• Тұлға
  • 07 Мамыр, 2013

Қазақ тілі – рухани өзегіміз

Ким Серікбаев, әскери ғылымдар докторы, профессор Еліміз Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін экономикалық реформалармен бірге патриоттардың жаңа буынын тәрбиелеу ісі де басты міндеттердің бірі болды. Бүгінгі Отан қорғаушы күні қарсаңында осы мәселе бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әскери ғылымдар докторы, профессор Ким Серікбаевпен тілдесудің сәті түсті. – Сіз көптен бері жастарға патриоттық тәрбие беру ісімен шұғылданып келесіз. Өткен жылдармен салыстырғанда қазіргі уақытта тәрбие жұмысын жүргізудің мазмұны мен әдіс-тәсілдерінде өзгешеліктер бар деп ойлайсыз ба? – Ертеңін ойлаған қандай да өркениетті ел болмасын жас ұрпаққа айрықша көңіл бөледі. Бұл жөнінде біздің еліміздің Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев та әлденеше рет айтқан болатын. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да қазақстандық патриотизмнің қандай болуы керектігі жөнінде нақты айтып берді. Жаңа қазақстандық патриотизмнің бас­ты мақсаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту. Мұның себебі де белгілі. Көптеген басқа елдерге қарағандағы біздің ерекшелігіміз – біз бірнеше ұлт өкілдерінің басын қосқан мемлекетте тұрамыз. Қазақстандық патриотизмнің іргетасы ретінде барлық азаматтардың тең құқылығын, Отан мүддесі жолындағы ортақ жауапкершілікті айтуға болар еді. Алайда Президентіміз орынды атап көрсеткендей бүгінгі күні еліміз үшін бойды кернеген мақтаныш сезімі аздық етеді. Мәселе әрбір азамат ертеңгі күнге, тіпті алдағы болашаққа деген берік сенімі болатындай, өз жерінің қожайыны ретінде сезінетіндей саяси жүйені орнықтыруда болып тұр. Өз басым тәрбие саласындағы ескі мен жаңа тәсілдердің айырмашылығын осылай түсінемін. Жалпы менің буынымдағы адамдар үшін патриотизм туралы айту жеңіл де, бір жағынан оңай да емес. Жеңіл болатыны, біз өміріміздің едәуір бөлігін басқа қоғамдық-экономикалық кезеңде өткіздік. «Бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін», «өзің өлсең де, жолдасыңды құтқар» деген секілді қағидалармен тәрбиелендік. Бұл жақсы ма, жаман ба – ой таразысына салып көріңіз. Кешегі Ұлы Отан соғысы басталған уақытта біздің буын мектеп партасына жаңа отырып жатыр еді. Біз бала болсақ та біздің қаламыздан не ауданымыздан шыққан майдан мен тыл ерлерінің аты-жөндеріне дейін білетінбіз. Кішкентай болғанымызға қарамастан үлкендерге көмектесіп жүрдік, қоғамымыз үшін пайдалы іс тындыруға ұмтылып тұратынбыз. Біз де сөйтіп Ұлы Жеңісті жақындатуға тырыстық. Біз үшін «патриотизм» сөзінің мән-мағынасы жақсы түсінікті болды. Міне, бұл тақырыпқа кез келген ортада әңгіме қозғаудың қиын болмайтын себебі осыдан. – Сіз қазіргі күні патриотизм туралы айту оңай емес деп қалдыңыз. Сонда бүгінгі жастар бұл түсінікті өзгеше қабылдайтын болғаны ма? – Осыдан жарты ғасыр бұрын Мәскеудегі әскери академияда оқыдым. Біз Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант ­Григорий Федорович Самойловичтің дәрісін тыңдадық. Сол кездің өзінде ол кейбіреулер біздің өткенімізді, соғыс тарихын бұрмалауға тырысатындығын айтқан болатын. Мұның өзі жастарға, әсіресе дүниетанымы жаңа-жаңа қалыптасып келе жатқан жас буынға әсер етпей қоймайтыны түсінікті еді. Сол кісінің сөзі бүгінгі таңда айна-қатесіз келіп жатқандай. Кейбір ақпарат құралдары өздерінше соғыс туралы «шындықты ашқан» болып жатыр. Біздің жерлестеріміз – панфиловшылардың ерлігіне күмән келті­ретіндер бар секілді, 28-інші гвардия­шы-панфиловшылар саябағындағы мемориал­ды басқа жерге ауыстыру жөнінде ақылға қонбайтын ұсыныс айтушылар кездесіп жүр, қазақтар үшін осы соғыстың керегі де жоқ еді дейтіндер де ұшырасып қалады. Сөз жоқ. Ұлы Отан соғысының деректері мен тарихын бұрмалаушылармен ешқашан да келісе алмаймыз. Біз, ардагерлер әл­гіндей теріс пікірлер мен ұсыныстарды адам­гершілікке жат қылықтар ретінде бағалаймыз, бұл бүгінгі бейбіт өмір үшін опат болған аға-апаларымыздың аруағын сыйламағандық, арамызда жер басып жүрген майдангерлердің ар-намысын таптағандық деп білеміз. Әрине, демократиялық елде сөз бос­тандығы болуы тиіс, алайда өтірік пен жала жапқандығы үшін жауапкершілік те сұралу қажет шығар. Тарихты бұрмалаудың арты жақсылыққа апармайды. Мұны есте сақтағанымыз жөн. Бұл ретте дағыстандық әйгілі ақын Расул Ғамзатовтың мына сөзін келтіре кеткенді жөн көремін: «Егер сен өткеніңді тапаншамен ататын болсаң, онда болашақ сені зеңбірекпен атқылайды». Ал қазақта мынадай сөз бар: «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» немесе «Атасын сыйламағанды ант ұрады». – Расында да, қазір уақыт басқа. Нарық­тық экономика заманында өмір сүріп жатырмыз. Жеке кәсіпкерлік даму үстінде. Мұның да тәрбие жұмысына әсері бары анық... – Елдің Тәуелсіздікке ие болуы зор игілік. Осының өзі әр отбасының және тұтастай алғанда мемлекеттің өсіп-өркендеуіне жол ашады. Сонымен бірге мынаны да атап өткен жөн, жаңа құбылыс – баюға, байлыққа кенелуге ұмтылу байқалады. Өкінішке орай, таза еңбегімен емес, түрлі айла-шарғылар арқылы байығысы келетіндер бар. Өмірден көріп жүргеніміздей, ондайлардың бірқатары түрмеге қамалып отыр, бірқатары шетел асып жасырынуда. Солардың көбісі өздерін патриоттар, біздің жас мемлекетіміздің тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер санайтын секілді. Осының өзі жас ұрпаққа әсер етері анық. Патриотизм туралы дәл қазір әңгіме айтудың жеңіл еместігі де осыдан. – Соған қарамастан жастарға жөн-жоба, бағыт-бағдар сілтеу парыз, әрине... – Сондықтан да біз, ардагерлер пат­риоттық тәрбие беруде жаңа жағдай жаңа әдіс-тәсілдерді талап етеді деп есептейміз. Бізде ешуақытта да мәнін жоймайтын құн­дылықтар бар. Олар кез келген әлеуметтік- экономикалық кезеңдерде болады. Біздің бабаларымыз Отаны мен жерін, туған халқын жанындай сүйді және қасық қаны қалғанша қорғады. Олар бізге қойнауы табиғи байлықтарға бай ұлан-ғайыр жер қалдырды. Бөгенбай мен Қабанбайдың, Есет пен Қарасайдың, Махамбет пен Исатайдың байлықпен аттары шыққан жоқ, олар қара­пайым адамдарды маңдарына топтас­тырып, оларды жауға қарсы атойлата білді. Міне, бұл шы­найы патриотизмнің түп тамыры. Ота­нымыздың бүгінгі және болашақтағы пат­риот­­тарын тәрбиелеу жөніндегі жұмыс осы­ның негізінде жүргізілуі тиіс. Бұл, біріншіден. Екіншіден, өмір көрсетіп отырғанындай, тәрбие жұмысы диалог, еркін пікір алмасу тұрғысында жүргізілсе нәтижелі. Сондықтан да «қолайсыз» сұрақтардан бойды аулақ ұстамаған жөн, әңгіме әділ және ашық болуы тиіс. Сонда ғана бұл талқыланатын проблеманы терең ұғынуға ғана емес, жастардың бойына сенім ұялатуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Елімізде жыл сайын өткізілетін «Менің Қазақстаным» атты патриоттардың жал­пыұлттық форумының маңызын жоққа шы­ғаруға болмайды. Алайда бұл форум шығармашылық, пікірталастық сипат алса нұр үстіне нұр. Яғни айқай-шудан гөрі нақтылық, ұрпақтар пікір алмасуы орын алса тиімділігі мол. – Елбасы патриотизм туралы айтқанда қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруі маңызды болып саналатынын әрдайым да ескертіп келеді. Әскери құрылымдарда қазақ тілін оқып-үйренудің жайы қалай? – Расында да, Президент өте орынды айтты, қазақ тілі бұл біздің рухани өзегіміз. Ол қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудегі қуатты қару саналады. Сондықтан да әскери оқу орындарында, армияның барлық құрылымдарында басқармалар мен құрылымдар құрылған, олар қазақ тілін оқып-үйрету жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асырады. Бұл үшін мамандарға арналып шығарылған «Әскери энциклопедия», сөздіктер бар, жалпыәскери жарғы және қарулар мен әскери техникаларды оқып-үйренуге арналған материалдар қазақ тіліне аударылды. Біздің әскерлер сапта, сахнада қазақша ән айтады. Сонымен бірге мынаны да ескеруіміз қажет, Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Міне, сондықтан да мемлекеттік тіл басқа тілдерге көлеңкесін түсірмей, біздің елдегі ұлт өкілдерін топтастыра, біріктіре білуі қажет. – Сіздің Алматы қаласындағы Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы екендігіңізден хабардармыз. Патриоттық тәрбие беруде қандай игі істер атқарылуда? – Біз жұмысымызда еліміздің мем­лекеттік нышандарының мәнін ұғындыруға баса көңіл бөлеміз. Әнұран, елтаңба, ту – мемлекетіміздің қасиетті белгілері. Сон­дықтан да олардың қалай пайда болғандығы туралы егжей-тегжейлі әңгімелейміз. Ерлік сабақтары жөнінде айтпай кетсек дұрыс болмас. Біздің ауданда 26 орта мектеп, 3 жоғары оқу орны бар. Ерлік сабағы әрбір оқу жылында басталады. Олар сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әйгілі шайқастар, мектептерге және көшелерге аты берілген соғыс қаһармандарының мерейтойлық күндеріне орай жүргізіледі. Реті келіп тұрғанда бір маңызды мәселе жөнінде айтқым келеді. 2010 жылы Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде Мемлекет басшысы облыстарда патриоттық тәрбие берудің орталығына айналуға тиіс Ардагерлер үйін ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы жылдары Ардагерлер үйі Талдықорғанда пайда болды. Қостанайда ашу жоспарлануда. Алматыда Ардагерлер үйі болса жақсы болар еді. Мұнда 170 мыңнан астам зейнеткерлер мен 1500 майдангер-ардагерлер бар. Бұл мәселені ардагерлер қозғалысының белсенділері жиі көтеріп жүргенін айтқым келеді. Мәжіліс депутаттарының да осы мәселеге көңіл аударғанын қалар едім. Бізде жастарды патриоттыққа тәр­биелеуде барлық мүмкіндік бар. Сол мүм­кіндіктерді тиімді пайдалана білгеніміз дұрыс. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Нұркен Жандәулетұлы

3151 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы