• Тіл
  • 20 Маусым, 2013

«25 лет октября» ығысар емес

Еліміздің қалаларында осы күнге дейін көше атауларын қазақшалауға байланысты көптеген іс-шаралар атқарылды. Бұл алдағы уақытта да жалғасын табарына кәміл сенемін. Ана тілімізде көрсетілген елді мекен, ауыл-аймақ, көше атаулары тәуелсіздігімізбен бірге қайта оралып жатқанына қуанбайтын қазақ жоқ шығар. Ивановка, Дмитриевка, Александровка деп аталып кеткен қазақ ауылдары аз ба еді? Бұған сол кездегі кеңестік заманның саясаты себепкер болды, талай буын туған тілінен ажырап қалды. Қазақшаға ауыстырылып жатқан көшелерде әлі күнге дейін бұрынғы атаумен жазылған тақтайшалардың ілініп тұрғандығы көрер көзге ерсі. Көше атауы заңды түрде өзгерген соң, ескі атауларды бейнелейтін тақтайшалар неге алынып тасталмайды? Әлде оған да арнайы қаулы қабылданып, бұйрық шығарылуы керек пе? Мәселен, осындай жағдайды еліміздің Солтүстік өңірлеріне барғанда көп көремін. Қазақыландыруға бет алған Кереку қаласында «25 лет Октября» деген көше «Генерал Дүйсенов» болып өзгертілгенімен, кейбір үйлердің қабырғасында «25 лет Октября» деген жазу ілініп тұрғанын көрдім. Бәлкім, тиісті мекеме басшылары ескі атауды алып тастауды ұмытып кеткен шығар... Д.Жұматұлы

3528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы