• Тіл
  • 22 Тамыз, 2013

ҰЛТЫНЫҢ ТІЛІН ұлағаттап өткен...

«...Жанаш Нұрмаханұлының есімі «Ана тілі» оқырманына жақсы таныс деп білемін. Ол осы басылымды алғашқы санынан бастап, өзі өмірден өткенше қолынан түсірмей оқып өтті. Ұлағаты мол мақалаларын тұрақты жазып тұрды... Әкемнің бақилық болғанына, міне, төрт айдың жүзі болды. 91 жасқа келген шағында. Артында мол жазба мұрасы қалды. Игертер ме екен ол маған... Көзіме шалынған мына хаттары тіл жанашырларының қолына тие берсінші, пайдасы тиер деп өздеріңізге жолдап отырмын. Жариялар деген үмітім зор. Менің газет оқырманының назарына ұсынып отырғаным – әкем Жанаш Нұрмаханұлының үш ұлттың тілін аялап келе жатқан Герекең – Герольд Бельгерге жазған хаты жөнінде. Екі хаттың мәтіні ешбір түсіндірмесіз-ақ хат авторларының қазақ тіліне қаншалықты құрметпен, жанашырлықпен қарайтындығын аңғартады...»
Жанаш Нұрмаханұлының есімі «Ана тілі» оқырманына жақсы таныс деп білемін. Ол осы басылымды алғашқы санынан бастап, өзі өмірден өткенше қолынан түсірмей оқып өтті. Ұлағаты мол мақалаларын тұрақты жазып тұрды. «Қазақ әдебиеті» газеті де оның сүйікті басылымының бірі әрі бірегейі болатын. Бұл газеттің 1-ші санынан бастап күні бүгінгіге дейінгісі түгелдей тігіліп, үйде сақтаулы тұрды. Осыдан 3-4 жыл бұрын мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 1955-2005 жылдардағы сандарын Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өткіздірдім. Бұл әкемнің жеке кітапханасында газет тігінділерін сақтаудың мүмкіндіктері аз болуына байланысты еді. «Қазақ әдебиеті» газетінің 50 жылдық тігіндісімен қоса Жанаш Нұрмахан астаналық кітапханаға 800-ге тарта құнды кітаптар тарту етті. Оның ішінде «Әдебиет және искусство» журналының тігінділері, Қазақ КСР Ғылым Академиясынан шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»1-10 томдары, «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1-4 томдары, «Қазақ фольклористикасы», А.Ибатовтың «Кутбтың «Хусрау уа Ширин» поэмасының сөздігі» (1954 ж.ш.), кезінде араб, латын қарпімен басылған кітаптар, басқа да көптеген басылымдар бар. Қазір құнды жәдігерге айналған бұл кітап-журналдарды Астанаға ақсақал өз қаражатымен жеткіздірді. Мұны осы кітапхананың Жинақтау (комплектация) бөлімінің басшысы Кенже Халықова, Мариям, Салтанат деген қызметкерлері растай алады. Өкініштісі сол, Академиялық кітапхана (олар үшін «аспаннан түскен олжа») қызметкерлері баспасөз арқылы Әкеме бір ауыз рахмет сөзін айтқан жоқ. Кітаптан басқа мүлік жинамаған жаны пәк, сәбидей аңғал жан үшін сондай бір ауыз сөз ат мінгізгеннен кем болмас еді, айта жүрген болар еді... Қайтерсің... Әкемнің бақилық болғанына, міне, төрт айдың жүзі болды. 91 жасқа келген шағында. Артында мол жазба мұрасы қалды. Игертер ме екен ол маған... Көзіме шалынған мына хаттары тіл жанашырларының қолына тие берсінші, пайдасы тиер деп өздеріңізге жолдап отырмын. Жариялар деген үмітім зор. Менің газет оқырманының назарына ұсынып отырғаным – әкем Жанаш Нұрмаханұлының үш ұлттың тілін аялап келе жатқан Герекең – Герольд Бельгерге жазған хаты жөнінде. Екі хаттың мәтіні ешбір түсіндірмесіз-ақ хат авторларының қазақ тіліне қаншалықты құрметпен, жанашырлықпен қарайтындығын аңғартады. Өздеріңізге деген құрметпен, Жанат Жанашқызы Нұрмаханова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты. Ақтау
ҰЛТЫНЫҢ ТІЛІН  ұлағаттап өткен... ҚЫМБАТТЫ ГЕРОЛЬД! Қазақта «Атасын айтқаннан – алыс болмайды» деген мақал бар. Сенің мақалаларыңды оқығаннан бері, ұлтың бөлек болса да, туған інімдей көріп жүруші едім. Байланыс жасау ниетім бар еді. Бірақ құнтым болмайтын. «Лениншіл жаста» жарияланған «Сайланып шықса сырлы сөз» атты мақалаңнан кейін хатты қалайда жазуым керек болды. Қазақтың бай тілі жөніндегі толғаныстарың неғұрлым риза етті. Ағалық рахмет, айналайын! Бұл хатты жазудағы негізгі мақсатым: өзім мол игерген қазақ тілін толық, мүлтіксіз меңгеруіңе аз да болса көмектесу. Қазақ тілі иірімдерін жақсы білесің. Бұл жағын қозғамаймын. Мен жоғарыда аталған мақалаңдағы кейбір сөздер жөнінде айтқым келеді. Онда жазылған «іспетес» (2-бағана), «өзегі тала ақ жалын» (2-б.), «Гизнбург» (5-б.) сөздерінің қате жазылуы (дұрысы: іспеттес, я іспетті, «...толы», «Гинзбург») корректурадан болған деп есептеймін. Мұндай жайт біздерде барырақ қой... Ал мыналар қате жазылған: «Бүгінгіден де көрі» (3-б.) емес – «гөрі». Шығыс септігінен кейін тіркесіп келетін шылау болғандықтан, оның еш уақытта да «көрі» болып жазылуы мүмкін емес (мұны проф. Қ.Жұбанов та кезінде ескерткен еді). «Несін айтасын» (5-б.) емес – ...айтасың. «Кенерінен асып» (2-б.) емес – «кенересінен» я «кемерінен». «Менімше» (2-3 рет) емес – «меніңше». Бұл – біреулердің қате сөйлеп, қате жазып жүргені. ҰЛТЫНЫҢ ТІЛІН  ұлағаттап өткен...«Қарапайымдылығы» (1-б.) емес – қарапайым­дығы. Осы сөздің қате жазылғанына көп болды. Сөздің түбірі – қарапайым, жұрнағы –дық. Егер сөздің түбірі, мысалы, «ұқыпты» сын есімі болса, «ұқыптылық» болар еді (ұқыпты, әрине, туынды түбір). «Ұзақ-сонар» (1-б.) депсің. Меніңше, бұлар қос сөз емес, күрделі сөздің тіркес түрі (дефис қойылмайды). «... екем» (2-б.) көріне бұрмаланып айтылып жүрген сөз ғой, дұрысы – екенмін, осылай жазу қажет. Ғ.Мүсірепов «қайдам» деп жазғанды жақтырмайтынын айтып еді ғой (дұрысы – қайдан білейін). Ғабеңдікі дұрыс. Меніңше, «тұқ-тұқиян» (1-б.) емес – «түп-тұқиян». Біздің жақта солай дейді, дұрысы да осы сияқты. Мәселе біздің солай дегенімізде тұрған жоқ әлбетте. «Бұндайда (4-б.) екі вариантта жазылады, дегенмен, мұндайда деп жазған дұрыстау секілді. Жұрт сен сияқты «ділмәрлік бел алып» (4-б.) деп жазып жүр ғой. Дұрысы «тілмәр» деп ойлаймын. Сосын: «лық» жұрнағы жалғануы керек. Мұны әлі тілшілер түсінбей жүр; «бел алып» сөзі, негізінен, теріс істің күшеюіне байланысты айтылады. «Қазақы тағам» (5-б.) деген маған онша ұнай қоймады. «Қазақы» сөзі мінезге, киімге, малға лайықты ма, қалай? «Мана» деп жазуың қандай әсем!.. Мұның бәрін тіл тазалығын қорғау үшін өзіңе ғана жазып отырмын, інім. Қабыл алады деп сенемін. 50 жасқа толды деп естіп жатырмын. Үлкен бақытта болуыңа тілектестігімді шын жүректен білдіремін. Дүкенбайдың айтуынша, жұмысың тым көп сияқты. Хат жазу-жазбау өз ғұзырыңда. Семьяңа сәлем айт. Ұлы мерекемен! Құрметпен, Жанаш Нұрмаханов, республикалық дәрежедегі дербес пенсионер. 31.10.1984. Адресім: 466042 Гурьевская обл. Эмбинский район, совхоз «Казахстан» ГЕРОЛЬДТЫҢ ХАТЫ 7 ноябрь 1984 ж. Алматы ҚАДІРЛІ ЖӘКЕ! ҰЛТЫНЫҢ ТІЛІН  ұлағаттап өткен...Хатыңыз мені қуантты: мұндай сауатты қазақты жазушы мен журналист ағайындардың арасында әзір кездестірген емеспін. Морфология мен синтаксистен аздаған түсінігім бар сияқты еді, байқауымша қадари-халім онша емес екен. Әлбетте, «өзегі тала» (тола!), «Гизнбург», «іспетес» дегендерге кінәм жоқ. Өкінішке орай, сол мақаламда басқа да қателер баршылық. Мәселен, «тығырықтай» дегенді «тығыршықтай» деп жіберіпті. Бұл сөздердің мағынасы екі түрлі екенін ежелден білемін. Ескертпелеріңіздің бәрін де қабыл аламын. Рахмет! Бір байқағаным: қазақ жазушыларын көбірек оқып, аударып жүргеннен бері қазақша сауаттылығым біраз кеміген сияқты. Амал бар ма... заманымыздың өзі сауатсызданып бара жатыр ма қалай... Оның үстіне мен, негізінен, совет неміс әдебиетімен шұғылданамын да, шығармаларымды орысша жазамын ғой. Жұмысымның көп екені де анық. Бұл мәселеде Дүкенбай өтірік айтпаған енді. Жақсы тілектеріңіз үшін көптен-көп рахмет айтамын. Аман-сау болыңыз. Інілік ізетпен Герольд Бельгер.  

4697 рет

көрсетілді

76

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы