• Тіл
  • 20 Маусым, 2013

Қосман Айтмұхаметов, Ақмола облысының әкімі: Пәрменді іске көшетін кез келді

Облыс әкіміне үш сауал 
  1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Осы талапты орындауда Сіз басшылық жасайтын министрлікте қандай шаралар қолға алынды?
  2. Елбасының биылғы Жолдауындағы қазақ тілін жоғарыда атап өтілген мерзім ішінде білуге байланысты қазақстандықтар алдына қойып отырған жауапты міндетті жүзеге асырудың басты тетігі саналатын «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыруда нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
  3. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?
1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қа­зақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтілген мәселелер мемлекетіміздің келешектегі даму белесін айқындаған ең маңызды құжаттардың бірі болғаны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Жолдауда атап өтілген мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың бірден-бір маңызды межесі ол 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Бұл дегеніміз қазақ тілінің мемлекет және қоғам өміріндегі қажеттілігі көрсетілген мерзім ішінде қаншалықты маңызға ие болатыны айтпаса да түсінікті. Елбасы мемлекеттік тілдің дамуына ерекше мән бере отырып, қазақ тілін ұлтты біріктіруші фактор ретінде де атап көрсеткені көпшілікке мәлім. Олай болса, қазақ тілінің өсіп-өркендеуі, бұл биік мақсатқа қол жеткізу – еліміздегі мемлекеттік тіл саясатын жүйелі әрі тиімді жүзеге асыра білуімізге тікелей байланысты болып отыр. Ақмола облысындағы мемлекеттік тілдің жағдайына, бұл бағыттағы қол жеткізген нәтижелер туралы тоқталатын болсақ, ең алдымен қазақ тілін дамытуға бөлініп отырған қаражат көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтер едім. Салыстырмалы түрде қарағанда, өткен 2012 жылдан бері тілді дамытуға бөлінетін қаражат көлемі 17,5 пайызға артты. Жергілікті халықтың, облыс және қала, аудан тұрғындарының арасында мемлекеттік тілді күнделікті қарым-қатынас, іскерлік байланыс тіліне айналдырып келе жатқандардың саны да еселеп арта түсуде. Мұны мына бір көрсеткіштерден анық байқауымызға болады: 2011 жылы облыс бойынша мемлекеттік тілді меңгерген халықтың саны 51 пайыз болса, 2012 жылы 63 пайызға жетті. Алдағы уа­қытта бұл көрсеткішті 68 пайызға дейін жет­кізетін болсақ, 2015 жылға қарай 75 пайыз, 2020 жылға қарай 95 пайызға апаруды көздеп отырмыз. Ақмола өңірінде мемлекеттік тілді өркендету жұмыстары кешенді түрде жүргізілетінін айтқым келеді. Солардың негізі ол өңір халқының арасында өткізіліп келе жатқан көптеген тіл шаралары. Атап айтар болсақ, өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Абай оқулары», «Балғын шақ», «Тілі бірдің – тілегі бір» байқаулары, сондай-ақ «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Үздік жарнама агенттігі», «Жігіт сұлтаны», «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқаулары, «Еңбек пен жасампаздық жыршысы» атты облыстық ақындар мүшәйрасы мен «Тілдарын» олимпиа­дасы, облыстағы орталықтармен «Армысың, әз-Наурыз» мерекелік шарасы байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» республикалық форумы, т.б. шаралар тілдің мәртебесін биіктетуге арналған. Осы шаралар қатарында «Өңірлік тіл саясаты: белестен белеске» жинағының жарық көріп, «Дүниеде қазақ деген ұлт барда қазақ тілі мәңгі жасай береді» атты бейнефильм түсірілсе, «Қазақ тілін білу – парыз» бейнеролигі облыстық телеарнадан көрсетілуде. Мемлекеттік тілді дамытуға байланысты Аймақтың Бұланды, Астрахан, Қорғалжын, Жақсы, Ақкөл, Сандықтау және Зеренді аудандарында, Шортанды ауданындағы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында, Көкшетау техникалық институтында семинар-кеңестер ұйымдастырылып отыратын болса, қазақтың көрнекті тұлғалары Жұмағали Саин, Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов және т.б. азаматтардың мерейтойларына орай әдеби-музыкалық кештер өткізу дәстүрге айналған. Мұндай мәдени-рухани шаралар өскелең ұрпақты мемлекеттік тіл рухында тәрбиелеуге өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді бірден-бір көрініс табатын жері ол жарнама билбордтары мен тақтайшалары екені белгілі. Олай болса, мемлекеттік тілде жазылатын жарнама мәтіндерінің тіліне, сауатты жазылып, талапқа сай болуына жіті көңіл бөліп келеміз. Біз осы аталған мәселеге байланысты өткен жылы Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарын орындаудағы жарнама агенттіктерінің рөлін анықтау, көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазуда заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, тіл мәдениетін өсіру, қазақ тілінде сауатты жарнамалар жасауды қалыптастыру мақсатында Көкшетау қаласындағы сыртқы (көрнекі) жарнамаларды жасаумен және таратумен айналысатын жарнама агенттіктерінің арасында байқау ұйымдастырып, байқауға қатысқан қаладағы «Арт Көкше», «Әлемге жол», «Дизайн сити», «Ди-Арт», «Оливин ХХІ», «Радуга» сынды жарнама агенттіктері жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде сапалы әрі сауатты дайындау бойынша сынға түсіп, шеберліктерін ортаға салды. Жарнама мәтіндерінен бөлек, тіл сауат­тылығын анықтайтын «ҚАЗТЕСТ» жүйесі іске қосылған. Бұл орайда, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың құралы ретінде қазір облыстағы 19 орталықта оқитын тыңдаушылардың тілді білу деңгейі тек «ҚАЗТЕСТ» арқылы бағаланады. Осы жүйені сапалы игеру үшін былтыр Степногорск қаласы мен Зеренді, Шортанды, Сандықтау, Егіндікөл, Ақкөл, Бұланды аудандарында, Көкшетау қаласындағы мекемелерде арнайы семинар-кеңестер өткізілді. Оқытушылардың біліктіліктерін жетілдіру мақсатында Астана қаласында өткен республикалық семинарларға облыстағы орталықтардан жалпы саны 47 оқытушы келген болса, облыстық оқыту-әдістемелік орталығының бір апталық біліктілікті жетілдіру курсына аудан оқытушылары қатысып, барлығына сертификаттар табыс етілді. 2. «Қазақстан Республикасында тіл­дерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру бойынша облыс әкімдігінің 2011 жылғы 21-қыркүйекте «Ақмола облысында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Бірінші бағыт бойынша Қазақстан Рес­публикасындағы «Тіл туралы» Заңының орын­далуын ғылыми-әдістемелік, материал­дық-техникалық және кадр ресурстарымен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру, мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру жүйесін құрып, насихаттау және қолдану аясын кеңейту сияқты міндеттер алға қойылып отыр. Жергілікті мәслихат сессияларының шешімі негізінде тиісті қаражат бөлініп, барлық аудан-қалаларда мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылды. 2012 жылы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес облыс халқының 63 пайызы мемлекеттік тілді білетіні анықталды. Тіл бағдарламасын жүзеге асырудағы екінші бір маңызды мәселе ол – мемлекеттік тілді оқытуды ынталандыру. Осы орайда қазақ тілін үйренуге мүдделі барлық тұлғаларға қолдау көрсету мақсатында облыстық оқыту-әдістемелік орталығы жанынан қосымша тегін курстар ашылып, 5 топта 40 тыңдаушы оқытылуда. Дәл осындай тегін курстар Көкшетау қаласының мемлекеттік тілді оқыту орталығында құрылған. Облысымызда этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне қазақ тілін үйретуде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қызмет көрсетіледі. Бұл жобаның арқасында жыл ­сайын 100-ден аса өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілді оқып-үйренуде. Аймағымызда мемлекеттік тілді халық арасына кең көлемде насихаттау шаралары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жүргізіледі. Өйткені тілдің ықпалы мен көрінісі қазіргі заманда көп жағдайда БАҚ арқылы жүзеге асатыны белгілі. Бұл мәселені тиімді жүзеге асыруда қазақтілді баспасөз, радио, теледидар, кино, концерт, мультфильм және барлық білім саласы пәрменді күшке айналуда. Бір айта кетерлігі, мемлекеттік тілдің насихаты тек қазақтілді хабарлар мен басылымдарда ғана емес, сондай-ақ орыстілді БАҚ құралдарында да мән беріледі. Мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі мәсе­лелерді, жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық, қалалық, аудандық басылым беттерінде жариялап отыру, сонымен қатар БАҚ арқылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында тұрақты айдарлар мен бағдарламалар ұйымдастыру жүйелі түрде орындалады. Жыл сайын жүргізілетін мониторинг нәтижесіне қарайтын болсақ, тіл мәселесіне қатысты жарық көрген өнімдердің БАҚ-тағы үлесі соңғы жылдары 72 пайызға жетіп отыр. Облыстық телеарнада берілетін хабарлардың 69 пайызы, радиоларда берілетін бағдарламалардың 50 пайызы қазақ тілінде таратылуда. Ойымызды әрі қарай сабақтай түсетін болсақ, тіл саясатының маңызды бағыты ретінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің атау­ларын реттеу, елдімекендердің атауларын, сондай-ақ тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіру жұмыстары бойын­ша, облыстағы 637 елдімекеннің 345­-і, яғни 54 пайызы қазақ тілінде атала­ды. Елі­­міз тәуелсіздік алғаннан бері 200-ден аса нысан­ның атауы өзгертілді. Осы аталған жұмыстар «Қазақстан Респуб­ликасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік» бағдарламасының негізінде іске асырылуда. 3. Бұл мәселеде қоғамдағы әртүрлі факторлар ескерілуі қажет деп санаймын. Осы ретте шешілмеген көптеген мәселелердің бірі ретінде қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейін, елдің әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің әлі де болса жеткіліксіз енгізілуін айтуға болады. Қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әркелкі болуын мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай стандарттарының болмауымен, мемлекеттік тілді меңгеру үдерісін ынталандыру жұмыстарының аздығымен байланыстыруға болады. Қол жеткен нәтижелерге қарамастан қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тілдің әлеуетін іске асыру деңгейі әлі де болса жеткіліксіз екенін мойындауы­мыз керек. Қызмет көрсету салаларында мемлекеттік тілді қызметтік міндеттерін жүзеге асыру үшін қажет деңгейде меңгерген мамандар аз. Дегенмен, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі үйірмелер мен орталықтар жүйесін кеңейтуге қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Менің ойымша, біз күнделікті тірлігі­мізде пайдаланып жүрген ағылшын және орыс тілдеріндегі ақпараттық терминологияны қазақшаландыру ісі уақыт көшіне ілесе алмай келеді. Мұның бас­ты себептерінің бірі – мемлекеттік тілде ақпараттық терминологиялық базаны қалыптастырудағы артта қалушылық және қазақ тіліндегі ақпараттық технология терминдерінің тиісті деңгейде дамымай отырғандығы деп ойлаймын. Солардың ең бастысы – Қазақстан қоғамының іс жүзінде қазақ тілді ақпаратқа сұранысының әлі де төмендігі. Ал дүниенің төрт бұрышында ақпараттық-коммуникациялық технология­лар жыл сайын, ай сайын, тіпті күн сайын түрленіп жатқандығын ескерсек, қазақ тілін өркендетудің бір жолы осы мемлекеттік тілдегі ақпараттық технология терминдерін дамытуға келіп тіреледі. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілінің келешегі оның ақпараттық технологиялар саласына енгізілу деңгеймен де тығыз байланысты. Сондықтан бұл сауал қазақ тілінің тағдырына енжар қарай алмайтын әр отандасымызды ойландыруы тиіс. Тіл тағдырына белсене араласу, мем­лекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру – әркімнің азаматтық борышы. Қоғамдық орындарда ана тілімізде сөйлеудің өзі тілге деген құрмет өлшемін еселей түседі. Әр қазақстандық мемлекеттік тілдің аясына қамқор көзбен қарауы керек. Мектепте ана тілін оқыту жайы да бір ізге түсе қойған жоқ, жыл сайын өзгеріп жатады, оқулықтар да ойдағыдай шықпай жүр. Бұл туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Демек, сөзден нақты, пәрменді іске көшетін кез келді.  

3620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы