• Тұлға
  • 03 Мамыр, 2013

Арман алдамайды

Өтеген КҮМІСБАЕВ, профессор Қайран, жастық... Алматыға арман қуып келгенім әлі есімде. Бес-алты ауыл асып, Алатауды бетке алып тартып бердік. Шындығын айтсақ, біз қашқын балалар едік, әке-шешеміздің айтқанын істемей, аспандағы айға қол созғандай Алматыдай әсем қалаға бір жетіп алсақ деп қиялдадық. Балауса кезде адам романтик келеді, не нәрсенің бәрі қолыңа оңай түсетіндей, алтын сақаң алшысынан жататындай көрінетін әдеті емес пе. Сонымен бір топ бала теміржол стансасының басына жиналып, Алматыға апаратын жедел пойызды күттік. Билет болмағасын кассіден де үмітімізді үзіп, қайтсек те жолға шығуға бел байладық. Әрбіреуіміз бір-бір үйдің еркесі едік. Тіпті бізді алдымызда не күтіп тұрғанын білгеніміз жоқ. Есіл-дертіміз астанаға жетіп, қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетіне түсіп кету еді. Ол кезде университет С.М.Кировтың атымен аталушы еді. Қолымызға аттестат тиісімен көзіміз жайнап, университеттің студенті атанатындай лепіріп биіктеп шыға келуші едік. Көкем (әкемді көке, анамды әже деп кеттім) оныншы класты бітірген күні маған: «Балам, ағаш тұрған жерінде көктейді, сен алысқа ұзаймын деп әуре болма, тракторға отыр да жер жырт, егін ек, жанымызда бол» деген-ді. Әкем екі сөйлемейтін кісі еді, сөзін қайталап айтқан жоқ, мен ләм-мим деп аузымды ашқаным жоқ. Әжем байғұс көп сөйлемейтін момын кісі еді, әкемнің аузына қарап отырушы еді. Енді не істеймін, бар ойым Алматыға кету еді, журналист болсам деп армандадым. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең жазып жүрдім. «Қазақстан пионері» газетіне «Кітап» деген өлеңім де шыққан. Газет мек­теп қабырғасында ілулі тұрушы еді. Сол өлеңім жарық көрген газеттің тұсынан сегіз рет өткенім бар. Әрі өтіп, бері өтіп оқимын, иә менің тұңғыш өлеңім еді. Көзге тым ыстық көрінетін. Жазушы болуды армандайтынмын, бірақ ол арманымды тіс­жарып тірі пендеге айтпайтынмын. Естісе мазақ ететін шығар деп қорқатынмын. Тоғызыншы класта оқып жүргенімде біздің мектепке оқушылармен кездесуге екі жазушы Нәсіреддин Сералиев пен Саид ­Баязитов келген еді. Екеуі де балалар жазушысы. Тірі қаламгерді көргенім сол еді, қолдарын қысып, арқаларын сипағым келіп кетті. Сол кездесу маған үлкен қанат берді. Олар бізге алғашқы жинақтарын сыйлады. Жастығымның астына салып жатушы едім. Бұл арманым тек Алматыда ғана орындалатын секілді еді. Сөйтіп, бесеуміз билет болмай вагонның төбесіне өрмеледік, жабысып жата қалыстық. Қара арғымақ буы бұрқырап, ысқырып алып тартып келеді. Баяғының ертегілеріне кіріп кеткендей әсерде едік. Қорқыныш пен қуанышымыз бірдей, қайткен күнде де ақбас Алатаудың бауырына томп етіп түсе қалу еді. Нанымыз, құртымыз, бөтелкеге құйып алған Сырдың суы бар, ішсең бал татиды. Әрине, вагонның төбесі ішіндей емес қой, көр­мегенді көрдік, дорбамызды жастық қы­лып, ұйқыға да кірісіп кеттік. Бет-жүзіміз кір-қожалақ болып, бір-бірімізге қарап әбден күлдік. Қатты күлгеніміз соншалық, вагон дірілдеп кеткендей еді, бір сәтте қайда отыр­ға­нымыз есімізге түсіп, тып-тыныш бола қал­дық. Кенедей жабысып, еметіндей етпеттеп жа­тып алдық. Сол жатқаннан Алматыдан бір-ақ шықтық. Сонда бізді таңғалдырған Алатаудың ақбас шыңдары еді, қадалып қарап қалыппыз. Біз өскен далада мынандай маңғаз таулар жоқ еді. Әсіресе ақ мамықтай бұйраланып ерімей жатқан ақшақарларға қарап аузымыз ашылып қалыпты. Күн болса ыстық, ал қар неге еріп кет­пеген дейміз. Сөйтсек, олар тым биікте жа­тады екен ғой. Қағаз, құжаттарымызды ретке келтіріп алып, Алматының ішіне кіріп кеттік. Сарқырап аққан бұлақтар құлақ күйін шертеді. Шапқылап келе жатқан ба­ладай алдыңнан шыға келеді. Тап-таза мөлдір бұлақтар көздің жауын алады. Самал желмен тербелген жасыл жапырақтар жамырасып, әлдеқандай қуанышты хабарды жеткізетіндей желп-желп етеді. Шіркін-ай, сол кездегі Алматының апорты, алқызыл ал­малары-ай десеңші. Біреуін үзіп алып же­сең тойып қаласың. Бұлақтың бойына отыра қалып, газеттен дастарқан жайып жі­беріп, жүрек жалғап аламыз да КазГУ-ды іздейміз. Мұншалықты алып шаһарда болып көрмегесін бе біраз сандалдық, біреу олай, біреу былай сілтейді. Алматыда адасып жүргеніміздің өзін бақыт санадық. Бес бала бес жаққа бағыт алдық. КазГУ-ды қалаған мен ғана екенмін. Ымырт үйіріліп, Алматы кеші де қоюлана бастады. Енді бүгінше жатып шығатын жер іздедік. Паспортымда аты жоқ, Проспекті, көшеңнің. О, Алматы, сонда да Үйіндейсің шешемнің, – деп ақын ағамыз Тоқаш Бердияров айтқандай, астананың әрбір бұрышы жайлы жастықтай елестейді. Бір ұйғырдың қорасына тап болдық, әрқайсысымыз бір сомнан төлеп, түнеп шығатын болдық. Ұйғыр үйіне кіргізбеді, қорасында жайылған жасыл шөпті сілтеді, азын-аулақ мал ұстайтын болса керек. Пішенді жайып жіберіп, әкеміздің үйінде жатқандай жайғасып алдық. Сонда да күлкіміз жиылмайды. Қайран жастық-ай десеңші. Таң ата Алматының жылы жаңбыры себеледі, бетімізге тамшылап бізді оятты. Бетіміз ылғал шөпке ұйысып қалыпты. Тұра сала ұйғырдан сұрап алған шай-пайымызды ішіп, университетті іздей жөнелдік. Ақы­ры таптық-ау әйтеуір, жол айрығында бесеу­міз бес оқу орнына бет алдық. Менің темір­қа­зығым тек қана КазГУ еді, тапқаныма қуан­дым. Мен секілді жүздеген бала құжат тап­сы­руға кезекте тұр. Тапсырған соң жатақтан орын берді. Бұрынғы Виноградов, ал қазіргі Қарасай көшесінде университеттің жа­тағы бар, соған жіберді. Оның алдында бү­кіл аби­ту­риенттерді моншаға салып алады екен, се­бебі ауылдан қалаға келдік қой, тазару қажет дейді екен. Бір әйдік ескі ғимаратқа сүң­гіп кеттік, арғы қабырғада қыздар, бер жа­ғын­да ұлдар түсіп жатырмыз. Азан-қазан, у-шу, еш­кімді ешкім естімейді. Су шашысып ой­­нап жүрміз. Тазару біз үшін солай басталып еді. Никольск шіркеуінің маңында сквер бар, қызыл гүлдерге толып тұрады, ағаштарының көлеңкесі ше, жатақтың одеялын жайып жі­беріп емтиханға дайындаламыз. Бас алмай оқи­тындар да бар. Ондайлар қыздарға күлкі болады. Оятып жіберіңдер, қорылдап мазамызды алды дейді. Ең болмаса бір көзі бізде, бір көзі кітапта болсыншы дейді қыздар. Қа­зақ тілі мен қазақ әдебиетін қатты оқимыз, не­гізгі тапсыратын пәндеріміз ғой, шығарма жа­зуға әзірленеміз. Таныс-тамыр дегеннен жұр­­даймыз, алдымен Аллаға, сосын өзімізге сенеміз. Күндер өтті. Сынақтан да сырғып аман-есен өттік. Ол уақытта емтиханды мұғалімдер алатын, билеттерді бүгінгідей жайып тас­тайды, қалағаныңды аласың. Жазбашасы бар, ауызшасы бар төрт емтихан тапсырып, жиырма екі балл алдым. Соңғы өткел де жетті. Ректор, академик Т.Дарқанбаевтың өзі төрағалық етіп қабылдады. Ұмытпасам, журналистика бөліміне жиырма бес, ал қазақ тілі мен әдебиетіне елу бала алды. Сонда менің екі балым жетпей қалды. Рек­тордың өзіне кіріп бардым, «бала, келесі жылы келерсің, балың жетпей қалды» деді. Япыр-ай, дүниедегі ең жаман адам ректор болып көрінді, жылап жібердім. Сол жылағаннан Алматының шетіне бір-ақ шығыппын. Тұла бойым тоңазып, басым көтертпей қалыпты. Өмір сүргім келмей қалды. КазГУ-ге сол жылы түсе алмадым. Ауылға қайтайын десем бет жоқ, не бетіммен қайтамын, елден ұят қой, қайтсем де осында қалуым керек. Әзер дегенде сүйретіліп жатақханаға келдім. Түскендер той жасап жатыр, қуаныштарында шек жоқ, ең бақытсыз жан мен екенмін. Етпетімнен түсіп жатып алдым. Жұбатқандардың сөздері құлағыма кірмейді. Ертеңіне оқуға ілікпей қалған бір-екі бала Құрманғазы консерваториясына бардық, дауысы барларды қабылдайды десті. Бірақ ән айтуың керек. Мен тұрғылас кезекте тұрған мұңдастарымның артынан мен де оншақты ағай, апайлар отырған бөлмеге ендім. «Бала, қандай ән айтасың?» деді. «Маржан қызды» айтайын деппін. «Шығасың ба алдымнан, шықпайсың ба, Москвадан жұлдыз ап келген күні» деп, бар дауысыммен тарта жөнелейін баяғы. Комиссия мүшелері аң-таң боп бір-біріне қарасты, онан сайын дырылдатып барамын. Бір сәтте мұртты жігіт қолын көтеріп, мені әзер тоқтатты. «Бала, сыртқа шыға бер» деді. Бір пәленің болғанын сездім де, шегініп шыға бердім. Содан кейін консерваторияны көргенім жоқ. Қайдан білейін, консерваторияның студенті боп кетем бе деп дәмеленіп барғаным ғой. Алматыдан шыққым келмей әр жерге бір соғамын, жұмыс іздеймін. Қайткен күнде де табан тіреп қалуға тиіспін. Ал қалай, қайтіп ол жағын ойламаппын. Алматы машина жасау заводына барғым келді. Өйткені елде жүргенде Жосалы механикалық заводында токарьдың шәкірті боп істегенім бар еді. Ол завод Ұлы Отан соғысы тұсында Ресейден көшіп келген-ді. Десем де, газеттерді маңайласам дедім. Оқуға келгенге дейін аудандық газетте әдеби қызметкер боп бір жылдай істегенім бар-тын. «Лениншіл жас» газетіне барып едім, орын болмады. Ақырында «Социалистік Қазақстан» газетіне корректор болып орналастым. Газет редакторы Кеңес Үсебаев ағайға жағдайымды айтып едім, аяушылық білдірді ме, әйтеуір жұмысқа қалдырды. Солай бір жағынан елге оралуға бет жоқ, екінші жағынан ару Алматыны қимай қипақтап жарты жылдай жүріп алдым. Жаман хабар жата ма, балаң оқуға түсе алмай астанада қаңғып жүр екен деген хабар әке-шешемнің құлағына тиеді. Есі барда елге қайтсын, мұнда да екі қолға бір жұмыс табылады деп әкем біреуден сәлем айтып жіберіпті. Мегников көшесінде бір орыс кемпірдің пәтерінде едім, ай сайын ақшасын сұрап, дікілдейді де тұрады. Әрі ойланып, бері ойланып елге оралуға тоқтадым. Бір жағынан сағыныш та маза бермеді. Сөйтсем, оқуға түсе алмай қалған жалғыз мен емес екенмін, пәленшенің ұлы, түгеншенің қызы да жолдары болмай үйлеріне қайтып кетіпті. Бір күні Алматыны қимай-қимай мен де пойызға отырдым. Бір сөтке жүріп, ертеңіне кешкісін Жосалы стансасына тоқтайды, бізде басын Жосалы, ал аудан орталығын Қармақшы деп атайды. Қармақшы Қызылорда облысына қарайды. Амангелді деп атайтын көшеде менің үйім бар. Пойыз қасқарайып қалғанда келіп тоқтады. Әрине, келе жатырмын деп ешкімге хабар бермегенмін. Сүйінші сұраймын ба?! Дорбамды арқалап Аманкелді көшесімен тартып келемін. Тірі пенденің көзіне ілінбесем екен деймін. Әншейінде тайраңдап ән салып жүретін басым жанарыма жас тіреліп көмекейім тұтығып, дауысым дірілдеп, берекем қашып келеді. Бір уақта бұған сенейін бе, сенбейін бе алдымнан Құтжол құйғытып келеді. Құтжол біздің үйдің иті, менің келе жатқанымды қайдан біледі сайтан дегенімше болмай, арсалаңдап мойныма орала кетпесі бар ма. Итекем ит те сағынып қалыпты. Алматы бір көргенде-ақ қимайтын қала екен, айналшықтап бір жылдай шыға алмай қалып едім. Енді елге оралуға бел байлағаным осы еді. Құтжолым еркелеп соңымнан қалар емес, анда-санда қаңқ етіп үріп қояды. Үйге жақындағанымда жүрегім жиі ұрды, не бетімді көрсетемін деймін. Әжем сыртта табаға нан пісіріп жүр екен, асыл анам көзіне жас алып, айналып-толғанып жатыр. Мен де балаша босап, қоя бердім. Абырой болғанда көкем үйде жоқ екен, бір шаруамен сыртқа шығып кетіпті. Келгесін көкемді танытты ғой. Содан бір-екі ай күйеуден қайтып келген қыздай далаға шықпай, үйді паналап жатып алдым. Киноға, кешкі бақтың биіне барғым келеді, бірақ болмайды. Кейін білгенім, мен секілді оқуға түсе алмай қалғандар да бар болып шықты. Солармен оқта-текте ұрланып бас қосып, ішкі мұңды ақтарып аламын. Тұла бойым жеңілденіп қалады. Ең соңында мұңдастарыммен бірігіп киноға барып, бірте-бірте бетімді аштым. Қармақшы ауданының газеті «Коммунизм шамшырағына» әдеби қызметкер боп орналастым. Әбен Сатыбалдиев өте мәдениетті, білімді кісі еді. Жолдас балам Рашид Жарылқасынов екеумізді жұмысқа тәрбиелеп, жазуға үйретті. Рашид кейін КазГУ-дың журфагын сырттай тәмамдады, қазір белгілі журналист, зейнеткер, елде тұрады. Бір жылды алға салдым да келесі жылы құжат­тарымды реттеп, Алматыға тарта жөнел­дім. Бұл жолы жиырма төрт балл алып түсіп кеттім. Қуанышымда шек болмады. Арманым – журналист болу еді, бірақ оған орын болмай тіл-әдебиет бөліміне ауыстырды, соған да шүкір дедім, әйтеуір мақсатыма жеттім ғой дедім. Елден келген елу бала едік. Бір атаның балаларындай бір дәрісханада бас қосып жарасып жүрдік. Ұмытылмас жылдар-ай, қалайша кірпік қаққанша тез өтіп кеткенсің?! Бұрынғы Виноградов, қазіргі Қарасай көшесіндегі университеттің жатағына орналастық, Никольск базарынан керек азық-түлігімізді алып, кешкісін думандатып жатушы ек. Жарты әлемді билеп алғандай биіктеп жүруші едік, өйткені біздер Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенттері едік. Шетінен романтиктерміз, ақын, жазушы болуды армандаймыз. Көшеге шықсақ аяқты алшаң басамыз. Басқа «вуздардың» студенттерінің төбесінен қараймыз. Қайран қамсыз, уайымсыз жастық-ай десеңізші. Бір бөлмеде бес-алты баладанбыз. Орын жетпесе қос орынға мінгесеміз. Төменде тұрып жоғарыда тұратын қыздармен әзілдесеміз. Әзіліміз асып кеткенде олар төбемізден су құйып шашыратып жібереді. Шаршауды білмейміз, алаңсыз аңсау ғана бар. Не деген таусылмайтын арман еді. Ұстаздар-ай, жылдар-ай... Таңертең оқимыз, сабақтан қалмауға тырысамыз, аудитория­да алдыңғы қатарға таласамыз, жазамыз, тыңдаймыз, тынбаймыз. Сол заманда бізге алыптар дәріс беріпті ғой. Әрбіреуі Алатаудың бір-бір шыңындай еді. Бір Мұхтар Әуезовтің өзі тұтас бір академик еді-ау. Пушкиннің «Евгений Онегинін» жатқа айтатын әдебиеттен оқыған Темірғали Нұртазин ше, қазақ тіл білімінің королі Ісмет Кеңесбаев ше, қазақ әдебиеті тарихына төңкеріс енгізген, Алаштың аяулы ақындарын егіліп отырып айтатын профессор Бейсенбай Кенжебаев ше, кешегі өткен кемеңгер Зейнолла Қабдолов ше, қазақ тілін жырдай жырлайтын Төлеген ағай ше, тарихты толғай жөнелетін, қарасудай ағызатын Қарағұсов ағамыз ше, Есмағанбет Смайыловтың өзі ше, тілден сабақ бергенде майын тамызатын профессор М.Балақаев ше, анда-санда мұрынды бір тартып қойып құйқылжыта жөнелетін тілші Кәкен Ақанов ше, Пушкинді, Лермонтовті, Есенинді көз алдыңа тізіп сайратып қоятын Александр Жовтис ше, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінен берген, шешентілді Ш.Қанафиева ше, Х.Сүйіншалиев ағай ше, қазақ тілінің арғы тарихынан тартатын түркітанушы талантты М.Томанов ше, шетел әдебиетінен берген мейірімді Ж.Фролова ше, араб тілін аузымызға салған М.Мәженова апай ше, өлең оқығанда тыңдаушысын тереңге батырып жіберетін ұстаз Т.Мадзигон ше, тентектігі, қырсық турашылдығынан қайтпас Т.Кәкішев ше, қайсыбірін айтайын, соншалықты сырбаз білімпаздардың, берекелі ғұламалардың, кемел кісілердің алдын көріппіз. Бәрінің алдында басымды иемін. Бір-бір асқар, бір-бір төбе еді ғой. Орыстың белгілі ақыны Илья Селвинскийдің маған «сенің Әуезовің нағыз Будданың өзі ғой» деген сөзі есімде. Әсіресе біз үшін Мұхтар Әуезовтің орны бөлек еді. Абайды, «Абай жолын» мектептен жаттап келгеннен соң, тірі Мұқаңды көру бір арман еді, көрдік ендеше... Абайтану сабағы болады дегенде елең ете қалғанбыз, Мұқаңның өзі оқиды деді. Алғашқы сабағын асыға тостық. Елу студент едік, алайда дәрісханаға ел сыймай барады. Басқа оқу орындарынан келген оқушылар, ұстаздар, интеллигенция өкілдері болса керек. Кереқарыс маңдайы, қоңыр жүзді, ерекше еріндеріне әнтек жылы жымиыс бар, ақ киімді, бұйра шашты, ажарлы жүзі, алып денелі, жанарынан ұшқын атқан кесек кісі жарқын сәлем беріп кіріп келгенде у-ду боп отырған көпшілік сілтідей тынды. Әуезов емес, тап бір Абай атаның өзі сөйлей жөнелгендей еді. Қоңыр үнінде баяу шертілген домбыра күйіндей тербеліс бар. Үлкен қоңырау сылдыр қаққанда ғана есімізді жидық. Абайдың бір өлеңін сағатқа созылған сырлы, әсем әңгімеге сыйғызып жіберді. Мәссаған, біз Абайды әлі білмейді екенбіз. Мұқаң суреттеген, әспеттеген Абай мүлдем басқаша кейіпте көрінді. Абай қазақ халқының рухани паспорты екенін есейе келе түсіндік. Ұлы ұстаздың әр сабағы бізге сүйікті ақынымыздың сырын ашып берді. Мұқаң үзіліске шыққанда столдың үстіне қызыл-қоңыр былғары пәпкісін және жуан қызыл түсті қаламын қойып кетуші еді. Жүгіріп барып папкіні, қаламды қолымызға ұстап, сипап орнына қоятынбыз. Сөйтсек, пәпкіні француздың атақты жазушысы, қайраткері Луи Арагон сыйлаған екен. Кейін Мұқаңның өзі айтты. Абайдың бір жол өлеңін ұстаз бір сағат әңгімелеп беруші еді, үнінде, күлкісінде, қимылында сондай бір керемет сүйкімділік бар-тын. Бір күні Алматының аппақ қары жауды. Сол күні Мұқаңның лекциясы болды. Сабақ аяқталғаннан кейін ол кісі қазақ әдебиеті кафедрасына кіріп киінді де далаға беттеді. Қызық көрдім бе, әлде балалық па білмеймін, басқан ізін басып, Мұқаңның соңынан баяу жүріп отырдым. Ол кісі артына бұрылып қараған жоқ. Мұқан Төлебаев көшесіне түсіп, жоғары көтерілді. Мен де ақша қарға анық түскен Мұқаңның ізімен жүріп келемін. Сол сәтте өзімді бақытты сезініп, бойымды шаттық кернеді, тек ұстазым біліп қоймаса екен деймін. Бүгінгі М.О.Әуезовтің әдеби-мемориалды үйі сол кезде М.Әуезовтің тұрған үйі болатын. Ол қақпасын ашты да үйіне енді. Мен болсам Мұқаңның жаңа жауған аппақ қарда қалған іздерімен кері қайттым. Өзімше бір жаңалық ашқандай едім. Және сол қылығымды тірі жанға тісжарып айтқаным жоқ. Енді Мұқан Төлебаев көшесімен жүрсем қарсы алдымда кемеңгер қаламгердің іздері сайрап жатады. КазГУ-де әдеби бірлестік бар еді. Ұмытпасам, оны Сұлтанғали Садырбаев ағамыз басқаратын. Поэзия кешіне Мұқаңды шақыратын болдық. Әбіш Кекілбаев екеуміз Мұқаңа жас ақындардың жаңа жинақтарын тапсыруға тапсырма алғанбыз. Сабақ соңында Мұқаңды күтіп тұрып, бірнеше өлең жинақтарын қолына бердік. Сол бір үшінші поэзия кешінде Мұқаңның жастар алдындағы сөйлеген сөзі тарихи сөз боп қалған еді. Сол жиында Мұқаң Қадырдың, Тұманбайдың, Сағидың, Ізтайдың, Тілегенннің, Әбіштің есімдерін атап, осылардан үлкен үміт күтуге болатынын ескерткен еді. Жылдар өтті, данышпан сөзі шындыққа айналды, үміт ақталды. Сонда Мұқаңның: «Толыспаған Толстойлар мен шала Шекспирлерден сақтаныңдар» деген сөзі осы күнге дейін құлағымызда қалып қойды. Абайтанудан сынақ тапсырамыз деп жүргенімізде «Мұқаң Москваға кетіпті, келеді» деп естідік. Сынақ кітапшамызға Әуезовтің қолы түседі деп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрген күндер еді-ау. 1963 жылы радиодан суық хабар саңқ ете қалды. «Москва ауруханасында, операция столында советтің белгілі жазу­шысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов дүние салды» деді диктор. Таңертеңгі кез еді, жылап ояндық. Туған әкемізді жоғалтқандай едік. Өзі келмеске кетіп, мұрасы мәңгілік атанған қайран Мұқаң. Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың өзі бір мектеп еді. Ақырын сөйлейтін барынша сабырлы адам еді, ішкі әлемінде қаншама қайсарлықтың жатқанын кім білген. Жанартауы ішінде жатыпты. Қазақтың ежелгі әдебиетінің тарихын бергі ғасырларға алып келген және сол үшін аянбай алысқан ғұлама ғалымның бірі болғанын беріде білдік. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген сөз осы Бейсекеңе арналған тәрізді. Абайлап жүріп алысты ойлаған ойшыл дананың бірі екен. Кейде Кенжебаевтан қашып кетіп жүретінбіз. Қайдан білейік, таулардың етегінде жүрген толағай іспеттес тұлғаның қадіріне жетпеппіз. Ашушаң, кекшіл емес еді, текшіл, көпшіл еді. Әңгімесінің ара­сына аракідік Алаштың атышулы тұлға­ла­рының есімдерін сыналатып енгізіп жібер­генде кейде тыңдап, кейде ұстай алмай қала­тынбыз. Ал енді бар ғой, аттарынан ат үркетін шәкірттерін атап жіберсем, халқының нағыз асыл перзенті, жақтаушысы, жанашыры, жоқтаушысы болған ұлы әдебиетінің алысты болжай білгенін айнытпай танимыз. Олар кімдер десеңізші. Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, туған баласындай боп кеткен Құлбек Ергөбеков, тағысын тағылар. Түркістанда Құлбек ашқан Бейсекеңнің музейін, кітапханасын көргенімде төбем көкке сәл тимей қалды. Түркітілдес әдебиеттердің кітапханасын құрастырып тізіп, жан-жақтан жинап жүрген Құлбек еңбегінің болашағы зор дер едім. Жақында мен де кітапханамды Түркістанға жөнелттім. Мағжан жырлаған Түркістан жерінде Қожа Ахмет Ясауи жатыр, қазақтың қан­ша қадірлі сұлтандары, хандары жатыр. Со­лардың бүгінгі қасиетті ұрпағына тарту еттім. Темірлан Нұртазин қызық кісі еді. Ол ешкімге ұқсамайтын. Өз қолтаңбасы, мінезі бар адам еді. Қазақ, орыс ақындарының өлеңдерін жатқа айтқанда аузыңды ашып қалатынсың. Классиктерді айрықша жақсы көретін. Қанша дегенмен Ленинград мектебінен өтіп келген ғой, зейінді мәдениеті көрініп тұратын. Дәрісі әзілмен басталып, ажарлы әңгімеге ұласатын. Жалпы алғанда Темкең советтік қалыпқа сыймаған ғалым еді. Барынша бірсарындылықтан қашып отыратын. Сабағы қызық өтетін болған соң сабағынан қалмауға тырысатынбыз. Кейде кешігіп қалып, кіруге бола ма ағай десек, «өзің біл шырағым» деп күліп қоятын. Сол сөзі бізге құрысқаннан бетер болатын. Оқта-текте дәрісін табиғат аясында, жасыл бақтардың ішінде өткізетін. Сұлулыққа ғашық эстет әдебиетші еді. Бір күні бізді баспоштаның қасына алып шықты. Филфак баяғы ескі үкімет үйінде болатын. Кейін ол жерге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы келді. Тамаша жаз айларының бірі еді. Т.Нұртазин пәнінен сынақ тапсыруы­мыз керек еді. Анау Әлия мен Мәншүк ескерткішінің бұрынғы орнында Ленин ескерткіші тұратын. Бәріміз сол маңайдағы орындықтарға орналастық, бір-бірлеп сынақ тапсырдық. Бану, Мәкен, Күләш есімді әдемі қыздарымыз бар еді. Соларды жанына шақырды. Өлең, өнер жайлы шалқып сөйлеп берді, білмейтіні некен-саяқ кісі еді, энцик­лопедист ғалым еді, ұйып тыңдайтынбыз. Алдында ересек адамдар отырғандай анда-санда шерін тарқатып алатын, қыздарға ән салдыратын. Абай әндерін жақсы көруші еді. Өте білімдар ағай еді, қағаз бетіне қарамай көсіле жөнелетін. Аудиторияны өзіне бірден тартып алатын. Эрудициясы бізді қатты қызықтыратын. Сосын орыс тіліне өте-мөте жүйрік еді, Пушкинді, Лермонтовты, ­Некрасовты, Фетті ұнататын. Екі тілде бірдей жазатын. Аты аталмай қалды марқұмның артында жоқтаушысы жоқ па, білмеймін. Тарихтан берген Ж.Қарағұсов қатаң еді, айтқанын айтқанша жазып үлгеретінбіз, талапты күшті қоятын. Қыбыр етпей отыратынбыз. Сөйлеп тұрып, үнемі бірдеңе шайнап тұрушы еді, не екенін білмейміз. Бір күні бізге «Қандай сұрақтарың бар?» деді. Өтежан Нұрғалиев артта отырушы еді. «Сұрағым бар» деді де, жай қасына барды. «Айта ғой» деді ағай. «Осы сіз не шайнап тұрасыз?» деп қойып қалды. «Онда сенің не шаруаң бар, шық кластан!» деді ағай. Өтежан шығып кетті. Күлкі мен қорқудың арасында қалдық. Арамыздағы мұртты студент сол еді, көрінер-көрінбес мұрты бар еді. Аты-жөні есімде жоқ, журналистика бөлімінің бір мұғаліміне «осы мұртты менен көріп қойып жүрсіз-ау» депті. Ақтөбе жақтан ақын боп келген Өтежанның мінезі қисықтау еді. Бет-жүзің бар демей айтып салатын. Бірінші курста жүргенде оның өлеңдері газеттерге жарияланды. «Дружба народов» деп аталатын Мәскеуде шығатын әдеби журнал оған сәт сапар тілеп, өлеңдерін берді. Өтежан аузынан қағынып жүретін жігіт еді. Бір күні бұрынғы Калинин көшесімен келе жатса алдынан екі адам шығады. Біреуін тани кетеді. Ол белгілі ақын Хамит Ерғалиев екен. Екіншісін танымайды. Өтежан сәл-пәл қызулау болса керек. Хамаңның қасындағы адамына қатысты ерсілеу сөз айтады. Ол журфактің деканы, атақты Тауман ­Амандосов болып шықпай ма. Содан арада екі-үш күн өтпей Өтекең стипендиядан қағылып, жатақтан шығарылады. Өтежан екеуміз жақсы едік. Кешкісін маған келді: «Құдай ұрды мені, қызумен деканымызды боқтап жіберіппін. Жатақтан шығарды, стипендиядан алып тастапты» деді. «Енді не істейміз Өтежан?» дедім. «Екеуміз Тастақтан пәтер іздейік, ақшасын мен төлеймін, жатақтан шық» демесі бар ма. Өтежанның көңілін қимай, екеуміз бір орыс кемпірдің құстың ұясындай бөлмесін тауып алдық. Бағасына келісіп тұра бастадық. Жолдасымды жалғыз қалдырғым келмеді. Өтежанның өлеңдері маған ұнайды. Кемпірі­міз­дің «Верный» атты қабаған иті бар, қора­сының ортасына байлап тастайды. Тірі жан­ды қасынан өткізбейді. Әсіресе түнде қиын, әжетхана қораның түкпірінде. Өтежан мені түн ортасында оятады. Далаға шығып ке­лейік дейді. Иттен жаман қорқады. Бұтында бауы ұзын қазақы ақ дамбал, кеудесінде жа­ғасыз кең кенеп көйлек, тентек шашы та­раққа көнбей жан-жаққа қашып тұр. Ал Вер­ный мұндай кескінді жақтырмайды. Есіктің алдында екеуміз дірілдеп тұрмыз, түн салқын. Екі көзіміз Верныйдың аржағындағы әжетханада. Бұтын қысыңқырап алып, Өтежан итке жалынышты көзбен қарайды. Байлаулы Верный өжеттене атылып үрген кезде зып беріп үйге кіріп кеттік. Қайта бас көрсеттік. Азу тістері ақсиған Верный сәл десе жібін үзіп жіберетіндей бізге қарай жұлқынады. Өтежан шыдамай ашу шақырды: «Әтеңе нәлет, Верный-ай, кемпірге төлейтін пәтерпұлымызды алдын ала төлеп қойдық. Енді не ақың бар бізде, жіберсеңші анау жерге» дейді. Верный онан сайын үре түседі. Бұрқылдап кемпір оянады, бізді орысшалап боқтап алды да, Верныйға ұрысты. Ит ағаштан жасаған ұясына сүңгіді. Біз баратын жерге жылдам барып алып, бөлмеге күмп бердік. Әй, бес-алты ай көресіні көрдім-ау. Артынан біреулер араласты ма білмеймін, Өтежан жатаққа қайта оралды, стипендия­сын алды. Белгібай Шалабаев деген ұстаз ағайымыз «Өмірде не болмайды» деген кітап жазды және осы тіркесті үнемі қайталап отыратын. Кейін мәтелге айналды. Бірдеңе болса өмірде не болмайды дейтінбіз. Қойдың басы қалай ұрланды Студенттік өмірде не болмайды десеңізші. Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Ерғали ­Ахметов (кейін үшеуі де жазушы боп кетті) М.Горький саябағынан кештетіп келдік, қыдырып барғанбыз. Асхана, дүкендер жабылып қалған. Бөлмемізде ең болмаса нан да жоқ. Енді бірдеңе іздеп табыңдар, аштан өлеміз бе деді Қауқаң, ішіміздегі басшымыз сол еді. Сенің ұятың аздау ғой, барып қыздардан нан сұра деді Қарауылбек Әлдиханға. Ерғалиға да бір тапсырма берді. Мен төменгі қабаттан бағана жоғары көтерілгенде сорпаның иісін сезгендей едім. Тезірек төменге түстім. Моңғолиядан келген екі қазақ жігіт Қаһар мен ­Дайын журфакта оқитын. Дайын бытовойда, газдың қасында бір үлкен кастрюлді қайнатып отыр екен. Кастрюлден қойдың басы қылтиып көрініп тұр, иісі мұрын жарады. Келіп, Қарауылбекке баяндадым. Дайынды кухнядан қозғау керек деді. Бірақ қалай екенін білмейміз ғой. Мен білемін деді Қауқаң ойына бірдеңе түсіп кетіп. ЖенПИ жақта Дайынның жүрейін деп жүрген қызы бар екен, оны Қарауылбек білетін боп шықты. Автоматқа екі тиын алды да, ол сыртқа жүгірді. Қарауылбек қыздың дауысын керемет салатын. Дайынның қызы болып, жатаққа телефон шалады, Дайынды шақырады. Кезекші Таня тәтей: «Дайын, к телефону, тебя зовет девушка» деп айқайлайды. Дайын есі шығып, оқып отырған КПСС тарихын да, қойдың басын да тастап, телефонға жүгіреді. Жоспар бойын­ша Дайын шығып кеткенде мен дереу қойдың басын шанышқыға түйреп алып, жоғары жөнелуге тиіспін. Көз ілеспес жылдамдықпен сорпасын сорғалатып қойдың басын ала жөнелдім кастрюлмен. Қызымен сөйлесіп келген Дайын кухняға кірсе, «КПСС тарихы» жатыр, ал қой басы ылдым-жылдым жоқ. Дайын жүгіріп Таня тәтейге барады, орысшасы нашар еді. «Кде парани калава» дейді. Мен қайдан білейін, өз басың аман ба деп айқайлайды. Шамалы жүйкесі шаршаған әйел еді. Ол уақытта біз төртеуміз төртінші қа­батта басты ортаға алып турап, сорпасын ішіп рахатқа батқанбыз. Дүниеде қой ба­сының сорпасынан тәтті нәрсе бар ма. Төменде Дайынның үні дабырлап, көшіріп барады, оған Қаһар келіп қосылды. Ішіп-жеп болғасын кастрюлді жуып, жып еткізіп орнына қоя салдық. Моңғол достарымызға кейін айтып, әбден күлгеніміз бар. Студенттік өмірде не болмайды. Қайсыбірін айтайын, қызық оқиғалар көп болды. Қабыш Жаркенов деген Қытайдан келген жігіт бар еді, орысшасы мүлдем жоқ-тын. Фролованың сабағында араб қарпімен әңгіме жазып отыратын. Лекция жазып отыр деп, мұғалім мәз болатын. Шетел әдебиетінен емтихан тапсырғанда мен Қабышқа аудармашы болдым, оған «Шекспирдің Отел­лосы» келді. Қытайдан бері қарап қалай қашқаныңды айта бер, тек арасына Отелло, Яго, Дездемона, Шекспир деп қосып қой дедім. Қабыш қызып кетіп, өз әңгімесіне кірісіп кетіп, Шекспир кейіпкерлерін сыртқа шығарып жібереді. Онда мен тізесінен түртіп қалып, есін жиғызам. Арасында Фролованың итіне пирожкі тастаймын. «Иә, әлгі Әтел ме, Яқа ма, Шекспир ме кім еді» деп, тақырыптың арнасына түседі. Фролова басын шайқап таңғалады, Жаркенов қандай тыңғылықты дайындалған дейді. Риза боп, бес қойды. Қабекеңе жудырғанымыз бар. Осынау ғұмырнамалық хикаямды студенттер үшін жаздым. Бұл менің өмір жолым. Соншалықты жетістіктерге жету маған оңайға түспеді. Абайша айтқанда, соқтықпалы, соқпақты жолдан өттім. Бүкіл өмірім университетпен байланысты еді. КСРО Ғылым Академиясының Шығыстану институтында Мәскеуде стажер, аспирант болдым. Кандидаттық диссертация қорғадым. Араб, парсы, түрік, ағылшын тілдерін оқыдым. КСРО Жазушылар одағында қазақ әдебиеті бойынша кеңесшілік қызмет атқардым. Алматыға қайта оралып, Қазақ КСР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ширек ғасыр қызмет жасап, кіші ғылыми қызметкерден директордың орынбасарына дейін көтерілдім. 1994 жылдан бастап университетке – ҚазМУ-ге келдім. Декан болдым және ирантану кафедрасын он бес жылдай басқардым. Жиырмадан астам поэзия, проза, ғылыми, аударма кітаптарым жарияланды. Көпшілігі, Қазақ университеті баспасынан шықты. Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесімін, академикпін. Соның бәрі үшін туған университетіме борыштымын. Бүгіндері Шығыстану факультеті арабтану және ирантану кафедрасының профессорымын. Бір кезде студент едім, енді ақынмын, шығыстанушымын, профессормын. Университеттің Ақсақалдар кеңесінің мүшесімін. Студенттерге, магистрлерге жемісті жол тілеймін.

7961 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы