• Мәдениет
  • 10 Ақпан, 2009

ОНЫҢ АТЫ — НҰРЖАМАЛ

                                 Эссе

 

Курсымда қыз болды,

Тракторын мініп келген қалаға,

Жан достарын бермейтұғын жалаға.

Тракторшы сол бойжеткен бүгінде,

Айналыпты абыройлы анаға.

Оның аты — Нұржамал!

 

Журналистика факультетіне бізбен бірге өзімізден сәл ересектеу екі қыз оқуға түсті. Екеуі де тракторшы. Біреуінің медалы бар. Соның қандай медаль екенін оқу бітіргенше анықтай алмай кеттік. Екіншісі — қып-қызыл коммунист. Ертелі-кеш партбилетін сипалайды да жүреді. Әдетте еңбек стажы барларды бөлек топтастырады. Мәдениет қызметкері Аманғали Дайрабаев, электрик Талғат Батырханов, тас қалаушы Әнуарбек Әуелбеков, өрт сөндіруші Құтмағамбет Қонысбаев, ауыл ақыны Нұрмира Әлішерова және тиіп-қашып құрылыста істеген мен сол топтамыз. Жаңағы екі тракторшы қыз да біздің топқа қосылды. Өздері бесінші жатақхананың алдында тракторын қаңтарып қойғандай еркін жүреді. Арсың-гүрсің. Кешке дейін трактордың жыры таусылмайды. Тыңдап отырсақ, апайларымыздың көрмеген бейнеті жоқ екен. Топырақ аударған, жер жыртқан, шөп тасыған. Жазда жайлаудың, қыста қыстаудың бар қиындығын мойнымен көтерген. Әйтеуір, абырой болғанда партия соның бәрін елеп-ескерген, оқуға жіберген. Трактордан табанын ажыратып, бір-ақ күнде теңдік алған.

Күні бойы Сыр әңгімесі мен қыр әңгімесін тыңдап жүреміз. Бірақ күн өткен сайын жаңағы томпиған екі механизатор тәтеміз кәдімгідей бой түзеп, қаланың өміріне бейімделе бастады. Трактор тақырыбын қозғасақ, тыжырынатын болды. Көрші жатаққананың жігіттері біздің тұрағымызды бетке алса, әжептеуір майысып, «Әй, жүгірмектер, сендер аналардың көзінше біздің еңбектегі ерліктерміз туралы айта бермеңдер», — деп қиылады. «Олар басқа бір шаруамен келіп жүр, қыз сиықтарың жоқ, сендерді қайтсін?!», — дейміз біз. Коммунист пен медалист бізді әлі жеткенше қуалайды. Іннен інге тығыламыз. Содан бері міне, жиырма сегіз жыл өтті. Қазір екеуі де елге танымал журналист. Медалы бары — немісті қашырған Покрышкин секілді әкімдерді інгендей қайқаңдататын қарымды қаламгер, «Жас Алаштың» жалаулы найзасы Миуа Байназар еді. Партбилеті бары — «Алматы ақшамының» ақмылтығы, бүгінгі белгілі публицист Нұржамал Байсақал болатын.

«Староста, старостаның басынан құстар ұшты»,— деп ақиық ақын Бауыржан Үсенов айтқандай, біздің топ староста құтаймаған топ еді. Оқуды орталаған кезде студенттерінің жартысы староста болып шыққан, ұйымшылдығының деңгейі біртүрлі осы топты Байсақалова өзі қолға алды. Байсақалованың сара басшылығымен оқуды аман-есен бітірдік. Өнегесі көп болды оның. Діні қатты деканның шеңгеліне түскен курстастарын шырылдап тұрып қорғап қалатын. Осы қасиеті кейін басылымдарда қызмет істеген кезінде де талай рет байқалды. Біреудің тағдырына араша түсетін мақала жазбаса, ішкені ас болмайды. Залда біреу-міреу жұдырықтасып жатса, білекті сыбанып араласып кететін. Сол мінезі әлі де қалған жоқ. Адам тағдыры мәселесі тым шиеленісіп бара жатса, оны төбелес арқылы шешкенді теріс көрмейді.  Төбелес демекші...

       

Курсымда қыз болды,

Кең жүрегі күллі әлемге жететін,

Мінездері бір-бірінен өтетін.

Жанжал десе, төбелес пен дау десе,

Көп ойланбай араласып кететін...

Оның аты — Нұржамал!

 

Сексенінші жылдардың басы. Бесінші жатақхана. Үшінші қабаттағы коммунистер кеңесі бөлмесінің алдында қып-қызыл төбелес басталып кетті. Жұдырықтасып жатқан екі студент — Амангелді Әбілов пен Төлеуғазы Арынов. Мәссаған, безгелдек... Төбелесушінің екеуі де КПСС мүшелері. «Коммунистер оңайлықпен берілмейді», «Жауды аяған жаралы болады», «Дұшпан берілмесе, оны құртар болар» деген секілді сол кездің қызыл ала мақал-мәтелдерін берік ұстанған екеуі бір-бірін тықсырып барады. Шойындай тұтас Амангелдінің жұдырығы гүрс-гүрс соғады. Ұзынтұра, бірақ тарамыс Төлеуғазы да қолын оңды-солды сілтеп жатыр. Қанға-қан, жанға-жан. Бір-бірін партылдатып сабап жатқан партия мүшелерінің арасына түсуге жүректері дауаламаған бір топ ВЛКСМ мүшелері үрке қарап тұр. Былай екеуі де мінезі сынық, жөнімен жүретін жігіттер сияқты еді. Бірдеңеге ерегіскен де...

Осы кезде қайдан пайда болғаны белгісіз Жанна Д Арк секілді жарқ етіп, үшінші коммунист Байсақалова шыға келді ғой. «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан мен Төлегеннің ортасына Жібек келіп килігіп, жан алысып, жан беріскен жекпе-жекті бірден басып тастамайтын ба еді?! Тура сол. Тек бір айырмашылығы, ана екеуі Байсақалова үшін төбелесіп жатқан жоқ. Махаббат-сахаббат мәселесі бойынша үшеуінің бір-біріне қатысы шамалы.

Нұржамал келді де төбелеске кәдімгідей араласып кетті. Біреуін олай итерді, екіншісін былай жұлқыды. Тіпті жұдырық та сілтеп жіберді-ау деймін. Әйтеуір ешкімді маңайлатпай тұрған адуынды екеудің екпінін әп сәтте басып тастады. «Дұрыс болды, — деді жігіттердің бірі, — Уды у қайтарады!». «Партия қайда болса — жеңіс сонда!», — деді екіншісі.

— Ойпырм-ай, бұлар да жұдырықтасады екен-ау?!, — деп таңданды төменгі курстың бір студенті, — Масқара ғой. Оның үстіне екеуі де  коммунист...

— Үшеуі де коммунист, — дейді Қайрат Мүлікбаев деген жігіт.

— Үшіншісі кім, құдай-ай?

— Анау... жаңағы Байсақалова...

Содан «Үшеуі де коммунист» деген тіркес курстастар бас қосқанда айтылатын қанатты сөзге айналып кетті.

 

Курсымда қыз болды,

Бізден гөрі ересек,

ЦеКа жақта жүрер деуші ек келешек.

Қайсарлығы мысын басқан жігіттің,

Жарасатын батырларға теңесек. 

Оның аты — Нұржамал!

 

Бұл Байсақалова шынымен-ақ нағыз қып-қызыл коммунист екен. Партияның күллі қағидасы миына шегеленіп қалған. Ел университет бітірген соң Алматыға қалатын тесік таба алмай, жанталасып жатты. Оқуды өте жақсы аяқтап, үздіктер тізімін бастап тұрған Нұржамал: «Алыс және артта қалған аудандардың біріне барам, тың және тыңайған жердің бірі болса тіпті жақсы», — деп отырып алды. Біз «Барсаң — бар», — дедік те өзіміз Алматыға қалдық. Содан кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Әлде Қарағанды, әлде Жезқазғанның жер түбіндегі шалғай аудандарының бірінде жүр. «Аудандық газетті көтерейін деп жатырмын» деп хат жазады. Онысы жуық арада көтеріліп болмады. Содан «тың жерді игеріп болған соң» оншақты жылдан кейін өзінің Жетісуына қайтып оралды. Қызық болғанда, «Лениншіл жасқа» келіп, мұндағы еңбек жолын корректорлықтан бастады. Және өзі соған ЦеКаға жұмысқа тұрғандай қуанды. Содан кейін тілшілік жұмысқа ауысты. «Маяковский басталды!» деп Асеев айтқандай», — деген тұжырымды академик Зейнолла Қабдолов көп қолданатын. Сол кісі айтқандай, Байсақалова да басталды! Жазды... Қаламын құлшына сілтеді. Редакцияның барлық тапсырмасын орындады. Бүкіл қара жұмысын атқарды. Талай адамның тағдырына араша түсті. Арасында елге барып, қызмет істеп қайтты. Қайтадан шығармашылық ортаны жаны қалаған соң Алматыға оралды. Содан бері бүгінгі қазақ баспасөзінің қара шаңырақтарының бірі «Алматы ақшамында» қызмет істеп жатыр.

 

Курсымда қыз болды,

Тастамаған коммунистік билетін,

Компартия өл десе егер, өлетін,

Партияның беделіне сенетін,

КСРО-ның тарағанын Горбачевтен көретін.

Оның аты — Нұржамал!

 

Ескі қоғамның адами қасиеттерді дәріптейтін кейбір қағидаларын осы кезге дейін өміріне серік етіп келеді. Біреудің ала жібін аттамайды. Тура жолмен жүргенді қалайды. Жемқорларды жек көреді. Жемқорлар мұны жақсы көре ме, жоқ па, онда шаруасы жоқ. Сондықтан жазған мақалаларында осы мәселелер үнемі қақтығысып жатады. Бұрынғы дәуірдің тақ-тұқ қағидалары мен қазіргі нарық заманының жылмағай заңдары Нұржамалдың жазған дүниелерінде үйлестік таба қоймайды. Әділдікті әлсіз бен әлдінің қайсысына телитінін білмей қиналады. Сол қиналыс мақалаларының бәрінде де байқалып тұрады.

Бұрынғы коммунистердің көбісі партбилетті күресінге лақтырып, жаңа қоғамға тез бейімделіп кеткенде бұл біразға дейін көндіге алмады. Адамды алдай салу қолынан келмейді. Өтірік күлу дегенді білмейді. Ептеген қулық жасап көрсе, онысы әшкере болып қалады. Сондықтан «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қанатты  тіркесті онша ұнатпайды.

Ешкімге салмақ салмайды. Журналистік жұмыспен баратын жері төрт-бес көшенің шамасында тұрса, көлікке мініп әуре болмайды. Омбылап қарды кешіп, тура тартады. Сөйтіп бұзып-жарып бара жатқанын біреу сыртынан көрсе, мұны ыздиып жүретін әйел заты деп ойламас еді. Шаруаның ыңғайын тез тауып, жедел бітіреді. Ертеңге ештеңе қалдырмайды.

 

Курсымда қыз болды,

Елдің бәрі әрекетін құптаған,

Бұғып қалар сәт туғанда бұқпаған,

Өз тағдырын жақсылықпен жұптаған,

Қожакеев Темірбектен ықпаған!

Оның аты — Нұржамал!

 

Өмірі қызметке қызыққан емес. Қызыққан күнде де оған қызмет берейін деп жатқан ешкім жоқ. Биліктегі бар жеткен биігі — 501 оқу тобының старосталығы. Одан соң бірқатар ақпарат құралдарының көрігінде шыңдалса да, қатардағы қарапайым журналист болды. Хат қорытты. Тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Жастарды газетке тартты. Сондықтан кейінгі буын оның төңірегінде үйірсектейді де жүреді. Ал өзінің қаламы қарымды. Байсақалованың қолдары бір кезде трактор штурвалын ұстаған қол емес. Қаламға икемді. Алымды әрі шалымды. Оқырманын да, өз стилін де тапқан журналист. «Алматы ақшамының» бір тіреуін көтеріп, бірнеше айдарды үкілеп ұстап отыр. «Сағындым Алматымды» айдарының аясында бұрынғы астананың елдің есінде қалған игіліктері туралы сыр сабақталса, «Алматының айымдары» айдарымен қаланың іскер әйелдерімен сұхбат ұсынылады. Нұржамалдың «Сымбат» сән ательесінің директоры Сабыркүл Асанова, қалалық денсаулық сақтау департаментінің директоры Зәуреш Аманжолова, әйгілі дәрігер Мәриям Құдабаева және басқа беделді қыз-келіншектермен сұхбаты оқырманның көңілінен шықты. «Ақшамда» «Қарапайым адамдар өмірінен» деген айдар бар. Осы айдардың тұғырлана түсуіне де Нұржамал Байсақал көп үлес қосты. Сол айдар арқылы ел мүгедек болса да, оқымаған кітабы жоқ, білімдар азамат Мұрат Місебайды танып-білді. Опера және балет театрының бұрынғы қызметкері Баба Зинаны іздеп тапты. Сонау жылдары Якутиядан келген оны бүгінде театр ұжымы әлдеқашан ұмытқан. Нұржамал соны еске салды. Содан бері театр Баба Зинаға қамқорлық көрсетіп келеді. Қазір кейуана кез келген қойылымға тегін кіреді.

Нұржамал негізінен денсаулық сақтау тақырыбына маманданды. Бірде түнгі рейдке шығып, «Жедел жәрдем» станциясының жұмысына кедергі болып отырған проблемаларды талдап-таразылаған мақала жазды. Сол мақаладан соң КТК арнасы арнайы бағдарлама ашты. Еңбегі еленді. Қазақстан Журналистер одағының Өзбекәлі Жәнібеков атындағы сыйлығын иеленді. Қаланың әр жылдардағы әкімдерінің бесеуінің қолынан грамота алды. Газет арқылы екі-үш адамның пәтер алуына көмектесті. Ал өзі ұзақ жыл бойы құрқылтайдың ұясындай бір бөлмеде тұрды. 

 

Курсымда қыз болды,

Қадірлейтін дос-жаранын, жерлесін,

Әсемдейтін жұмыстағы бөлмесін.

Мүліктерін сонда әкеліп қоятын,

Жұрттың бәрі адал ғой деп сенгесін...

Оның аты — Нұржамал!

 

Жұмыс орнын өз үйіндей көреді. Тағы да сол баяғы қанына сіңген коммунистік қағида ғой. «Қоғам мүлкін көз қарашығыңдай сақта» деген ұғымды әлі күнге дейін ұстанады. Жұрт тұсқағаздың әдемісін үйінің қабырғасына жапсырса, бұл бөлмесіне тасиды. Терезесінің алдына гүлдің жеті атасын қояды. Бірде ет қызуымен өзі әрең дегенде қол жеткізген компьютерін жұмысына алып келіпті. Соны үстелінің үстіне қойып, терезесін ашып, шабыт шақырып отырады. Ол кезде компьютердің қат кезі. Терезенің алдындағы әдемі бұйым қолының жымқырмасы бар біреулердің көзіне түскен ғой. Сөйтіп, компьютері бір-ақ күнде қолды болды да кетті. Баршаға сенгіш Байсақалова барынан айрылды да қалды. Барсам, бөлмесінде жаны жабырқап отыр екен. Мені көріп, көзі боталап қоя берді. «Енді жырпылдап, үйіңдегі жалғыз компьютеріңді жұмысқа алып келіп нең бар еді?!, — деп кейіп жатырмыз. — Айналаңа қарашы, пәтеріндегі затын қызмет бөлмесіне әкеліп жатқан сенен басқа біреу бар ма?!».

— Қайдан білейін... — деп қамығады ол. — Елдің бәрін өзімдей көрем ғой мен.

«Жарайды енді, адамның құны емес қой, — деп сосын өзін-өзі жұбатады. — Бұдан былай мен де бір керемет пысық, әккі қу болмасам ба!». Бірақ одан кейін де пысық болып жарытпайды. Ауру қалса да, әдет қалмайды екен. Үйіндегі тәуір дүниесін тағы да жұмысына жылтыңдатып әкеледі де тұрады.

 

Курсымда қыз болды,

Әлсіздерге ара түсер шырылдап.

Әр қадамын жүретұғын ырымдап.

Ашу қысып, ызаланып кеткенде,

Көздің жасын алатұғын сығымдап.

Оның аты — Нұржамал!

 

Түн ішінде біреу жанұшырып айқайлап, көмекке шақырып жатса, сіз барасыз ба? Тағы біреу қып-қызыл өрттің ішінде қалып қойса, құтқаруға тәуекел етер ме едіңіз? Тіпті болмаса, нақақтан күйіп бара жатқан кісінің тағдырына бар шаруаңызды жиып қойып араласуыңыз мүмкін бе? Моральдық құндылықтардың кетеуі кеткен қазіргідей кезде мұндай сауалдарды кім-кімге де күмәнмен қоясың. Осындай сұрақтарды басқаға емес, менің өзіме қойса да едәуір қиналып қалар едім. Ал біз білетін Байсақалова осының бәріне ойланбай барады. Ара түседі, құтқарады, ақтап шығады. Шаруа ширығып, шиеленісіп, сосын шешімін тапқанша, шырылдап сенің жаныңда жүреді. Екі ортада жеке шаруасы күл болмаса, бүл болсын... Өйткені оның жаратылысы сондай. Ол үшін «Адам — адамға дос, жолдас және бауыр». Бетін аулақ қылсын, ел басына күн туса, екі апам да (екіншісі — Миуа Байназар) етігімен су кешіп кетер еді. Желтоқсанның желі тұрған кезде екеуі де Алматыда болмай (бірі — Қарағандыда, бірі Қызылордада қызмет істейтін), аман кетті. Әйтпесе, сойқан еді менің артық туған адуынды апаларым!

 

Курсымда қыз болды,

Тілдесең де алмайтұғын көңілге,

Сәл басқаша қарайтұғын өмірге.

Қолдан келсе, жақсылығын жасайтын,

Қазақ түгіл, қара қошқыл негрге!

Оның аты — Нұржамал!

 

Біреуге жақсылық жасаудан ләззат алатын адамдар болады. Нұржамал солардың тобынан. Қазір шыр-шыр етіп, «Шаңырақ» шағын ауданының шаруасымен айналысып жүр. «Шаңырақ» дегеніміздің төңірегі шым-шытырық мәселе. Шатақ та көп. Шикілік те көп. Шиеленіс те көп. Соның ішінен шамырқанып шындық іздейді бұл. Ол құрымағыр тез арада табылып болмайды. Соны қуалап, күн ұзаққа табанынан таусылады.

Кезінде партбилетін жастанып жатып ұйықтайтын Байсақалованы журналистикадан жылыстап, бірыңғай бастық болып күн көретін шығар дегендер қатты қателесті. Мақала жазуды екпіндеп бастағандардың біразы әлдеқашан басқа салаға ауысып кетті. Ал болмысы қарапайым, мінезі қайсар қыз қазақ журналистикасына адал болды. Талай заманнан бері ортақ кәсібіміздің арбасын қаламымен өрге сүйреп келеді. «Журналистика қыз балаға қол емес» деген бағзы бір ұғымның тас-талқанын шығарды.

Тағдыр оны талай жылатты. Талай жұбатты. Жыласа да жасымады. Жұбанса да тасымады. Жұртқа үнемі жақсылық ойлап тұратын ниетіне сай игілік атаулының бәрі кейін Нұржамалды өзі іздеп тапты. Жақсы жарға жолықты. Қуаныш дейтін азамат бүкіл өмірін қуанышқа бөледі. Екі қыз, бір ұлға ана болды. «Алматы ақшамының» жиырма жылдығында берілген екі бөлмелі жалғыз пәтер Байсақаловаға бұйырды.

Баяғыда тракторын жақсылап бір дар-дар еткізіп алып, соңғы рет сөндірген Қоңырөлеңнің қызы «Өмір — өлең!» деп Алматыға аттанғанда күллі ауыл Паша Ангелинадан айрылғандай күңіренген. Сол ауыл қазір Нұржамалымен мақтанады.

Тракторын танапқа қалдырып, журналистикаға түрен салған қыздың талай тақырыптың тыңын игеріп келе жатқанына жиырма жылдан асты. Шығармашылық сапары ұзақ болғай!

 

Бауыржан Омарұлы

 

4490 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы