• Тарих
  • 06 Маусым, 2013

Туған жерім менің – Қазақстаным!

Көгінде күйі күмбірлеген Атырау өлкесінде көп кешікпей-ақ, енді аспанында Әнұран қалықтап, көк Туы желбіреді. Дәлірек айтқанда, өткен сейсенбіде Атырау қаласында «Менің Қазақстаным» атты VI республикалық патриоттар форумы болып өтті. Форумға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары, рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшелері, мемлекеттік Елтаңбаның авторлары қатысты. Мұнайлы астанадағы осы салтанатты жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен екі жүзге жуық патриоттар бас қосты. «Біздің Ту, Біздің Елтаңба, Біздің Гимн» атты патриоттық акциядан басталған форумға халық көп жиналды. Қаланың қақ ортасындағы «Ақ Жайық» қонақүйінің алдынан ені – 10 метр, ұзындығы – 20 метр болатын көк Туымызды және Елтаңбамызды асқақтата ұстаған жас­тар, автожүргізушілер, байкерлер мен салт аттылар сап түзеп, екі құрлықты жалғайтын орталық көпір арқылы Исатай-Махамбет алаңына дейін салтанатты шерумен барды. Көгінде көк Туы желбіреген, Елтаңбасы жарқыраған сән-сал­танатты шерудің өзі жас ұрпақтың санасына патриоттық рухты берік ұялатары сөзсіз. Тәуелсіздігіміз үшін күрескен қос батырдың алаңында жиналған халық бүкіл елмен бірге мемлекеттік Әнұранды шырқады. Түстен кейін Қазақстан патриот­тарының VІ форумының салтанатты жиыны өтті. Форумға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жастарға жолдаған құттықтауын жеткізді. Елбасының құттықтауында: «Қазақстанның барша өңірінің өкілдерін Атырауға жинап отырған форумға қатысушыларды шын жүрек­тен құттықтаймын. Туған жерім менің – Қазақстаным! Бүгін бүкіл елімізде Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтуде. Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіз­ді­гімізді әйгілейтін, барша қазақстан­дықтардың бірлігін танытатын қа­сиетті де маңызы зор бейне-нышандар. Шынайы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік оның мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ежелгі заманнан бері Отанына адал ұлдардың айбынды ерліктері, атамекенге деген шексіз ықыласы кейінгі ұрпаққа елі мен жерін сүюдің жарқын үлгісін көрсетіп берді. Форум жастар бастамасына серпін беріп, ұлы мұраттарға ұмтылған Қазақстан қоғамын біріктірер айтулы оқиға ретінде өтеді деп сенемін. Барлық қазақстандықтарға ашық аспан, әл-ауқатты өмір мен бақ-береке тілеймін» делінген. Өз кезегінде форумға қатысушы­ларды құттықтап сөз сөйлеген ҚР Мә­дениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: – Елін, жерін сүйетін, Отанын сүйетін, Отаны үшін отқа да түсуге әзір азаматтарды патриоттар, отаншылдар деп айтамыз. Міне, бүгін киелі Атырау төріне, күйші Құрманғазының туған топырағына, қазақтың ұлы батыры Исатайдың жеріне, Махамбеттің жырымен сусындап өскен бүгінгі ұрпақтың еліне VI патриоттар форумы келіп жетті. Біздің еліміздің өсіп-өркендеуіне өзге облыстармен бірге, Атырау өңірі де лайықты үлесін қосты. Дәл осындай мерекені еліміздің әр өңірлерінде өткізіп жүрміз, енді Атыраудағы сондай форумға қатысушыларды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Мұхтар Абрарұлы. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, Қазақ­станның шынайы патриоты болу – Қазақстанды жүрегіңде сақтап жүру, Отанға, елге қызмет ету, Отаныңды қорғау, атамекенді сақтау. Міне, осының бәрі – патриоттықтың үлгісі, – деп атап өтті. Қасиетті Көк байрағымыз бен Әнұранымыз, әсіресе спорттық жарыстарда елдің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтары сөзсіз. Мұны шетелдердің байрақты бәсекелерде топ жарып келе жатқан спортшыларымыз жақсы сезінсе керек. Патриоттық шараға қатысқан мәнерлеп сырға­наудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен «Әлем таныған Қазақстан» аталымын еншіле­ген­дердің қатарынан көрінді. – Мен Қазақстанда туғанымды әр уақыт мақтан тұтып жүремін. Елге деген сағыныштың тәтті сезімі кеудеңді кернеп тұрады. Мұның бәрін сезіндіретін бір нәрсе – көкте жел­біреген Көк байрақтың құдіреті мен әуелеген Әнұранның қуаты! – дейді Қазақстанның жас спорт жұлдызы. Иә, туған еліңе, кең-байтақ жеріңе деген махаббатың, ыстық сезімің патриоттықпен сабақтасып жатса, бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Иә, әрбір азамат өз елі үшін, халқының жарқын келешегі үшін аянбай тер төгуі тиіс. Бұл да патриоттық асқақ рухтың бір көрінісі. Өзіңнің патриот екеніңді күнделікті атқарған адал еңбегіңмен де дәлелдеуге болады. Мұны айтып отырған себебіміз әрбір кәсіп иесінің атқарған жұмысының негізінде Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі жататыны анық. Өйткені өз Отаның болмаса, жер бетіндегі тіршілігің де тұғырлы бола алмасы анық. Салтанатты шараға қатысқан әрбір маман иелерінің тілегі де осыған сайды. Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев үшін бұл күн ерекше қастерлі. – Біздің бабаларымыз тұмадай тұнық бастау суы лайланса, су таусылады, рух лайланса, ел тұншығады дейді. Құдайға шүкір, қаншама қиындықты бастан өткерсе де, қазақтың рухы мұқалған кезі жоқ. Керісінше, намысы қайрала түсті. Сол намысы, рухы мықты бабаларымыз бізге осынау ұлан-ғайыр жерді аманаттап, Қазақ елінің Тәуелсіз мемлекет болуын аңсап өтті. Енді, міне, бабалар армандаған тәуелсіз ел болғанымызға 22 жылға аяқ басты, өзіміздің мемлекеттік Әнұранымыз, Туымыз бар. Еліміз әлемге танылды, Елбасымыздың шетелдерге сапары кезінде, әлемдік спорт додаларында қазақтың Әнұраны шырқалып, Көк байрағы жиі көтерілетін мерейлі күніміз көбейді. Осынау абыройымыз асқақтаған, мерейіміз тасыған қуанышты күндеріміз азаймағай, елін, жерін сүйетін азаматтарымыздың рухы мұқалмағай, – деді Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев. Бұл күні, сондай-ақ «Жан жүрегім Қазақстан» аталымы бойын­ша марапатталған палуан жігітіміз Шалқар Жоламанов, «Өрге қанат қаққан Қазақстан» аталымы бойынша шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, «Ұлттық мәдениет, салт-дәстүрді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша Қыдырәлі Болманов марапатталды. Аталған тұлғалардың Қазақстан үшін атқарып жүрген өнегелі істерін шынайы патриоттықтың үлгісі деуімізге болады. Салтанатты шара соңы өнер ше­берлерінің концертіне ұласты. Жайық өзені үстіндегі кемелер шеруі мен лазерлік бейнелер де рәміздер мерекесінің сәнін келтіріп, шырайландыра түскендей болды. Өтеген НӘУКИЕВ, Атырау

7150 рет

көрсетілді

136

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы