• Тіл
  • 20 Маусым, 2013

«Аптал» ма, әлде «атпал» ма?

Баспасөз беттерінде әртүрлі жазылып, сан түрлі нұсқада қолданылып жүрген бірқатар сөздер бар. Осылардың кейбіреуіне тоқталуға тура келіп отыр. Мәселен, өзіміз күнде естіп жүрген «Тұлға» сөзін алайық. Былай қарасаң, адамның адамдығын, кісілігін көрсететін тәп-тәуір сөз. Ал бұл сөз қазіргі таңда сот алдындағы жауапкерге қатысты да қолданылып жатады. Мысал үшін «пәленбай тұлға әкімшілік жауапқа тартылды» немесе «осындай тұлғаға қылмыстық іс қозғалды». Осы жайт туралы полиция өкілінен сұрағанымда: «Бізде кез келген қылмыскер ісқағазында ресми түрде «Тұлға» деп көрсетіледі» дейді. Мұны қалай түсінсек болады? Бұл, сірә, орыстың личность сөзінің тікелей аудармасы болар. Қалай дегенмен, «тұлға» сөзінің өз мағынасында қолданылғанын құп көремін. Екінші бір сөз бұл «аптал» сөзіне қатысты. Бұл нұсқа бір жерде «аптал», екінші бір жерде «атпал» деп жазылып жүр. Дұрысы қайсы? Әрине, аптал. Әлдебіреу қателесіп «атпал» деп жазып жіберген болуы керек, содан солай қалыптасып барады. Әсіресе жастар жағына айтарым: мұндайда «Қазақ тілінің түсіндірме» сөздігіне жүгініп, мағынасын, дұрыс жазылуына мән беру керек. Осындай сөздердің қатарына «көкейкесті» және «көкейтесті» сөздерін жатқызуға болады. Екі нұсқада дұрыс болып көрінгенімен, шынтуайтына келгенде біз осы «көкейтесті» нұсқасына тоқтауымыз керек сияқты. Халық игілігіне қажетті шешімін таппай тұрған мәселелер көкейіңнен кетпей, түйін боп тесіп тұрмай ма? Осыны меңзеген сөз болған соң, мағынасына қарай пайдаланған дұрыс. Қазақтың «Жетім бала өспей ме, көкейіңді теспей ме» деген сөзін неге ұмытамыз? Енді көпшілік назарын тігетін телеарна сөздерінен бір-екі мысал келтіре кетсем деймін. Қыс айларының бірінде Қазақстан-Тараз телеарнасының жаңалықтарынан: «Қатты боранға байланысты Шақпақ ата бағытына қарай «жорыққа» шығуға тыйым салынады» делінген хабар айтылды. Бұл не сөз? Айдың-күннің аманында қайдағы жорық деп таңғалдым! Осыны «Шақпақ ата бағытына жолға шығуға ­тыйым салынады» десе болмай ма? Тағы бір арнада жоғалған жылқы туралы хабар берілді. Экранда боз бие тайымен жүр. Жүргізуші, ішкі істер қызметкерінен сұрап жатыр: – Сіздерге түскен арызда осы жылқылардың түр-түсі жазылған арыз бар ма? Сонда полиция майоры былай дейді: – Бізге түскен арыздар бар, бірақ мынадай «Ақ жылқы, қоңыр құнажын» деп түстеген арыз жоқ. Апыр-ай, қай қазақ жылқысын «ақ жылқы, қоңыр құнажын» деп түстеп еді. Бұл да білместіктен туындап отырған жай. Бұл мақалама оншалықты қатысы болмаса да, айтпай кетпеуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Ол да қазақ тілінің тағдырына тікелей қатысты. Жақында телеарналардың бірінен Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының бір ауылында қазақ мектебі жоқ болғандықтан, жергілікті қазақ балалары өзбек мектебінде оқуға мәжбүр болғаны туралы хабар көрсетілді. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда қазақша мектеп жоқ деген желеумен солтүстігіміз орысша оқыса, оңтүстігіміз өзбекше оқыса қазақ тілінің мәселесі қалай шешімін таппақ? Затыбек Әбдіқапарұлы Тараз

9935 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы