• Тұлға
  • 23 Мамыр, 2013

Жүрегінен жұлдызды жырлар саулаған

Батыр Бауыржан – біреу, ақын Бауыржан – бірнешеу: бірақ бұлардың арасында ақындық қуатымен елге тұтқа болу былай тұрсын, есікке тұтқа болуға жарамайтын қаламгерлер де жоқ емес. Ал Бауыржан Жақыптың жөні бөлек. Ол топтан оза шауып, көзге ерте түсіп, талантын таныта білген тұғырлы ақын. Оның: «Көзімнің нұры», «Айдындағы аспан», «Қолтаңба», «Уақыт ұршығы», «Қызыл қайың», «Абайдың қасқабұлағы» сияқты жыр кітаптары сүбелі туындылардың қатарында жоғары бағаланып, Мұқағали Мақатаев атындағы және «Дарын» мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атануы біздің сөзімізді толық дәлелдей түсері хақ. Оның 2004 жылы Түркияның Стамбул, Әзірбайжанның Баку шаһарларында өткен және 2007 жылы Түркияның Елазығ, Македонияның Скопье қалаларында өткен «Хазар жыр ақшамдары» поэ­зия фестивальдерінде қазақтың қара өлеңін бүкіл түркі дүниесіне таныстырып, лауреат атанып қайтуы ұлттық поэзиямыздың қаншалықты биікке көтерілгенін танытады. Семей өңірінде туған ұлылардың еңбектерін оқып, ұлағатты тәлім-тәрбие көріп, еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайып өрлікпен өскен Бауыржанның көп өлеңдерінен өжет мінез, өршіл рухтың лебі есіп тұрады. Мейлі ол соғыстан кейінгі жаралы ауылдың тұрмысын жырласын, мейлі ол ғасырлардың ауыртпалығын жырласын, мейлі ол қазандай қайнаған қала тіршілігін жырласын... тіпті қай тақырыпқа қалам тартса да егеулі найза мінезінен танған емес. «Ұйқыға батып жатыр батыр-дала, Қаратау басындағы дулығадай» деп ұлы шайқастан соң дамылдап жатқан алып батырды көзіңе елестетеді. Сөйтіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір-ақ кесіп айтса да, ғасырлардың күрделі беттері санаңда найзағай ойнатып, жарқ етіп, күркіреп өте шығады. Бауыржан сонымен бірге дала көрінісін көп сурет­теген ақын. Бірақ қандай жағдайда да құрғақ баян­дауға бой ұрып көрген емес. Сөзбен сурет салып, береке дарытып, бедерлі бейнелейді. Дала қы­рында шашыраңқы өскен қызғалдақтан да идея тауып, содан өзгеше ой түйе білген шеберлігі кісіні таңдандырмай қоймайды. Жаны сұлу ақын қашанда сұлулықтан сұлу өлең өреді. Жете алмай арманына жау қалғалы, Жерімнің кеңдігіне таңданғаны... Шашылып жатыр қырда қызғалдақтар Бабамның сияқтанып тамған қаны. Бұл шумақтан, біріншіден, жалпақ дала тө­сінде ұлтарақтай жерді де жауға бермей жанталасып шайқасып, қызыл қаны шашыраған батыр бабалардың ерлігі көрінсе, екіншіден, қырда жайқалған қызғалдақтың нарттай жанып алаулап өсіп тұрғаны көзіңе елестейді. Ойдан ой, суреттен сурет туындап жатса, сөз жоқ, бұны сегіз қырлы Бауыржан ақынның бір қыры деп қабылдаған абзал. Ақ шырағданның жарығында жетпіс түрлі сәуле болса, Бауыржанның өлеңдерінде де сондай жетпіс түрлі бояу, өрнек бар екені көзі қарақты кісілерге бұрыннан белгілі.Бұл – ақынның ақынына ғана бұйыратын Тәңір сыйлығы. Көкірегінде сәулесі жоқтар, әрине, бұны аңғара бермейді. Аңғарса да аңдамаған, сезсе де сезбеген болады. Бауыржан тебінгісін теріге шірітпей, тебіренбей жыр жазған емес. Баласы сырқаттанып қалғанда жаз­ған өлеңі де сондай тартымды, сондай сәтті әрі ұт­қыр шыққан. «Күй кешемін сен емес, сенесің бе? Емханада жүрегім жатқандайын!» деп күйзеледі. «Балам, ауырып төсек тартып жатып қалды» де­мей­ді. Бейнелі тілмен сөйлеп: «Емханада жүрегім жат­қан­дайын» деп шыбын жаны шырқырайды. Өлеңді өлең етіп, көркемдік биікке көтеріп тұрған жалғыз нәрсе ол – әке жүрегі. Осындағы «жүрегім» деген бір сөзді алып тастасаң, өлең ажар-көркінен, күш-қуатынан айырылып, солғын тартып шыға келеді. Орнын тауып қолданылған жалғыз сөздің өзі кейде қандай өлеңді де құлпыртып жібереді. Сабырлы ағатын терең өзендердің ағыстары қат-қабат болып келеді. Бауыржан да сол сияқты: аз сөз­бен көп мағына білдіруге ұмтылады. Оның: «Қаңғып келген қайыршы, Қайығыма жармасты» деген екі жол өлеңін оқығанда соңғы үш ғасырдың небір сұм­­дық­тары жүрегіңді шабақтап, көңіліңді өксітіп, кө­зіңе елестеп, кеңістік ауада қалқып, қылаң берері даусыз. Сырттан азып-тозып жеткендер иіліп келсе де, бойы мен көзі үйренген соң тұрмысқа қажеттің бәрін тартып алып, ел мен жеріңе иелік жасап, билеп алған жоқ па? Ақ ордаңа сұраусыз кіріп, сары қымызыңды сұраусыз ішіп, қылықты қызыңды қалыңсыз құшқан жоқ па? Сонда бұған не себеп? Қара орман елдің ішінен бір азамат шығып: «Оу, бұларың не?» деп тіл қатпағаны қалай сонда?! Ел қорғайтын ер, ер қолдайтын ел қайда?! Ай тағалап жүрмесе қайда?! Бұл сауалға да ақынның өзі орнықты жауап береді. Бір-бірінің сөздерін тыңдамастан, Ағалар бар қаржасып, жұлмаласқан. Ұсақтар да бұл күнде шығып жатыр, Ұлыларды туатын күллі Алаштан. Жарғақ тонды қайыршы азуын Айға білеген алты Алаштан айлалы көрінді. Алыстан барлап, айналасына тор құрып келіп, қыл сағақтан бір-ақ алған. Сексеуілді сексеуілге соққандай қазақты қазаққа ұрып сындырып, ұлыларын көк бөрідей ұлытып, азаматтарын аттарынан аударып түсіріп, сатқынын сардар етіп көтеріп, ұсағына ұлысты басқартып, жарамсағын жарылқап, іргелі елді ішінен ірітуге көшкен-ді. Сосын қайтеді, арыстан кеуде ата қазақ заманның алып диірменіне тартылып, ұнтақталып кете барды. Жарғақ тонды қайыршы бұл сәтті де қапы жібермеді. Жақсы мен жайсаңдарды өзара қырқыстырып, жауықтырып қойды да, солардың қолдарымен от көсеп, шындық іздегенді шыңғырауда шыңғыртып, ар жолын қуғандарды абақтыда шірітіп, тулағанды тулаққа, өжетті өгізге айналдырып, торғайдай тоздырып жіберді. Көкірегінің бар асылы сыпырылып, құр сүлдесі қалып, бірақ соған қарамай билікке таласып, қырықпышақ болған қиқым елде қандай береке болсын, қандай қауқар болсын. Қынаптан қылыш суырып, ақырып теңдік сұрай алмайтын бейшара күйге түсті. Ендеше туған халқын жан-тәнімен сүйген Бауыржанның жүрегінің түбіне сыр жасырмай ағынан жарылып, ақтарыла айтпасқа шарасы жоқ-ты. Бірде елінің асқақ рухын аспандата жырласа, бірде кемшілігін жанына батыра сипаттап, намысын жаныды. Ол задында идея іздеп, ит қуып, арамтер болған емес. Жер-жаһанның бүкіл ауыртпалығын жалғыз арқалап, көкірегін қайғы-қасірет жайлаған Абай, Абыралы өңірінде туып өскен оның өзегі онсыз да жалынға толы болатын. Аузын ашса ақ жалынның атырылып ақтарылатыны содан. Б.Жақыптың «Қазақ жолы» деген өлеңі оның, міне, осы үддеден шыға білгенін танытады. Онда дала жұртының бұралаң соқпағы, тартқан тауқыметі, шеккен азабы, сонымен бірге мінез-құлқы, қанағатшыл сезімі... бәрі-бәрі шынайы суреттелген. Соған қарағанда қазақ пен азап бірге туғандай сезіледі. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Қазақ десең – азаптың, азап десең – қазақтың еске түсетіні тегін емес. Жел жылап, қаңбақ қашып қыраттардан, Тартылып талай мөлдір бұлақ қалған. Жетпіс жыл жетімсіреп өмір сүріп, Қырық жыл қырылдық біз сынақтардан. Түр-түсі бөтен, пиғылы жат қараулардың сұрқайлығына күйінсең, атом деген аждаһаның аран ауызына жұтылмай, қырылса да құрып кете қоймаған қайсар қазақтың құлан сүйектігіне, асылдығына сүйінесің. Төзімін сауыт етіп киген момын жұрттың қырық жылғы қырғынға қалай төтеп бергеніне таңғаласың. Каспий тасып, төгіліп сабасынан, Балқаш қалды айырылып сағасынан. Арал болса тартылып күннен-күнге, Бара жатыр алыстап жағасынан. Адамдар табиғатқа қиянат жасап, адамгер­шіліктен, ар-ұяттан қалай алыстаса, сол сияқты Арал да тартылып, жағасынан соғұрлым алыстаған. Ақын, міне, осы көңілсіз көрініс арқылы «адам табиғатты сақтаса, табиғат сұлулығымен дүниені қорғайды» деп кім-кімді де үлкен ойға жетелейді. Бірақ мәселе ой айтуда емес, соны қалай айта білуде. Орыстар ақ патшаны дарға асса, қазақтар Сөз Патшасын дарға асқанға ұқсайды. Сөз тыңдайтын құлақ жоқта, тыңдаса оны ұғуға тырысатын құлық жоқта ақынның шамырқанып жазған жыры да айдалаға атылған оқтың кебін құшады. Содан кейін ол: «Жатыр енді жаралы жолбарыстай, ­Махамбет пен Абайды туған дала» деп шарасыз кейіпте күңіренбегенде қайтеді?! Қайғы да, қасірет те, зұлымдық та, өрт те, соғыс та... қысқасы жер бетіндегі жамандық атаулының бәрі адам қолымен жасалып жатқаны баршаға аян. Саналы адам бола тұра әлгіндей сұмдықтарға неге барады десек, сайып келгенде, оған да негіз жоқ емес екен. ...Адамдар көшелерде топ-тобымен, Асығып бара жатыр түнге қарай. Тосын ой, тосын сурет, тосын шешім. Бұрын ешкім бұлай айта алмаған. Айтар еді, кімнің ойына келген. Бәлкім, тереңнен қайнап, тебініп шыққан бұндай ордалы ойды Алла тағала сүйікті ақынның аузына ғана салатын шығар, кім біледі? Әйтсе де адам­дардың жарыққа емес, түнге қарай асығатыны қалай? Автордың бұл арада көздеген басты нысанасы түн емес. Ол – фон ғана. Оның негізгі айтпағы: адамдар бұрын жақ­сылыққа ұмтылып, оны үйренуге құштар еді, ендігі мезетте жамандық атаулыға ден қойып, соған ұмтылып, жанығып жүргені қалай деген ой болатын. Ақынның алапат бомбалардан, жойқын жарылыстардан, зұлмат сынақтардан тау-тас жанып, күлге айналғанын көріп, жаны күйзеліп, аза тұтып жазған поэмасы – «Жан дауысы». Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындыларының қатарынан саналатын бұл поэманы сай-сүйегің сырқырамай, жан дүниең күйзелмей, өзегің өртенбей оқу мүмкін емес. Ақынмен бірге тау боп күңіренесің, аспан боп күркірейсің, бетін дауыл сапырған теңіздің бұйра жалды толқыны боп тулайсың, боз дала боп боздайсың. Себебі бұл бір ғана ақынның немесе бір ғана халықтың дауысы емес, бүкіл әлемнің жанайқайы. Әскердің тәртібімен дөңдердің де, Шаштары тақырланып алынғандай. Бұдан өткен сұмдық, бұдан өткен зұлымдық бар ма? Адамның шашын, шашпен қоса басын алып құныққан қатыбас қоғам уақыт өткен сайын екі ұрты қанға толып, дөңдердің де шашын тақырлап қырып, пұшайман халге түсірген соң не шара?! Бұл заманнан ба, жоқ адамнан ба? Адамнан, әрине. Томас Гоббе: «адам – адамға қасқыр» деген. Бірақ қалай десек те, табиғатқа қасқырлық жасауға бола ма? Адам табиғатқа қастық жасау арқылы өздеріне де қастық жасап жүргенін көп жағдайда ескере бермейді. Адамзат азып, рух қашқанда, ақыл-ой кейін ысырылып, жауыз қолдар сойылға жармасады. Әлеуметтік күрделі мәселенің бәрін қылыштың жүзі, қарудың күшімен шешуді көздейді. Сынақ жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін де тұтас бір халықты құрбанға қиналмай шалып жібере салады. Табиғат адамның да бел баласы, Жоқ па елде соны айтатын ел ағасы?! Өртейтін табиғатты крематорий Секілді Аспан менен Жер арасы. Ал керек болса! Ақыл-ойға сүйенбей суық қаруға иек артқан адамзат баласы ар-ұяттан жұрдай болып, осынша азып, құлдырап, жауыздыққа біржола ден қойып, табиғатты өртеп, Аспан мен Жер арасын ұлан-ғайыр алып крематорийге айналдырады деп кім ойлаған?! Зады, ақыл-ой өсіп, ғылым дамып, өркендеген сайын адам қолы жасайтын қиянат, зұлымдық та арта түседі ме, қалай?! Поэманың «Дегелең тауының зары», «1949. Тамыздың жиырма тоғызы», «Қуарған тоғайдың соңғы сөзі», «Боз даланың қасіреті», «Тартылған өзеннің мұңы», «Желдің жоқтауы» және «Ей, адам!» сияқты тараулары даланың бұлшық еті секілденіп, табиғаттың өзінен жаралған сом дүниелер екені ешқашан күмән тудырмайды. Сен өмір сүргің келмесе, Жылап мен өмір сүрейін. Соңыма ертіп бүкіл ғаламның үрейін. Бұл – боз даланың соңғы боздауы болса да, шынын айтқанда, оның шамырқанған ызалы кейіпте бүкіл адамзат баласына: «Естеріңді жиып, ақылға келіңдер. Өмір сүргілерің келмесе, табиғатқа тыныштық беріңдер. Онсыз да бүкіл әлем үрей құшағында» деп жар салғаны еді. ...Адамзаттың қолынан жараланып, Қайда жерім, барасың домаланып?! Ғалам кезіп келесің үндеместен, Үстіңдегі қаптаған моланы алып. Бұндай ордалы ойды айту үшін де ақынға үлкен жүрек керек шығар. Бауыржан туған елі мен жерін өртеніп сүймесе дәл осылай өлеңді де өртеніп жазбаған болар еді. Ғасырдың сұмдығы мен ойраны жүрегінің үстінен өтіп жататын Бауыржан аспан асты, жер үстінің тағдырын толғаған тарлан талант. Күрделі өмірдің күркіреген ақыны. Бауыржан жыры – жарылыс, сынақтардан да өлмей өмір сүріп, кесір-кесапаттың бәріне майдан ашып, болашаққа жол тартқан ажалсыз ата қазақтың асқақ рухы, жеңіс салтанаты. Бауыржан жыры – Жұлдыздардан ақтарылған сәулелер ағыны. Айбоз ақынға жұлдызыңның ағыны толастамасын деп ізгі тілек білдіргім келеді. Жұлдыз бар жерде сен де, сен жазған жыр да жасай береді. Ләйім солай болғай. Рафаэль Ниязбек, ақын

4110 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы