарады. Біздің Жуалыдағы апалардың сөз мәнерін айнытпай салды. Естіген адам еріксіз жымияр еді. – Ене мен күйеу бала туралы айтқан әңгімең күні бүгінге дейін ұялатын бір жағдайды есіме түсірді, – деп Бақытжан әкесіне қарады. Ата «айт» дегендей иек көтерді. Басқа әке, қайын аталарды білмеймін, осылай өзімізбен өзіміз әңгіме-дүкен құрғанда ата біздің бүкпесіз сөйлеуімізге ерік беретін. Біз үшін жабық тақырып жоқ. Тек шеңберден шықпай, бас жаққа барыспай сөйлесек болды. Бұл арада мен көбінесе тыңдаушы, қостаушымын. Тиексіз сөйлейтін ол – Бәкең. – Бір жолы мына Зейнепті байқамай қағып кеттім бе, қолым тиді ме... В общем келінің үйден шыға жөнелді. Содан жоқ. Бір кезде келді. «Серуендеп келдім...» деді де қойды. Ішімнен «серуендесең серуенде, бағанағы үшін мазамды алмасаң болды» деп мен де басқа еш нәрсе сұрағам жоқ. Екі-үш күннен соң Зейнептің мамасы келді үйге. Әдеттегідей аңқылдап, «жандарым, күндерім» деп ай бойы көрмегендей айналып-толғанып жатыр. Мені «қазанбасым» деп еркелететін. Бір қызығы, өзінің қызынан бұрын алдымен менің маңдайымнан сүйетін. Бұл жолы да – сол әдеті. «Балалар мал сойып еді, сендерге жас ет әкелдім» деп басқа да жаңалықтарын айтып, көңілді отырып, шай іштік. Содан кетуге жиналды. Аялдамаға шығарып салайық деп екеуміз де ілесіп едік, «үйіңнің тірлігін істе» деп Зейнепті қалдырып кетті. Ойымда түк жоқ, аялдамаға аяңдап келдік. Сонда ғана апам маған қарап: – Балам, сенің көзің тұнық, жүрегің таза. Мен аналық сезіммен оны анық білемін. Анау қыздан кеткен анау-мынау кемістік болса, кешір. Ерке болғанымен, ақымақ емес, сөз түсінеді. Қайсыбір бейшара еркектер әйелге қол көтереді. Ол – азаматтық емес, әлсіздік. Сенің ондай әлсіздікке бармайтыныңды білемін. Өйткені сен – шаңырақтың иесі, оттың иесі, нағыз ер азаматсың, балам, – деді. Құлақ шекем дуылдап, қаным басыма бір-ақ шықты. Жердің тесігі болса, ойланбастан кіріп-ақ кетер едім. Егер ол кісі ашу шақырып, дауыс көтеріп ұрысқанда мен өзімді қайта еркін сезінер едім. Қалай еді әлгі... Ә-ә, «мақтамен бауыздау» дей ме, тура сондай болды. Мынаның мені жамандап, титімдейді түйедей етіп дулатып барғанын алдын ала білгенімде баяғыда-ақ сөзімді жұптап қояр едім... Осы жерде оның сөзін амалсыздан бөліп жібердім. – Ол жағдайдың бірінші бөлігін білмейсің. Анама жылап барғаным рас, бірақ шапалақпен шықпыртып, үйден қуып жіберген. – Ой, қандай арамсың! Сонша жылдан бері ішіңе қалай сыйған? – деп Бәкең екіленіп келе жатыр еді, ата: – «Әй, тоқтағын! Ары қарай қоймала­рыңды қопармаңдар! Менің ұққаным, Мәлике құдағи парасатпен басалқылық танытып, екеуіңді де дер кезінде жүгендеген екен. Ал балам, енді маған ыстық шай әкелгін, – деді маған қарап». Бәсе дейміз ғой, Зейнеп апай жатқан құрсақтың өзі алтын болып тұр емес пе? Бүгінгідей бегзадалыққа, дегдарлыққа, парасаттылыққа, білімге Момышұлы шаңырағындағы тәрбие де оң ықпалын тигізген шығар-ау. Дегенмен, о кісінің анасы да ерекше адам болғанын осы бір кішкентай оқиғадан байқаймыз. Ененің ақылдылығы қызына тоқтау салып, күйеу баласын ақылға шақыру екенін көреміз. Сонда ғана отбасының бұзылмай, іргесі сөгілмей, бүтіндігін сақтайтынына көз жеткіземіз. Отбасылық институт дегеніміз де осы шығар. Ал ене бір жақтан айқайлап, қызы екінші шетінен шу көтеріп, күйеу бала қызбалыққа салынып, құдалар құрығын алып шықса, не болмақ? Онда шаңырақ шайқалды дей беріңіз. Өзге ұлтта мұндай құбылыстар жиі кездесетін шығар. Ал біздің қазақта сирек. Тек... мынау жаһандану дейтін аждаһа заманда бұрынғыдан артық байқалатындай ма, қалай? Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық санамай, өзіміздің түп-тамырымыздан ажырамауды ойлайық дегенді еріксіз айтуға мәжбүрміз. Ертеде бір үлкен бау-бақшасы бар қарт болыпты. Бір күні сол қарттың алдына бір жас жігіт келіп: «Ақсақал, мен сіздің алмаңызды рұқсатсыз жеп қойдым. Соған не жаза қолдансаңыз да өз еркіңізде» дейді. Жігіттің тақуалығын, парасаттылығын, адалдығын біліп тұрса да, тағы да сынап көру мақсатымен қасында үш жыл көмектесуге бұйырады. Жігіт те келіседі. Сол уақыт аралығында жігіттің ептілігіне, шыдамдылығына, барлық жақсы қасиеттеріне шал тәнті болады. Үш жыл өткеннен кейін жігіт ақсақалдан кетуге рұқсат сұрағанда, қарт кісі соңғы талабын қояды. Ол талабы да өзінің бір қолы істемейтін, бір көзі көрмейтін, бір аяғы жүруге жарамайтын, құлағы естімейтін қызын аласың дегені. Жігіт шалдың бұл талабына да амалсыз келіседі. Сөйтіп, болашақ жарын көруге үйге кірсе, шалдың айтқанынан мүлде басқа хор қызындай бір келіншек отырады. Үйден дереу шығып, бөлмеде басқа қыз отырған секілді деп жетіп барған жігітке қарт кісі былай түсіндіреді: «Қолы істемейді дегенім ұрлық жасамаған, көзі көрмейді дегенім харам нәрсеге қарамаған, аяғы істемейді дегенім, көшеге аттап баспаған, құлағы естімейтіні өсек сөзден бойын аулақ ұстайды дегенім еді. Сол кез келгеннің қолы жетпейтін алтыныма сені лайық деп шештім» дейді. Әлгі қарттың күйеу баласы болу бақыты бұйырған жігіт, имам Ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбит екен дейді данышпандар.
Тақырыпқа орай Айжан СЫБАНБАЕВА, Алматы облысының тұрғыны, 28 жаста: – Күйеу бала дегенде әуелі ойға бүгінгі жігіттердің намыссыздығы, жігерінің құм болып жүргені жаныңа батады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен ер азаматтар арасында өзгенің босағасында бас бұғып, ерге тән ер мінезден ада болып, «Күшік күйеудің» күйін кешкендер де аз емес. Жуырда бір туысымыздың жалғыз ұлы үйленем дегенде әке-шешесінің аспанға бөркін атып қуанғанын көрсеңіз... Бірақ артынша-ақ сол қуаныш су сепкендей басылды. Баласы өзінен жасы үлкен, екі баласы бар келіншекпен отау құрмақшы екен. Ата-анасы ұрысты, сөкті, басын тауға да, тасқа да ұрды. Бірақ бәрі де нәтижесіз болды. «Қарғайын десе, жалғызы, қарғамайын десе, жалмауызы» деген осы да. Сонымен ұлы сол әйелді алып, оның қолына барып, «күшік күйеу» болды да шықты. Ал әйел әңгіртаяқ ойнатып, өз дегенін істетіп жүр. Осыған қарап ер азаматтардың ездігіне ішім ашиды. Тіпті осыдан соң үйленіп үй болуға да үрейлене қараймын. Аслан, 31 жаста: – Менің үйленгеніме 4 жыл болды. Бірақ жуырда ажырасып кеттім. Енем күн көрсетпеді. Отырсам, опақпын, тұрсам, сопақпын. Ақыры қызын да қарсы қойып қойды. Сөйтіп үйімізден береке, шаңырағымыздан шаттық кетті. Мен осындай көп жайды білемін. Бірақ енелердің күйеу баласына қарсы шығып, қызының отбасын бұзғаннан не пайда екен? Түсінбеймін.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

12246 рет

көрсетілді

162

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы