• Әдебиет
  • 04 Шілде, 2013

Ғабиден Мұстафин: «ТҰРАР МЕНІҢ РУХЫМДЫ КӨТЕРДІ»

(Халық жазушысы, академик Ғабиден Мұстафиннің 1984 жылы 25 желтоқсанда Қазақ теледидарында мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың 110 жылдығына орай дайындалған «Халық ұлы» атты хабарда сөйлеген сөзі) Тұрарды көргендерден, қызметтес болғандардан бұл күнге жеткендер аз, некен-саяқ болар. Бұл отырғандардың ішінде мүлдем жоқ деуге болады. (Хабарға академик, тарих ғылымдарының докторы С.Бейсенбаев, жазушы Ш.Мұртаза және журналист, жүргізуші Б.Айнабеков қатысып отырған болатын. Осынша жасқа келгенше көп көрдік. Көп адамдармен жұмыстас та болдық. Бірақ көргеніңнің бәрі, білгеніңнің бәрі есте қала бермейді ғой. Қалатыны ғана қалады. Тұрарды менің көргенім, онымен не туралы сөйлескенім әлі есімде. Тұрар менің көз алдымда. Осы қазір де көріп отырған тәріздімін. Онымен алғашқы кездесу маған сондай үлкен әсер қалдырды. Астанамыз онда Қызылордада. Тұрарды іздеп крайкомға келсем, кішкентай бөлмеде екі адам отыр екен. Біреуінің көзі қып-қызыл, елеуреп, ашуланып сөйлейді. Оқтын-оқтын тұрып кетеді. Белінде наганы бар. Сөйтсем, бұл атақты Угар екен, Жәнібеков, тентек Угар екен. Тұрарды төрде отырғаннан-ақ білдім. Тұрар оны сабырмен тыңдап отырды. Анау бір басылған кезде Угарға: «Угар, осының бәрі рас, бірақ уақыт өзгерді, уақытқа қарай айла да, әдіс те, ақыл да керек болады, оны естен шығармау керек, анау наганның уақыты өтті. Қалың халықпен істесу керек, уақытты түсінбей кеткендерге түсіндіру керек, оларды бауырға тарту керек. Бәріміз жұмыла аттануымыз керек коммунизмге қарай». «Осы ана алаштар да бара ма коммунизмге» деп сөйледі Угар. «Егер жолынан қайтса, бізбен бірге істессе, неге бармасын, барады» деді Тұрар. Енді ол арада ол кісі көп сөз айтып жатты. Мен бағана келген бетімде әдейі босағадағы орындықта отырғанмын. Тұрар: – Бері келіп отыр, – деді. Қасына келіп отырдым. – Ал неғып жүрген баласың, айта бер, – деп маған қарады. Мен: «Сонау Арқадан 15 күн жүріп, оқу іздеп келіп едім. Оқуға түсе алмадым. Менімен бірге келген байдың балалары түсіп кетті. Министрге, наркомға барып едім, нарком «оқу бітті, орын жоқ, кеш қалдың. Биыл ештеңе істей алмаспыз» деді. Мен: «ойбай-ау, әлгі байдың балалары түсіп кетті ғой. Мен неге өте алмай қалам» дегенде, «Шырағым, оларды шығарып тастап, сені ала алмаймыз. Оқу бітті» деді дағы жүріп кетті». Осыларды айтып, арызымды көрсеттім. «Кәне, оқышы» деді. Оқыдым. «Былай тілің өткір екен» деді. Алайда кейбір өзгерістердің қажет екенін айтты. Ақылын алып, кешікпей қайта жазып әкелдім. «Е, мынаны басуға болады» – деді ол. Бейімбетке бердім. Ол кезде кішкене өлең де жазатын едім. Бір өлең жаздым. Қызылорданың кәдімгі кішкентай қаласында балалардың сыймай жүргені, оқуға кіре алмай жүргені, бәрін көргенмін. Оның үстіне әдемі доңғалақ, әдемі арба, бәрі-бәрі Үкімет үйінің алдында. Ыстық күнде тұрады. Ішінен жуан-жуан портфельдері бар, жуан-жуан кісілер шығады. «Зербер» деген сол уақытта жақсы шылым болатын, солар болады. Солар келіп үйге кіреді. Олай өтіп, былай өтіп әлгі жерде жүргені-ақ. Мен ойлаймын: «бұл қалай, киімдері асыл, галстук, бұл әлгі кедей-жұмысшы деген осылай болушы ма еді? Бұл әлгі кәдімгі ақ жаға ғой» деп әлгілерді сынаймын кеп сөздің қысқасы. Мінгені солқылдақ арба, астында арғымақ. Тартқаны «зербер», қолда портфель. Былай айтқанда, шаруаның мойнына мініп отыр деген сөз. Мен Тұрарға келдім. Өлеңімді оқыдым. О кісі содан кейін, ішегі қатып, түйілгенше күлді де қалды. Мен түсінбей отырмын, бұл неге күліп отыр деп. Осы күні ойласам, өзімнің де күлкім келеді әлгі мінезіме. «Шырағым-ау, мынаның ішінде енді жалғыз Қазақстанның наркомдары емес, басқа өкілдер... бәрі де кетіп қалыпты ғой. Сонда бұл Совет өкіметі қалай тіршілік етеді» деп күлді. – «Олай етпе, бұл арғымақ арба міну басқа дүниежүзінде де жоқ емес. Болады, бар, біреуге қатыстырып айту керек. Бәрі осындай демеу керек. Нақтылап айту керек. Сонда оларды да сынауға болады». Оны түзеп алып келдім. Ерінбай дегенде ауылда жүргенде жек көретін шала оқыған, орысша білетін кісі бар еді. Соны қолдана беретінмін. Бейімбет Майлиннен үйренгенім бар, әлгі Мырқымбай сияқты. Мен де бәрін сол әлгі айта беретін Ерінбайға жауып, әлгінің бәрін қайта жаздым. Тұрарға көрсетсем, «Е, е мынаны басуға болады» деді. Сонда, со күйіме сонша құлақ қойып, менің әлгі сауатсыздығыма, білмейтіндігіме сонша шыдамдылық танытып, қайткенде менің көзімді жеткіземін, қайткенде түзу бағыт беремін деп отырған екен ғой сонда. Сонда «оқу дегенді тек мектептің ішінен ғана іздемеу керек» деді. Мектепке барғаныңмен де басыңа күн салмайды, бәрі ізденуден, талаптан болады деді. «Анау атақты Шекспир деген бар, білесің бе? Солардың бес-алты класс оқуы бар дейді, өзіміздің Максим Горький тіпті оқу оқымаған ғой, ал кімнен кем, осының бәріне ізденумен, талмай ізденумен жеткен. Іздену керек. Оның бер жағында өзіңнің орысша, қазақша аздап сауатың бар екен. «Народный университет на дому» деген журнал шығады. Соларды оқып отырсаң көп білім береді. Солар үлкен білімге апарып сені түйістіреді. Сен қайтпа, жалықпа, жасыма, оқи бер, Сары бала, сенен түбі бірдеңе шығады» деп сөйледі. Міне, мен Тұрармен осылай таныстым. Сол Тұрармен сөйлескенім, сол кісінің маған сонша көңіл аударуы, сонша мен жасып қалған кезде, көңілім түсіп қалған кезде күш бергені, осы қазір Қызылорданың кішкентай бөлмесінде әлі отырғандай болып көз алдыма елестеп тұр... Сол маған жол сілтеген, менің рухымды көтерген адам, әрдайым соның аты аталса маған құлағыма жылы тиеді, көз алдыма елестеп тұрады. Соның сол Сары бала деген сөзі менің соңғы жазған «Көз көрген» деген мемуарымда пайдаланылды. Онда мен өзім көргенімді, басымнан кешкенімді жазғанмын. Оның бәрі шындық нәрсе, тарихи фактілер. Міне, менің Тұрарды есіме алғанда айтар әңгімелерім. Бірақ жаңа Угар екеуімен сөйлесіп отырғанда Тұрар маған терең бір жазықта ағатын өзендер болады, қайықтар, кемелер жүзіп кететін, сол тәрізді көрінді де, ал Угар қанша айбатты, қанша мықты болса да маған шолақ, шапшаң адам болып көрінді. Тұрар деген меніңше, әр адамды уақытына қарай бағалау керек. Өзінің уақытында төрден орын алған кісі. Өзінің уақытында біздің мынау өмірімізге көрегендік жасаған, тәжірибелі, тәрбиелік жағынан қайткенде де осы социализмге апару керек жөніндегі үлкен үлес қосқан кісі. Ол бүгінгі болашаққа беталды уралап барған кісі емес. Меніңше үлкен сеніммен, үлкен біліммен барған кісі. Жазушы болсын, тарихшы болсын, мына қоғамдағы осы сияқты халықтың ортасынан жарып шыққан осындай ұлдардың шама келсе бірауыз сөзін, бір жақсы қылығын жоғалтпау керек. Мәдениетті елдер осылай етеді. Мына Пушкинге әлдеқашан уақыт өтті, осы уақытқа дейін Пушкиннің қалай екенін, не болмаса біреуге жазған хаты екен деп жерден жеті қоян тапқандай газетке беріп жатады. Шүкір, біз мәдениетті халықпыз, біз де мәдениет саласында өрлеп бара жатырмыз. Өзімізден шыққан осындай азаматтардың еңбегін елеу керек. Жаңа жолдастар атап өтті. Соның өзінен Тұрардың қаншалық еңбек еткені, жай ғана емес, жан-тәнімен беріліп, сосын үлкен ойдың, үлкен таланттың көзі жатқандығы байқалып отыр ғой. Сондықтан бұдан былай ештеңені де елеусіз қалдырмауымыз керек. Өйткені бұл кейінгіге мектеп. Білім дегеннің өзі осы өмірден шығады. Ойлап қарасақ, біздің жинай алмай жатқан нәрселеріміз көп... Қағазға түсірген Бақтыбай Айнабеков

4910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы