• Білім және ғылым
  • 29 Қаңтар, 2009

Жазған кітабын баласы оқымаса... Ондай қаламгер кімге қажет?

Егеменді ел, Тәуелсіз мемлекет болғанымызға да 17 жыл толып, 18-ші жылға аяқ басып бара жатса да күні бүгінге дейін ана тіліміздің мәртебесі өз деңгейіне көтерілмей-ақ келе жатыр. Әрине бұл өте өкінішті. Оның өз дәрежесінде көтерілмеуі өзімізден екендігіне де мән бере бермейтін сияқтымыз. Өйткені, Қазақстан Республикасының кез келген қалаларына бара қалсақ, қаракөз қазақтарымыздың өздері бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанындығын көреміз. Сондайларды көргенде іштей «Мұнысы несі? Неге өз тілінде сөйлеспейді? Ана тілі ары екендігін неге ескермейді? Неліктен, өз ана тілін ардақтамайды?» деп өз басым қатты налимын. Тіптен, қалалық автокөлік жүргізушілер де, жеке меншік көлік айдаушылар да өзі қазақ бола тұрып, қайдағы бір түсініксіз шет елдің музыкаларын қойып, орысша ән тыңдайтындығын да аңғарып, бас шайқап бармақ тістеуден ары аса алмадық. Олардың талайынан «Әй, қарағым-ау, мұның не? Соның не айтқанын түсініп жатырсың ба? Одан да қазақша ән, күй, жыр, терме тыңдасаң болмай ма?» десең жай ғана иығын қиқаң еткізіп: «Осыған үйреніп кеттік-қой» дей салады самарқау ғана. Қалай налымасқа?

Міне бұл нағыз бейшаралық. Қазақтық қаннан жұрдай болғандық десек, ол артық айтқандық бола қоймас. Ал, автокөлік айдап жүрген өзбек жүргізушілеріне көңіл бөлсеңіз, олардың бәрі де өз ана тілінде ән-күй тыңдап жүргендігін байқайсыз да оларға іштей риза боласыз.

Рас, күні кешегі 73 жыл жасап келмеске кеткен Кеңес дәуірінде ана тіліміз қағажу көрді. Тіліміз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмады. Орыс тілін білмегендер биік лауазымды қызметтерге қойылмады.Сондықтан да еліктегіш, тез берілгіш жандайшап кейбір қазекем отбасында бала-шағасымен орысша сөйлесіп, жетісті де қалды. «Орыс тілін білсе балаларымыз биік мәртебеге ие болады» деген оймен, өз балаларын орыс мектебіне оқытты. Сөйтіп, ана тіліміз аяқасты бола бастады. Соның кесірі күні бүгінге дейін белең ала түсуде. Оны терең пайымдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қайталап айтайын, қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіңдер, балаларыңның тілін қазақ тілімен ашыңдар» деп анық та ашық, қадап айтты. Бірақ, оған мән беріп жетқан қазақ шамалы. Болмаса, әрбір қазақ отбасы өз отбасында өз бала-шағасымен тек қазақ тілінде сөйлескенде ана тіліміз мұншалық жадау, аянышты күйге түспеген болар еді.

Әлі есімде, 1989 жылы Алматыға докторлық жұмысыммен арнайы бардым. «Қазақстан» қонақ үйіне орналассам, онда өзбекстандық белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Махамбет Жүсіпов те менен екі күн бұрын келген екен. Бөлмесінде сұхбаттасып, әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда, Қазақстан халық жазушысының қызы (атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, қазір де көзі тірі) оның аспиранты екен. Келіп қалды. Қазақша дұрыс сөйлей алмайды. Ұстазымен орысша сөйлесіп отырды. Мен оған: «Қарағым-ау, өзің белгілі жазушының қызы екенсің. Тілден кандидаттық диссертация қорғау ниетінде жүр екенсің. Неге, өз ана тіліңді білмейсің?» дегенімде, ол: «Аға, мектепте орысша, инсиститутта орысша оқыдық. Сөйтіп, ана тілімізді білмей өсттік қой» деді қазақ тілін бұзып-жарып. Тіптен, қазақша сөйлей алмайды. Еріксіз қынжылдым.

Мен әлгі жазушы ағамызды жек көріп кеттім. «Өзінің жазған кітаптарын өз балалары оқымаса? Өз ана тіліне мән бермесе, ондай қаламгер кімге қажет?» деген ойға келдім. Содан бері сол жазушының еңбектерін оқымайтын болдым. Аллаға мың мәртебе шүкіршілік, менің балаларым үш тілде іркілмей сөйлей алады. Сөйтіп олар үш тілді терең меңгеру мүмкіндігіне ие болды. Бұл үлкен байлық. Өйткені, бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың, ал үш тіл білсең үш адамсың. Сол үшін де Елбасы Нұрекең үш тұғырлы тіл мәселесін орынды көтерді. Бірақ, ағылшын тілін қай жастан, қай сыныптан бастап оқыту мәселесі өз алдына ой бөлісіп, пікір алысуды қажет етеді. Тіптен, кейбір жандайшап ата-аналар ағылшын тілін үйретуді үш-төрт жастан, балабақшадан бастап жатқан көрінеді. Бұл тым асығыстық. Өйткені бала жастайынан бұғанасы қатқанға дейін өз ана тілінің қан-сөлін терең меңгеріп алмайынша, оларды басқа тілді үйренуге жұмылдырмаған жөн.

Рас, әлемде қазақ тілінен бай, қазақ тілінен құнарлы тіл жоқ десем, ол асыра сілтегендік бола қоймас. Мәселен бізден бөлек бірде-бір халық өз балаларын: «құлыным», «қарағым», «жаным», «шыбыным», «қарлығашым», «қанатым», «ботам», «қалқам», «шырағым», «жарығым», «күнім» деп айнала алмайды. Оның үстіне өзге ұлт тілінде жылқы мен түйенің сан алуан түрлері де біздегідей бай атаулармен аталмайды. Мәселен «құлын», «тай», «құнан», «дөнен», «бесті», «бие», «айғыр», «бота», «тайлақ», «інген», «бура», «аруана», «лөк», «нар», «атан» сияқты тағы басқалар.

Тіптен, Нұрекең: «Сөз бұзылса, ой да бұзылады. Тіліміз ішкі әуезінен айрылып, сынын жоғалтады» деп, одан әрі «Бір кездесуде ортаға шыққан кария «Қоңырау таққан құба нардай боп» деп сөз бастады» дейді де «Қойын кітапшама түртіп алдым. Қараңызшы, біздің тіл – қандай бейнелі, құдіретті тіл» деген ойды алға тартқан болатын.

Шынында да қазақ тілі аса бай, құнарлы да құдіретті тіл. Оны өзіміз ардақтап, аялап мәртебесін биіктетпесек, ешкім де оны биіктете түспек емес. Мұны кез келген көзі ашық, көкірегі ояу қазақ түсінуге тиіс. Өйткені халқымызда «Өзін-өзі силамаған, жатқа қор болады» деген қанатты сөз бар. Өз тілінің қадыр-қасиетіне мән бермеген адам, ешнәрсенің парқына да бара бермейтін жандар.

Өз ана тілін сыйламау – өз анасын қастерлемеу, ардақтамау деген сөз. Ол – өз Отанын да сүйіп жарытпайды. Елінің қадір-қасиетін білмей өседі. Ата-анасын қарттар үйіне тапсырып жүргендер де өз ана тіліне мән бере бермейтін қуыс кеуделер. Кезінде аса талантты ақынымыз Қадыр Мырза Әли «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген болатын. Әрине бұл кеңестік дәуірде жазылған туынды. «Батырға да жан керек» дегендей-ақ, жоғарыға жалтақтаудың салдарынан «Өз тіліңді құрметте» деуге мәжбүр болған. Өз тіліңді құрметтеу аз, оны терең меңгеріп, ардақтау керек.

Кез келген «Мен қазақпын» деген адам өз ана тілінің құдіретіне айрықша мән беріп, оның терең сырларына жете үңіліп, көңіл көзін қадамайынша өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты түсіне алмайды.

Ең сорақысы, тағы қайталап айтам, Қазақстанның қай қаласына бара қалсаңыз үлкен-кішісі өзі қазақ бола тұрып бір-бірімен орысша сөйлесіп жүргенін көріп «Бұл жетіскендіктен бе, жоқ әлде жетесіздіктен бе?» деп таңқаламыз. Әрине бұл жетесіздіктен.

Тіл тағдыры – қашанда ел тағдыры. Оның үстіне жастар – ел болашағы, мемлекетіміздің тірегі. Аса сауатты да салауатты, өз Отанын жанындай жақсы көретін, оны ардақтай білетін, өз ана тілін сүйетін жастарды тәрбиелеу – әрбір ата-ананың, ұстаздың борышы. Ең қызығы, ел-елден, ауылдық жерлерден келген кейбір жастарымыз жоғары оқу орнына түсіп алғаннан соң, дәл бір жерден жеті қоян тапқандай-ақ, шала-шарпы орысша үйренген болып, оны сөз арасына қосып, тілдерін шұбарлап, өздері кіндіктерін көрсетіп, тіптен жалаңаштанып барады. Соның салдарынан не таза қазақша, не таза орысша емес ортадан аралас-құралас бір тіл шығарып жүргені.

Қайнайды қаның, ашиды жаның сондайларды көргенде. Оны ауылдағы ата-аналары біле ме, жоқ па, ол жағы маған беймағлұм. Бұл барып тұрған сорақылық. Неліктен ата-аналары сол қыздарының жүріс-тұрысына, киінуіне, не істеп жүргеніне көңіл бөлмейді? Таңданбай лажың жоқ.

Ата-аналар мен үлкендердің өздері осылай кертартпалық, жадағайлық жасап жатқанда жастарға не айтарың бар? Олар үлкендерден үйренеді емес пе? Мұның бәрі неден? Әрине, таяздықтан, білімсіздіктен, жетесіздіктен. Өйткені халқымыз: «Жетесізге жеті айтсаң да болмайды» деген емес пе.

Тағы бір өкінішті жайт, кейбір ресми жиындар мен мәжілістерде санаулы ғана өзге ұлт өкілдері отырса да басқосулардың орыс тілінде жүргізілетіндігі. Алқалы жиынды қазақ тілінде жүргізбеу, біріншіден, өз ана тіліне көңіл бөлмей, оны бағаламағандық болса, екіншіден, өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуге ұмтылдырмайтын бірден-бір індет.

Сондықтан кез келген жиындар мен мәжілістерді, іс қағаздарын өз ана тілімізде жүргізіп отырсақ, қазақ тілінің абыройы асқақтап, мәртебесі биіктей түскен болар еді.

Рас, Кеңес одағы кезінде тіліміз өз дәрежесінде қанатын қомдап, биікке ұша алмады. Көп азаматтар жоғарыға жалтақтап, кейбір «сары сақалдылардың» аузы мен «қара сақалдылардың» қасы мен қабағына қарап, жалтақтап, кібіртектеумен болды. Тіліміз солғын тартты. Енді, жасқанатын, жалтақтайтын түк те жоқ. Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болдық. Сілкінетін кез келді ғой. Өзіміздің елімізде, өз жерімізде өз ана тіліміз құлашын кең жайып өркендемесе басқа жерде қадыр-қасиетке ие болмақ емес. Сол үшін өзіміз өз ана тілімізді ардақ тұтып, оның дамуына сүбелі үлес қоспасақ, ол тілдің көсегесі көгермейтіндігін кез келген қазақ түсінуі керек. Қашанғы, жалпақтап, жасқана береміз?

Ана тілін ардақтамаған адам, ауыр да болса айтайын, ол шын мәніндегі толық адам емес. Әйтеуір бір қуыс кеуде, шала жансар, дәрменсіз жан. Сүйкімсіз адам.

Сондықтан да, қазақ тіліне мән беру – отбасынан бастау алып, балабақшалар да кең қанат жаюға тиіс. Ол үшін ұлт тілді балабақшаларды көбейту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Сондай-ақ, қазақ мектептері мен өзге ұлт мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сағаттарын қайта қарап, оны көбейте түскен жөн. Оның үстіне, ерекше айта кетерлік жайт, ұлттық тестілеу жүйесінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен міндетті түрде емтихан, сынақ өткізу мәселесін қайта жолға қою да бүгінгі күннің аса ділгір мәселелерінің бірі.

Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы негізінде шетелдерге, оқуға жіберіліп жатқан жастарға да қазақ тілін жетік білуді міндеттеу – аса қажет. Әсіресе, мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдау мәселесінде қазақ тілін жетік меңгергендігіне ерекше мән беру керек-ақ. Оның үстіне, телеарнада беріліп жатқан бағдарламаның қазақшасын 80 пайызға шығармайынша, тіліміздің бағы жанбайтындығы, жастарымыздың дұрыс тәлім-тәрбие ала алмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Бұл мәселеде, өзбек ағайындардан үйренерлік жайт аса мол.

Қазіргі таңда қазақ телеарнасында көрсетіліп жатқан ұр да жық, атыс-шабыс, тырдай жалаңаш жандарды көрсететін фильмдердің әбден белең алуы жастарымыздың миын улап, оларды бұзып отыр. Қатыгездік, мейрімсіздік, бірін-бірі ату, өлтіру осылардан туындауда. Міне бұларға кім тиым салады? Бұған көңіл бөлер бір жан жоқ. Рас, телеарна басшысы болып бір жөн қазақ азаматтары келіп-ақ жатыр. Бірақ олар осы мәселелерге күні бүгінге дейін немқұрайлы қарауда. Мұның соңы барып өкінішке айналады. Бүкіл әлемде ғаламдану жүріп жатыр. Енді біз соған жұтылып кетпеу жағын бүгіннен ойлауға тиістіміз.

Ең бастысы, жастарды адамгершілікке үндейтін, ұят-аятқа баулитын жыр-термелер, тамаша күй, ән мен сұхбат беру мәселесіне айрықша көңіл бөлу өз жемісін береріне дау жоқ. Жас нәресте таңертең күй, жыр, терме тыңдап оянса, ол нағыз қазақ азаматы болып қалыптасқан болар еді. Сонда ғана жастарымыз салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, тілге айрықша мән беріп, жалаңдықтан, жадағайлықтан, жалаңаштанудан іргені аулақ салып, үнемі биіктен көрінер еді. Бұл – ынтымақ-бірлікке, достық пен туысқандыққа баулып, өз Отанын айрықша қастерлей білуге жұмылдыра түсері анық. Әрі бұл бүгінгі таңда кең қанат жая түскен жаһандануға килігіп, кіріп кетпеу үшін да керек-ақ. Сондықтан да, садағаң кетейін Мұхтар Омарханұлы Әуезов кезінде: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деп тектен-текке айтпаған. Онда талай ойдың, терең тебіреністің жемісі жатыр.

Рас, кей адамда ақыл аса көп. Бірақ онда парасат жетісе бермейді. Ақыл мен парасат астаса келген адамды нағыз шын мәніндегі толық адам деуге болды. Өз халқының салтын, дәстүрін, ана тілін ардақтай білетін толық адам болуға ұмтылайық, ағайын!

Қалдыбек СЕЙДАНОВ,

Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі

 

ТАШКЕНТ

 

3927 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы