• Қоғам
  • 23 Мамыр, 2013

Білікті басшы – елге құт

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы Жолдауында елдің маңызды даму басымдықтарының бірі – қазіргі білім жүйесі, кадрларды даярлау мен қайта даярлау міндетке айналғанын атап көрсетті. Өйткені еліміз жаңа даму сатысына өтуде. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айқындалған басымдықтар бойынша мемлекетті басқару жүйесін одан әрі демократияландыру, жекелеген билік өкілеттігін жергілікті жерлерге беру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау және т.б. жұмыстарды жүзеге асыра алатын кадрлар қажет. Осының бәрі жалпы мемлекеттік аппараттың және нақты мемлекеттік қызметшінің қызметіне қосымша жауапкершілік жүктейді. Жаңа жағдайда орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерінің жергілікті жерлердегі процестерді терең талдау мен зерделей білу, өзгерістерге тез арада ден қою, инновациялық басқарушылық шешімдерді қабылдау, тәуекелді ескеріп, қазіргі деңгейде жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды басқару сияқты құзыреттеріне қойылатын талаптар артып келеді. Өңірлердегі басқару жүйесі күрделі өз­ге­ріске түсуде. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің жоғары әкімшілік корпусының кәсіби негізі қалыптасады, оған облыстар әкімдерінің, аудандар мен кейбір қалалар әкімдерінің аппарат жетекшілері кіреді. Енді олар кәсіби білікті және қазіргі заманғы менеджер болуы тиіс, олардан жоғары тұлғалық, кәсіби, басқарушылық дайындық талап етіледі. Аудан мәслихаттары ауылдық округтердің 3,5 мыңнан астам әкімін сайлайтын болады, оларға жергілікті мәселелерді шешу үшін күрделі өкілеттіктер мен қаржы бөлінеді. Сондықтан мемлекеттік аппарат алдында тұрған ауқымды міндеттер кадрлардың біліктілігін даярлау жүйесінің сапасын арттыру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды және «Стратегия – 2050» басымдықтарын іске асыруды ғылыми-әдіснамалық қамтамасыз етуді қажет ететіні белгілі. Осы мәселелерді шешу, яғни жаңа міндеттерді жүзеге асыра алатын кадрлар қалай дайындалатыны жөнінде Мемлекеттік қызметке кадрлар даярлаудың көшбасшы болып отырған оқу ордасы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының (МБА) ректоры Болатбек Серікбайұлы АБДРАСИЛОВПЕН әңгімелестік. – Елімізде оқыту жүйесі мен ғылым осы мін­деттерді орындау жолында қандай ізденістер жасап жатыр? Мемлекеттік қызметке кадр­лар дайындаудың көшбасшы болып отырған оқу ордасы бұл іске қандай үлес қосып келеді? Мемлекеттік басқару қызметі үшін кадрлар даярлауда қалыптасқан қазіргі жағдай қандай? – Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жоғары оқу орындарының барлық мамандықтарының түлектері мемлекеттік қызметтің тиісті лауазымдарына орналасуға үміткер болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет үшін кадрларды мақ­сатты даярлау «Мемлекеттік және жергілікті бас­қару» мамандығы бойынша жүзеге асырылады. Осы мамандық бойынша біздің елімізде бака­лавриат деңгейінде 59 ЖОО, магистратура бойынша – 24, докторантура бойынша – төрт ЖОО даярлық жүргізеді. Оқытудың білім траекториясы мемлекеттік білім стандартына (МЖМБС) сәйкес құрылатыны белгілі. Магистратураның МЖМБС-ын әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бағдарламаларымен (Гарвард университетінің ДЖ.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебі, Дьюк университетінің Сэнфорд мектебі, LSE, ENA және басқалар) Еуропалық Одақтың «Мемлекеттік қызмет реформасы мен Қазақстан үкіметін жаңғырту» жобасының халықаралық сарапшылары және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мамандары жүргізген функционалдық және салыстырмалы талдау нәтижелерін қорыта келе, осы мамандық бойынша біздің бағдарламалар нысаны және мазмұны жағынан түпкілікті қайта өңдеуді қажет етеді деген қорытындыға келдік. Ең алдымен, бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша белгіленетін дәреже біркелкі емес; білім траекториясы негізінен экономикалық білім алуға бағытталған, пәнаралық құрамдас бөліктер ескерілмеген, магистратура үшін МЖМБС міндетті пәндері ескірген, аналитикалық және зерттеушілік құзыреттерін дамытпайды. Оқыту негізінен теориялық сипатта, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет қажеттіліктеріне қатысты емес. Осылайша теориялық оқу көлемі шамамен 80 пайызды құрайды. Себебі ғылыми-зерттеу жұмыстарына оқу уақытының көлемі бөлінген, ал практика мен тағылымдама туралы айтпаса да болады. Классификаторда басқарушылық маман­дықтарының тобы жоқ. «Мемлекеттік және жер­гілікті басқару» мамандығы бойынша оқитын магистранттарға «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша «Экономика және бизнес» магистрі академиялық дәрежесі беріледі. Осы мамандық шеңберінде мемлекеттік қызмет үшін мамандар даярлау көзделуде. Халықаралық тәжірибені талдау көр­сет­кендей, даярлау бағдарламалары, оның ішінде МЖМБС іс-тәжірибеге бағдарланған оқу негізінде қажетті құзыреттерді дамытуға бағытталуы тиіс. Әлемнің жетекші мектептерінің оқу бағдарламаларына құзыреттілік тәсіл енгізілген. Міне, осыған бізді жақында ғана ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әзірлеген «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары бағыттайды. Онда іріктеу кезінде мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құзыреттігіне басты назар аударылатын болады. Былтырдан бері академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау үшін тұлғалық, бейім­дік-фунтаментальды және басқарушылық құ­зы­реттері ескеріле отырып, құрастырылған қазіргі заманғы МРР (Master of Public Policy), МРА (Master of Public Administration) және басқа да бағ­дарламаларды енгізу басталғанын атап айта ке­тейін. Оқу жылының қорытындысы бойынша психометрикалық тест көмегімен жүргізілген зерт­теулер жаңа бағдарламалар бойынша білім ала­­тын тыңдаушы-магистранттардың құзыреттігі көр­­сеткіштерінің біршама өсу қарқынын көрсетті. Біздің пайымдауымызша, жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау сапасын жақсарту үшін мемлекеттік қызметшілердің құзыреттігі бейімін және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің талаптарын ескере отырып, түбегейлі жаңа мемлекеттік стандарттарды әзірлеуге тез арада кірісу қажет. Осы жерде біздің академияда және басқа жоғары оқу орындарында жылдар бойына жинақталған тәжірибе пайдалы болары сөзсіз. Осы кезекте Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында біздің академияны оқыту про­цесінде практикалық дағдыларды дамытуға, практикалық біліктілікті қалыптастыруға бағыттап отыр. Келешекте бағдарламаларды стандарттаудан алшақтап, оқытуды жыл сайын жаңартылатын, мемлекеттік органдардың қажеттілігіне сай келетін икемді білім бағдарламаларына (курикулла) толығымен көшіру қажет. Білім және ғылым министрлігінің 2011-2020 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында осындай перспективалық тәсіл айқындалған. Академияда алғашқы рет 2012-2013 оқу жы­лынан бастап, MPA (мемлекеттік басқа­рудың магистрі), MPP (мемлекеттік саясаттың магистрі), LM (құқық магистрі), MIR (ха­лықаралық қатынастар магистрі) атты заманауи бағдарламалар оқу үрдісіне енгізілді. Аталған бағдарламалар жетекші әлемдік жоғары оқу орындарының тәжіри­бесі мен практикасын ескере отырып, құ­рас­тырылды. Жаңа бағдарламалар Лондон экономика мектебі (LSE), ENA (Франция), DBB Академия (Германия), Кембридж уни­верситеті (Англия) сияқты жоғары оқу орын­­дарының серіктестік консорциумының ық­па­лымен халықаралық стандарттарға сай жасалды. Академияның оқу үрдісі, барлық бағдар­ламалары мен технологиялары оқытудың құзыреттілік бағытына ауыстырылуда. Біздің ғалымдардың әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге, атап айтқанда, сарапшылардан комитет жетекшілері және аудандардың әкімдеріне дейін жүргізген зерттеулері құ­зыреттілік, бәсекелестікке бағытталу мен қарым-қатынас мәселелері бойынша бірқатар проблемаларды анықтады. Анықталған проблемалар мемлекеттік қызметшінің жұмысына, атап айтқанда, мемлекеттік қызмет органдарының тиімді қызмет нәтижелері мен мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына әсерін тигізеді. Осыған байланысты, біз, 3 деңгейдің – «А» корпусы, орташа орталық атқарушы органдар және орташа жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік қызметшілердің тіректі кәсіби-басқарушылық құзыреттілігін анықтау бағытында жұмыс істеудеміз – Оқу процесінің оқу-әдістемелік жағын айтқанда, оқыту технологиясы мен әдістемесін қозғамаса болмайды. Құзыреттілік тәсілге көшу оқу процесін ұйымдастыруда инновациялар енгізуді қажет етеді. Нені оқыту ғана маңызды болып қоймай, онымен қоса, қалай оқыту технологиясы да маңызды болса керек. Бұл жөнінде қандай жұмыстар қолға алынды? – Қазір біздің академияда басты міндеттердің бірі – инновациялық әдістемелік жұмысты қалыптастыру болып табылады. Бұл үшін біз мынадай міндеттерді алға қойдық: 1. Оқытудың қолданылатын инновация­лық әдістері мен технологияларына жүйелі мониторинг жүргізу мен бағалау; 2. Оқытушы құзыретінің құрылымы мен мазмұнын әзірлеу (профессор-оқытушылар құрамының құзыреттілік бейімі); 3. Оқытушылар үшін Еуропалық одақ­тың жобасы, шетелдік әріптес ЖОО сарапшыларының қатысуымен оқытудың инновациялық әдістері мен интерактивті технологияларын қолдану бойынша оқыту семинарларын, тренингтер, мастер-кластар ұйымдастыру; 4. «Мемлекеттік қызметшілерді оқыту­дағы инновациялық білім технологиялары» зертханасын құру. Талдау көрсетіп отырғандай, еліміздің ЖОО-да негізгі сабақ өткізу нысаны болып табылатын дәрістер мен семинарларға ғана негізделген оқу процесі арқылы кадрлар даярлаудың қазіргі заманғы сапасына қол жеткізу мүмкін емес. Әлемдік практика мен академия тәжірибесі білім алушылардың әртүрлі құзыреттерін тиімді дамытуға оқытудың интерактивті әдістері, іскерлік және рөлдік ойындар, сase-study (ситуациялық талдау), brainstorming (ми шабуы­лы), тренингтер, Open Space және басқалар сияқты жаңаша оқыту нысандары қолданылғанда ғана қол жеткізуге болатынын көрсетіп берді. Біздің ойымызша, сапалы оқу-әдісте­мелік қамтамасыз ету, оқу процесіне инновациялық технологияларды енгізу ҚР БҒМ республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің (РУМС) және олардың тиісті комиссияларының күн тәртібінен түспеуі тиіс. Мұнда ұзақ уақыт бойына жинақталған проблемалар көтеріліп, шешілуі тиіс. Және де олардың құрамында мемлекеттік органдар мен жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері болса құба-құп болар еді. Осы мақсатпен, еліміздің барлық жоғары оқу орындарының, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласының жетекші сарапшыларының қатысумен 2013 жылғы 4-нау­рызда академия «Қазақстан Стратегия­сы – 2050» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Проблемаларды талқылау барысында, академияның ТМД елдері арасында жетекші оқу орны, мемлекеттік қызметке кадрлар даярлаудың көшбасшысы екені анықталды. Біздің оқытушылар ТМД елдерінің Мемлекеттік басқару академияларына дәріс оқуға шақырылады. Жақында профессорлар Н.П.Калашникова мен А.Б.Майдырова Ук­раинаның академиясында мастер-кластар өткізді, бұл академияның халықаралық деңгейге көтерілгенінің белгісі. Шындығында, халықаралық сарапшылар мен серіктес жоғары оқу орындарының пікірінше, академия тиімді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, өзінің профилі бойын­ша халықаралық аренада бағытын күшейтіп, әлемдегі жетекші оқу орындарымен теңдесе бастады. Біздің бағдарламаларды 2012 жылғы мамырда Австрия аккредитациялық агенттігі (AQA) мойындады. Біз мемлекеттік қызметті басқару бойынша ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік басқаруды жетілдірудің саясатымен әлемде беделді америкалық ассоциацияның (ASPA) мүшесі болып сайландық. Өзара бір-бірінің кредиттерін тану мен MPP (Мемлекеттік саясат магистрі) Потстдам университетімен (Германия) және ENA (Франция), MPA (Мемлекеттік басқару магистрі) Лейден университетімен (Нидерланды), MIR (Халықаралық қатынастар магистрі) Вена дипакадемиясымен екі диплом алу туралы келіссөздер жүргізілді. – Түлектеріңізге деген сұраныс қандай? Бәрі бірдей қызметке орналасып жатыр ма? – Жоғары оқу орындары қызметінің соңғы нәтижелері біздің түлектеріміздің сұранысқа ие болуы, олардың жұмыспен қамтылуы болып табылады. Бірқатар жоғары оқу орындары түлектерінің мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер төмен деңгейді (25 пайыз) көрсетеді. Бұл фактілер мемлекеттік және жергілікті басқару (МЖБ) мамандарын даярлау сапасын көрсетеді және жоғары оқу орындары даярлығының бүкіл жүйесін қайта қарау, әсіресе өңірлік жоғары оқу орындарының жергілікті басқару органдарымен өзара іс-қимылын жандандыру қажет деп ойлаймын. – Екінші бір үлкен мәселе – мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы ғылыми-зерттеулер туралы айта кетсеңіз. – Бұл жерде бірнеше жайттарға тоқтала кетуге болады. Біріншісі – әлемде ғылыми мектептердің мемлекеттік құрылыстың табысты моделі жөнінде пікірталас жүріп жатыр. Осындай пікір жарысының айқын дәлелі әлемдік көшбасшылардың Давос, Мәскеу, Сеул, Астана мен басқа платформалардағы ғаламдық форум­дарындағы кездесулерін айтуға болады. – Мемлекеттік басқаруды дамытудағы маңызды бағыт – көшбасшылық пен жаңа саяси элитаны қалыптастыру мәселесі жөнінде пікіріңіз қандай? – Дамыған елдердің кадр саясатында мемлекеттік қызметшілердің көшбасшылыққа, тыңғылықты шешімдер қабылдай білуге, олардың мақсатқа лайықтылығына сендіру мен оларды жүзеге асыра білу қабілеті мен қызметке әзірленуіне басты екпін беріледі. Түркия, Авст­ралия, Дания, Израиль, АҚШ-та жүргізілген зерттеулер құрылымдық, жүйелік және процестік өзгерістерден басқа мемлекеттердің дамуындағы табысқа реформаторлар лидерлердің, өзгертуші лидерлердің сапасына және даярлығына басты назар аударады. Олардың сапасы қарамағындағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орната білуімен, ортақ мақсаттарға жұмылдыра білуімен өлшенеді. – Жалпы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру қалай? – Қаржы жеткілікті. Соңғы екі жылда Мемлекет басшысы елдің ғылыми әлеуетіне басты назар аударып, пост-кеңестік кеңістіктегі елдерге қарағанда бізде қаржыландыру көлемін барынша мол қамтамасыз етті. «Ғылым туралы» жаңа Заңға сәйкес қаржыландырудың үш түрі айқындалған: негізгі, гранттық және бағдарламалық-мақсатты. Мысалы, 2012 жылы бүкіл ел ғылымына 48 млрд. теңге бөлінді. Бірақ өкінішке орай, олардың ішінде тек 30 млн. теңге мемлекеттік қызмет бойынша ғылыми-зерттеу жобаларына, оның өзі – біздің академия жүргізетін бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру арқылы бағытталған. – Солай болса да ғылыми-зерттеулер ойдағыдай емес дегендей пікірлер айтылып жүргені қалай? – Ғылыми-зерттеулердің әлсіз дамуының басты себептерінің бірі – біздің ғалымдардың ағылшын тілін меңгеру деңгейінің төмендігі. Онсыз кез келген жұмыстың нәтижелері көрінбейді. Себебі ғылыми әзірлемелер, мақалалар, журналдар ағылшын тілінде жарияланады. Кез келген ғалым өзінің ғылыми қызмет саласындағы ең соңғы жетістіктерді білуі тиіс. Тек сонда ғана, қазіргі зерттеу әдістерін қолдана отырып, ол қоғамға қажетті мәселелер бойынша ғылыми жұмыс жүргізе алады. Бұл мәселе биыл 4-нау­рызда академияда өткізілген республикалық ғылыми-практикалық конференцияда жан-жақты талқыланды. – Қосымша білім беру мәселесі қазір өзекті мәселеге айналғаны мәлім. Бұл бағытта қандай ізденістеріңіз бар? – Соңғы кездері академияда мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беруді ұйымдас­тырудың жаңа тәсілдері енгізілді: Біз АҚШ, Корея, Канада, Нидерланды мемлекеттік қыз­мет­шілерінің біліктілігін арттыру жүйесінің халықаралық тәжірибесін жан-жақты зерделедік. Біз үшін жоғары басқарушылық буынның даярлық бағдарламалары (Senior Executive Service) қызығушылығымызды туғызды. Жоғары басқарушылық буынның біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша оқыту мерзімінің біршама ұзақтығын атап өткен жөн. Мысалы, Оңтүстік Кореяда 27 аптадан 44 аптаға дейін, Федералдық атқару институтында (FEI, АҚШ) 3 жыл бойына және 28 құзыретті дамытуға бағдар­ланған. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжі­рибеге сүйене отырып, академияда «А» корпу­сының мемлекеттік қызметшілері үшін бағдар­ламалардың 3 түрі әзірленді, олар ел Президенті құрған Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінде жүзеге асырылатын болады. Осылайша, академияда барлық деңгейлі мемлекеттік қызметшілерді базалық оқытудың құрылымды жүйесі жасалды. – Біліктілікті арттыруды жетілдірудің жаңа бағыттары қалай қалыптасты? – 2012 жылы академияда 3,5 мың мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырып, 3,5 мың мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өтті. Оқытудың практикалық жағына назар аударылады – жыл бойы орташа есеппен Қосымша білім беру институтында 300 дәріскер дәріс оқиды, солардың 60 пайызы шеттен шақырылғандар. Бүгінгі күні 10 тақырып бойынша мемлекеттік қызметшілер қашықтықтан оқытылып, 72 сағаттық бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру сертификаттарына ие болады. Академияда мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беруді ұйымдастырудың жаңа бағыттары енгізілген. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін құру мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібінің өзгеруі мен жаңа қызметтік жүйені енгізумен қоса жүреді. Мемлекеттік қызметтегі жаңа енгізулерге байланысты, академия қолданыстағы бағдарламаларды қайта қарап, А және Б корпустарындағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарына арналған сапалы жаңа бағдарламалар құрастыруда. Ол үшін алдын ала мемлекеттік қызметшілерді оқытудың, әсіресе жоғары басшы буындағы кадрларды оқытудың әлемдік тәжірибесі зерделенді. Академия мемлекеттік органдардағы кадр жұмысының тиімділігіне ықпал ететін, дербес басқару деңгейін арттырудың сапалы жаңа оқу модульдерін құрастырды. Сонымен бірге 003 арнайы бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметтің өзекті мәселелері бойынша шетелдердің жоғары оқу орындарынан, оқу, ғылыми және аналитикалық орталықтардан, мәселен, Джорджиа университеті, Мемлекеттік қызметшілер институты (FEI, АҚШ), BPP құқық мектебі (Ұлыбритания), KAIST (Оңтүстік Корея), кадр­ларды басқару офисі (АҚШ), ENA (Франция), Speyer Academy (Германия), DBB академиясы (Германия), коммер­циялық және қаржыландыру бойынша мектеп, (Жаңа Зеландия), еңбекақы бойынша Федерал­ды Кеңес және т.б. жерлерден оқу үлгілерін зерделеді. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Қуанбек Боқаев

21837 рет

көрсетілді

47

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы