• Тарих
  • 25 Сәуір, 2013

Қарағанды облысы

Қарқаралы ауданы Жауыртоғай – тау, Қарқаралының шығыс сілеміне жатады. Қарқаралы қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде орналасқан. Бір-бірінен оқшауланған бірнеше аласа төбелерден тұрады. Батыстан шығысқа қарай 9 шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке қарай 7 шақырымға созылып жатыр. Ең биік жері – 1113 м. (орталық бөлігінде). Орталық бөлігі құз тас­ты, солтүстік және оңтүстік беткейлерінде қарағай, қарағайлы-қайың ормандар мен тал қопалары кездеседі. Жауыртоғайдың тауаралық аңғарларында демалыс үйлері, базалары бар. Үлкенкөл көлінің жағасында Қарқаралы туристік базасы орналасқан. Жауыр және тоғай сөздерінің бірігуінен жасалған. Тау ормандарының сирек өсуіне байланысты қойылған атау. Жарлы – өзен, Қарқаралы ауданындағы Қарасор көлінің алабына жатады. Бүйіртас тауының оңтүстік беткейлеріндегі 2 бұлақ­тан бастау алады. Ұзындығы – 143 км., су жинайтын алабы – 5560 шаршы метр. Жоғары ағысында – Ащыөзек, ортаңғы ағысында Милыбұлақ ауылының тұсында – Көктал, төменгі ағысында Ежібай саласы (Ақшоқы ауылының маңында) келіп құйылғаннан кейін Жарлы деп аталады. Жарлының 5 саласы бар. Олардың ішіндегі ең ұзындары – Тайшық пен Қопа (50 шақырымдай). Жарлыға Қарқаралы тауының оңтүстік және батыс шеттерінен ағатын өзендер (Аяқота, Мантен) бағытталған. Су жиналатын алабының жоғарғы бөлігі бұйратты, ортаңғы және төменгі бөліктеріндегі едәуір биік шоқылары арасында ойыстарда көптеген көлдері бар. Негізінен қар суымен толығады. Мұзы қарашада қатып, көкекте түседі. Су қайтқан кезде өзен қарасуларға бөлініп қалады. Жағаларында үйеңкі, тал өседі. Өзеннің жоғары жағы суы тұщы, таза, ауызсуына жарамды, ортаңғы және төменгі ағыстарында суы ащы, мал суаруға пайдаланылады. Өзен жағасының жарлы болуына байланысты қойылған атау. Жосалы – 1964 жылы ашылған емдеу-сауықтыру кешені, Қарағандыдан шығысқа қарай 160 шақырым, Жосалы шоқысының етегінде, минералды сулар бұлағының жанында орналасқан. Маусым-қыркүйек айларында жұмыс істейді. Жыл сайын 700-800 жұмысшылар мен қызметкерлерді қабылдайды. «Ана мен бала» демалыс айлығы ұйымдастырылған. Заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталған. Кешенде балшықпен емдеу (Қарасор көлінің балшығы), су, электр жарығы, парафин арқылы емдеу, т.б.әдістер қолданылады. Жуантөбе – тау, Қарқаралы ауданының батысында Нұра өзенінің оң жағасында, Қарқаралы қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі – 745 м. Ұзындығы мен ені – 2-2,5 км. Беткейлері жайпақ, аз тілімделген. Қоңырсары топырағында тобылғы, бетеге, сұлыбас, селеу, қараған, жусан өседі. Жуан және төбе сөздерінің бірігуінен жасалған. «Бас жағы үшкір емес, доғал біткен, жалпақ, үлкен төбе, тау, адырлар» мәніндегі атау. Жылтың – тау, Қарқаралы ауданының оңтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан облысымен шекаралас Дағанделі өзенінің оң жағалауында. Қарағайлы кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 125 км. жерде. Солтүстік-батыстан шығысқа қарай 18-20 км-ге созылып жатыр, ені – 5-7 км. Абсолюттік биіктігі – 933 м. Көзге көп түсе бермейтін, басқа таулардың тасасында орналасуына байланысты қойылған атау. Иманкөл – қыстақ, «иман» және «көл» сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Иман сөзі араб тілінен енген, «сенім» мағынасын білдіреді. Тегісшілдік ауылдық округіне қарасты қыстақ. Иірсу – өзен, Қоңыртемірші тауларының шығысы, Бесалаң қонысында. Аңғары мен арнасы ирек-ирек болып келген өзен сипатын білдіретін атау. Кенже би (Ақбейіт) – күмбез, Қарқаралы ауданы, Томар ауылынан Доғалаң мекені бағытына қарай 25 км., Қаражон өзенінің бойында, Ойқұдық деген жерде орналасқан. Бұл күмбезді жергілікті халық Ақбейіт деп атайды. Себебі құрылыс материалының құрамындағы ақ балшықтың бар екенін алыстан байқауға болады. Күмбез өте аумақты. Оның жан қабырғаларының ұзындығы – 16 м., ал алдыңғы бет жағы – 14 м., қабырғасының қалыңдығы – 0,5м., қосымша бөліктің биіктігі – 1,5м. Кіреберіс есігі төртбұрышты, биіктігі – 1,3 м., ені – 0,8 м. Күмбездің екі жақ бұрышынан екі құлақ шығарылған, биіктігі – 3 м. жуық. Негізгі күмбез төртбұрышты, алдыңғы беткі жағы шатырлы-жабынды биіктігі – 5,5 м., жан қабырғасы – 6 м., алдыңғы қабырғасы – 8 м., қабырғасының қалыңдығы – 0,8 м., терезенің жақтауына, есіктің маңдайшасына ағаш қолданылған. Кісі есіміне байланысты қойылған атау. Кент – тау, Қарқаралы ауданының орталық бөлігінде орналасқан. Батыстан шығысқа қарай 25 км-ге созылып жатыр, ені – 10-12 км. Қатпарлы тау тізбектерінен құралған. Ең биік жері – 1469 м. Жартас­ты баурайлары көптеген шатқалдармен, Жалған, Шыған, Қызымбет, Жанұзақ, Тұйық, Ақтөбе, т.б. өзектермен тілімделген. Талды өзенінің Аққияқ, Қараағаш, Қызылкеніш, Қадыр сияқты оң салалары және Түндік өзенінің бастауларының бірі Ақжарық басын Кенттен алады. Кент сөзі иран тілінен енген, ежелгі мағынасы «қыстақ» дегенді білдіреді. Ғалым А.Әбдірахмановтың айтуынша, таудың Кент аталуының сыры: «тау тастары бір-біріне қаланған кірпіш тәрізді тастардан тұратындығы немесе таудағы Қызыл Кеніш немесе Қызылкент архитектуралық ескерткішінің қатысы бар» дейді. Көктасжал – мыс-кен орны, Қарқаралы ауданында орналасқан. 1855 жылдан белгілі. Кен қорын 1925-26 жылы М.П.Русаков бағаланған. 1953-58 жылы барланған. Атау көк, тас және жал сөздерінің бірігуінен жасалған. Тау жыныстарының түсіне байланысты қойылған атау. Қарабиік – тау, Қарқаралы ауданының солтүстігінде, Бауырлыөзек пен оның оң саласының аралығында, Егіндібұлақ ауылынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде. Абсолюттік биіктігі – 476 м. Қызыл-қоңыр топырағында дала және тау өсімдіктері өседі. Солтүстік беткейлерінде бұта шоқтары, оңтүстігіндегі өзектер аңғарында шалғын кездеседі. Тау биігінің алыстан қарауытып көрінуіне байланысты қойылған атау. Өңірде осы аттас Н.Нұрмақов ауылдық округіне қарасты Қу тауларының оңтүстік-шығысында қыстақ және ауыл бар. Шотайсу – өзен, Қызылтас тауларының солтүстік-батысында, Нұра өзенінің аңғарында, Шотай және су сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Кісі есіміне байланысты қойылған атау. Шоқабай – өзен, Қоңыртемірші тауларының шығыс бөлігінде. Кісі есіміне байланысты қойылған атау. Ырғайлы – қыстақ, Томар ауылдық округіне қарасты қыстақ. Өсімдік атына байланысты қойылған, ырғай көп өсетін жер мағынасындағы атау. «Қарқаралы ауданы топонимдері» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр Серікбайұлы

4381 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы