• Әдебиет
  • 16 Мамыр, 2013

Журналист – заманның жаршысы, ақиқат шырақшысы

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор: Белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы 60-тың асқар шыңына шығып отыр. Жақында мерейтой иесімен сұхбаттасудың сәті түсті.  – Өмірхан Әбдиманұлы, Сізді Алаш тарихын, Алаш арыстары шығармашылығын зерттеп, бірнеше іргелі еңбектер жазған әдебиет зерттеушісі ретінде жақсы білеміз. Ал әңгімемізді бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық журналистика факультетінің деканы ретінде осындағы оқу-білім жөніндегі жұмыстардан бастағанды жөн көріп отырмыз. – Журналистика факультетіне басшылық ету – мен үшін абыройлы әрі жауапты міндет. Жауапты болатын себебі, журналист заманның жаршысы, ақиқат шырақшысы, қоғамдық пікірді қалыптастырушы тұлға болғандықтан оларды жаңа заманның талаптарына сай даярлау біздің басты міндетіміз болуы тиіс. Әрине, күнделікті өмірімізде болып жатқан түрлі өзгерістер, барлық салаға, соның ішінде журналист мамандығына да айтарлықтай әсер етті. 2012 жылдың тамыз айында факультетті басқаруға келгеннен бері біраз тың істерді қолға алып жатырмыз. Осы күнге дейін оқытылып келген бағдарламаларды саралап, пән мазмұндарын зерттеп, қажеттісін қалдырып, уақыт ағымына сай ескіріңкіреп қалған пәндерді жаңа пәндермен алмастырып, кешенді шараларды жүзеге асырудамыз. Біздің факультеттің материалдық техникалық базасы заманның жаңа талаптарына жауап беруге толықтай мүмкіндігі бар. Өзіміздің телестудиямыз, ғаламтордағы жеке сайтымыз жұмыс істеп тұр, газетіміз шығып тұрады. Студенттеріміз білікті ұстаздардың жетекшілігімен солардың бәрін дайындап, жүргізіп отыр. Бұл болашақ түлектердің университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ журналистика мамандығын теориялық және тәжірибелік деңгейде меңгеруге мүмкіндік береді. – Елбасы өз Жолдауында жоғары оқу орындары бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау керектігін атап көрсетті. Расында сапалы қадр мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінде тұр. Журналистика факультетіне бүгінде талапкерді қабылдау, оқыту, тәжірибеден өткізу қалай жүргізілуде? – Біз талапкерлерді қабылдаған уақытта олардың қарым-қабілеттеріне назар аударамыз. Шығармашылық емтихан арқылы анықтап, мамандыққа деген талабын байқаймыз. Келешекте журналист болуға қабілеті бар ма, жоқ па? Әрине, қазіргі таңда журналистика мамандығын оқығысы келетін талапкерлердің саны еселеп артты. Бұл журналистика мамандарының бүгінгі таңдағы жоғары сұранысына байланысты шығар. Өкінішке орай, бүгінде журналистика мамандығына бөлінетін гранттардың саны шектеулі. Қазіргі таңда еліміз бойынша бұл мамандыққа берілетін гранттардың саны 80 ғана. Бұл – республикадағы журналистика мамандығын оқытатын өзге де оқу орындарын есепке алғанда өте аз көрсеткіш. Сондықтан алдағы уақытта журналистикаға бөлінетін гранттардың санын көбейте түссе деген ұсыныстар бекер емес. Бізде оқыту бағдарламалары мемлекеттік стандарт негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар біз автономиялы оқу орны болғаннан кейін, өзіміздің тәжірибе ретінде оқытатын пәндеріміз де бар. Көптеген оқу пәндері өзгертілді. Мазмұны жаңарды. Жаңа оқулықтар жазылып жатыр. Студенттер өзіне керек пәндерді таңдап оқи алатын болды. Жалпы, менің айтайын дегенім, журналистика мамандығына қажеті бар пәндерді ғана оқыту негізгі мақсаттың біріне айналды. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткенімдей, журналистика салаланып, белгілі бір сала тақырыбын меңгерту мәселесі туындап отыр. Бұл жағы да біздің оқыту бағдарламаларымызда ескерілген. Мәселен, құқықтық журналистика, әскери журналистика, экономика тақырыбын қаузайтын, соны арқау ететін журналистика бойынша бөліп оқытуды ойластырудамыз. Сонда студент осы бастан белгілі бір тақырып бағытын ұстана отырып, білім-білігін, дағдысын соған қарай бейімдейді. Сол бойынша өзіне керекті пәндерді игеріп, сала мамандарынан дәріс алатын болады. Біз осы мәселе бойынша заңгер, әскери сала, экономика мамандарымен келісе отырып, жұмысты бастамақпыз. Сала мамандары біздің бұл ұсынысымызға қолдау көрсетті. Өйткені оларға да өздерінің кәсіби саласынан хабары бар журналистер қажет. Ал оқу орнында жүріп жалпы теориялық пәндерді оқыған маман ертеңгі күні бұл салаларды игеріп, жазып кетуі үшін бірталай уақыт кетеді. Ол тіпті қиынға соғады. Олай болмасы үшін, біз факультет қабырғасында жүрген күннен бастап, жұмыс берушіге қандай маман керек, нені оқытуымыз керек, мамандықтың траекториясы қандай болу керек деген мәселелерді зерттеп, талдау жасап жатырмыз. Шәкірттеріміздің практикалық білімдерді қатар игеруіне де көңіл бөлінуде. Теориялық білімдер өз алдына, болашақ журналистің қалыптасып, шыңдалатын жері ол практика, жұмыс істеу барысында қалыптасатын болғандықтан, біз шәкірттерімізді баспасөз орталықтарына, газет-журнал, телеарналарға жіберіп, алдағы уақытта олардың тәжірибеден өтетін уақыттарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бір айта кетерлігі, жоғары курс студенттерінің арасында журналистика саласында еңбек етіп жүргендері де бар. Біз бұл жағына да мүмкіндік беріп отырмыз. Егер сабағына кедергі келтірмейтін болса, оқу мен жұмысты неге қатар алып жүрмеске? Бүгіндегі технологиялар соның бәріне мүмкіндік тудырып отыр. «Кәсіби біліктілік» теория мен практика қатар жүргенде ғана пайда болмақ. Болашақ журналист үшін бұл екеуі де маңызды. Теорияны көбірек үйретіп, практиканы азайтып алсақ, ертең жұмысқа барғанда түлектеріміз қиналатын болады. Сол үшін теориялық тұрғыда алған білімдерді практикамен ұштастара білсек, бұдан ұтарымыз аз болмайды. – Биыл қанша студент бітіреді? Соңғы 5-10 жылда бітірген түлектердің бәрі бірдей өздеріне лайық жұмыс орнын тапты ма? Бұған мониторинг жасайсыздар ма? – Биыл журналистика факультетін 123 түлек тәмамдағалы отыр. Бұлар еңбек нары­ғында өз орнын табатын жастар болатынына сенім мол. Біздің негізгі мақсатымыз да осы мамандарымыздың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету. Дұрыс жол сілтеу. Бағыт-бағдар көрсету. Күні ертең олар кәсіби деңгейдің талаптарына толық жауап беріп жатса, онда біздің жұмысымыздың нәтижелі болғандығы. Ал түлектердің қоғамда өз орнын табуына мониторинг жасау мәселесі бізде міндетте түрде жүргізіледі. Бізде «Түлектер қауымдастығы» бар. Солар түлектермен байланыс орнатып, кім қайда жүр, қандай қызмет саласында еңбек етуде, осы мәселелерді назарға алып отырады. Бұл бір есептен өте қажет дүние деп ойлаймын. Түлектер туралы хабар алып, жетістіктерін біле отырып, қазіргі журналистика мамандарын дайындауға байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылуы керек екенін болжап жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ факультетіміздің халықаралық деңгейде орнатып жатқан байланыстары бір төбе. АҚШ-тың, Польшаның, Ресейдің, Түркияның, т.б. елдердегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасып тұрамыз. Оқытушыларымыз осы аталған елдерге барып, өз білімдерін шыңдап келіп жүр. Олардың да профессорлары бізге келіп, студенттерімізге шеберлік сыныптарын өткізеді. Әлем елдеріндегі игі өзгерістерден хабардар болып отыру, озық тәжірибелерді өзімізде де ендіріп, тиімді қолдана білу – өте қажетті шаруа. Біз, мәселен, ректордың ұсынысымен ағылшын тілін меңгерген мамандарымызды бірқатар шетелдің жоғары оқу орындарына жіберіп, ондағы оқыту бағдарламаларын зерттедік. Өзіміздің бағдарламалармен салыстыра отырып, керегін алып, керек емесін сұрыптап, талдамалық жұмыстарды жүргіздік. Бұл шетелдік жүйені түбегейлі көшіріп алу деген сөз емес, өзіміздің дәстүрімізді сақтай отырып, олардағы игі-жақсы өзгерістерді, нәтиже беретін пәндерді назардан тыс қалдырмау мәселесіне көңіл аударамыз. Әлемдік медиа-нарық, ғаламтордың көз ілестірмес жылдамдықпен дамуы, ақпараттық технологиялардың өзгеруі – бұрыннан келе жатқан, бүгінгі уақыттың талабына жауап бермейтін пәндерден қол үзіп, оның орнын жаңа арнаулы пәндермен ауыстыруды қажет етіп отыр. Білім аулан түрлі ақпараттармен толығу үстінде. Солардың арасынан ең қажеттісін, керекті пәндердің тізімін жасаймыз. Мұның қандай нәтиже беретінін алдағы уақыт көрсете жатар. – Жуырда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңесте елімізде журналистердің кәсібилік деңгейі төмендеп отырғанын, журналист мамандарды даярлау мен қайта даярлау мәселесіне назар аудару керектігін атап өтті. Расында мерзімді баспасөзді айтпағанда, заман талабына сай халықаралық журналистика мен интернет-журналистика мамандарын даярлау кемшін соғып тұрғаны байқалады... – Мемлекеттік хатшының отандық БАҚ-қа байланысты пікірлері әлбетте орынды. Шын мәнінде қазіргі отандық бұқаралық ақпарат құралдарына өзгеріс қажет. Баспасөз құралдары күні бүгінге дейін көбінесе насихаттық деңгейде қалып қойғандай әсер қалдырады. БАҚ – қоғамның қозғаушы күші ретінде өзінің жолын айқындап, кәсіби деңгейін жоғарылатуға күш салуы керек. Қазақстан Рес­публикасы бүгінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуді жоспарлап отырғанда, баспасөз құралдары да әлемдік деңгейдегі бәсекеге дайын болуы керек. Ел ішінде болып жатқан жақсы жаңалықтарды, сан түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеру өз алдына, отандық БАҚ мемлекеттің ұлттық мүддесіне, мемлекеттік саясатына лайықты үн қоса білсе ғана ортақ талаптың үдесінен шыға алады. Мемлекеттік хатшының өткізген жиынында айтылған ойлар бүгінгі журналистиканың өзекті мәселелеріне байланысты деп ойлаймын. Бұдан қорытынды шығара біліп, кем-кетікті түзеу мәселесіне терең мән беруіміз керек. Мәселен, журналистік кадрлардың сапасын көтеруге, оларды қайта даярлықтан өткізуге назар аудару – жайдан-жай айтылып отырған жоқ. Бұл жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінгі күннің талаптарына деген сұраныстан келіп туындайтын мәселелер. Біз де өзіміздің шама-шарқымызша, қолымыздан келгенінше осы мәселені дұрыс жолға қоюға атсалысуымыз керек. Халықаралық журналистика мен интернет-журналистика мамандарын даярлау мәселесіне келетін болсақ, факультетімізде халықаралық журналистерді оқытатын тек магистратура бөлімі болып отыр. Ал бакалавриатта оқыту мәселесі таяу болашақта шешіліп қала ма деген үміт бар. Қазіргі таңда халықаралық журналистерді университеттің Халықаралық қатынастар факультеті оқытып, дайындауда. Сондықтан халықаралық журналистиканы бакалавр деңгейінде де оқытуымыз керек. Ал интернет-журналистикаға келетін болсақ, біз бұл мәселені негіздеуге тиіспіз. Интернет-журналистика жалпы журналистиканың құрамдас бөлігіне айналды. Сол үшін өздеріңіз айтып отырған интернет-журналистканы дамыту біз үшін өте қажет. Неге? Өйткені интернеттегі веб-сайттардың дамуы, ол сайттарға орналастырылатын материалдар, жеке блогерлердің жазбалары интернет-журналистиканың шарықтап, дамып бара жатқанын көрсетіп отыр. Ал осы мәселені пәнге, мамандыққа қалай айналдырамыз? Бұл ойласуды керек ететін мәселе. Бәлкім, интернет-журналистиканы мамандық ретінде жеке алып оқыту да керек шығар? Бірақ оның кәсіби біліктіліктері қалай жүзеге аспақ. Интернет дегеніміздің өзі ақпарат саласына келген үлкен жаңалық. Ол арқылы ақпараттардың жылдамдығы да бірнеше есе артты. Интернет дәстүрлі баспасөз құралдарын да ығыстырып шығаруы мүмкін деген жорамалдар айтылуда. Сондықтан заманның өзі тудырған мәселелерден біз ешуақытта бас тартпаймыз. Интернет-журналистиканы дамыту қажет. – Әңгіме ауанын өзіңіздің жеке шығар­машылығыңызға бұрсақ. Қазіргі уақытта қандай ғылыми жұмыспен айналысып жатырсыз? – Менің ғылыми жұмыстарым студенттік кез­ден бастау алды. Өмірде өзіме жол көрсеткен тамаша ұстаздарымды әлі күнге дейін есіме алып отырамын. Белгілі әдебиетші-ғалым Алма Қыраубаеваның менің ғылыми жолымның қалыптасуына үлкен септігі тигенін айта кетке­нім жөн. Өзімізге дәріс оқыған ғалымдар Бейсембай Кенжебаевтан, Зейнолла Қабдоловтан, Темірбек Қожакеевтен, Тұрсынбек Кәкішевтен тағылым-тәлім алдық. Сол ұстаздарым әдебиетті терең меңгеруіме, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен шұғылдануға үйретті. Жалпы менің өмір бойы зерттеп келе жатқан тақырыбым ХХ ғасырдың 20-шы жылдардағы әдебиеті, Алаш арыстарының әдеби-публицистикалық мұрасы. Осы бағытта мен кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, бірнеше монографиялар, оқу-әдістемелік құралдарымды жарыққа шығардым. 1992 жылы ұлттың рухани көсемі атанған Алаштың ардағы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы бойынша «А. Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» атты кандидаттық, 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. «Алаш» тарихын, Алаш арыстары шығармашылығын терең зерттеп, бірнеше іргелі тақырыптарға қалам тарттым. Айтап айтқанда, «Қазақ газеті», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея», «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух» атты монографиялық зерттеулерім ғылыми ізденістерімнің нәтижесі. Бұл күнде ұлт-азаттық идеяның қазақ әдебиетіндегі көркемдік көрініс табуын ежелгі дәуір әдебиетінен бүгінге дейінгі аралықта ғылыми жүйелеп, ұлттық руханиятымыздан үлкен орын алар «Алаштың азатшыл әдебиеті» және «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрі» атты ғылыми зерттеу еңбектері, жоғары мектепке арналған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты екі томдық оқулығын жазу үстіндемін. Сонымен қатар «Менің Ұстаздарым» атты әдеби-эссе кітабымды баспаға ұсындым. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Сұлтан ТАЙҒАРИН, Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

7174 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы