• Тарих
  • 08 Тамыз, 2013

Ұлы дала атаулары. Қарағанды облысы

Ұлытау-Жезқазған өңірі Ұшпа – тау. Атау ұш (түбір етістік) +па (етістіктің зат есім тудыратын жұрнағы) тұлғаларының бірігуінен жасалған. Ұш (етістік түбірі) – «биікке көтерілу», «самғау» (Қайдаров, 1986, 295) ; түрк: уч – «шың»; «қарақалп.уша – «құзар, шың»; алт.учар – «өзен жағасындағы өте биік тау» (Мурзаев. 1984, 585). Учар сөзі: уч (түбір етістік) – биікке көтерілу, ұшу, самғау» + ар (көсемшенің жұрнағы) тұлғаларынан жасалған. Ұлжан – өзен, Есіл алабында. Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ақшоқы тауының солтүстік-шығыс беткейіндегі бұлақтар суының қосылуынан түзіледі, Терісаққан ауылынан 3 км. төменірек Терісаққан өзеніне құяды. Ұз.53 км. Жағасы жайдақ, арнасы ирелең. Көктемгі еріген қар және жерасты суымен толығады. Сәуірде тасиды, жаздың ыстық айларында жекеленген қарасуларға бөлініп кетеді. Өзен алабында шабындық және жайылымдық жерлер көп, қыстаулар бар. Өзен суы ауызсуға, мал суаруға пайдаланылады. Ұлытау – аудан орталығы. Жезқазған қ.-мен аумақтық және әлеуметтік-экономикалық жағынан тығыз байланысты, араласып жатқан өңір. Ұлытау ауд.1939 ж.қазан айында құрылған. Аудан солтүстік-шығысында Қарағанды обл.Нұра ауд. солтүстік-батысында Қостанай, оңтүстігінде Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарымен, оңтүстік-шығысында Жаңаарқа ауд.оңтүстік-батысында Ақтөбе облысымен шектеседі. Аумағы 11088 га. Тұрғындарының саны – 15915 адам. Аудан орталығы – Ұлытау ауылы. Аудан аумағында Жақсы Арғанаты (757 м.), Ұлытау (1133 м.), Едіге (1064 м.) таулары, 600-ге тарта тарихи-мәдени ескерткіштер бар, оның 9-ы Алашахан, Жошыхан, Домбауыл кесенелері сияқты республикалық дәрежедегі маңызы бар ескерткіштер. Жезді кентінде «Марганец» кен басқармасының базасында марганең кені байытылады, Ақтас кентінде жоғары сапалы кварц өндіріледі. 200 адам жұмыс істейтін Қарсақбай металлургия заводы да осы ауданның аумағында. Аудан жұртшылығы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ұлытау – Сарыарқаның оңтүстік-батыс шетіндегі ұсақ таулы массив. Абсолюттік орташа биіктігі 400-600 м., көтеріңкі орта бөлігі 800-1000 м: ең биік жері 1134 м., Едіге тауы 1064 м., оңтүстік бөлігінде Кішітаудың биік жері – 793 м., солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытқа сәйкес 230-240 км-ге созылып жатыр. Ұлытау меридиан бағыттағы ірі антиклиналдық қалдығы. Кристалды тақта-тас, гранит, құм тас, порфирит, когломераттан түзілген. Оның беті төменгі палезойдың эффузиялық шөгінділерінен тұрады. Атырабы төменгі кайназойдың әр түсті сазынан түзілген дөңесті жазық. Ұлытау атырабында темірлі кварцит (Қарсақбай), темірлі марганец рудасы (Жезді), қоңыр көмір кен орындары бар. Климаты тым континеттік: қысы суық, жазы ыстық, қаңтар айының температурасы – 24-25 С, шілдеде 22 С. Жауын шашынның жылдық мөлшері 100-250 мм.шамасында. Ұлытаудан басталатын өзендер – Қараторғай, Сарыторғай, Ұлы Жыланшық, Қаракеңгір, Жезді көбіне қар суымен қоректенетіндіктен көктемде ғана деңгейі көтеріліп, жазда иірімдерге, қарасуға бөлініп қалады. Топырағы көбіне бозғылт қызыл қоңыр келеді. Қайың, қарағаш, терек, бұталардан ұшқат, тобылғы, итмұрын, баялыш, арша және жусан, боз, бидайық және сораң т.б.өседі. Тау етегінде, грунт суы жақын жерде және өзен аңғарларында шалғын көп өседі. Ақ бөкен, арқар, борсық, қасқыр, түлкі; құстан – дуадақ, бөктергі, қаршыға, бүркіт т.б.мекендейді. Ұлытау атауы кейбір тарихи деректер мен геогр.карталарда Ұлытау ұлы (ұлығ) және тау (тағ, тоо, ту, тыа) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Ұлы, қасиетті, киелі тау ұғымды береді. Бұл орайда академик Қ.И.Сәтбаевтың: «Жезқазған (астарында Ұлытау деген тұр – М.С.) – Қазақстанның географиялық жер ортасы, жер кіндігі» деген сөзін еске алу керек. Жер бетін басқан алып мұхит, суынан ең алғаш шыққан таулардың бірі Ұлытау деген Қ.Сәтбаев байламы да қасиетті тауға байланысты айтылады. Ұлытау бауырынан төрт тарапқа өзен ағады. Ұлытау мен Кішітаудың көне атаулары болған (Кертағы, Бертағы) Ұлытау – қазақ мемлекетінің қазығы қағылған өңір. Елдік мәселелер осы жерде шешілген. Тау бауырына орналасқан ауылдан 9 шақырым қашықтықта (ауданға кіре берісте) 2005 жылғы қыркүйек айын­да «Мемлекет тұтастығы мен халықтар бірлігі монументі» орнатылды. Қарақұм – құм. Арал маңы Қарақұмының бір бөлігі. Қабат-қабат құм төбелермен қатар арасында кең алаңқай жазық жерлер де кездеседі. Халық негізінен құдық суларын пайдаланады. Су көздері терең емес, 1,5-2 метр тереңдіктен су шыға береді. Ел Қарақұмды 1943 жылдың мамыр айынан бастап жайлай бастады. Оған бірінші болып көшіп барған сол кездегі Сталин атындағы колхоздың мүшесі Үсенов Кентай болды. Ол шымнан баспана тұрғызып алды. Алғашқы жылы осы жерді 4 отар қой жайлап шықты. 1944 жылдың жазында Жезқазған ауданының Сталин, Аманкелді, Бала Жезді, Байқоңыр, Пионер колхоздарының әрқайсысынан оншақты үй көшіп барып, үй, қора салып қоныстанды. Қарақұм қысы жұмсақ, табиғаты малға жайлы, шөбі сиыр бағуға қолайлы еді. 1957 жылы бес колхоздың мал-жаны біріктіріліп, Байқоңыр совхозына ұйысты. Қарамола – тау. Қарсақбай қыратының биік нүктесі – 644 м. Қырат күнбатыс, солтүстік пен оңтүстігінде бірте-бірте сатыланып барып аласарады. Батыс беткейлері өзен жыралармен жиі тілімделген. Бедері қырқалы, жалды, дені тепкі шекті болып жатыр. Қарақойын – жер атауы. Жетіқоңыр кеңшарынан 100 шақырым жерде. Жердің ерекшелігіне қарай қойылған атау. Жер тұзды болып келеді, сондықтан да үнемі жердің беті буланып, бетіне қар тұрмайды, мұз қатпайды екен. Тұздың көлемі атты адамға бір күндік жер. Жердің осы ерекшелігіне байланысты қара қойын аталған. Қараторғай – өзен. А.Әбдірахманов «...Торғай гидронимі екі компоненттен, яғни ру атынан жасалған. Бірақ оның торығ деген бөлімі түске байланысты бір сөз деп қараймыз. Ал бұл осы торығтар жылнамаларының «торки» этнонимі ме, жоқ па деген мәселе әлі зерттей түсуді қажет етеді» дейді. Біздіңше де, этноним атынан қойылған болуы керек. Жаманшабыра – тау. Жаман (сын есім) және шабыра (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған атау. Шабыра сөзінің мағынасы диалектологиялық сөздікте «қалқа», «қар тоқтату үшін қадалаған қада я қамыс» деп берілген. Атау таудың кішігірім қалқа тәрізді пішініне байланысты қолданылуы мүмкін. «Ұлытау-Жезқазған өңірінің жер-су атаулары» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

5044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы